Ішкі істер саласындағы қалтқысыз қызмет

890

0

Қызылорда облысының ішкі істер департаментінде ұзақ жыл жемісті еңбек еткен департамент бастығының орынбасары Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлының зейнеткерлікке шығуына байланысты салтанатты шара өтті. Салтанатты рәсімге департамент басшылығы  және жеке құрам қатысты. Рәсімнің алғашқы сөзін департамент бастығы полиция полковнигі Қ.Мұхитов алып, Әмірбек Бердібекұлына ішкі істер органдарында күнтізбелік есеппен 33 жыл абыройлы қызмет етіп, Отан алдындағы антына берік болып, қызметтік міндетін адал орындағаны үшін  алғыс білдірді.

Өз құттықтау сөзінде Қайрат Болатұлы «Осы күні құқық қорғау саласының майталманы ретінде, құрметті демалысқа шыққаныңызға куәміз. Ел үшін адал қызмет етіп абырой биігінен көріндіңіз. Сіздің өмір жолыңыз, атқарған қызметініңз – құқық саласының жас мамандары үшін үлгі мен өнеге» деп атап өтті.

Полиция полковнигі Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Жаңаталап совхозында дүниеге келген. 1985 жылы Өскемен жол-құрылыс институтын, ал 1999 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастары институтын бітірген.

Ішкі істер органдарындағы қызметін 1987 жылдың желтоқсан айында Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінің Мемлекеттік автоинспекциясы (МАИ) бөлімшесінің инженерінен бастап, кейін осы бөлімшесінің аға инженері, Қызылорда ОІІБ-ның МАИ бөлімі жол-патрульдік қызметі жеке ротасының аға инспекторы, осы рота командирінің орынбасары лауазымына дейін көтерілген.

1993-2002 жылдары Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінің Мемлекеттік автоинспекциясы бөлімшесінің бастығы, Қызылорда ОІІБ-ның жол полиция басқармасы бастығының орынбасары , осы басқарманың тіркеу-емтихан қабылдау бөлімінің бастығы лауазымында қызмет атқарса, 2003 жылдан бастап Қызылорда ОІІБ-ның көші-қон полиция басқармасы бастығының орынбасары, Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы лауазымында қызмет атқарған. Сырдария АІІБ-нің бастығы лауазымында қызмет атқарған уақыт аралығында, бөлімді базалық орган қылып жасауға зор үлесін қосқан.

2006-2009 жылдар аралығында Қызылорда ОІІД көші-қон полиция басқармасының бастығы, 2009-2012 жылдар аралығында Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының бастығы  қызметін атқарған. 2012 жылдан бері департамент бастығының орынбасары қызметін атқарып келді.         

Ішкі істер органдарындағы қызметінде ІІ, ІІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін», «Ерекше қызметі үшін» медальдарымен, «Үздік қызметі үшін», «Қазақстан полициясына 15 жыл», «Қазақстан полициясына 25 жыл»  омыраулық белгілермен наградталып, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің бағалы сыйлығымен, ОІІД-нің Құрмет грамоталарымен марапатталды.  Сонымен қатар, облыс басшылығы тарапынан Әмірбек Бердібекұлының сіңірген еңбегі мен еңбек үлесі еленіп, көптеген мақтау марапатқа ие болды.

Ұйымдастырылған салтанатты рәсім барысында ұзақ жылдар бірге қызмет атқарған әріптестері сөз алып, естеліктерімен бөлісті. Қызметтестері сала ардагеріне жылы лебіздерін білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті.

Қызылорда ОІІД Баспасөз қызметі

        

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<