Адамды өзі өмір сүрген кезеңінен бөліп қарауға әсте болмайтындығы ақиқат. «Адам үшін ең бастысы – өзінің абыройын сақтау. Қалғанының барлығы жай сөз», дейтін біздің жерлесіміз Нұрмахан Оразбекұлы – Ел Тәуелсіздігіне қатер төнгенде қасқайып қарсы тұрған қайсар қазақ қаламгері, батыл журналист. Нұрекең өз өмірі тұсындағы өткелектердің желкеміне де, ызғарына да, нұрлы шуағына да өз жонын тосқан айбарлы да, айбынды азамат болатын.
Ол дүние есігін ашқан шақ Голощекиннің қылышының қаны сорғалап тұрған 1937 жылғы қыстың алғашқы күні еді. Сырдың күнбатыс бетіндегі Қызылқұмға иек сүйеген шағын ғана Қандөз деген ауылдағы қара шаруа Оразбектің суық үйі сәбидің іңгәсімен жылынғандай болған. Елдің сұры кеткен суық күндерінде қайбір шілдехана болып жарытсын. Әйтеуір, ағайын-туыс «Соңынан атұстар ерді» деп қуанысып қалған. «Көрген жерден көз кетпейді» атты естелік кітабында автор:
«Журналисттің кіндік қаны тамған жер – Қандөз. Әкесі бұл туғанда Орынбор-Ташкент темір жолының Шорнақ тұсындағы №31 разъезінде қара жұмысшы болып істейді екен. Содан отыз сегізінші жылы үйін сол Шорнаққа көшіріп әкетіпті. Сонда өскен, сонда мектеп бітіріп шалғайға аттанған. Туған жерін тек алпыс алтыншы жылдың күзінде, «Лениншіл жастағы» бір жыл жұмысынан кейін еңбек демалысына шыққанда ғана көрді. Алпыс бесінші жылы сол жерде түйе совхозы ұйымдастырылып жатыр екен дегенді естіген. Әкесі алпыс сегізінде пенсияға шығып, Шорнақтан туған жеріне 1966 жылдың көктемінде көшіп кеткенін білген. Демалысын сол Қандөзде өткізген», деп жазады. Жоғарыда көрсетілгендей, орта мектепті Түркістан қаласына жақын Шорнақ елді мекенінде оқып бітіреді де, үлкен өмірге сол жерден жолдама алады. Сондықтан да ол кісіні жұрт Оңтүстік Қазақстан облысының азаматы деп түсінеді. Шындығында Нұрмахан Оразбеков – Сыр бойының тумасы. Әкесінің қарашаңырағы Қандөзде әлі орнында тұр.
Өткен күндерге тағы бір ой жүгіртелікші. Жортпаш баланың алғаш атпен шапқылап жүрген бір күні сұм соғыс басталды да, әкесі майданға аттанды. Сол 1942 жылдың күзінде анасы ауыр науқастан жиырма тоғыз жасында дүние салды…
Шешесіз жетім – шерлі жетім. Осы қайғыдан соң Нұрмахан көп шешілмейтін де, көп үндемейтін де болған. Айналаға сүлесоқ қарайтын. Оны әкесінің ағасы қолына алды. Кейіннен ойынға да, басқа шаруаға да онша ықыласы жоқ баланы немере ағасы Түзелбай Шорнақтағы мектепке ілестіріп апарды. Ол сұм соғыс біткен 1945 жылдың күзі болатын. Талаптың тайы оқудан шапқан ба, ол сабақты тәуір оқыды. Өжеттілігі тағы бар, өз тұрғыластарының алдында жүрді. Бірде өжеттік дегеннен шығады-ау, тарих пәнінің мұғалімімен шатысып қалғаны бар. Бұл: – Бірінші Петр помещик Менщиковті ұрған, – дейді. Ұстазы болса: – Не, сен сонда жанында тұрып па едің, – деп шытынайды. Бұл: «Оқулықта солай жазылған», – деп қасарысады. Не керек, кітапты көп оқитын шәкірт баланың айтқаны дұрыс болып шықты. Содан бері ол тура айтуды дағдыға айналдырған. Жөнсіз шаруаға араласу болса да қанында жоқ. Алайда, қиянатты іске шарт сынады. Бетің бар, жүзің бар демей айтып салады. Мұнысы батылдығы ма, әлді жүрек лүпілінің бұйрығы солай ма, кім білсін?! Әйтеуір, жасандылық еместігі ақиқат!
«Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер кезінде қоғамдағы кей көзбояушылықты әшкерелеп «Өткінші» деген мақала жазды. Талай басшының жонына қамшы болып тиген журналистің бұл ісінің соңы ЦК-да қаралып, кердең, керенеаудың көбі онымен байқап сөйлесетін болған.
Жетпісінші жылдары «Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткіземіз» деген даурықпамен облыстардың әр ауданында комсомол жастар бригадалары құрылып, мектеп бітірген бозбалалар мен өрімдей қыздарды күштеп қой бағуға жіберген зорлық әрекет жаппай өріс алған. Өмірі ата-анасының маңынан ұзамаған балалар айдалада мал бағып жүріп, талай қиыншылыққа ұшыраған-ды. Оларға қой бақтырмақ түгілі үйден ұзап шықпаған көзсіз көбелектерді үлкендердің қарауынсыз тастау өшпенді өктемдік еді. Міне, сол саяси науқанға Оразбеков қарсы шықты. Кейіннен бригадалар тарап, мал иелігі білікті мамандарға берілді.
Оның Қарағанды облысындағы «Орталық Қазақстан» газетіне бас редактор кезінде обкомның бірінші хатшысы Лагутинмен ілінісіп қалғаны бар. Себеп сол – баяғы шындықты бетке ұстайтын, тіке айтатын әдет. Әйтпесе, Мәскеуден келген шенеунікте алты аласы, бес бересісі жоқ қой. Сол шамада Теміртау қаласында бірінен соң бірі сегіз қазақ жігітін асып өлтірген жантүршігерлік оқиға болған-тын. Обкомның бюросында бас редактор тұрып: – Бұл қалай, қазақтарды қорлау ма? – дейді. – Құқық қорғау органдары ай қарап отыр ма, бақылайтын обком қайда?!
Бұл сөз жел жағынан адам жүрмейтін біріншінің шамына тиеді.
– Оразбеков, ұлтшылсың!
– Мейлі, қалай ұқсаңыз, солай ұғыңыз, бірақ мына жағдайға шара көріңіз!
Айтпақшы, облыстық газеттің маңдайшасындағы «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранды алып тастап, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп жаздыруы да көзсіз ерлік еді.
1991 жылғы Мәскеудегі Тамыз оқиғасы көпшіліктің есінде. ГКЧП туралы естісімен Нұрмахан Оразбеков өзі басшылық жасайтын «Орталық Қазақстан» газетіне «Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні төңкеріс болды» деген бас мақала жазып дайындады. Және де қосымша «Иә, бұл – төңкеріс!» деп мәлімдеме-мақаласында тағы нықтады. Редакциядағы жігіттердің зәрелері ұшып кетті. Әлі де империя қылышының қайқы кезі. Бас редакторларын бетіне қайыра алмаған соң олар Нұрекеңнің сыйлас ағасы Жайық Бектұровты шақыртады. Ол кісінің сөзін жерге тастамас дегені болар. Оразбеков бәрібір көнбеді. Тек, сөз соңына бір сөйлем қосты. «P.S. Бұл мақалаға тек өзім ғана жауаптымын, өзгелердің қатысы жоқ» деп қол қойды.
Материал 20 тамызда жарық көрді. Шындығында, бұл сол уақыт өлшемімен алғанда көзсіз ерлік еді. Кейіннен бір жаймашуақ кезде жазушы Сапабек Әсіпұлы: «Біздің құлдық психологиядан арылғанымызды Нұрмахан осы мақаласымен сақтап қалды», деп бағалағаны бар. Расында бұл ел тәуелсіздігін жасаған империяның шабуылы еді. Нұрекең оған қаламымен қасқайып қарсы тұрды. Бұл оқиға туралы өзі былай мәлімдейді: «Кремльден жік шығып, Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комитет деген құрылып, елдегі демократия құндылықтарына ауыздары енді жари бастаған зиялы қауымның ұнжырғасын түсіріп жіберді. Газетіме олардың басшыларының материалдары әлі түскен жоқ болатын. Сосын сағат 11-де радионы қойып, мұқият тыңдап қарасам ТЖМК басындағы бишікештердің көксегені баяғы заман екен. Бұғаудағы елдерге баяғыша бұйрық беріп отыру армандары бопты. Бір сөзбен айтқанда, ешкімге «Қызыл алаңсыз» қимылдамау керек сияқты. Арам пиғылдарын бірден түсіндім. Сосын ТЖМК құрамы да қанқұйлы саясатқа лайықты «тұлғалар» екен өңшең. Өйткені анау Бакланов дегенінен бастап барлығы әскери мәселемен айналысатын адамдар болатын. Әскери өнеркәсіп кешені дегенге билік жүргізіп келген бишікештер. Елдегі игіліктің бәрін соғысқа, әскери мұқтажға жұмсағандар. Міне, осының барлығын ойлай келдім де көршіме – орыс газетінің бас редакторына барып: «Давайте Эдуард, надо что нибудь написать» дедім. Сөйтсем, ол: «А что мы можем?» дейді. «А, че? Почему мы не можем?» деп кеңсеме келіп, «лездеме» өткіздім де «ТЖМК туралы бірдеңе жазамыз» деп айттым. Сосын түсте үйге барып шәй ішіп келдім де, жаздым».
Оның институтты бітіре салысымен тың игеруге аттанып, «Іле» совхозында, Соколов-Сарыбай комбинатын салуға қатысқаны, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде тәп-тәуір қызмет істеп жүріп, аудан өміріне қанығамын деп Жезқазған асып, одан әрі Түркістандағы аудандық газеттерде қызмет істеуі – бір бөлек әңгіме. Асыл кездік қын түбінде жатушы ма еді, қайсар ағамыз алпысыншы жылдары қайта Алматыға оралып, «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде еңбек жолын жалғастырды. КазТАГ-та бас редактор, директордың орынбасары қызметін 15 жылдай атқарды. КазТАГ – министрлік дәрежесіндегі мекеме. Одан бері де бірталай басшы қызметтер атқарған Нұрекең 1995 жылдан өмірден өткен 2015 жылдың желтоқсанына дейін «Қазақстан» баспасының директоры қызметінде болды.
Жазушы қаламынан туған «Капитал ордасындағы 18 күн», «Қасиеттісің сен, Отан!», «Қағажу көрген өмірден», «Мұхиттың арғы жағы, бергі жағы…», «Көрген жерден көз кетпес», «Өткенге өкпе жоқ», атты және де басқа кітаптары оқырманына мол рухани дүние сыйлайды.
Н.Оразбекұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздігіміздің бес жылы», «Пять лет независимости» «Тарих тағылымдары және қазіргі заман» жинақтарының жауапты редакторы болған. Оның «Қазақстан-Ресей қатынастары» «Бейбітшілік кіндігі» еңбектерін қазақшалаған.
Нұрмахан Оразбеков абырой, беделден кенде қалмады. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері. Шыңдалған шарболаттай ағаның құнды туындылары өз оқырманымен рухани күш бере алады. Оған біз сенімдіміз.
Қазақ руханиятының туын жоғары көтерген қаламгер туралы оның көзі тірісінде де, қайтпас сапарға аттанған соң да мүйізі қарағайдай, алып жазушылар мен журналистер өте көп жазды. Жоғары оқу орнында қатар оқыған курстастары жазушы Мұхтар Мағауин, жазушы Оразбек Сәрсенбай, замандасы ақын Сәкен Иманасов, Есенғали Раушанов, Қазақстанның Құрметті журналисі Мамадияр Жақып, Мағауия Сембаев, Гүлсім Оразалиева бір емес бірнеше рет қалам тербеді. Ал өте талантты ақын інісі Серік Аңсұңқарұлы:
«…Жаралған Күн Нұрынан
Нұр-Ағам-ай!
Тұла бойың
асыл тектен құрағандай!
Қаңқайып қу керегем
айдалада,
Шалқайып шаңырағым
құлағандай…»
деп күңіренді. Есіл ердің өмірден өткенінен кейін екі жыл көлемінде қаламгер Гүлсім Оралазиеваның құрастыруымен «Шындыққа шыңдалған адам», ««Өтіп еді сол заман нақ осылай», «Нұрмахан Оразбек» атты кітаптар жарық көріп, оқырман қолына тиді.
Осы жолдардың авторы да асыл ағаның шарапатын көп көрген, жанашырлық шуағына бөленгенін мақтан тұтады. Нұрекең жыл аралатып болса да, Қандөздегі ағайындардың қызықшылығы мен қайғысына ортақтасып жиі келіп тұрды. Өмірде барынша қарапайым, кішіпейіл ағамыз «бара жатырмын, кетіп бара жатырмын» деп біреудің мазасын алуға тіптен құлықсыз адам еді. Рушылдық, жершілдік тіптен ойына келген емес. Бар қазақты туысым деп түсінді. Әр келгенінде «Осы ауылда сықақ жазатын Нұрмахан деген бала бар еді, маған жүздестіріңдерші» дейді екен, соның реті кейіндеу келді. Менің жазған-сызғандарымды ауылға өзі бір келгенінде алып кетіп еді, бір күні «Қазақстан» баспасынан «Қатырамыз» атты жинағың жарық көрді деп хабарлап тұр. Енді мен қысылайын, «Баспаның ақысын қалай төлеймін?» Нұрекең оған оншалықты мән бермей: «Өзіміз бір кәрін жасармыз», дейді де қояды. Кейіннен баспа есепшісінен кітап шығынын өзімше біліп алып, бөліп-бөліп төлеген болдым. Нарығыңыз қанша желкелеп тұрса да, ақша жөнінде аузын бір ашпады-ау, жарықтық! «Сүйінші дайындаңыздар», «Ауылдағы айтқыштар», «Беті бүлк етті» атты кітаптарым да «Қазақстан» баспасынан жарық көрді. Ал «Сыпыра сыйлық» атты сатиралық кітабымның «Дәуір» баспасынан шығарылуына да Нұрекең сөз жәрдем жасады. Баспа директоры Светлана Назарбаева Елбасының сыйласы айбарлы ағаның бір ауыз өтінішін ескерусіз қалдырмағанына куәмін. Ол кісіге де рақмет!
Нұрекеңнің менің шалғайдағы авторлық кештеріме ат арытып арнайы келіп қатысып, мәртебемді көтеруін қалай ұмытайын. Алматыға бара қалсам, ағаның үйіне тоқтаймын. Соқпай кетсем ренжиді. Әдия жеңгеміз екеуі «Ауылдан ініміз келді» деп қуанып, атағынан ат үркетін мықтыларды дастарханына да шақырды-ау. Сапабек Әсіпұлы, Көрік Дүйсеев, Сәкен Иманасов, Мамадияр Жақып, Оразбек Сәрсенбай, Әшірбек Көпішев секілді марқасқаларды осы үйде, жақыннан көрдім, лебіздерін естідім. Қадыр Мырза Әлі мен Мұхтар Мағауинмен араласуымыз өзі ауылға ертіп келгеннен басталған. Жақсыдан шарапат деген осы болар. Жақсылығыңыз Алладан қайтсын аға! Сіздей асыл адам дүниеге сирек келетін шығар.
Қаламгер бақыты неде? Шығармашылық тағдырындағы соңына қалдырған мұрасы ма, әлде замана желінің бағытына қарамай, әділдік сөзін айта алуы ма? Мүмкін, өзінен кейінгі жас толқынға берген тәлімімен ерекшеленер. Жоқ, өз тұстастарына сөзі өктемдігімен таразы басын баса ма? Әлде, мемлекет тарапынан мақтау-марапаты оның шоқтығын биіктете ме?
Халықтың жанашыры, әділдіктің туы, білімнің кені, қайсар қаламгер, байыпты баспагер Нұрмахан Оразбековтің бойынан, болмыс-бітімінен осылардың бәрі де табылады десек, шындықтан әсте алшақ кетпейміз. Ол Журналистикаға барынша адал еді. Жүрген ортасына аса сыйлы болды. Біраз жыл бұрын қарағандылықтар оны «Халық қаһарманы» атағына ұсынды. 2018 жылы Алматы қаласында 80 жылдығына сай ғылыми-танымдық конференция жоғары дәрежеде өткізілді. Сөз соңында айтарым, өзінің туған өлкесі Сыр аймағында да ұлт жанашыры болған қаламгер ескерусіз қалмаса екен деймін. Облыс басшылығы батыл журналист-баспагер Нұрмахан Оразбековке лайықты құрмет жасауды ойластырса, жөн болар еді. Аудан орталығы Жаңақорған кентінен, Қызылорда қаласынан көшеге есімін беруге болар. Ғылыми-танымдық конференция өткізіп, Ел Тәуелсіздігін қорғаған, оның бекемделуіне Елбасы сапында тұрып еңбек сіңірген азаматымызды құрметтесек, нұр үстіне нұр.
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі,
«Ақпарат саласының үздігі»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<