Соңына ізгіліктен із қалдырған

1235

0

– …Ау, сен сонда Тотай Тәжі­ұлы­ның туған інісі боласың ба?!

Бір жағынан таңданыс біл­дірген, екінші жағынан риза бол­ған осындай сұрақты жұмыс бабымен кездескен көптеген адам­нан естідім. Атап айтқанда, Аб­дуламит Әбенов, Ұзақ Еспанов, Байзақ Момынбаев, Батырхан Остаев, Марат Төкенов, Мұрат Бақтиярұлы, Жаңыл Жонтаева секілді тағы да басқа есімі елге белгілі тұл­ғалар газет жұмысымен кездесу бары­сында осындай сұрақ қойды. Сонан кейін олар:

– Тотай Тәжіұлы нағыз ғалым адам ғой, өз ісіне шын берілген ондай адамдар өте сирек, – деп ол кі­сі­нің атына шын пе­йілімен риза­шылық сөздерін арнап жа­татын. Жоғарыда келтірген ті­зім­нен байқа­ғандай, олар­дың көп­шілігінің қызметі педа­­гогика са­ласымен байланысты. Жал­пы, Қазақстанда қазақ мектеп­те­рін­­де еңбек еткен ұстаздар қауымындағы аға буын өкілдері арасында ол кісіні біл­мей­тіндер кемде кем.

Иә, осы жолдардың авторы ретінде атап өтерім, Қазақстан педагогика ғылымының дамуына айтарлықтай еңбек сіңірген ұла­ғатты ұстаз, ғалым, әдіскер, жыл басында тоқсан жасқа қараған ша­ғында дүниеден озған Тұр­лығұл Тотай Тәжіұлының туған інісі боламын және оны мақтан етемін.

Әкеміз Тәжі Тұрлығұлов – Сыр­дария ауданында ауыл шаруа­шылығын өркен­детуге ат­салысқан адам. Кү­ріш егумен аты шық­қан «Казрис» ұжымшарын (Қа­­зір Кызылорда қала­сына қа­­расты Досан ауылы) ұйым­дас­ты­рушылардың бірі болды. Ал­­ғаш­қы кез­де кү­рішшілер бри­­га­­дасына жетекшілік етсе, 1940-1942 жылдары еңбек жо­лын осы кол­хоздың партия ұйым­ы­ның хатшысы қызметінде жал­ғас­тырады. Ал, 1942-1953 жыл­дары Сырдария ауда­ны­ның «Ортақшыл», «Қызылту», «1 Май» жә­не «КИМ» колхоз­да­рында төрағалық қызмет ат­қарады. Соғыс жылдары елді жұ­­мылдырып, майданды азық-түлікпен қам­тамасыз етуде ерен еңбек үлгісін көрсеткен жан.

Үлкеніміз Асқар одан кейін Тотай және Әлен ағаларымыздың анасы Үміткүл Ерманқызы өмір­ден өте ерте өтіпті. Сол кезде баланың үлкені бес-алты жаста ғана екен. Кейінірек әкеміз біз­дің анамыз Зейнекүл Тоқта­мыс­қызымен бас қосып, үш қыз екі ұл дүниеге келгенбіз. Мен – ең кен­жесімін.

Дүние есігін 1930 жылы аш­қан Тотай ағамыздың замандас­тары се­кілді қайнаған еңбектің ортасында өскені белгілі. Жас ке­зінен астықтан мол өнім алу үшін ты­нымсыз еңбек, жауапкершілік, алға ұмты­лысты жанымен сезі­ніп өскенін айтып оты­ратын. Кеңестік кезеңде Қазақстан ком­сомолының «Даңқ» мұражайында тө­мен­дегідей құжат болды. «1941 жыл. Ал­тыншы класта оқыған Тотай Тұрлығұлов Қызылорда об­лысының Сырдария ауда­нын­да колхозда жұ­мыс істеп, 90 еңбеккүн тапқан. Ал ол оқыған мектептің пионерлері мен ком­сомолецтері 6800 еңбеккүн іс­теген. Тотай Тұрлығұловты және оның құрдастарын іздеп табың­дар!».

Үш ағамыз да Қызылорда педа­гоги­калық институтында білім алды. Тотай ағаның таңдағаны – тарих. Білімімен, ал­ғырлығымен көзге түскен жас жігітті қала басшылығы институт бітіргеннен ком­сомол жұмысына тартады. Көп ұзамай Қызылорда қалалық комсомол комитетінің хатшысы қызметіне сайлайды. Осылайша, 22 жасында қала жастарының көшбасшысы атанды. Дегенмен, әуел бастан білім саласында еңбек етуді мақсат тұтқандықтан, комсомолдағы екі-үш жыл қызметінен кейін мектепке жұмысқа ауысты. 1954 жылы №43 мектепте ұстаздық қыз­метін бастап, тарих, гео­графия пәндерінен сабақ беріп, оқу ісінің меңгерушісі міндетін атқарды. Оның оқу­шыларды білім нәрімен қалай сусындатқаны туралы осы мектептің түлегі, Сыр журна­листикасы корифейлерінің бі­рі болған Өтеген Жаппарханов аға­мыз он жыл бұрын жариялаған «Ұс­таз» атты мақа­ласында егжей-тег­жейлі баяндаған болатын. Са­бақты түсіндіру барысында та­қы­рыпты ба­рынша ашып, түрлі мысалдар кел­тіріп, оқушылардың пәнге деген қы­зығушылығын оя­татынын, «ондай мұғалімді кез­дестірген емес­пін» деген ой айтатын. Өтеген аға – ұстазын өмір бақи құрметтеп өткен жан. Екеуі де бір айдың ішінде кел­местің кемесіне мініп кеткен еді.

Біраз жыл мектепте істеп тәжі­рибе жинақтаған ағамыз аспиран­ту­раға оқуға түсуді мақсат тұ­­­тып, 1959 жылы жеңгеміз Аман­жан екеуі Алматыға қоныс ау­дарды. Бір жа­ғынан «Қазақ­стан мұғалімі» газе­тінің жұмыс­қа шақырған ұсынысы да дөп кел­ген-ді. Осы редакцияда үш жыл еңбек етіп, 1962 жылы ҚазМУ-дың аспирантурасына оқуға түскен. Тақырып таңдау ке­зінде атақты тарихшы Ермұқан Бекмаханов «Тотай, сен мектепте тарихтан сабақ берген екенсің, Қа­зақстан тарихы енді ғана оқы­тыла бастады ғой, зерттеуге осы тақырыпты ал» депті. «Дуалы ауыздан шыққан осы бір ауыз сөз менің бүкіл ғылыми ба­ғы­­тымды, шығармашылық жо­лым­ды анықтап берген екен. Осы тақырып бойынша 1965 жы­лы кандидаттық, 1998 жылы педагогика ғы­лымының док­тор­лығын қорғадым. Док­торлық дис­сертацияны бұдан көп бұ­рын қорғауға болатын еді, бірақ та бұл мамандықтан арнайы ғылыми кеңес бол­мады. Ал, мен Қазақстан тарихын оқыту теориясы мен әдістемесіне арналған зерттеу бағытымды өзгерткім келмеді». Бұл жолдар «Қазақтан тарихы» журналына берген сұхбатынан алынып отыр.

Қазір ғой, біреу академик атанып жатса да, ешкім селт ете қоймайды. Ол уақытта ғылым кан­дидаты атану өте зор жетістік саналатын. Әйтеуір кішкентай кезімде ағаның бұл атаққа қол жеткізуі жұртшылыққа үлкен әсер еткені есімде. Аспирантурадан ке­­йін еңбек жолы Ы.Алтынсарин атын­дағы педагогикалық ғы­лы­ми-зерт­теу институтында жал­ғасты. 1965-1972 жылдары осы институтта тарих және геогра­фияны оқыту секторының мең­герушісі қызметін атқарса, ал 1972-1991 жылдары КСРО Педа­гогикалық ғылым­дар ака­де­мия­­сының Оқыту мазмұны мен әдіс­тері институтының қазақ фи­­лиалында тарих, қоғамтану және гео­графияны оқыту лабора­ториясын басқарды. Осы жылдары ұлт мек­тептерінде аталған пән­дерді оқыту жайы ғылыми-әдіс­темелік тұрғыда зерттеліп, оның ерекшеліктері анық­талады. Әдіс­темелері жасалады. Ал, еліміз тә­уелсіздікке ие болып, мек­тептер жаңа білім мазмұнына көш­кенде қоғамдық пәндер бойынша жаңа бағдарламалар, оқулықтар мен және басқа да оқу құралдары шығарылады.

Осы істерге басшылық жа­саған ғалым еңбегі туралы осы­дан біраз жыл бұрын Қазақ білім академиясының президенті қыз­метін атқарған, академик Өмірзақ Озғанбаевтың пікірін келтірейік. «Осы ұлы істің суығына тоңып, ыстығына күйіп, жоғын жинап, барын базарлы етіп, қайткенде оны алға бастырам деп, бар білімі мен күш-жігерін жұмсап, ащы терін төгіп жүрген ғалымдарымыздың бірі, әдіскер ұстаз Т.Т.Тұрлығұл. Бүгінге дейін 50 жылға созылған ауыр да ардақты, қиыншылығы мол болса да, қуанышы да аз бол­маған, бір айтып тамсануға тұратындай, қызықты да жемісті еңбек жолынан өтті. Тотай Тә­жіұлының мектептерде тарих са­бағын оқыту ісімен тұрақты ай­налысып, бүкіл өмірін арнауы – өмірлік тәжірибеде сирек кез­десетін, таңғаларлық құбылыс, маман­ның өз ісіне шын беріл­ген­дігінің куәсі болса керек. Бір салада, бір бағытта жарты ғасыр еңбек ету екінің бірінің еншісіне тие бермейді. Тарихты оқыту теориясы мен әдістемесі бо­йын­ша республикадағы тұң­ғыш ға­лым. Қазақ тарихын оқу­лық ретінде алғаш жазған ұлт ардақтылары, қазақтың аяулы азаматтары Санжар Ас­фендияров пен профессор Ермұқан Бек­ма­хановтың бүгінгі таңдағы мұрагері». Осыған ұқсас лебізді ағамыздың 80 жасқа толу құр­метіне арналған салтанатты ша­рада Қыздар педагогикалық уни­верситетінің рек­торы Шәмшә Беркімбаеваның айт­қанына куә болған едім. Бұрынғы Білім ми­нистрі мерейтой иесінің тарих пәнін оқыту әдістемесі бойынша ТМД елдеріндегі бірегей маман екенін атап өткен болатын.

Осы уақыт аралығында ол 7 оқу­лық, 3 монография, 9 бағ­дарлама жа­­зып, мектептерде оқы­тылатын «Дү­ние­жүзі тарихы», «Қазақстан тарихы» пәнде­рінің білім мазмұнын айқындап берді. Құры­лымын түзді, әдістемесін жасап, мұғалімдерге ұсынды. Ол 40-тай ғылыми еңбектің, 100-ге жуық әдістемеліктің, 150-ден астам мақаланың авторы. Елі­міздегі қазақ мектептерінің жартысынан астамында болып, әдістемелер ен­гізуге қатысты се­минарлар өткізіп тұрды. Ғылыми кадрлар дайындап, жоғары оқу орындарында ұдайы дә­рістер оқып келді. Міне, осындай абы­ройлы еңбек жолынан өтті. Ха­лық ағарту саласына сіңірген ең­бегі еленіп, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ы.Алтынсарин», «Ұлы Отан со­ғысының Жеңісіне 50 жыл», «Еңбек ардагері», «Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі», «СССР ағарту ісінің үздігі», «Педагогика ака­демиясының акаде­мигі» секіл­ді ме­дальдар мен атақ берілген.

Ағамыз өмірде қандай адам еді? Ол өзін білетін ортада тек еңбек нә­тиже­лерімен ғана аты шыққан жоқ. Жақсы қасиет­терімен де сый-құрметке бөленді. Өте еңбекқор жан өзінің де, өзге­нің де уақытын бағалай білді. Қанша танымал болса да биязы, сыпайы, кішіпейіл қалпынан айныған емес. Үлкенді аға, кішіні іні деп сыйлап, жолдасқа рақымшыл, жоқ-жітікке қайырымшыл бо­лып өткен жан. Жаны таза, шын­шылдықты сү­йетін адал адам болды. Әдетте өте ұқыпты, та­залықты сүйетін, мәде­ниетті адамды неміс ұлтына теңейтіні бар. Осындай қасиеттері жөнінен ағамызды әріптес шәкірттері не­міске теңеп, ал білімі жөнінен Геродот деп атағанын кейінірек естіп білдім.

Оқушы кезімде ағамен авто­бус ішінде келе жатқан сәт еске тү­седі, осындайда. Билет алу үшін алдым­дағы адамды сауса­ғыммен сәл түр­тіп, кассирге ақша беріп жіберуін сұрадым. Жерге түскеннен кейін ма­ған «Ыдырыс, ешқашанда адамды сау­сақпен түртуге болмайды. Дауыстап қа­­ратып, билетке қол жалғап жі­беруді өтінген жөн» деп ақылын айтты. Мен қатты ұялдым. Содан кейін өмірімде ондай әрекетке барған емеспін. Бірақ, қоғамдық көлікте билет алу үшін адамды түртіп, тіпті нұқып жіберіп жат­қандарды көргенде жаным бір түрлі құлазып кетеді. Қайсыбіріне ақыл айта берерсің. Осыған ұқсас эпизодты Аманжан жеңгемнің інісі Алтынбек Баймаханов та айтып берген еді. Кішкентай кезінде ағамен бірге келе жатып, тротуарға түкіре салады. Ағамыз, тоқтай қалып, «адамдар жүретін жолда олай етуге болмайды. Жолдан әрірек жұрт көзінен таса жерге барған дұрыс» деген ғой. «Бұл жағдай маған өмірлік сабақ болды» дейді бүгінде белгілі аза­мат болған Алтекең. «Жақсы адам жолдасынан белгілі» деген­дей, достары Дәуірхан Айдаров, Нұрділдә Уәлиев секілді азамат­тарды құрметтеп өтке­ніне бар­­ша­мыз куәміз. Отбасында Аман­­жан жеңгеміз екеуінің жа­ра­­­сым­дылығы, олар­­дың бала­ла­рына, немере­леріне берген тәлім-тәрбиесі үлгі тұтарлық. Үш қызы мен бір ұлы өмірден өз орын­дарын тапты. Ағамыздың жақ­сы қасиеттерін көріп өсіп, қанша ұқсауға ты­рыс­қанымызбен ондай бо­ла алма­ға­нымызды, шире­гі­не де жу­ықта­май­тынымызды мо­йын­­дамасқа амал жоқ.

Әскерде жүріп ағаға амандық біліп, хат жазам. «Ыдырыс, сенің жа­зуың жақсы» деді бір жауап хатында. Кәдуілгі хатта нені жақсы жаза қойдым деп ойланам. Иә, айтпақшы, Чехословакияда өткен ғылыми конференциядан қайтарында Мәскеуден 60 ша­қырым қашықтағы әскери ны­санда қызметімді өткеріп жатқан маған арнайы соғып, қуантып кет­кенін ұмытпаймын. Айнала қор­шаған қалың орманды кө­ріп, «табиғаты тамаша жер екен» деп сүйсінген болатын. Ке­­йі­нірек мен баспасөзге жұ­­мыс­­қа ауысқанымды құптады. Бір­­­неше жылдан соң Әлен аға­мыз­дың үлкені, танымал жур­налист Жолдасбек Ақсақалов ба­­уырыммен аймақ­тың ата басы­лы­мында бірге істей бастағанда бұл жағдайға қатты риза болған еді.

Әкеміздің атының ел есін­де қа­луына ағаның еңбегі зор. Д.Қонаев­тың 1971 жыл­ғы «Со­веттік Қазақ­стан» атты кі­та­бын, ондағы Тәжі Тұрлығұ­лов­­тың облыста тұңғыш рет кү­ріш­тен рекордтық мол өнім ал­ғаны туралы тарауларын, «Со­циалды Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде жарияланған мақа­ла­лар мен басқа да құнды құ­жаттарды қа­лалық ономастика комиссиясына та­­быстап, ұсыныс берген еді. Комис­сия ешқандай дау тудырмайтын құжат­тарды негізге ала отырып, облыс орта­лығындағы бір көшеге әкеміздің есімін берді.

Ағаны ақтық сапарға шы­ғарып салар сәттегі қаралы ми­тинг пен одан кейін берілген қонақасыда шә­кірттерінің айтқан сөздерінің өзі үл­кен бір мақалаға арқау болар еді. Үйге келген соң құран бағыштадық. Сонда белгілі ұстаз-ғалым Қазыбай Құдайбергенов әскерден кейін Қаз­МУ-ға оқуға тапсырып, соң­ғы емтихан сұрағын білмей тұрған сәтте Тотай ағаның қолдау көрсетіп жі­бер­генін жылылықпен еске алды. Кейіннен бұл эпизодты «Жадымдағы жайсаңдар» атты мақаласында да жазды.

Ағамыз тірі болғанда биылғы 23 желтоқсан күні 90 жасқа тол­ғанын атап өтер едік. Амал жоқ, бұл күні балалары, бауырлары, шәкірттері еске алдық. Біз үшін оның  жарқын бейнесі асқар тау секілді алыстаған сайын асқақ­тай берері сөзсіз. «Өткен өмір ұмытылмайтынымен құнды» дей­ді даналар. Тотай ағаның ең­бегі, ғылымға сіңірген маңдай те­рі, артында қалған ізі дәтке қуат.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<