Шәкірт шамшырағы

531

0

Жақында Арал қаласындағы аймаққа өнегелі істерімен әйгілі №262 мектеп-гимназия директоры Бекболат Садуақасов пайғамбар жасы 63-ке толатынын құлағым шалды. Қиялым кейінде қалған керуен жылдарға құлаш ұрды. Теңіздің теріскей бетіндегі Ақбастыда сол ауылдағы №22 Ауан орта мектебінің директоры Әки Садуақасовтың отбасында туып-өскен Бекболат ауыл мектебін бітірген бетте маған кездескен. Аз ғана уақытта Арал аудандық мәдениет үйі жанындағы Қазанғап атындағы халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі, туған ауылындағы білім ұясында үйірме жетекшісі қызметтерін ойдағыдай атқарғаны есімде.

Ол жылдары аудан көркем­өнер­паздарының негізі мәдениет үйінің қыз-жігіттерінен, қала мектептеріндегі мұғалімдерден, ірілі-ұсақты мекеме жұмысшы-қызметкерлерінен құралатын. Қытымыр қыс, шіліңгір жаздың аптабында бөлімнің 16 автоклубында тыным болмайтын. Бірі теңіз жағалап балықшылар арасында болса, екіншісі алты қырдың ар жағындағы малшылар ауылында кино көрсетіп, ән әуелетіп, күй күмбірлететін. Жүргізуші де, киномеханик те бес­аспап жігіттер. Шетінен өнер­лі еді.

Бекболат Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестрінде 1973-1974 жылдары көркемдік же­текші қызметін атқарған. Ата­ғы әрісі Мәскеуге, берісі Алма­тыға айдай аян бұл ұжым­ның дирижері саусағынан күм­бірлеп күй төгілген Сайлау Ті­лепов еді. Ол нағыз өнер үшін жаратылған біртуар тұлға болатын. Оркестрді саусақтарымен басқарып тұрғанда күй құді­ретімен, әсем ән әуенімен көз ілес­пес шапшаңдықпен қанат қақ­қан құстай көрінетін көрер­мен көзіне. Бекболат пен Сайлау екеуі бірлесе жүріп 1974 жылы Мәс­кеуде өткен бүкілодақтық дәс­түрлі халық шаруашылығы көр­месіне оркестрді құр аттай жа­ратып, Қызылорда облысы еңбек озаттары құрамында барып өнер көрсету құрметіне ие болғанын аға ұрпақ өкілдері әлі ұмытқан жоқ. Сол жолы айдынды Аралдан барған оркестрдің өрелі өнерін тамашалаған мәс­кеу­ліктер мен Кеңес ода­ғы­­ның тұс-тұсынан келген қо­нақтар, шетен қалпақты шет­ел­діктер ауыздарын ашып, көз­де­рін жұмған еді.

Сол тұстағы оркестр мүше­лері шетінен «сен тұра тұр, мен атайын» дегендей бірінен бірі өтетін өнер иелері болатын. Мысалы, қобыздағы ұстаз Тәжібай Үмбетәлиев, кеме жөндеу зауы­тының жұмысшылары Мықта­бай Қызылбаев, Сақитжан Өте­­ниязов, бірі мәдениет қыз­меткері, екіншісі ұстаз, ағай­ын­ды Қуаныш пен Алданыш Әбжалиевтер, дәулескер дом­бы­рашылар Қаппар Жармағам­бетов, Байнияз Тілепов, Дабыл Омаров, Әлихан Айтмамбетов, Қибатулла Ибраев және бас­қаларымен бір кездері өнер әле­мінде өрге жүзгенін Бекболат әлі күнге мақтан етеді.

Бала жастан бойына сіңірген басты өнері баянды бабына келтіре ойнаумен қатар Бекболат жүрегін жарып шыққан өз әндерін нақышына келтіре орындап жүр. Қайбір жылғы «Наурыз шапағаты» облыстық білім қызметкерлерінің дәстүрлі байқауында авторлық әнін орындап ерекшеленді. Байқау лауреаты атанды.

Айтпақшы осы оркестрдің өсуіне, өркендеуіне бір заманда белгілі сот төрағасы болған Жақас Шеріпов, «Сыр бойы» газетінің бұрынғы фототілшісі Арзымбек Мәдединов, ардагер-ұстаз Нұраш Оспанов, Ізбасар Ілиясов және басқаларының ат­салысқаны белгілі.

Сонан өз өнерін онан әрі да­мытуды ойлаған бозбала Бек­болат сол бір жылдары жүрек қалауымен Қызылорда қала­сын­дағы бұрынғы Н.Гоголь атын­дағы пединституттың музыка факультетіне түсіп, 1980 жылы ойдағыдай тәмамдады. Сөйтіп №22 мектепте ұзақ жылдарғы ұстаздық қызметінің алғашқы қадамын жасаған болатын.

Сонан бері қырық жыл уа­қыт өтіпті. Осынау ұзақ уақыт ішінде біздің кейіпкеріміз ұстаз­дық абыройлы міндетінің тек биігінен көрініп келеді. Әр жылдары Арал қаласындағы білім бөлімінде, бірнеше білім ұясында балғын шәкірттерді өнерге баулыған ұлағатты ұстаз Бекболат Әкиұлының бұдан кейінгі еңбек жолы тіпті ерекше. Ол осынау қырық жылдық ұстаздық қызметінің ширек ғасырын басшылық қызметте, №2 облыстық санаториялық мектеп-интернатынан бастап №71 мектепте ал, соңғы он жылдан бері №262 мектеп-гимназия директоры қызметін атқарып келеді.

Ол – білікті басшы, білімді ұстаз ғана емес, Арал өңірі­не түрлі тақырыптағы әсем әнде­рімен әлдеқашан танылған талантты сазгер. Оның жүрегінен ұшырып тыңдармандар көңіліне қонақтаған, әнсүйер қауым тән­ті болған отызға жуық әні бар. Оның ішінде Айдос Құл­мановтың өлеңдеріне жа­зылған «Ақбастының ару қыз­дары», «Сағынышым туған жер», Рахат Наурызбаеваның өлеңіне жазылған «Ұстазымның ізімен» және «Әкеме» тәрізді ойлы да ойнақы әндері – бұл күндері жас­тың да, жасамыстың да жү­рек төрінен берік орын алған айшықты дүниелер.

«Құлақтан кіріп бойды алар, жақ­сы ән мен тәтті күй» де­мек­ші Бекболат Садуақасов сияқты білікті басшы, білімді ұстаз зейнеткерлікке біржола бет бұрған соң өз өмірін өнер­ге, оның ішінде ән жазуға ар­намақшы. Бұған менің досым­ның күш-қуаты, қайрат-жігері және шығармашылыққа деген ынтасы жеткізетініне ешқандай шүбәм жоқ.

Ол ұдайы оқушылары мен ұстаздарының білімі мен білік­тілігіне ғана емес, олардың жү­ріс-тұрысы мен киім киісіне де үлкен мән береді, қатаң та­лап қояды. «Мектеп білім ор­дасы ғана емес, мәдени-ру­ха­ни тәрбиенің бастау алар орны» дейді кейіпкеріміз. Өз ұста­нымына адал ұстаз рухани негізі берік ұрпақ тәрбиелеу келе­шектің мұғалімге артқан міндеті екенін әрдайым ескертіп, мектеп берген білім мен тәрбиені бойына сіңірген бүгінгі баланың ертеңгі ел қабырғасына қаланар кірпіш екенін бір сәт естен шығармайды.

2017-2018 оқу жылы Арал аудандық білім бөлімінің ұйым­дастыруымен өткен мектеп бас­шыларының «Креативті көш­басшы-2018» байқауында жос­пар­лы жұмыстарды үйлесті­ру нәтижесінде жоғары көрсет­кіш танытып, бас жүлдеге ие болған ол мереке күндері қа­зақтың ұлттық аспаптарын дә­ріптеген өнерлі орынбасарларымен бірге сахнада күмбірлете күй орындап, залды сілтідей тындырады.

Мектеп-гимназияда жыл сай­ын «Алтын белгі» эстафетасы үзілген емес. Былтыр аудан бой­ынша ҰБТ қорытындысында ең жоғары көрсеткіш – 131 балл иегері атанған Қаппарова Айнұр мектеп мақтанышы. Мектеп ұжымы биыл да ҰБТ қорытындысы бойынша ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Бекболаттың өмірлік сері­гі Мария Раманқұлова Ши­елі ауданы, Сұлутөбе елді ме­ке­нінің қызы. Екеуі Қызылорданың пединс­ти­туты­ның музыка фа­куль­тетін бірге тәмамдап, бас қосты. Ма­рия зейнеткерлікке шық­қан­ша Арал қаласындағы әуез мек­тебінде ұзақ жылдар дирек­тордың орын­басары қызметін абыройлы атқарды.

Бұл күндері Бекболат екеуі қанат қақтырған Сәбиті мен Сәкені үйлі-баранды. Ағайынды екеуі де  мұнай саласының майталмандары. Келіндері Элмира мен Гүлсінай білім саласының біліктілері. Олардан өрбіген жеті немере – Бекболат пен Ма­рия­ның көз қуанышы, көңіл нұры.

Адамды адал еңбек абы­рой­ға бөлейтіні аян. Асылы, Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» деген айшықты сөзі Бекболат Сәдуақасов сияқты ұлағатты ұстаздарға арналып айтылса керек. Соған ол лайықты тұлға.

Т.Нұржан-Балта.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<