САЛАҒА САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН АРНАҒАН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ҚҰРМЕТТЕЛДІ

164

0

Қоғамдық өмірдің қай саласында болмасын өзінің жауапкершілігіне жүктелген қызметін бар ықыласымен атқарған және өз жұмысына адал әрі әділ болған қандай да бір тұлға жоғары құрметке лайық. Тәуелсіз еліміздің жан-жақты дамуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосып, дербес мемлекетіміздің кемел келешегін қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп, тіпті сол салаға саналы ғұмырын арнаған әрбір адам үшін бейнетінің зейнетін, еткен еңбегінің жемісін көру ғанибет.
Жуырда Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімінде еңбек етіп, ғұмырының әрбір сәттерін халықтың тыныштығына арнап, қоғамдық тәртіпті қас қақпай күзеткен, қылмыстың алдын алуда уақытпен санаспай қызмет етіп, елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншіліктің жоғары үлгісін көрсеткен бірқатар азаматтарды әріптестері құрметті зейнет демалысына шығарып салды.
Ішкі істер органдарының қызметкерлерін зейнеткерлікке шығарып салу рәсімінде сөз алған Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімі бастығының кадр жөніндегі орынбасары Сералиев Абзал: «Тарихты білмей келешегіңе көз жүгірте алмайсың» деген дана халқымыз айтқандай, алдыңғы буын өкілдерінің жасаған еңбектерін білу, үйрену, үлгі алу жастарымызға міндет» деп атап өтті. Сонымен қатар, сала ардагері  Ержанов Базарбай тыныштық күзетінде еңбегімен еленіп, өскелең ұрпаққа үлгі болып, өз айтары бар, өнегелі ісі бар, бүгінгі таңда құрметке бөленіп отырған  ішкі істер органдарының ардагерлеріне ізгі лебізін білдірді.
Абыроймен қызмет атқарып, бүгінгі күні қызметінің зейнетін көргелі отырған азаматтар қатарында Қызылорда облысы, Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімінің Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Жанибеков Асылбек Тәттібайұлы, Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімінің Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары тобының учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Мешітбаев Нұрхан Маханбетұлы, Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімшесінің бастығы полиция майоры Калменов Дәулет Табынбайұлы, Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімінің Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары тобының учаскелік полиция инспекторы Нуртазаев Нурадин Наурызбайұлы бар. Олар аталмыш салада ширек ғасырдан астам уақыт қызмет етіп, өз саласында жоғары көрсеткіштерге, биік жетістіктерге қол жеткізіп,  бойындағы адамгершілік әрі іскерлік қасиеті мен білімділігінің арқасында әріптестер арасында зор абырой мен құрметке ие.  
Салтанатты жиынды қорытындылаған Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы полиция полковнигі Ибраев Нұрлан зейнет демалысына шыққалы отырған сала ардагерлеріне арнайы  құттықтаулар табыс етіп, сый-сияпат көрсетті.
Қызылорда ОІІД Баспасөз қызметі  
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз