Сарбасаттан шыққан сарбаз соғыс және еңбек ардагері Түкетай Рахатов туралы сыр

456

0

1943 жылдың шілде-тамыз айларында Курск доғасында өткен сұмдық соғысты кәрі тарих ешқашан жадынан шығара алмас. Неміс фашистері мен қызыл армияның бұл қырғыны екінші дүниежүзілік соғыстың бетбұрысты кезеңі деп аталды. Өйткені екі жақтың орасан әскери күші осы жерде топтасты. Адам қаны суша аққан соғысқа қарсыластардың 4 миллион адамы, 70 мыңға тарта зеңбірек пен минометі, 13200 танк, 12 мың бомбалаушы ұшағы қатысты. Немістер 50 дивизиясын ұрысқа қосып, бейбіт елді «Тигр», «Пантера», «Фердинанд» деп аталатын тажал танктеріне таптатты.

Осынау опаттың бетін қы­зыл әскер қайтарып қана қоймай, тас-талқан еткен. Курск доғасындағы арпалыс туралы оқтай зулап әлемге тарап кеткен әңгімелер қаншама. Соның бірі Сталиннің қазынадан мил­лион сом ақша бөліп, Са­марқандағы өзі бұздырған Әмір Темірдің кесенесін жөн­­деуден өткізуі. Өйткені, «қы­зыл көсем» атеист болса да, аруақтан қорықты. Шынында бұл жерде өліммен бетпе-бет келгенде қас қақпайтын аруақ қонған қаһармандар ай­қасты. Дүниені дірілдеткен сол сұрапылдың ішінде он сегіз жасында Аралдан сымдай тартылып майданға аттанған сарбаз Түкетай Рахатов та бар еді.

Армия генералы К.Рокос­совский қолбасшы­лық еткен атқыштар дивизиясының 4926-шы минометшілер полкінде болған сержант Түкетай Раха­товтың басынан өткізген мың батпан ауыр тағдырды бас­танаяқ айтып шығу біздің қо­лы­мыздан келмес. Алайда, бүгінге аңыз боп жеткен жау­жүрек жігіттің қайсарлығы мен намысын кеудесінен төмен түсірмеген табандылығы таң­ғал­тады.

Түкетай басқарған миномет­шілер жүздеген соғыс техникасы мен дзоттардың күлін көкке ұшырған. Шоқтанған темірлер аспанға атылып, балқыған қор­ғасындардың құлақ түбінен зырлап жатқанын көзге елес­тетудің өзі қорқынышты. Бұл соғыста ешкім жанын қорғауды ойламады, жауын жеңуді ойлады. Алдыңнан тиетін оқтан бас бұқсаң, ажал төбеңнен түсе қалады.  Бір сәт о дүниенің то­зағы жердің бетіне көшіп шық­қандай сұмдық!

Сондай бір мезетте жау снарядының жарқыншағы жауынгер Түкетайдың мойын омыртқасынан келіп қадалды, жұлыны тері еттің сыртына  шықты. Жауынгер достары оны дала госпиталіне жеткізді. Әскери дәрігерлердің өзі мына жарақаттан көзін тайдырып әкетті. Дереу отаға кірісу ке­рек-ті, алайда, Түкетай ота­дан бас тартты. Көшпелі гос­­питальдың медициналық құ­­рал-жабдықтары өте жадау болатын, отадан аман шы­ғу­дың өзі де неғайбыл. Қанша қи­налса да Түкетайға аман қалу керек. Себебі, Москва тү­бінде атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлының сапында болған ортаншы ағасы Қарабала қаза болған еді. Үлкен ағасы Төлеген Сталинград майданында жүр, оның да тағдыры бір Құдайға аян. Ал, ауылда анасы үш бірдей ұлын күтіп отыр.

Осылайша, жаралы жауынгер құрсауланып алты ай қоз­ғалыссыз жатты. Суық төсек соғыс азабынан кем болмады, бірақ, Түкетай оны да жеңді.

Ақыры аяғынан тұрған Тү­кетайды әскери дәрігерлер мү­гедектік топқа жатқызып, елге қайтуына рұқсат етті. Ол бірақ дивизия штабында қаламын деді. Ерлер қасқайып қан майданда жүргенде мүгедек болып ауылға баруға арланды. Сөйтіп, штабта қалды. Орысша сауатты еді және қаламсаппен қағазға түсірген әріптері маржандай тізілетін жазу үлгісі әдемі болатын. Штаб бастықтары оның осы қырын пайдаланды, түрлі бұйрықтар мен әскери үгіт плакаттарын жаздырды. Ара-тұра шаруашылық жұмыстарын ат­қарды. Сол қалпымен штабпен бірге Берлинге дейін барды. Әттең, дәрігерлер рұқсат етпеді, әйтпесе қолына қару алып, «по пластунски» жетер еді.

Осылайша, намыс оты кеу­де көрігінде маздаған Тү­кетай 1946 жылы елге оралды. Үлкен ағасы да соғыстан қайтпады. Қайғы салмағын көтере алмаған анасы қайтыс болыпты. Жалғыз қарындасы Аймерекені нағашылары қолға алған екен. Екеуі Мұңлық пен Зарлықтай болып қауышты. Енді оны бейбіт өмірдің майданы күтіп тұрды.

Ол келе сала Сексеуіл стансасындағы темір жол бо­йына жол жөндеуші монтер болып жұмысқа орналасты. 1947 жылы Нағима Сұлтановамен бас қосты. Бір жылдан соң отбасының тұңғышы Әбдікәрім дүниеге келді. Оның соңынан тетелесіп Ұлықпан, Уәлихан, Зира есімді екі ұл, бір қыз ерді. Аспан өртенген, жер жанған алапаттан аман келгені осы төрт перзенттің көрер жарығы шығар. Түкетай жаралымын деген жоқ, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп еңбек етті.

Ел ішіндегі ықпалын ескер­ген басшылық 1950 жылы Сексеуіл поселкелік кеңесі­нің хатшысы етіп қызметке қой­ды. Осы қызметті Түкетай аға өмірінің соңына дейін абы­роймен атқарды. Бірнеше дүркін облыстық партия кон­ференциясының делегаты болып сайланды. Жұмыстан қол үзбей жүріп, облыстық атқару комитеті кеңестер депутатының курсын алтын белгімен бітіріп шықты. Ауылдастарының, қыз­меттестерінің ішіндегі құ­қықтық сауаты жоғары осы Түкең еді. Сондықтан оның алдына өзінің қақын талап етіп, шындық іздегендер жиі келетін. Соның бәріне ол кісі өз жоғын қарағандай көңілмен көмектесті. Кешеге дейін осын­дай жақсылықтары мен қол­қайырлығын ұмытпаған ауыл ақсақалдары кейінгілерге айтып отыратын. Шын мәнінде туған жерінің көктеп-көгеруіне жанын сала еңбек еткен ер аза­маттардың өмір жолы кейін­гі ұрпақ үшін тәрбие көзі боларлық өнеге. Елбасы Н.Назарбаев бүгінде руханият бағдарламасына айналып кеткен «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласында «Әрбір өлкенің хал­қына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын.

Осы аталы сөз өмірін өз өлкесінің өркен жаюына сарп еткен Түкетай сынды батыр болмысты кісілерді құрмет тұтуға арналған. Мұны жақсы сезінетін сексеуілдіктер станса орталығынан Отан соғысының ардагері, еңбек майталманы Түкетай Рахатовтың есімін есте қалдыру шараларын қолға алды. Бұл ауыл адамдарының – батырын сыйлаған құрметі, ұрпағына көрсеткен ұлағатты жолы.

Жастық шағын құрбандыққа шалып, соғыс пен ауыр бей­неттің азабын арқалаған Түке­тай аға қырық төрт жасында жау оғы сыздатқан жарақаттан көз жұмды. Ал, артында са­ли­қалы ұрпағы қалды. Үлкен ұлы Әбдікәрім ұстаздықтан зейнетке шықты. Онан кейінгі ұл Ұлықпан медицина саласының білгір маманы, Оралда тұрады. Ал, кенже қыз Зира Алматыда, ол да денсаулық саласының қызметкері. Бәрі де бала-шаға, бау-шарбақты. Әке даңқына дақ түсірмей, егемен еліне қызмет етіп келеді.

Ерлікті ұмытпайтын еңселі елі бүгінде Түкетай атын төрге шығарды.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<