Сарыбұлақтан шыққан он үш ер

785

0

Қазалы ауданындағы Сарыбұлақ ауылына барған сайын ақсақалдарға сәлем беріп, ата-бабаларымыз жатқан бейіттерге барып, зиярат жасап келгеннен кейін Тәуелсіздік саябағына соғамын. Онда ерлікке тағзым ететін арнайы орын бар.


Осы орынның төріне Ұлы Отан соғысына қатыс­қандардың есімі жазылған ескерткіш тақта мен еңселі монумент орнатылған. Мону­менттің ұшар басындағы Жеңістің бел­гісі – Қызыл жұл­дыз алыс­тан асқақтап көрі­неді, май­дангерлердің же­ңі­сін паш етеді.
Ауылдан шыққан Ұлы Жеңіс жауынгерлері Әбдіқадыр Адаев, Бердәлі Алдажаров, Махамбетқайыр Дәріқожаев, Ысти Елдезеров, Әбдіраш Оспанов, Бердеш Досболов, Жетпіс Төлегенов, Мұса Са­йынов, Серікбай Мыңжасаров, Тәтенбай Орманов, Қасым Қаражанов, Мырзалы Рахметов, Пішән Ысқақовтың есімдері жазылған осы ерлік тақтасы мен Жеңіс монументі жанына майдангерлердің ұрпақтары, ауылдың бар үлкен-кішісі жиі келіп тағзым етеді, аруақтарға арнап дұға-тілектерін оқиды.


Ел қорғау, жер қорғау – атадан балаға жалғасып келе жатқан жауынгерлік дәстүр, ерлік өнегесі, ұрпақтар сабақ­тас­тығы. Біздің бабаларымыз ат үстінен түспей, атамекен жерімізді білектің кү­шімен, найзаның ұшымен қорғап, ұрпақтарына аманат етіп қалдырды. Аталары­мыз, әкелеріміз Ұлы Отан соғы­сының майданында қасық қаны қалғанша шайқасып елді қорғады, жеңіс туын желбіретті, кең байтақ еліне, Еуропаның көптеген мемлекеттеріне бейбіт өмір орнатты. Сол үшін де жыл сайын Ұлы Жеңіс мерекесі жер жүзі бойынша кеңінен аталып өтіледі, ерлікке тағзым етіледі.
Ұлы Отан соғысына Кеңес Одағының құрамында болған барлық елдердің азаматтары қатысты, соғыс зардабы әр отбасын шарпып өтті. Қазіргі әрбір шаңырақтағы әулеттің үлкендерінің ішінен соғысқа қатыспағаны кемде кем. Соғыс­тың зұлмат жылдары бірі майдан шебінде, бірі тыл еңбеккері ретінде жеңіс үшін қан мен тер төкті, Ұлы Жеңістің қуанышын бірге тойлады.


Жыл сайын Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды еске алу, олардың есімдерін құрметтеу – Сарыбұлақ ауы­лы­ның да игілікті шараларының бірі. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесі қарсаңында ауылдағы №78 орта мектептің ұстаздары мен оқушыларының қатысуымен мерекелік кештер, салтанатты шаралар ұйымдастырылып, Отан, туған жер, ерлік тақырыбындағы әндер шырқалады.

Ауыл әкімі Руслан Жаңабаев, байырғы ұстаз, қадірменді қария Сражадин Шамұратов, мектеп директоры Гүлдәурен Жүр­генова, ауыл клубының мең­герушісі Серік Кәмали­денов, кітапханашы Ұлжан Қарым­сақова және басқа да ауылдың белсенді мұға­лім­де­рінің, жанашыр жандардың ат­са­лысумен өтетін осындай игілікті істер жұртшылық кө­ңілінен ұдайы шығып келеді. Ауылда қандай да бір сауапты іс ұйымдастырылса, ағайын-жұрт болып, бір отбасындай атсалысатындары көңіл қуантады. Туған жерін, ауылын жан жүрегімен сүйетін азаматтар нағыз патриоттар десек, артық айтқандық емес.

Майдангерлердің ұрпақтары мен ауыл азаматтары ішінен Шаттық Адаев, Бейімбет Ысқақов, Әзи Қарасайұлы, Орақ Махамбетқайырұлы, Тас­­қынбай Исал­даев және басқалар еске алу шараларына, ас беру кезінде өтетін ат жарыстарына, айтулы мерекелер кезінде бәйге аттарын қосып, игі істердің ұйтқысы болып жүр.
Ұлы Отан соғысының жаң­­ғырығы алыстай түске­ні­мен, Отан үшін от кешкен майдангерлердің ерлігі асқақтай береді. Әлемге бей­бітшілік әкелген Ұлы Жеңіс жауынгерлері ешқашан ұмы­тылмайды.


Иә, атадан әке ұрпақ өсті, әке ұрпақ балаларын тәрбиеледі. Енді олардың балалары өз немерелерін тәуелсіз еліміздің ертеңін қалайтын ұрпақтар етіп өсіріп жатыр. Ескерткіш тақтаға қашап жазылғандай: «Ер есімі – ел есінде!». Ерлікке тағзым еткен ұрпақтардың өнегелі істері арқылы ел қорғау, жауынгерлік дәстүрі осылай жалғасады.


…Сонау алыстағы Қызыл­құм ішінен, Қуаң бойындағы кішкентай ғана ауылдан май­данға аттанған он үш ердің бірен-сараны ғана аман-есен туған жерге оралды. Қал­ған­дары соғыста ерлікпен қаза тапты. «Орнында бар оңалар» дегендей бәрінің дерлік артында ұрпақ қалды. Өсіп-жетілді. Шүкір дейміз!


Ұлы Жеңіс жауынгерлерін ұрпақ­тары ұлықтаған мерекелер ұзағынан болғай!

Сәдуақас ЖҰБАТОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<