Шындықтың шырайын шығарған шайыр

2747

0

Қазіргі заманғы қазақ жазба шығармашылығында әдебиет жанрының барлық түрлері бар. Бірақ олардың біреулері үнемі барынша кең қолданыста жүрген болса, екінші біреулері өте сирек кездеседі, тіпті біртіндеп ұмытылып бара жатқандай әсер қалдырады. Бұлардың соңғысы сапынан біз халық ауыз әдебиетімен бірге жасасып келе жатқан көне жанр – мысалды да көреміз. Олай болатыны, эпостың шағын көлемді өткір өкілі болып саналатын мысалдың күн тәртібіне қойыла алатын өзекті тақырыбын ұдайы дәл табу мен соны көркем тілмен бейнелеп жеткізіп тұру оңай емес. Сондықтан бұл салада өнікті еңбек еткен, шығармашылығының денін осы салаға арнаған қаламгерлеріміздің қатары қай кезде де оншалықты көп бола қойған жоқ.

Биыл туғанына 100 жыл толып отырған ақын-жазушы, журналист Сейтқасым Сей­тенов сатираның барлық дерлік жанрларында із қалдырған бесаспап қаламгер еді. Дегенмен, оны шығармашылық қайраткері тұрқында қалың оқырманға етене таныстырған біз сөз етіп отырған мысал жанры болды. Ол осы күрделі салаға дендеп араласқан санаулы жазушыларымыздың сүлей сұрпынан табылды. Небәрі 40 жыл ғана өмір сүрген ақынның артында сондықтан бірнеше жинақтың жүгін көтере алатын көптеген мысал өлеңдері қалды. Сатириктің көзі тірісінде солардың бірқатары «Өңеш пен қол», «Бойжеткен көбелек» деген атпен екі кітап болып жарыққа шықты. «Сапар соңы» деген үшінші кітабы ақын бақилық болып кеткеннен кейін қолға тиді. Арада бірнеше жыл өткесін «Жазушы» баспасы оқырманға төртінші кітабын да ұсынып үлгерді. Ал бұлардың бәрінің басы біріккен жеке фолианты бұдан он жылдан астам уақыт бұрын Қызылордада дайындалған «Сырдария» кітап­ханасы» сериясы бойынша баспа жүзін көрді.

Шынында мысал – күрделі жанр. Ол – айтылатын түпкі ойды ишаралап, астарлап, тұспалдап жеткізетін, негізінен өлең тү­рінде берілетін шағын сюжетті көркем шығарма. Оқиғаны баян­дау, әңгімелеу, тақырыпты ашу тәсілі жағынан ертегілер мен хикаяларға, аңыздар мен тәмсілдерге көбірек келіңкірейді. Жанрдың тағы бір ерекшелігі – туындыға кейіпкер рәуішінде жан-жануарлар не заттар алынады. Ол осы хайуанаттар мен дүние-мүліктердің өмірлерінен оқиғалар желісін ойлап шығару арқылы тұтас қоғамдағы немесе жеке адамның бойындағы кейбір жағымсыз жайттар мен келеңсіз кемшіліктерді, ұнамсыз мінез-қылықтар мен ерсі әрекеттерді сын сада­ғына алады. Мұның бәрі тек аллегория жолымен жасалады. Ал аллегория, грек тілінен аударғанда, «астарлап айту», «басқаша айту» деген мағынаны білдіреді. Былайша айтқанда, мысал-аллегория әлгіндей олқылықтарды көбінесе аң-құстар мен жән­діктердің немесе бір заттардың басынан өткендей етіп суреттеп, соңында сол оқиғаның желісінен өзіндік түйін түйеді. Ол осылайша өзінің назар аударып отырған тақырыбының айтар соңғы тоқтамы мен идеясын жұмбақтап жеткізеді. Бірақ мұның баршасының сыртында адам мен оның іс-әрекеті тұрады. Кез келген мысалды байырқалап, ой жүгіртіп оқыған оқырман оның арғы жағында адамның бейнесі мен тірліктері, кескін-келбеті мен пайым-парқы тұрғанын анық аңғарады.

Мысалдың классикалық, омырауы биік, бір ізге түскен мұндай үздік үлгілерін Сейт­қасым Сейтеновтің шы­ғар­машылығынан көптеп кезіктіруге болады. Бұл ретте нысанаға сатириктің «Саяхатшы шымшық» деп аталатын мысалын алып көрейік. Ол талай жердің көгін шарлап, сан жолдардың шаңын шығарып келген шартық шымшықтың ойында ішкен-жегенінен басқа ештеңе қалмағанын, тек соған мәз болып жүре бергенін өткір тілмен түйреуге арналады.

Осы ретте туындының кіріспесінде:

«Аралап талай елді,

Шымшық ұясына келді.

Аяғын талтақ-талтақ

басады,

Сығырайған көзін

әрең ашады.

Әдеті ме, несі,

Әйтеуір сөзі ерсі», –

деп басталатын жыр жолдары оқырманын бірден өзіне еліктіріп әкетеді.

Бұдан әрі шымшықтың «жем дегенде есеп жоқ, ал кеп соқ, ал кеп соқ» деп алып, саяхатта мелдектеп тамақ жеп жүрген күндерін езіп айта бастайтыны, бір кезде оның бұл бөстекі бөспесіне шыдамай кеткен құртақандай құрқылтайдың кілт жекіп тастайтыны баяндалады. Амалы құрыған шымшық сол тұста сапардағы кезінде айналадағы ештеңеге мән беріп, назар аударып, өзіне керектіні ойға түйіп қайтпай, құр ішкен-жегенін қанағат тұтып жүре бергенін түйсініп, қаралай жер болып қалады. Мұндай тоғышар пенделер қазір де ұшырасар еді.

Пайымдай білетін адамға «Көкек пен кептер» деген келесі мысалдан да алатын өнеге мен ғибрат жеткілікті. «Көктем күнінің аясында, ағаштардың сая­сында» кездейсоқ кездесе кеткен осы екі құстың диалогы да тақырыпты аша түсуге әжептеуір арна тартып береді.

«– Әй, тамыр,

танисың ба мені?

– Көкек деп білемін сені.

– Я, көкек көкең мен

болам,

Тыңдай бер сен, балам.

Сәріден шақырам,

Таңды атырам,

Көктемді ертіп келдім,

Ырысына елдің».

Көнтерілі кептердің алдында осылай деп масайрай жөнелген көкек сосын «кейде арқасы қозып кеткенде, өзенді кері қарай ағызып, сойқан салатын құдіреті бар» екенін жеткізе тұрып, тек «көптің наласынан қорқатын» болғандықтан, мұндай тәуе­келге бармайтынын айтып, біраз ақтарылады. Әйткенмен, көнбіс болғанымен, кептер де қу екен, ол кеппе көкекті «көке, қандай күшің көп» деп жорта мақтап алып, одан «мұның орнына жаңбыр жауғызып, дауыл тұрғызып берші» деп сұрайды. Әлбетте, шегінер шегі қалмаған көкек еріксізден оның өтінішін қабыл алып, орындамаққа бекінеді. Сол үшін төбешіктің төбесіне көтеріліп, кеу­де­сінен жел үрлеп, да­уыл тұрғызбақ болып біраз күшеніп бағады. Бірақ оны­сынан түк шықпайды. Ақы­рында күшене-күшене өзі талып құлап түседі. «Әлін білмеген – әлек» деп, халық осындайлар туралы айтқан. 

Ақынның «Басы айналған баспақ» деген мысалының тақырыбы да бүгінгі күннің өресінен ешбір алшақ кетпеген. Бір күні бір топ сауыншы әйел өзімен өзі тыныш жүретін осы қызыл баспақты жабыла мақтасады. Мұны естіп тұрған баспақ болса, бұдан былай сол анықтамаға лайық қалыпта жүруге ұмтылу орнына бәрін керісінше істеп көріп, көп ұзамай абыройынан түгел айрылады. Кесірлік пен кесапаттықтың кенересінен шыға алмай қалған ақылсыз баспақ соңында бақташының шешімімен сойылып кетеді.

«Түзелмесін сезді,

Енді мақтаушының

бәрі де безді.

Ақырында болды деп

«жынды»,

Бақташы оны етке

өткізіп тынды».

Түйін осы. Мақтауды көтере алмаудың салдары болымсыз баспақты өз ажалын өзі шақырып алуына апарып жеткізді.

Кезінде бір жинақтың атын алған «Бойжеткен көбе­лектің» желісі де бүгінгі күні өзінің өзектілігін жо­ғалта қойған жоқ. Онда ойға, қырға ша­уып жүрген көзсіз көбелектің күндердің күнінде шегірткені үйіне болашақ «күйеуі» рөлінде ертіп әкелгені әңгіменің желісін тарқатып әкетеді. Қызының осыны мақтаныш етіп, асып-тасып отырғанына онша разы болмаған анасы бір кезде ықтимал «күйеу балаға» көңілі толмайтынын, оған сенімі жоқ екенін, әлі де «сынап көру» керектігін айтып салады. Сол-ақ екен, бұған бұлқан-талқан болып ашуланған көбелек-қыздың талағы тарс жарылып, шешесіне аузына келгенін аталайды. Осылай ұрыс-керістің көрігі қызған апақ-сапақта үйге бала-шағасын ерткен «ана» шегіртке де кіріп келеді. Сол кезде бұған дейін көк тірейтіндей кейіп танытқан еркек шегіртке «мен әшейін…» дегеннен басқа ештеңе айта алмай, өз әйелінің алдында пұшайман жеп отырып қалады…

Сатириктің қайсыбір мысалын алып қарасаң да, олардың астарында осындай едәуір әлеуметтік салмақ жатқанын байқайсыз. Айталық, «Керуен мен қанден», «Торғай-редактор», «Борсық, түлкі, арыстан», «Сұм тышқан мен сұр тышқан», «Ажалды қарға», «Есек пен ат», «Бұқа мен қой», «Етік пен еден», «Өңеш пен қол», «Оқыған» қораз», «Атақ іздеген атжалман» тәрізді мысалдар әлеуметтік-қоғамдық өмірдің кереғар көріністері жайлы тереңнен тәлім тереді. Оларда әртүрлі ситуациялық сәттердегі адам психологиясы селкеусіз суреттеліп, түпкі нәтижесінде өнегелі өрістер мен тағылымды тұжырымдар алға тартылады. Мұның бәрі ақынның сонау ежелгі грек әдебиетіндегі Эзоптан басталып, француз сатиригі Жан де Лафонтен мен орыс классигі Иван Крылов арқылы қазіргі классикалық форма-қалпына түскен, қазақ жазба әдебиетінде ұлы Абай, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов жандандырған мысал жанрын шебер меңгеріп қана қоймай, оны өркендетуге айтарлықтай еңбек сіңіргенін айғақтай түседі.

Соңында қалған тілеу­лес­тері мен оқырмандары жа­дында осылай мысал тілі­мен шындықтың шырайын шығарған шайыр есебінде қалған Сейтқасым Сейтенов 1921 жылы 5 мамырда Шиелі жерінде өмірге келген. Өткен ғасырдың 30-шы жыл­дарының басындағы зоба­лаң тұсында ата-анасынан көз жазып, жетім қалған ол інісі Әбілқасыммен бірге балалар үйінде тәрбиеленеді. Өкінішке орай, соңына ерген жалғыз қарасы сол ашаршылық жылдары қай­тыс болып кетеді. Ал жас­тайынан өлең-жыр ләмімен сусындап өскен Сейтқасым қалам-қағазбен ерте достасады. Соның нәтижесінде Шиелі аудандық «Коммунизм жолы» («Өскен өңір») газетінде жастай шығар­машылық жолын бастап, кейін Қызылорда облыстық «Ленин жолы» («Сыр бойы») басылымына қызметке ауысады. Мұнда 1950 жылы газеттің Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы меншікті тілшісі болып келген ол 1961 жылдың 18 тамызында дүниеден өткенше тапжылмай қызмет етеді.

Осы жылдарда Сейтқасым Сейтенов­тің ұшқыр қия­лынан лирикалық өлең­дерден бастап, очерктер мен алуан тақы­рып­тағы материалдар да, фельетондар мен сын мақалалар да туды. Олардың көпшілігі кезінде тақырыптарының өзек­тілігі жа­ғынан қоғамдық ойды қозғап, айтарлықтай резонанс туғызды. «Сейтқасым Сейтенұлының ішкі дүниелік қуаты оның қаламынан туған көркем шығармалардан да анық көрінеді, – деп жазды белгілі жазушы Оразбек Сәрсенбаев кейін ол туралы. – Өкінішке орай, басына жас­тай түскен тұрмыс тауқыметі, жетімдік салдары, дерт зардабы оның құлашын кең сермеп, емін-еркін творчестволық жұмыспен айналысуына мүмкіндік бермесе, екінші жағынан, ақын өмір сүрген өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары советтік цензураның қылышынан қаны тамып тұрған қатал уақыт болатын. Осыған қарамастан, аудандық, облыстық газет­­тер­дің таусылып біт­пейтін күн­делікті күйбең тірші­лігінің арасында жүріп, не­бәрі он жылдың ішінде С.Сейтенұлы ондаған фельетондар мен сықақ өлеңдерін, мысалы әңгімелерін жариялап үлгерді». Өзінің творчестволық жолын лири­калық өлеңдер жазудан өрбіткен ақынның кейін келе біржола сатира жанрына қарай ойысып кетуіне де жоғарыда айтылған турашыл мінезі, шыншылдығы мен кемшілікке төзбестік қасиеті ең басты себепкер болса керек.

Өмірге адал болып келіп, адал қалпында өткен ақын қайтыс боларынан аз ғана уақыт алдын жазып қалдырып кеткен бір өлеңінде:

«Күн толар, ай да толар,

жыл да толар,

Көгеріп неше дүркін

шөптер солар.

Сыр шертпей дүние

шіркін тымырайып,

Өмірден менің де атым

ұмыт болар», –

деп шеріне шемен жапсырған екен.

Шамасы, сырқаты жанына қаттырақ батып, қапа болып отырған кезінде тұтқиылдан үзіліп түскен шумақ болса керек. Дегенмен, бұрынғы өткен ежелгі дүрлер «Жақсының аты, ғалымның хаты өшпейді» деп біліпті. Көзі тірісінде көп адамға жақсылық жасап, қаншама шәкірт тәрбиелеп шығарған, елдің бірлігі тұрғысында елеулі тірліктер атқарып, ағайын-туыстың ұйыт­қысы бола білген тұлға, ендеше, жаман аталмақ емес. Мұның үстіне, «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» ақынды ұмытылады деуге көңіл сенбейді. Оның шығармашылығы барда, оны зерделеп оқитын туған халқы барда қаламгердің аты елеусіз қалмайды. Соның тағы бір көрінісі – Шиелі кентінде көптен бері Сейтқасым Сейтенов атында көрнекті көше де бар. Бұл оны артында қалған жұртының әлі қошемет, құрмет тұтып, атын ардақтап келе жатқанын білдіреді.

Бір айтатын жайт, ақын шығар­ма­шылығы осы кезге дейін зерттеушілер тарапынан арнайы қарастырылған емес. Шын мәнінде, оның курс жұмысы, дип­лом жұмысы, магистрлік жұмыс тұр­ғыларында ізденіс жасауды қажет ететін толымды тақырып бола алатынына біздің сеніміміз зор.

Серік ПІРНАЗАР,

журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<