Өсер ел өткенін ұмытпайды

510

0

Сыр өңірінің, оның ішінде Қызылорда қаласының көркейіп өркендеуіне үлесін қосқан алғашқы құрылыс инженерлерінің бірі де бірегейі, еңбек ардагері Дәруіш Қыпшақбаевтың еңбек жолын қызылордалықтар жақсы біледі.

Ол 1936 жылы 21 қыркүйекте қазіргі Әйтеке би кентінде дүниеге келді. Әкесі Нұрбай  Қазалыға белгілі азамат Қыпшақбайдың ұлы еді. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына  аттанып, сол жақта қаза тапқан. Ал, анасы Күлжан 1949 жылы қайтыс болды. Дәкең ағасы Фазылбекпен бірге үлкен анасының тәрбиесін көрді. Анасы Күлбарам бағып, қағып, оқуын бітіртіп адам қатарына қосты. Ол кісі 1967 қайтыс болғанда перзенттік парызын орындап,   шы­ғарып салды. Аталған кенттегі № 67 қазақ орта мектебін 1955 жылы бітірген соң, Ташкент қаласындағы теміржол транспорты институтына оқуға түсіп, 1960 жылы құрылыс инженері мамандығын алып, жолдамамен Қызылорда қаласына келді. Ол кезде құрылыс инженерінің дипломы бар қазақ жастары өте аз болатын. Қаладағы күрделі құрылыспен айналысатын «Қызылордастрой» тресінің басшылары көп ойланбастан, жас маманды № 3 құрылыс басқармасына құрылыс шебері етіп жұмысқа қабыл­дады. Құрылыс қашанда экономиканы алға жылжытушы сала екені айқын. Осы жылдары Қызылорда қаласында сүт зауыты, ет комбинаты, күріш зауыты, целлюлоза-картон комбинаты, құс фабрикасы, тұрғын үйлердің құрылысы басталған кез еді.

Жас маман Дәруіш Нұрбай­ұлы атал­­ған және басқа да құры­лыстар­­өдың бой көтеруіне атсалысты. Трест басшылары жауап­ты жұмыстарды тапсырып, Дәруіш ағаның білік­тілігіне, жауап­кер­шілігіне көз жеткізді. Трест басқармаларында аға прораб, бас инженер қызметіне көтерілді. Дәруіш ағаның бас­қаруымен са­лынған құрылыстар бақылау инс­пекциясының жақсы бағасын алды. Құрылыстың сапасы бұрынғыға қарағанда жақсара түсті.

1967 жылы 300 пәтерлік 3 тұр­ғын үй, 240 орындық облыстық аурухана, облыстық партия коми­тетінің әкімшілік үйі (қазіргі қалалық әкімдік), 200 орын­дық облыстық Қарттар үйінің пайдалануға бері­луінде Дәруіш ағаның өзіндік қолтаңбасы бар. Ал «сақалды құрылыс» аталған Арал қаласындағы аудандық аурухана және 60 төсектік перзентхананың пайдалануға бері­луіне төккен терін аралдықтар ұмытпаған болар. 

1984 жылы пайда­лануға берілген Пионерлер үйі, 280 орындық №14 балабақша, Қазақ күріш ғылыми-зерттеу инсти­ту­тының, облыс­тық атқару коми­тетінің ғимараттарының сәулеті мен сапасы қандай инженердің қолынан өткенін дәлелдеп тұрған жоқ па?

Дәруіш ағамен бірге қызметтес болған құрылыс басшылары Ефим Скатков, Эдуард Туровский, Фарид Фаткульдинов бұл күнде жоқ. Дегенмен сол кездері қыз­меттес болған шәкірттерінің бірі, Қазақстанның құрметті құры­лы­сшысы Бақытжан Базарбаев Дәруіш аға туралы «Мен 1984 жылы Дәруіш аға басқарған құрылыс басқармасына (СУ Культ­бытстрой) бас инженер болып бардым. Бұл мекеме маған дейін көптеген мәдени және әлеуметтік ғимараттарды пайдалануға берген болатын. Мен келген соң тағы да әрқайсысы 280 орындық балабақша құрылыстарын аяқтап, жаңа аэро­порттың құрылысын жатақхана салудан бастадық. Ал, 1988 жылы «Қызылордастрой» трестінің басшысы Скатков Дәруіш ағаны трестке орынбасарлыққа тағайындады. Мен ағаның орнында басқарма басшысы болып қалдым. Ол қарапайым өмір сүрді. Жұмысшылардың бар жағдайын жасап, тіл табысып жұмыс істеді, барынша талапшыл еді. «Ұзын арқан, кең тұсауға» жол бермейтін. Жұмыстың сапасын өз көзімен көрмей дамыл таппайтын» дейді.

Дәруіш аға осындай озат ұйым­дастырушы, жоғарғы деңгейлі инженер екенін көрсете білді. Аймақтың құрылыс саласын дамытуға өзіндік үлесін қосқан белгілі азамат еді. Көп жылғы жемісті қызметі «Ерен еңбегі үшін» медалімен, бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бүкіл ғұмырын құрылыс саласына арнаған ол көптеген шәкірт тәрбиеледі.

Ол үлгілі отағасы еді. Жары Зинегүл Нұрғалиқызымен 3 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Талғат бұдан 12 жыл бұрын бақилық болды, жұбайы Марал қыздарын өсіріп, шаңырағының отын сөндірмей отыр. Қызы Ләззат жолдасы Сейдулла екеуі көп жылдар бойы ішкі істер департаментінде қызмет атқарып, зейнетке шықты. Қазір заңгер болып жұмыс жасауда. Әділбек шаңырақ иесі – жеке кәсіпкер, келіні Айгүл Сұлтанбекқызы білікті дәрігер. Ұрпағының жалғасы – 5 немересі бар. Әсел мен Шоқан жоғары білімді мамандар, Гүлназ, Нұрайым, Ғалиасқар оқу озаттары. Шөбересі Мансұр өсіп келеді.

Дәруіш аға 73 жасында өмір­ден өтті. Қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай жары Зине­гүлдің басшылығымен балалары әкесіне құран бағыштап, еске алып, ас берейін деп жатыр. Аяулы ағамыздың жарқын бейнесі ұрпақ­тарының есінде мәңгі сақталады.

Нұрлыбай ҰЛЫҚПАНҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті құрылысшысы. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<