Сөз құдіреті

1569

0

Көл жағасында оншақты үйлі ауыл. Көршілер туысыңдай. Бірінің кем-кетігін екіншісі түгендейді. Жарамды ат әрқайсында бола бермейді. Ол уақытта той-томалақ қазіргідей жиі болмаса да өтіп жатады. Көрші келді үйге. Сөз бастады ақырын. Алдымен мал-жан, сосын өзге мән-жайға кезек тиді. Аталары жөнінде сөз өрбіді. Көргендерін естеріне алды, беттерін сипады. Аяқталар емес әңгіме. Көктемгершілік жайы де ұмыт қалған жоқ. Биылғы төл жағдайы да айтылды. Үй иесінің атсейістік еңбегі де елеусіз қалмады, мадаққа оранды. Мұны кім жек көреді. Отағасы көңілі кеңіп, одан сайын жіби түсті. Соны байқаған көрші бастырмалата берді. Сиыр сауым кез орағытпа әңгімені қыздырып, ақыры құдаларына барып келу үшін жүйрік ат майын сұрады. Оған көнуден басқа амал жоқ еді. Солай болды да. Көнеден жеткен қымбат сөз үй иесін тырп еткізбей, бұрылып ұзай алмайтындай орады, сөйтіп, азаматқа демеу болды, жоқтың кем-кетігін жамауға барға көмектесті. Әр шаруаның иінін келтіріп, қисынын табатын осындай биік шешендік қабілет қайдан жүр еді сол заман адамдарында?! Олар тіпті мектепте де оқыған жоқ қой, өзгесін былай қойғанда!..

Астапыралла!.. Асылыққа ұрынып, шатасыппын-ау!.. Әкелеріміз, аталарымыз оқыған екен!.. Тоқыған да екен! Көп көрген де екен! Ауылға айына бір-екі мәрте ат басын тіреп, жұртты жинап, баршасы ұйып тыңдайтын қасиетті қиссалар мен жырларды, бабалар өсиеттеген адалдықты, батылдықты, жақсылықты, игілікті мадақтайтын дастандарды таң атқанша жұрт санасына құятын жыраулар келетін. Барлығы шаруасын бітіріп, кешкі асын ішіп болған соң ауыл ақсақалының кең үйлі отбасында бас қосады. Төрде үлкендер, төменде жастар, қатын-қалаш ортада, балалар басын әкелерінің тізесіне қойған. Анда-санда жылы қара шайды ұрттап құлаққа жағымды түрлі мақаммен салған жыраудың екпінді үні жұрттың көңілін өзіне еріксіз аударатын, кәрі-жасы бар, қыбыр етпей тыңдаушы еді. Санаға солайымен қаланып, сіңіп қалатын мағыналы, салмақты, уытты сөздерді.

Ал шариғат қозғайтын үлкендерді қалай ұмытарсың?!.. Сыздық атамыз болған еді баяғыда. Зұлымдықты жақсылықпен жеңуге қажет шариғатты көп алдында тербеп, түгендейді қария. Қоңыр дауысты сөзі мәнді, ой-шұқыры жоқ алаңсыз, әңгіме көші тоқтамастан, бір мүдірместен қарымды өзен ағысындай қарқынды өрлейді кеп. Сол әңгімелер әлі ойымызда, жадымызда, санамызда!..

Белгілі құбылысты бұрын көп көріп, мол естігеніңмен оған аса мән бермей келе, кейін, орайлы сәтте, соны өзінен-өзі жаңа қырынан байқап таңғалатының бар емес пе?.. Бұл да сондай болған сыңайлы! Бұрнағы көмескіленген көрініс тың мағынасымен, өзгеше мәнімен таңғалдырса амалың қанша?!

Жуырда әріптес інім мерейжасына арналған салтанатты жиында көңілге қонымды, жанға жайлы, күздің салқын күні санаңды жылы құшаққа алғандай, тыңдап отырған кімді де болса елең еткізер, апырай-ә деп жұртты таңғалдырар зерделі, өнегелі көрініске орандым. Құдды ерте заманда ешкім меншігіне өте қоймаған қазақтың ұлан-асыр кең даласында, арынды өзен жағалауы көкорай шалғынына жиі қонған ауылдар арасында, қозының етін жеп, қоңыр майы бетінде қалқыған сары қымыз ішіп, тазымен қоян қуып, садақпен қаз атып сайран құрып жүргендей сезіндім ғой өзімді. Айналамдағы достарым және әріптестеріммен мақтанғым да келгенін қалай бүгіп қалайын!.. Осындай ерекше жайлы көңіл-күйде болу себебін содан бері білуге, түсінуге ұмтылдым.

Әріптес азамат алпыстың биігіне шығыпты. Осы інім қазақ тілі мен әдебиеті ғылымының белді өкілі. Ғылымға айтарлықтай еңбек сіңіріп, барынша мол шығармашылық іс қайырып, ұрпақ қамын биік жанашырлықпен күйттеп келеді.

Жасыратын несі бар, жас кезімізде, кісі болған уақытта да көпшілігіміз тіл мен әдебиетке қосалқы пән сияқты қарағанымыз рас. Әлі есімде институтқа түсерде үш пәннен емтихан тапсырғаным. Математика, физика, тіл. Басында алдыңғы екі пәннің үш сынағынан өттік. Осыдан-ақ, соңғы пәннің көп мәселе шешпейтіні көрініп қалатын. Сөйтіп, тіл емтиханынан бірен-саран болмаса ешкім сүрінбейтін, өйткені қабылданатын студенттер саны алғашқы екі пәннен кейін-ақ түгенделіп, іріктеліп жататын.

Жетіжылдық мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен Нысанбай ағайымыз дәріс бергені әлі есімде. Ол кісінің сабақ жүргізуі өзгеше. Сөздері екпінді, бірақ, санаңа салмақ болардай қатты, биік толқыны жоқ, құлаққа жағымды жұмсақ сарынмен көмкерілетін еді. Сондықтан болар ағайымызды беріліп, тіпті ұйып, тыңдаушы едік. Осы сағынышты елеспен мәндес құбылысты өткен мәжіліс үстінде тағы көріп, рахаттандым.

Сол жиынды тағы қайталайын!.. Шынымды шайқасам, көңілге қонымды сөздер тыңдап, айтып жеткізе алмас халде болдым сонда. Көзімді сәл жұмып қалып едім, алдыма баяғыдағы ұстазым Нысанбай аға келе қалсын. Со қалпы, сәл күле қарап шуақ шашатын күйі. Сөздері сондай жылы, санаңды бірден жаулайтын, еш жаққа алаңдатпай өзіне бұрып, баурап алатын!.. Әріптес қаламдасы сөз жалғапты. Тағы да жаптым көзімді. Алдымда алпыс жыл бұрынғы бейне. Жыраудың қоңыр дауысы келді ғой құлағыма. Рахаттана тыңдай түстім келесі азамат сөз алғанша. Кезек ауысты. Мен де қиялға сүңги бердім. Сыздық атам оралды көз алдыма, тірек болар өмірге нақыл сөзді шариғатпен. Осыны бастан кешкенім ып-рас, мүлде шаласы жоқ!..

Келмеске кеткен кеңестер дәуірінде орыс тілінің мәні биік еді. Сол тілді жетік білген азаматқа әрдайым жол ашық. Жұрт мұны биік абырой санайтын. Сол ұлт өкілдерінің өзін сөзден жаңылдыратын жүйрік бауырларымызды қоғам биік бағалаушы еді. Тілді орташа білетіндерді төмен санап әжуалайтын. Сөйтсек, кім білген, бұл «Жығылған сүрінгенге күледінің» кері екен-ау нағыз!.. Өйткені, өзге тілде төгіліп тұрғандардың барлығы ана тілінде жорғаламайтын! Не деген білместік, өзінің төл, туған тілін бас иіп, мойындап сыйламағандық!.. Солардың ішінде мен де бар едім. Осы есіме түссе қаншама уақыт өткенмен, қазір өзімнен өзім қарап отырып қызараңдаймын!..

Болмыстың басты көрінісі – адам мен адамның жолығуы, тілдесуі, пікірлесуі, келісуі, шатасуы, татуласуы, жақындасуы, мұңласуы. Осының барлығы тіл мен сөз арқасында жүзеге асады. Соған қарағанда тіл мен сөздің де шуақты, көлеңкелі, бұлтты, салқын, толқынды тұстары бар-ау, шамасы.

Іргелі білім ордасына оқытушылық қызметке ауысқалы байқағаным, қазақ тілі және әдебиеті мамандарымен сөйлесу, пікірлесу ерекше жылулық сыйлайды екен. Бұрындары осы сезім мені буалдырланып, сәл-пәл көмескіленіп өзіне жәйлап бұра тартып жүрген болса, сол әріптес іні мерейжасына арналған салтанатты жиында қайратты екпінімен, ыстық шуағымен, мол сырымен орап, көндіріп, баурап алғанын айтпауға, сірә да, болмас?!.. Бұл азаматтар кәсіби ерекшеліктеріне байланысты әдебиетті барынша көп оқиды, содан да болар олар адам мінезінің қалыптасу сырлары мен көпшілік біле бермейтін болмыс құпияларына қанық болатындығы да рас шығар.

Қанша адам болса, сонша мінез бар. Мінезі жібектей деп жатады. Сол азамат айналасына жылу мен шуақ таратады. Шатақ мінезді әркез былық қуып, жоқ жерде өзгені сүріндіріп, лаң салуға ынтық. Содан рақат тартқандай, көңілі жай тапқандай, маңындағының қиналғаны, күйінгені өмірінде шыққан биік төбесіндей бір. Оның сазайын жібек мінезді азамат береді. Өйткені, ол білімді, өнегелі, парықты, шыдамды, мәдениетті. Осы азамат сол пенденің құрығанда екі-үш адым алдында жүреді, келесі сәттегі айтарын, жағымсыз істерін дәл нобайлап болжайды, сондықтан оның бағытын орап, тіміскі мақсатын кес-кестеп, күңгірт пейілін тұмшалайды. Ендеше, әріптестерім нағыз жібек мінезді азаматтар.

Олар айтар ойын алдын ала мұқият пішіп таразылайды, әр сөздің нақ өз орнында, тиімді жерінде жатуын жіті қадағалайды, құбылысты суреттеуге әжет сөздің оған толық сәйкестігін бақылайды, айтылар уәждің ешкімнің жеке басына тікелей қолайсыз әсер беруін бөгейді, аян болар мәселені тыңдап отырған қауымның барынша ыңғайлы, солайымен толық және жеңіл ұғуына бар күшін салады. Осы оп-оңай шаруа болмаса керек. Өзінен гөрі өзгенің қамын көбірек ойлау жатқан сияқты мұнда. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген осындайдан шыққан-ау.

Сөз пәрмені мен құдіретін түсінген, білген кісі ғана оны ұқыпты, тиімді, жұртқа қауіпсіз күйде қолданады, өйткені, өзгеден гөрі ол осыны жақсы біледі, солай жасамаса сөз шатағы оның өзіне де абырой бермейтінін мықты сезеді. Неліктен олар осындай биік жетістікке иелік еткен?!.. Соның түбірін, түпкі себебін білу мәнді, әрине. Осы биікке әріптестерім құдіретті тілді білгенінен, қасиетті тілді жетік меңгергендіктен, бабалар тілін туабітті қалағанынан шыққан екен!.. Қалай дегенмен, тіл мен сөзді біліп, зерттеген азамат, болмысты да кеңінен түсініп, адамдар арақатынасын осыған орай жетік білетіні жасырын сыр емес. Демек, тілді жетік біліп, талдап-түсіну адамға биік несібе жеткізеді. Ол – болмыстың сырына мықты қанығуы, ненің жақсы, ненің көлеңкелі, ненің пайдалы, ненің зиянды екенін жұрттан бұрын, ерте білу, сезіну.

Сол азаматтардың әрқайсына осы жоғары қасиет жүрек қалауымен келгенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Егер адамға мың жақсылық туған тілі арқасында келетін болса, онда төл тілі анасындай болғаны да! Онда ана тіліңді сыйла, сүй деудің өзі ерсілеу емес пе?.. Осыған бұйрық пен нұсқау күту қажет пе?!.. Осы уақытқа дейін бізді біреу анаңды сүй деп үгіттеді ме?!..

Ұстаздар, әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті оқытушыларының сабырлығы мен байсалдылығы әрдайым көзге түсетіні белгілі. Өмір болғасын түрлі оқыс, күтпеген жағдайлар кезігетіні рас, соның өзінде де осы азаматтардың күйгелектік мінез көрсетіп, айналасына салқын мен ызғар шашуы сирек кездесетін, тіпті мүлде кезікпейтін құбылыс. Ал енді осының аржағында сол азаматтардың болмысты терең түсінгендігі мен өзгеге деген биік қайырымдылық пен мол жанашырлық жатқанын көбіміз біле бермейміз. Қашан да осы азаматтармен кезіге қалсаң әрдайым жылы лебіз бен ыстық пейілді байқауға болар. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деген қағиданы олар бойына туды бітті сіңіргендей!

Өмірге енген пенденің оңды адам, азамат болуы міндетті. Бұл алдымен қазақ қоғамына қажет. Осы мақсатта ол өнеге-білім жинақтайды. Түрлі мамандық иесі болу үшін машықтанады, оқиды. Сөйтіп, жаманды-жақсылы маман болып үлгереді. Ал жақсы адам, оңды азамат болу үшін ұлы әл Фараби айтқандай, тек жақсы маман болу шарт емес. Демек, мықты маманның баршасы жақсы азамат емес. Сонда қалай?!.. Жақсы адам болу үшін не істеу керек?.. Мүмкін, мықты азамат болуың үшін ешбір қатесі жоқ, адамзаттың дамуымен мың сыналып, сан дәлелденген бабалар өнегесін сіңіру керек шығар санасына қазақ баласы. Сол арқалы білім оны теріс жолдан сақтандырады, бүкіл ғұмырында қателеспес шамшырақ болады, жұрт пен ел алдындағы басты міндетін бұлжытпай орындауға бастайды.

«Достық үйі» мен «Студенттер сарайы» арасындағы кең, көлік жүрмейтін, ауасы таза, жаяу адамның ауқымды дем алып, тыныстауы үшін барынша қолайлы көшемен кейде серуен құратыным бар. Баскиімді баса отырғызып, шашымның селдірін көрсетпеуге тырысқаныммен, кепка етегінде көрініп тұрған кешегі қалың шаштың мардымсыз қалдығы со бойы қудай. Мүмкін содан да болар, бағыты менің жолыммен қиғашталған жастар анадайдан жүрісін бәсеңдетіп, кедергісіз өтуіме жылы ілтипатпен жағдай жасайды. Соған риза болған мен: «Өмірлі, бақытты бол, айналайын!» деймін. Қайда оқып едің деп те сұрайтыным бар. Сол уақта олар қаланың іргелі қазақ мектебін атайды. Кейде осыған қарама-қарсы көріністі байқайтыным да бар. Жүрісім, әрине, баяу. Соңымнан ентелеп жеткен жас қандасым, құдды жауыз браконьердің алдын анадайдан орап жанталасқан аңқау ақбөкендей, дәл мұрным алдынан кес-кестеп өте шығады. Іштей ренжігенімді білдірмеуге тырысып, жаңағы ғаріптен: «Қай мектепте оқып едің, қарағым?» деймін. Сонда ол: «Вам то чего?.. дейді ғой! «Не-е, мне ничего…» деп әрі жүре берем. Бірақ, осыдан кейін қайдағы серуен!..

Ұлы Құдіреттің шапағатымен, атаның қанымен, ананың сүтімен адамда түрлі қауіпті сырқаттарға қарсы тұрарлық қасиеттер пайда болып, оны өмір бойы бәле-жаладан сақтайтыны белгілі. Бірақ, адамды сонымен қатар саналық зиянкестер де мазалап қинайды, көндіреді, жеңеді, түрлі теріс әрекеттерге итермелейді. Соның баршасын байқап, көріп, сезіп отырған жағдайымыз бар. Осыны болдырмау бағытында қоғам түрлі тәрбиелік әрекеттерге баруда, азаматтарды болымсыз тірліктерден сақтандыруда. Сол істер азды-көпті оң нәтижелерін беруде. Дегенмен, қазір көріп отырғанымыздай ойдағыдай, толық қанағаттанарлық нәтижеге жеттік деу ерте. Сондықтан бабалар қалдырған қазынаға терең үңіліп, солардан жәрдем-көмек күткеніміз дұрыс болар.

«Уызына жарымаған» деп жатады. Анасынан туғанда уызын тойып ембеген төлдің жетіліп кетуі екіталай. Егер жас бүлдіршін сөйлеуді ана тілінде бастаса, сөз жоқ, оның қасиетті бабалар қазынасына терең сүңгуіне есік айқара ашылады. Міне, қазақ баласына қажет уыздың көкесі осы!.. Ендеше, балаларымызды, немерелерімізді өзге тіл мектебіне беріп, оларды төл тілі құдіретін ұғыну мен түсінуден, тұнып тұрған қазақы тәлім-тәрбиеден бөліп, алшақтатып, алыстатып, дүбәралау өнеге жолына салу олардың болашағына жасап жатқан қиянат болмай ма?!..

Ұрпағымыз біздің бүгін жіберіп жатқан олқылығымызды білмейді, сезбейді, олай істемеңдер деп айта алмайды. Уақыт өтер, олар өсер, азамат болар, ұрпақтары дүниеге келер. Сол заманда олар қанында бар мол ізгілікті өз ұрпақтарынан күтер де, бірақ, соны көре алмай қиналар, ойланар, бұл неден болды екен деп ой толқынына басын иіп жүгінер, сонда ғана өз әкелерінің қателіктерін байқап, орынды, әділ өкпелерін ашып, алдыңғыны кінәлар. Осылай болары әбден мүмкін!

Әрине, ұлтжандылық рух жоғалмайды, жойылмайды. Ол бәсеңдеуі мүмкін, тіпті мүлгуі де мүмкін, бірақ түбегейлі сөнбейді!.. Қазақ азаматының бойында, қазақ азаматы әулетінде, отбасында сол қасиетті рух сақталады, қайтадан жарыққа шығып жарқырайтын сәтті асықпай күтіп жатады. Сонда бәлкім біз жіберген қатені түзетер де!.. Бірақ, бізді кешіре ме, жоқ па?!..

Демек адамға бар жақсылық тілмен келетін болғаны ма?!.. Солай айтпасқа лажымыз жоқ!.. Егер қазақ баласына әбден қажет барша өмірлік қағидалар мен өнегелер, өткен замандарда өмір сүрген бабалардың алтын мен гауһарға бергісіз сөздері мен әдеп-ғұрыптары сол тілді толық меңгерген жандарға бұйыратын болса онда қазақ баласына қазақ тілі ата мен анадан ғана кейін орын алатын мәні өзгермес зор да, биік шың болары анық!.. Соған көтерілу қазақ баласына айбарлы ұлт құндылықтарын, бабалардың қасиетті әдеп-ғұрыптарын, жүздеген жылдар сынынан өтіп, сан қилы өмір қиындықтарымен шыңдалған құдіретті қазынаны сыйлайды.

Шіркін, барша қазақтың баласы өз тілін жетік біліп, бабалар өсиеттеген ұлттық рухани құндылықтарға қанық болар ма еді?.. Онда береке-несібеміз мүлде артып, жанымыз жай тауып, бірлігіміз биіктей түсер ме еді?!.. Өйткені, төл тіліңді шұбарламай таза сөйлеуің, бұрын-соңды зорлық-зомбылық жасап дағдыланған адамның түк басып қатайған, сол қиянатқа бас ұрып көніп, үйренген пенденің тот басып қабыршақтанған жүректері жібіп, жұмсарып, тазарып, оның бала кезіндегі таза, мөлдір ахуалына жетер ме еді?!..

Жапония – өркениетті елдердің алдын ораған мемлекет. Жер аумағы онша көп емес, бізден жеті есе кем. Халқының саны керісінше алты есе көп. Ал енді, осы елдің ғалам алдындағы орны кереметтей. Ғылым мен технологияның дамығаны сонша, тұрғынның күнкөрісіне қажет, олардың күнделікті тірлігін барынша жеңілдетуін көздеген қондырғылар мен көлік жасауда алдына жан салмайды. Осы игілікті істің шапағатын бүкіл дүние жүзі көріп отыр деуге де болады. Шамасы, осының сыры жапондардың ұлттық қасиеттерін биік ұстауында болар. Мұның жауабы сол елдегі білім үрдісінің айтарлықтай ерекшелігінде. Азаматтарының ұлт құндылықтарын барынша жоғары ұстауында екені көрініп-ақ тұр. Ең алдымен ана тілін биікке көтеріп аспандатады олар. Мұнда бүлдіршін алтыншы класты аяқтағанша тек жапон тілін оқиды. Өзге тілдің қарасын да, көлеңкесін де, маңайын да көрмейді. Тек, жетінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқи бастайды. Неге?!.. Осында жатыр мәнді гәп! Бұғанасы қатпаған балапанның санасына ана тілінің барынша орнығып, солайымен өзгерместей сіңуіне, осы тілмен келген құдіретті өнегенің оның бойына кейін өзге тілден келер қолайсыз әсерінен тіпті былқ етпеуіне!..

Қазір әлеуметтік желінің пайдасынан зияны мол екенін байқап қалатынымыз да бар. Алайда, өзгелер сияқты мен де соған біртабан үйірмін. Бір қолым ноутбук тетігінде, екінші қолым смартфон құлағында. Түртіп қалып едім, қаланың кең көшесінде жатқан жабайы бұғыларды көрдім. Бір үйірі жатыр көше шетінде, әріректе тағы бес-алтауы. Ішінде бұзаулары да бар. Жазуын оқыдым. Жапонияның Нара шаһары. Қазақ шаруасы ауласында жүрген сиырлары мен баспақтары сияқты жануарлар мүлде жайбарақат. Таңғалдым. Қалай таңырқамасқа?!.. Осы ұлт өкілдерінің мықты қабілеттері, игі істері мен ниеттерінің арқасында азаматтарының барша қажеттіліктері солайымен толып, қанағаттандырылып, оған жарасымды ілесе жануарлар дүниесінің де адамдар пейілінде жағымды орын тапқанының тамаша көрінісі шығар бұл. Ендеше, осы ел азаматтарынан үйренеріміз мүлде көп! Әсіресе, тіл жөнінде!.. Кім білген, болашақта ауылымыздың көшелерінде ақбөкендер мен еліктер де алаңсыз жайылып, адамнан үрікпес те болар. Сол уақытта өзіміз қандай болар екенбіз?!.. Ол кезде, мүмкін, жастарымыз білім ордасына оқуға түсу үшін ең алдымен қазақ тілі мен әдебиетінен емтихан тапсыратын шығар?!..

 Серікбай ҚОШҚАРОВ,

 Профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<