«Соғыстың несін сұрайсың?»

942

0

Атам Ермекбай Баекешов соғысқа дейін балық аулаумен  айналысқан. 1943 жылы 10 ақпанда 19 жа­сында әскер қатарына ша­қырылады. Украинада майдан шебіне енген. Кейін 905-бөлімшеде байланысшы қызметін атқарған.

1947 жылы наурыз айын­да Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, бейбіт өмірге араласқан. Елге оралған соң 1948-1963 жылдары Қазалы балық аулау зауытында балықшы болған. 1963-1984 жылдары Қазалыда теміржолшы болып қызмет атқарды. 1984 жылы еңбегінің зей­нетіне шықты. 2004 жылы 6 сәуірде Жеңіс күнін той­лауға санаулы күндер қалғанда дүниеден озды.

Атам 1949 жылы әжеміз Ханым Сейілханқызымен отбасын құрып, 5 ұл, 3 қызды дүниеге әкеліп, бақытты, берекелі, ауылымызда сыйлы отбасының бірі болды. Қазір балаларынан тараған 15 немере, 26 шөбересі бар. Атам 1958 жылы Арал ауданы Бекбауыл стансасына қоныс аударған болатын. Қазір кіші ұлы әке шаңырағының түтінін түтетіп отыр. Ұлдарының барлығы да әке жолын қуып, теміржолдың түрлі салаларында қызмет жасауда.

Атамның соғыста көр­сеткен ерен еңбегі еле­ніп, бірнеше мәрте мара­пат­тарға ие болды. «Ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жеңістің 20 жылдығы», «Жеңістің 40 жыл­дығы», «Жеңістің 50 жыл­дығы», «Қарулы күш­тер­дің 70 жылдығы» медальдарымен марапатталды.

Үш сыныптық білімі болса да, демі үзілгенше жас­тығының жанынан кітап үзіл­ген емес. Ауыл кітап­хана­сындағы кітаптарды тауысып, тіпті бірнеше қайтара оқыған. Күнде кешкілік уақытта қисса-дастандарды әнімен орындап беретін.

Немерелерін жақсы кө­ретін. Барын аузымызға тосып, жылы-жұмсағын ая­майтын, мейірімді еді. «Со­ғыс туралы айтыңызшы…» дегенде:

– Соғыстың несін сұрай­сың, сұрамаңдар! Не қыла­сыңдар? Бейбіт өмір сүріп жатырсыңдар. Алла осы жай­лы да бейбіт өмірден айыр­масын! Ол бір қиын заман болды. Ешкімнің басына бермесін! Сендер жақсы өмір сүріңдер! – дейтін де ол тақырыпқа қайтып оралмайтын. Біздің бала көңілімізге қаяу түсіргісі келмегендігінен болар деп ойлаймын.

Бейбіт өмір үшін біз аталарымызға қарыз­дар­мыз. Елі, Отаны, ұрпағы үшін жан аямай ерлік көрсеткен ер­ле­рімізді дәріптеуден жа­лық­пайық.

Анар БАЕКЕШОВА,

№231 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Арал ауданы,

Сексеуіл кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<