САЗДЫ ӘУЕННІҢ САҢЛАҒЫ

386

0

Оның бойында адамзат баласына тән ізгі қасиеттердің бәрі табылатын. Өзі­нің кішіпейілділігімен, елгезектігімен, адамгершілігімен, қарапайым болмысымен қашанда көп ішінен дараланып тұратын. Өнерімен де, өмірімен де шәкіртке үлгі, жалпақ жұртқа өнеге бола білді. Жауапкершілік дейтін таудай міндеттің жүгін арқалай білетін де жан еді. Міне, мен әңгімелеп отырған Абдулла інім нақ сондай азамат еді. Саналы ғұмырын өнер жолына арнап, шәкірт тәрбиелеуде ұлағатты істі серік еткен Қармақшы ауданының мәдениет саласының дамуына сүбелі үлес қосты. Амал қанша, өткен жылы бауырға қамқор, жолдасқа адал, досқа сыйлы жаннан қапияда айырылып қалғанымыз бар.

Мен отбасында Абдулламен тете өстім. Арамыз небәрі үш-ақ жас еді. Соған қарамастан оның қандай да бір жасаған сотқарлығы, қарсы келіп, беттен алып, төске шапқаны есімде жоқ. Мінезі де салмақты, тұла бойы тұнған сабыр, жайлы еді. Менің бұл сөзімді ініммен замандас, әріптес достары және ізінен ерген шәкірттері де қоштап ала кететіні анық. Өзі кішкентайынан өнерге бір табан жақын өсті. Әке-шешеміз де сол қиын-қыстау кезеңдегі шалғайдан тартқан жоқшылық пен қиындық сарсаңына қарамастан, бізді ел қатарлы өсірді. Оқытты, тоқытты. Ғұмырымызға жетер тәлім-тәрбие берді. Бастысы, адам етті.  

Абдулла 57 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Жосалы кентіндегі №26 орта мектепте білім алған соң Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың әуез факультетін тәмамдады. Бітірген соң туған жерге туын тігіп, өсіп-өнген топырағына қызмет етуді ойлаған ол алғашқы еңбек жолын да осы жерден бастады. №250 мектепте музыка пәнінің мұғалімі қызметін атқарды. Одан ержігіттің алдындағы басты парызы – Отан алдындағы әскери борышын Ресейдің Куйбышев қаласында өтеп қайтты. Сонда жүріп, әскери оркестрде өнер көрсетті. Өнермен өрілген өмірінің бір бөлшегіне айналған саксофон аспабында ойнауды да сол жақтан меңгерді. Әскери өмірдің қатал тәртібіне пісіп-жетілген Абдулла елге оралған соң да біраз абыройлы қызметтің тұтқасын ұстады. Жосалы механикалық зауыты жанынан ашылған балабақшада ән-күй жетекшісі, Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы аудандық әуез мектебінің мұғалімі, аудандық білім бөлімінде нұсқаушы, №250 мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Сондай-ақ, 2000-2003 жылдары аудандық кино жүйесі мен мәдениет үйін басқарған 7 жыл уақыт көлемінде өңір мәдениетінің алға басуына ықпал етті. Шын жанашырлық танытып, ауданның рухани-мәдени өмірін жандандыруға бар күшін салды. Ал, өмірінің соңғы жылдарында аудандық әуез мектебінде саксофон класы бойынша дәріс берді. Шәкірт тәрбиелеп, өнер жолына бағыт-бағдар берді.    

Жалпы, өзім де өнерден құр алақан болмағандықтан біраз уақыт Абдулла екеуміз мәдени-көпшілік шараларда өнер көрсеттік. Қазір елімізге белгілі эстрада жұлдызы Мәдина Сәдуақасовамен бірге шығармашылық сапарларда болдық. Ол кезде Мәдина енді танылып келе жатқан 17-18 жастағы бойжеткен еді. Облысқа белгілі Лиза Сәтмаханова, Жанат Ермағанбетова, Талғат Асылбеков, Самал Ұзақбаева, Мөлдір Айсауытова сынды өнерлі ізбасарларды баулып, жол көрсетті. Бүгінде олардың барлығы дерлік ұстаз берген тәлімнен жаңылмай, биік белестерді бағындырып жүр. Облыстың іргелі мәдени ошақтарында абыройлы қызмет етуде. Ал, үрмелі оркестр бойынша Сәбит Сәденов, Мұханбетқали Багатов, Кенжебек Ержанов секілді дарынды жігіттердің қолтығынан демеп, өнер даңғылында бағдаршам бола білді. Сондай-ақ, Қармақшы ауданында «Самал» вокальды аспаптар ансамблін құрып, жетекшілік етті. Талантты жастардан құралған шығармашылық ұжым сол кездің өзінде облыстық байқаулардың гран-при жүлдегерлері атанды. Республикалық өнер бәйгелерінде де аймақ намысын қорғап, талай жүлдені тақымына қысып оралды. Осылайша Абдулла ұлағатты істен айнымай, оларға ұстаз ретінде ақыл-кеңесін айтты, білгенімен бөлісті.      

«Елге берген еленер» демекші, аядай ауылда жүріп, тұтас облыс мәдениеті үшін осындай өрелі іс тындырып, таудай қызмет жасаған Абдулланың еңбегі еш кетпеді. Халқы ардақтап, сый-құрмет көрсетті. «Наурыз шапағаты» фестивалінің бірнеше мәрте дипломаты атанып, облыс, аудан әкімдерінің алғысына ие болды. 2000 жылы облыс әкімінен «Алтын нота» номинациясын иеленді. Сол жылы мәдениетті қолдау жобасы аясында өткен «Күзгі әуендер» вокальды аспаптар ансамбльдерінің облыстық байқауына қатысып, «Үздік саксофоншы» жүлдесін қанжығасына байлады. 2005 жылы Елбасының «Алғыс хатымен» марапатталды. Бұл марапат інімнің тынысын ашып, мерейін тасытты. Қанаттандырды, шабыттандырды. 

Мұның бәрін тізбектей әңгімелеп отырғандағы себебім – біреу. Өнердің өміршеңдігін, елге еткен қызметтің еш кетпей, артында тарих болып қаларын бүгінгі ұрпаққа насихаттау еді. Абдуллаға ақсақалды қария болу бақыты бұйырмаса да Жаратқан оған салиқалы ғұмыр кешуді нәсіп етті. Елге елеулі есімі қалды. Саналы ұрпақ тәрбиеледі. Өресі биік шәкірт баулыды.

«Орнында бар оңалар» демекші, Абдулла жұбайы – Ажармен 30 жылға жуық бір шаңырақ астында айрандай ұйып, тату ғұмыр кешті. Екеуі 5 бала тәрбиелеп, аяққа тұрғызды. Немере сүйді. Өзі көзі тірісінде өнерге баулыған екі қызы – Аружан мен Айзат бүгінде әке жолын жалғап келе жатқан жайы бар. Саксофонның сазды әуенін көпшілік назарына ұсынып келеді.

Өзі өнер саласында жемісті қызмет еткен Қармақшы топырағында 23 мамыр күні «Сырлы әуен» атты үрмелі аспапта орындаушылардың облыстық байқауы өткізілгелі отыр. Бұл дегеніңіз жас жеткіншектердің үрмелі аспаптарға деген қызығушылығын арттырып, Сыр бойында кенжелеп қалған өнерді жандандыру бағытындағы айтулы қадам деп білеміз.

Ал байқаудың өтуіне қолдау жасаған облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен Қармақшы ауданы әкімдігі, мәдениет бөлімінің рухани жаңғыруға дем беріп, өнерді өрлетуі, әрине, сүйсінерлік іс.

Сәдуақас ӘДЕПОВ.

Қызылорда қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<