Сексенінде серке тартқан

1676

0

Кейіпкерімізді алғашқыда әлеуметтік желіде байқадық. Фототілші Бағдат Есжановтың «Facebook» парақшасында. Наурыз мерекесінде ат үстінде қасқайып тұрған қарт бейнесі көпшілікті сүйсінткен. Артынша ақсақал жайлы сұрастырдық. Шиелілік екен. Дұрысы, Сұлутөбе ауылында тұрады. Сексенге келсе де серке тартатынын естіп қалдық. Қалдан ақсақалдың бұдан басқа да…

Жә, біз біртіндеп баяндалық. Көп естігеннен бір рет көрген жақсы. Іле-шала бір топ тілші қауым жолға шықтық. Бір сағатқа жетер-жетпес уақытта ауыл төбесі көріне берді.

Ауласына кіргенімізде Қалдан ата ат ерттеп тұр екен. Шамасы, күнделікті серуендеуді әдетке айналдырса керек. Шағын автобустан жапырлай, улап-шулап түскен бізді ең бірінші құлағын қайшылап, жатырқай оқыранған боз аттың тұрқы қатты қызықтырды. Тартпасын нықтай тартқан қарулы қолдың күшін сезді ме, ол да ауыздығын қашырлата шайнап, басын шұлғи берген.

– Ассалаумағалейкум! Дауысымыз әр жерден шыққанмен анық естілгендей. Қария сонда барып назар салды.

– Амансыз ба, ата? Ұл-қызымыз кезектесе қолын алуға ұмтылдық. Көзілдірігін сәл түзеген қарт «әә, сендер ме?» дегендей әрқайсымызға жеке амандасып жатты. Сірә, келетінімізді алдын-ала білгеннен болар, қасына алды 60 жасты алқымдаған балалары  келіп, бір топқа айналдық.

Біздің қалам ұстаған ағайынның қызық тұсы көп. Дәл қазір сұрақ қоймасақ, болмайтындай жамыраса кеткенімізді-ай. Сондағы білгіміз келген ортақ дүние – қос қырықтан асқан қарияның әлі күнге дейін көкпар шауып, салым салуы.

– Қазақ жылқыны ерекше қастерлейді, – деп бастай берген әңгімесін Қалдан ата. – Астыңда жүйрік атың болса рухың тасып, күшің артып отырады. Атқа жиі мінген жігіттің ауыруы да сирек. Ол – дәлелденген дүние. Бұрынғылар жақсы жылқыны серігіндей көріп, қадірін арттырып отырған.

Менің ұлдарым кішкентайынан атқұмар болып өсті. Тура өзім секілді. Басқаға ондай қызығушылығы болмады. Өзім де бала күнімде аттың жалына жармасып, жайдақ міне беретінмін. Қатарластарымызбен бірге серке тарттық. Ал сендер сұрап отырған көкпарға жігітің жігіті ғана шабады. Екіншіден, оған күштен бөлек, жүрек керек. Үшіншіден, астыңдағы атың төзімді, үстіндегі жігіттің тақымды болғаны дұрыс.

Бүгінде жақсы жылқы тұқымы да көбейген, оған құмар жігіттердің де саны артып келеді. Өмірде көрген-білгенімді, ақыл-кеңесімді айтып келемін. Жалпы көкпарға шабатын атты әдепкіде оңашада үйретіп, қазандыққа жақындағанда екпінін азайтып, ал қалың топтан бөлек шыққанда шабысқа бірден бейімделуін қадағалап, соған әбден дағдыландырған жөн, – деді ол.

Өзінің айтуынша, қазіргі Айдарлы ауылы маңындағы «Әлназар жабы» деген жерде туып, Сұлутөбеде ер жеткен. 1961 жылы онжылдық мектепті бітіріп, ауылдағы кәсіптік-техникалық училищенің қысқа курсында оқиды. Механизатор болып, алғаш келген «ДТ-54» шынжыр табанды тракторының руліне отырған да осы Қалдан ата екен. Кейіннен облыс орталығындағы ауыл шаруашылығы техникумында сырттай оқып, зоотехник мамандығын алып шығады. 1965 жылы бір отар қой алып, атакәсіппен айналысты. Одан соң жетпісінші жылдан бастап, 17 жыл егін шаруашылығында «К-700» тракторын жүргізеді. Ал 1987-1997 жылдары, яғни, совхоз тарағанша он жыл ат үстінде жүріп, жылқы қайырады. Зейнет жасына дейін осылайша табан аудармай еңбек етіпті.

– Әкем Шәмші қарулы жан еді. Бір күні өрістен өлген атын өзі арқалап келіпті. Бірде әуітке түскен атан түйені бір өзі тартып шығарады. Замандастарынан «жарықтық, трактор сияқты» дегенін талай есіттім. Сол әкемнің қаны болар, жасымда қарулы болдым, анау-мынау әділетсіздікке шыдамайтын адуындығым тағы бар. Талай басбұзардың бетін қайтардық. Оны тәппіштеп айтып қайтеміз? Төрт-бес жыл қой баққан соң совхоздың тракторына қайта отырдым. Сол кезде ұмытпасам, 1970 жылы шопандар слетінде күреске түсіп, бас палуан атандық. Айта кетейін, менің шешем Бибіжан – атақты Кейкі батырдың ұрпағы. Жасында айтысқа қатысыпты, әдемі дауысы да бар еді. Одан бөлек, тамақ басады, балаға түкіреді, сынықшылық қасиеті болған. Бұл қасиет менде де бар. Кейде өз немерелеріме, ауылдың кішкентайларына дем салып, ұшықтап беремін. Алла қарасып, аттай шауып, жүгіріп кетеді, – дейді қарт.

Бұйырған жұмыстан қашпай қарекет қылған қарияның Құдай қосқан қосағы Ізімкүл апа он құрсақ көтеріпті. Бүгінде көз алдындағы 6 ұл мен бір қыздан тараған 21 немере мен жиеннің, сондай-ақ 18 шөберенің қызығын көріп отырған жайы бар. Қазір де сұлутөбелік ақсақал бос уақытында жеңіл машина не мотоциклді тізгіндеп, ауыл маңындағы көлге ау құрады. Мұны жас күнінен әдет қылған. Бұйырған несібесін үйге әкеледі, ауылда тұратын еншісі бөлек балаларына, қаладағы немерелеріне де салып жібереді.

– Таза бейнетпен тапқан несібең тәтті, отбасыңа сіңімді. Мен балаларыма бірінші осыны үйреттім. Көлденең жатқан сабақты инені олжа көрмеуін қатты қадағаладым. Жалқаулықты жек көргендікі шығар, жасым сексеннен асса да қол қусырып отырмаймын. Көктем басталғалы есік алдындағы жеміс талдарын баптап, қорадағы бір-жар қараның күтіміне қараймын. Еңбектенуден қашпау керек, сонда ғана өзіңнің де, отбасыңның да берекесі кіреді, – дейді ол.

Атамыз жасында өте қарулы болған екен. Мұны ауылдастары әлі де жыр қылып айтады. Талай белдесуде көп жігіттің жауырынын жер иіскетіп, кейбір бәстесуде қойдың қос ортаңғы жілігін қатар қойып сындырғанын тамсана әңгімелейді.

– Қалдан аталарыңмен түйдей құрдаспын, – дейді бізбен әңгімесінде Мәлібек ақсақал. – Бұл дарияның арғы бетіндегі шағын ауылдан келіп, осы Сұлутөбедегі мектепте бірге оқыдық, интернатта бірге жаттық. Содан бері ажырамай келеміз. Әке-шешеміз совхоздың қойын баққан, олар далалық жерде болған соң, біз бала күнімізден өз бетімізше еңбекке дағдыланып өстік. Онжылдықты бітірген соң мен қой бағуға кеттім, ол арнайы механизаторлық курс бітіріп, трактор руліне отырды. Содан бері ол еңбек майданында болды. Техникадан бөлек, қой да, жылқы да бақты. Түліктің өсімін арттыруда аудан бойынша чемпион атанды. Одан бөлек, балықшылық пен аңшылықты кәсіп қылды. Кезінде малға жаудай тиген түз тағысын қақпанмен қан қақсатып, мылтықпен көздеп, дөп тигізіп жүрді. Әлі есімде, Телікөл маңындағы «Айғыржал» деген жерде жылқышылардың жайлауы бар еді. Сонда өз көзіммен көргенім, қақпанға түскен қасқыр онысын біраз жерге дейін сүйретіп кеткен. Ізіне түсіп, тауып алғанымызда бұл тұрып, «мен мынаны тірідей елге апарайын» дегені. «Ау, ол қалай?» дегенімізше болмады, келтек ағашпен қасқырды қасқита соғып есінен тандырды да, аузын буып ауылға әкелген. Әрі жастық, әрі ол кездің жігіттері бір-бірінің намысын жанып отыратыны бар емес пе? Құрдасым бала күнінен намысқой, көпшіл, қонақжай еді, әлі сол қасиетінен таймай келеді.

Ауылдастары айтқан тағы бір қызық оқиға бар. Жастау кезінде өзіне тиесілі «К-700» тракторымен келе жатса, алдынан үлкен қабан атып шыққан. Анауың айбат шеге ұмтылады. Бұл да көлікті кілт тоқтатып, жерге түспеген күйі қолындағы монтировкамен әлгі дәу немені желке тұстан ұрғанда қолы тоқ ұрғандай тыз-тыз етіпті. Кісі белінен асатын қабан сол ұрғанына қыңқ демесе керек. Кісіге қайта шабатын әдеті емес пе, әлгі жабайың әудем жерге ұзап, тағы да ұмтылады. Ашуға мінген Қалдан ата кәсемсоттан секіріп түскен күйі қос қолмен сығымдай ұстаған әлгі темірімен қорсылдақты күтеді. Міне, жақындады-ау деген сәтте қолындағысын тұмсығына сілтегенде қарулы қол дегеніне жеткен. Жанды жерге тиген темірді күші мол жігіт сілтеген соң не оңсын?! Оның үстіне жігіттің жүректісі ғана мылтықсыз, қолына іліккенін алып, қарсы шапқан жауын осылай жер жастандырады.

Ал Қалдан қарттың кенже ұлы Жанболаттың айтуынша, әкесінің өзен-көлге ау салып, аңшылық құрғанынан басқа да өнері көп.

– Әкем механизатор кезінде де, бас шопан болып қой өргізгенде де аудан бойынша социалистік жарыстың жеңімпазы болды. Кейін зейнетке шыққан соң облыстық батагөй ақсақалдар сайысында облыстан үшінші, ал ауылда, ауданда бірінші, екінші орын алды. Шахмат ойнайды, жігіттермен әлі де күш салыстырып, қол күресіп тұрады. Наурыз мерекесі ғана емес, ауыл ішіндегі қандай да бір игі істен қалмауға тырысады. Бір-екі жыл бұрын ардагерлер арасында қармақпен балық аулаудан жарысқа қатысып, жүлде алды. Ал көкпарды ауыл жігіттері әкемсіз бастамайды, осы кісінің батасын күтеді. Тынымсыз деп ойлағанымызбен, бұрынғының адамдары жұмыс істемесе ауырып қалатын сияқты, – деп күлді ол.

Ауыл ішінен көргеніміздей, мұнда жылқының жақсы тұқымын жинаушылардың қатары артқан. Жігіттер сырттан тәуір ат әкелсе алдымен Қалдан атаға көрсетіп, сынатып алады екен. Қазір осындағы 15 жігіт ұлт спорты – көкпармен айналысады. Оны көріп, қызығушылығы артып жүргендердің дені – мектеп жасындағы оқушылар. Қуанарлығы сол, қазір жылқыға әуес балалар көбейіп тұр. Жалпы Сұлутөбедегі елдің кәсібі – мал шаруашылығы. Үш мыңнан астам халқы бар ауылдық округте 80-нен аса қожалық, 22 жеке кәсіпкерлік тіркеліпті.

Қалдан атаның әлі күнге дейін атқа мініп не темір көлікті тізгіндеп, өзен мен көл жағалайтын әдетін жоғарыда айттық. Аң ауламаса да, қармақ құрады, ау салып, кермеше тартады. Көргеніміздей, ақсақал тың, жүрісі ширақ. Түздің тірлігін айтпағанның өзінде, есік алдындағы бауды жайқалтып қоюы да бір бөлек әңгіме. Бір сөзбен айтқанда, Сырда туып, Сырда өскен ақсақалымыз әзірге кәрілікке бой ұсынбай жүр. Құдай сол қуаттан айырмағай!

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<