Саумал сауған Күләйхан

1299

0

Бүгін де Ғабдулла таңсәріден тұрды. Ауладағы бес биенің қорасын тазалады. Сәлден соң бидайды жібітіп, астауға су құйды. Престелген жоңышқаны біртіндеп шашты. Мұның бәрі оңай болғанымен бес биенің күн-түн бойы күтімін жасау оңай шаруа емес. Бұл тек Ғабдулла мен Күләйхан сынды ерлі-зайыптылардың төзімділігіне тән.

Ғабдулла күн сайын бес биені осылай саумал сауар сәтке әзірлейді. Ақ халатын киіп, қолына ақ шелегін ұстап, үйден зайыбы Күләйхан шығады. Текті жануарлар қатарласа сап түзей бастайды. Тәртіпке үйренген. Күләйхан құлындарды біртіндеп, бие баурайына жіберіп, емізіп алып, иін қандыратын дағдысы бар.

Бұл кезде таңсәріден аула алдында кезекке тұрған тұрғындар көбейіп қалған-ды. Жүздері таныс байырғы тұрғындар ыдыстарына саумалды құйып, сіміріп жатыр. Дәмі бөлек жас саумал көптің көңілінен шыққандай бой сергіте бастады. Ықыластарын жаудырып жатыр. Әңгімелеріне құлақ түрдік.

Мейрамбек, құрылысшы:

– Менің үзбей саумал ішкеніме бірер айдың жүзі болды. Бауырым ауырып, мазалап еді, қазір жақсымын, ұйқым тыныш. Саумалдың емі бөлек екенін сезінемін.

Гүлбаршын, көпбалалы ана:

 – Асқазаным ауырған. Дәрі-дәрмек іштім. Қайран болмады. Содан осы саумал ішуге бел будым. Құдайдың құдіреті құлантаза айығып келемін.

Сағат, зейнеткер:

 – Ауырмайтын жерім жоқ. Саумал ішкелі тұлпарға қарғып мінгендеймін. Бойым сергек, бауырымда сыр бергендей еді, қазір ауырмайды. Асылы саумал бар сырқатқа ем екеніне көзім жетті.

Күн сайын саумалға кезекте тұрған Қатира, Есен, Ағыбай, Алтын, Бибол, Ыбырай, Жағыпар, Мұса, Әбжаппар, Сәуле сынды бірнеше азамат, азаматшалар, мектеп оқушыларының ықыласы саумалдың емдік құдіретін жыр етіп айтулары таусылмай тұрды.

Бұл күндері Астана көшесінің соңындағы үйге саумалға кезекке тұрғандар күн сайын көбейіп келеді. Алғыстары шексіз. Олар әсіресе, саумал саууды көптен кәсіп еткен Ғабдулла Мырзағалиев пен зайыбы Күләйхан Сүлейменовалардың есімін ризашылықпен айтудан жалықпайды.

Бүкіл отбасының көшбастаушысы Ғабдулла мен Күләйханның тынымсыз еңбегі оларды биікке көтеріп, мерейін үстем етіп келеді. Ұлдары Бердіғали, Исламғалилар сабақтан оралған бойда көмекке шығып, ата-анасының жұмысын жеңілдетеді.

Иә, саумал саууды меңгерген Күлайхан Сүлейменова қаладағы №235 мектепте 20 жылдан бері көркем еңбектен сабақ беретін үлгілі ұстаз. Шәкірттеріне қолөнер шебері болуды, сонан соң ас мәзірін жасауды үйрететін білікті маман екенін әріптестері сүйсіне әңгімелейді.

Саумал сауып, қалың жұрттың сырқаттан жазылуына қамқор құшағын ашып жүрген ерлі-зайыпты кәсіпкер Ғабдулла мен ұстаз Күләйханды қалай мадақтаса да жарасады.

Еңбегің жана берсін, ұстаз әрі саумал сауған Күләйхан!

Қайыр  ҚОРАСАНИ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<