Сапрыкиннің тағдыры

370

0

Сұм соғыстың ашылмаған құпия-сырлар әлі көп-ақ. Басқыншы қолына тұтқынға түскен кеңес солдаттары туралы көп білеміз, жиі жазылды деп айта алмаймыз. 1990 жылдардың басында КСРО Қорғаныс министрлігі 1941 жылдың соңына қарай 3 млн 900 мың адамның неміс тұтқынында болғаны жөнінде мәлімет береді. Жалпы, соғыс жылдары француз тарихшысы Н.Верттің ақпараты бойынша 6 миллионға жуық Кеңес Одағының тұрғындары тұтқындық қасіреттің дәмін басынан өткерген. Олардың ішінде қазақстандықтар да болды. Бүгін сондай тәлкекті тағдыр туралы баян етпекпіз.

Владимир Алексейұлы Сапрыкин 1922 жылы дүниеге келді. Алапат соғыстың алдында Воронеж қаласындағы педкурсты бітіріп, мұғалім болып еңбек етті. 1941 жылы батыстан соғыс өрті бұрқ еткенде ол қатарластарымен бірге Қызыл Армия қатарына шақырылып, алдымен Грозный қаласындағы жаяу әскер даярлайтын қысқа мерзімді училищеде оқып, ұзамай соғысқа взвод командирі болып кіріді. 1941 жылдың 6 қазанында бүкіл дивизия қоршауда қалады. Кіші лейтенант Сапрыкин өз взводымен 26 қазан күні қоршауды бұзып шығады. Қиындықпен кеңес әскеріне қосылғанымен НКВД-нің жанындағы «ерекше бөлім» тергеуге алып, 10 жылға соттайды. Алайда, соғыстың алғашқы кезінде арнаулы білімі бар командирлердің жетіспеушілігіне байланысты 1942 жылдың маусым айында оған кешірім жасалынып, Қызыл Армия қатарына қайта алынды. 1943 жылы «Прудовка» деревнясы мен Вязьма қаласы үшін болған шайқаста ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» және А.Невский ордендерімен марапатталды.

1943 жылдың 23 желтоқсанында Белоруссия жеріндегі «Красная Слобода» елді мекені түбінде капитан Сапрыкин басқарған полк жауды 3 күн бойы ауыр шайқаспен ұстап тұрды. Бүкіл полктен 30-ақ жауынгер қалып, оқ-дәрілер таусылды. Мұны білген фашистер ержүрек жауынгерлерді тірілей қолға түсірмекші болып қоршауға алған кезде капитан Сапрыкин рация арқылы «бізді нысанаға алып, артеллериямен атқылаңдар» деп бұйрық береді. Атқылаудан соң біздің жауынгерлер де, фашистер де жермен-жексен болды. Опат болған 3 жауынгердің барлығы да орденге ұсынылып, «қаза тапқан» капитан Сапрыкинге 1944 жылдың 3 маусымында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген рас екен, бір ғажабы, бүкіл полктен жалғыз Сапрыкин ғана тірі қалған еді, ауыр контузия алған ол топырақ астында көміліп қалған болатын.

Ол фашистік концлагерлерде ауыр күндерін өткізді. 1945 жылы мамырында тұтқындарды одақтастар армиясы азат еткенде бойы 171 см Сапрыкиннің салмағы небәрі 44 келі ғана болды. Гамбургтегі әскери госпитальда Владимирді өзі сияқты тұтқында болған медбике Ирина бар ынтасымен күтіп, аяғынан тік тұрып кетуіне себепші болды. Владимир мен Иринаның арасында сүйіспеншілік басталып келе жатқанда госпитальдегі тұтқындарды тексеру үшін «Смер-Ш» подполковнигі келді. Сұлу Иринаға көзі түскен подполковник ерегісіп Сапрыкиннің Қызыл Армияның капитаны екендігін білдіретін кішкене анықтаманы жыртып тастайды. Тұтқында болған екі жыл ішінде Владимир бұл анықтаманы әрең сақтап қалған болатын, кейде жеке қапшығын тінткенде ауыз қуысына да салып, жасырып қоятын.

НКВД-нің тұтқынында бұрын болған ол өзін не күтіп тұрғанын білгендіктен Гамбургтегі кеме арқылы Канадаға кетеді. Монореальға келгесін әуелі портта жүкші болады, кейін жеке фирмада жүргізуші болып тұрақты жұмыс істеп, үйленді. Отанға деген сағынышын сол кездегі «СССР-Канада» арасында хоккейден өтіп тұратын жарыстарды көріп мауқын басатын, іштей КСРО құрама командасының жанкүйері болды, әсіресе Валерий Харламовты сырттай жақсы көрді, ол жол апатынан өлгенде әкесі өлгендей қайғырды.

1970 жылы ол Халықаралық Қызыл Крест қоғамы арқылы Воронеждегі әкесіне хат жазды. Әкесі Алексей Сапрыкиннен өзінің «Красная Слобода» түбіндегі соңғы шайқаста «қаза тапқан соң» Кеңес Одағының Батыры атанғанын білді. Қуанышты хабар алғасын өзіне кешірім берілетін шығар деп, әрі қайтуға мүмкіндік туды деп Канададағы КСРО елшісі А.Н.Яковлевке жолығады. А.Яковлев М.Горбачевтың қайта құру кезінде еліміздің бас идеологы болған адам еді. А.Яковлев Сапрыкиннің өтінішін Москваға жіберді. Тұтқын Сапрыкин ісінің бұрышындағы ағылшындар толтырған «EX.leg» деген белгіні КГБ-нің тергеушісі Константин Сафронов оны сатқын генерал Власов құрған «легионер» деп түсінеді. Ол жай әр тұтқынға толтырылған хаттаманың белгісі еді.

КСРО Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен 1977 жылы капитан Сапрыкинге берілген Кеңес Одағының батыры атағы қате деп табылып, сонау 1944 жылғы Жарлық өз күшін жойды. Сапрыкиннің аман қалғаны үшін кінәлі болып, 30 жауынгердің де ерлігі жоққа шығарылды.

1991 жылдың 24 сәуірінде В.Сапрыкин Канадада қайтыс болды. Ол мызғымайтын Кеңестер одағының құлағанын, өзіне батыр атағы қайтарылып берілгенін көре алмады. 1991 жылдың 4 желтоқсанында, яғни КСРО деп аталатын алып мемлекеттің ыдырауына 21 күн қалғанда президент М.Горбачев капитан Сапрыкинге Кеңес Одағының Батыры атағын қайтадан беру туралы Жарлыққа қол қойды. Тағдыр тәлкегімен Отанынан жырақта жүріп дүниеден озған осылайша Сапрыкин екінші рет батыр атанды. Белоруссия жеріндегі «Красная Слободада» 30 жауынгерге бауырластар зираты тұрғызылып, 1999 жылдың 2 шілдесінде В.Сапрыкин денесі Канададан әкелініп, өзінің 30 жауынгерінің қасына қайта жерленді.

Сапрыкиннің тағдыры безбүйрек бюрократияның адамгершілікке жат көрінісі еді.

Аударған:

Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,

тарих пәні мұғалімі.

Қазақстан Журналистер

Одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<