Шапағат шуағы

705

0

2019 жылдың 28 қазан күні Шымкент қаласынан жарық көретін ­«Қазақстан жолы» газетінде Тәмен Бөріханның «Соңғы үміт» деп аталатын болған оқиға ізімен жазылған әңгімесі жарық көріпті.

Бұл әңгімеде ашаршылық жылдары Ташкентке қарай ауып кеткен сыр­бойылық қазақтардың жағдайы баян­далған. Соның ішінде 1910 жылы дүниеге келген Жағыпбар Аманжолов атамыз жайлы бір сыр айтылады.

Ол кісі 1930-1940 жылдары Ташкент облысы Янгиюль ауданында колхозшы болған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Тартоғай совхозының мал шаруашылығында еңбек еткен.

Әңгіме желісі мынадай.

***

…Нәпақа табарлық жұмысқа тұра алмай, аштықтан қайыршыға айналған Жиһангер мен Перизат бір-бірін сүйе­мелдеп, базар маңына келеді. Осы өңірде ешкімнен беті қайтпаған бір өзбек байы бар екен. Ақшасы көп, тамағы тоқ, жұртты құл қылады, ойына келгенін істейді. Сол бай ерлі-зайыпты екеуді көріп:

– Ей, қазақ, қатыныңды сатасың ба? – дейді сәкі үстінде шіреніп тұрып. Байғұстар бұған жауап қата алмайды. – Бұл өзі қатының ба, қызың ба? – деп аштықтан әбден әбіржіп кеткен Жиһангерді мұқатқан бай өңмеңдей түседі. Осы кезде әлдеқайдан келіп қалған бір еңселі қазақ астамшыл байды қамшымен осып-осып жібереді.

– Әй, Құдайдан безген, мүсәпірді қорлағанша, садақаңды бермейсің бе?! – дейді отты көзін өңменінен өткізіп. Бұрын өзіне қарсы келген біреуді көрмеген байдың зәресі ұшып кетеді. Басын қорғалап, аяққа жығыла береді. Осыдан кейін өздеріне араша болған адам мен бай базардан шығып кетеді. Жиһангер сұрап білсе, ол Янгиюльдан келген Жағыпбар деген кісі екен.

Біраз уақыттан соң екеуі қосақтаған төрт ешкіні алдарына салып базарға қайта келеді.

– Мынау ешкілер – байдың садақасы, Құдайы есіне түсіп, тәубеге келді, – дейді Жағыпбар. Байекең ешқашан біреуге зорлық қылмағандай жуас бір күйге түскен, қолын кеудесіне қайта-қайта апарып, ишарат жасап қалыпты.

Сөйтіп, Жағыпбар екі бейбақты ертіп, Янгиюльдегі үйіне әкеледі. Отан­асы Несібелі оларға дәм-тұзын қойып, бәйек болады. «Енді қайда барасыңдар, осы жерде қалыңдар», – деп өздерінің қасына алады. Жиһангерді колхозға жұмысқа тұрғызады, ал, Перизат іс тігіп, аз уақытта тұрмыстары түзеледі, шағын үй салып алады. «Ешкі жи да, есің жи» дегендей, ешкілері де егізден туып, малы көбейіп, ауыздары аққа тиеді. Екеуінен өмірге бір ұл бала келеді, оған өздеріне қамқор болған адамның құрметі үшін Жағыпбар деп ат қояды.

Жағыпбар палуан адам, күрес­ке түсіп ақша табады. Махалланың маңдайалды жұмыскері мақтау, марапаттарға да кенде емес. Оның осындай азаматтығы мен еңбекештігін бағалаған «Каганович» колхозының бастығы, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Хамрақұл Тұрсынқұлов өзіне көмекші қылып алады. 

Хамрақұл – Өзбекстанда кеңес өкі­метін орнату ісіне белсене қатысып, Буденныйдың атты әскері құрамында болған. Колхоз төрағасы лауазымынан әрі аспай-ақ, үш мәрте Еңбек Ері атанған жалғыз адам. Осы кісінің өзі Жағыпбар Аманжоловты «үкә» деп сыйлап, жұмыс барысында онымен санасып отырған.

Жаңағы Жиһангердің басындағы жайт – соғыстан бұрын өткен оқиға. Олар Кіші жүз Кете руының адамдары екен. Қырқыншы жылдары елге қайтыпты.

Әлқисса, әлгі Жиһангер мен келін­шегі атпен апталап жүріп Жосалыға келсе, ағайындарынан ешкім қалмапты. Аштықтан өлді ме, өздері сияқты бас сауғалап кетті ме, ешкім көрдім-білдім демейді. Не болса да, туған топыраққа аяғым жетті-ау дегенде Отан соғысы басталады. Жиһангер майданға аттанып, содан оралмайды. Күйеуінің келмесіне көзі жеткен Перизат ұлы Жағыпбарды жетектеп, басы ауған жаққа кетеді. Одан кейінгі олардың тағдыры да белгісіз.

Әңгіме авторы осылай дейді. Не деген ауыр тағдыр еді?!

***

Амангелді ауылдық мәдениет үйі­нің қызметкері Закира Жағыпбарқызы өзінің бір баласына әкесінің Әміреқұл деп ат қоюды аманаттағанын былайша айтады.

«Әкемнің Әміреқұл деп отырғаны – атақты өзбек перзенті Хамрақұл Тұрсынқұлов. Ол кісі әкеммен дос болған. Негізі Әміреқұл ғой дұрысы, өзбектерде «ә» әрпі болмайды, олар оны «х»-мен айтады, «әкім» дегенді «хаким» дейді. Бұл есімді бір кісілер ұнатпай, балама Бекзат деп ат қойған. Балам өскесін осы оқиғаны естіп, құжатына «Бекзат-Әмір» деп атын өзгертіп жаздырды. Тірісінде айтқаны болатын әкемнің өлген соң да дегені орындалып жатқаны тегін емес шығар, аруақты адам ғой».

***

Шынында, баяғы шалдар қасиетті еді. Олардың сөзі де, ісі де тәрбие тінін тартып тұратын. Жаман жер баспайтын, жақсы сөз айтатын. Сол шалдарды бар ауыл пана тұтатын, жолдың арғы басынан көрген келіндер бергі басында тұрып алдын кеспейтін.

Бізді, кейінгі ұрпақтың ынтымағын сақтап, біріктіріп тұрған – осы шалдардың рух шапағаты. Рухани жаңғыру дегеніміздің өзі аталарымыздың асыл болмысына санамен оралу емес пе?

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<