Сот саласының сардары

797

0

«Өсер елдің баласы бір-бірін батыр дейді» дегендей, тарихымызда қалған, мақтан тұтатын тұлғаларымыз көп.  Қызылорда облысы және оның адамдары туралы сөз қозғағанда «Сыр елі – жыр елі» деген тамаша бір тіркес ойымызға оралғанымен, Сыр өңірі тек әнші-жыршыларымен ғана емес, басқа да салада еңбек еткен халқының аяулы ұлдарымен көпке мәлім. Біздің кейіпкеріміз Қазбек Өтемұратов –  көп жыл сот саласында қызмет атқарған, туғанына бұрмайтын, тура бидей қара қылды қақ жарған әділдігімен танылған азамат.

Қызылорда облыстық соты­ның құ­рылғанына 75 жыл толуына орай үлкен бір айтулы шара өткізілген. Сол кезде аймақтың құқық қорғау органының тарихы, сот жүйесінде қызмет атқарған азаматтардың өмірі мен еңбек жолы жайлы сыр шертетін «Сыр өңірінің сот би­лігі» атты биографилық жи­нақ кітабы жарыққа шықты. Сол кітаптың ішінде Қазбек Өтемұратовтың толық өмір­баяны берілген.

Қызылорда облысының мем­­ле­кет­тік архивтерінде жүз­ден астам жеке текті архив қорлары жиналған. Өңірде адал еңбегімен тарихта қалған аза­маттардың құжаттары арқылы дәуірдің сипаттамасын беруде ерекше орын алады. Бұл құжаттар – қоғамның тарихы туралы мағлұмат беретін бағалы түпнұсқалық дереккөз. Жеке текті қор ұлттық құндылықтың негізі болатыны сөзсіз. Ол архивистер ұжымының жоғары біліктілігінің арқасында мүм­кін болып отыр. Архивистердің кәсіби борышы және олардың жұмысының басты мақсаты – тарихи мәні зор көздерді, өткен кезеңнің құжаттарын жә­не біздің мемлекетіміз бен қоғамымыздың заманауи өмірін көрсететін құжаттарды сақтау, көбейту және мұра ретінде келешек ұрпаққа қалдыру.

Сыр бойының тарихында қалған та­рихи тұлғалардың бірі – осы Қазбек ағамыз. Ағамыздың құнды құжаттарын, өнегелі өмір­баянын, еңбек жолы өз елі­не, жеріне, келешек ұрпаққа рух­тық, патриоттық тәрбие беруде үлгі бола­тын құнды жеке архив құжаттарын Қы­зылорда облысының мемлекеттік ар­хи­­віне ұрпақтары тапсырды. Қазбек Өтемұратовтың жеке архив қоры ашылып, Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры жаңадан отызға таяу құнды, түпнұсқа  құжаттармен толықтырылды. Ол «Сыр өңі­рінің соттары» топтамасына кір­ген, 1956-1965 жылдардан құралған Қазбек ағамыздың 9 ісі мемлекеттік сақтауға тап­сырылған.

Қазбек Өтемұратұлы 1926 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келіпті. Сол заманда туып, өмір сүрген жандардың басынан қан­шама қиындық өткендігін кейінгі ұрпақ тек тарихтан ғана білеміз. Халқымыз небір нәубетті басынан кешірді. Аштық жылдарын, ел ішіндегі індеттің бүкіл ауылды жусатып салғанын, жазықсыз жан­дардың нақақтан жапа шеккен уақыттарды кө­зімен көрген, оларды өзі сезінген жан­дардың ортасында әкесі Өтемұрат та болған еді. Орысша тәп-тәуір сауаты бар, тілге де, іске де жетік әке­сі Қазбекті өмір тезіне төзе білуге, оған шыдамдылық та­ны­туға тәрбиелейді. Ресей им­пе­риясының отаршылдық сая­сатының бел алып, Сто­лы­пинның реакцияшыл әрекетінің салдарынан көптеген қара­шек­пендіні Қазақ даласына қо­ныстандырғанда Арал өңірі мен Сыр өзендері бойына да келіп жеткендері бар еді. Сол кезде әкесі олардың өнер­кә­сібін меңгеруіне және тілін үй­ренген жақсы қа­сиеттерін өзінің бойына сі­ңірген жандардың бірі болады. Тіл білгенінің арқасында орыстың оқымыстылары мен ойшылдарының еңбектерімен танысады. Келешек оқу-білім­нің орыс тілімен байланысты болатындығын ұғынғандықтан, ұлдары Жәнібегі мен Қазбегін оқытуға ден қояды. Өзі әкеден қалған шаруашылықты дамы­та отырып, қолында бар қа­ра­жатына балаларын оқытады.

Екі ұлдың да көрері аз бол­майды. Бала кездерінде бү­кіл елдің басындағы ашар­шы­лықты, бозбала кездерінде Ұлы Отан соғысының қиын­дық­тарын көппен бірге ба­сы­нан өткере жүріп, 1944 жы­лы Қазалыдағы мектептің то­ғызыншы класын бітіріп, орта­лау білім алып шығады да, сол біліммен еңбекке араласады. Қазбек болса, өз қатарларынан оқ бойы озық тұрады. Қалалық байланыс бөлімінде, 1944-1946 жылдары Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінде қызмет атқарған. Бұдан кейін Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп қайтқан соң, Қазалы аудандық халық сотында сот орындаушысы, нотариалдық контордың нотариусы болып істейді. Қызметін атқара жүріп С.Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университетінің заң факультетін бітіріп алады.

Жас жігіттің алғырлығын байқаған басшылар оны 1957-1960 жылдары Шиелі ауданы халық сотының судьясы етіп сайлайды, одан соң үш жыл Арал ауданында нотариус болады. Содан 1963 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Сырдария аудандық халық сотының төрағасы қызметін абыроймен атқарып өткен екен.

Осы қызметі кезінде Қазкең кінәсіз­дердің жазықсыз жаза­ланбауын, біреудің обалын кө­термеуді есінен шығарған емес. Өйткені көзі ашық, көкірегінде саңылауы бар әкесінің ала жіпті аттамай, әділ болу қажеттігі туралы айтқан өсиетке бергісіз өнегелі сөзін әрқашан ойында ұстады. Әке өнегесін ұмытқан жоқ. Сол өнеге оны қара қыл­ды қақ жарған әділ шешім шы­ғаруға тура жол сілтеді.

Қызылорда өңірінде, Сыр бойында сот саласының дамуына өзіндік үлес қосқан, заң-құқық саласының дамуына өмірінің жартысын арнаған арда азамат 1965 жылы 7 қа­занда небәрі 39 жасында дү­ниеден озыпты. Әділдіктен таймай, бар білімі мен іскерлік қабілетін, күш-жігері мен прин­ципшілдігін ел мүддесіне, ха­лықтың заңды құқығы мен ар-намысын қорғауға жұмсаған заң қызметкерінің атқарған ісі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалды. Сот беделі – мемлекет беделі екендігін, ол беделдің жекелеген судьялардың адал ең­бегінен құралатындығын жақ­сы біліп, оған үлесін қосты. Сондықтан да ол адал судья ретінде елдің есінде қалды.

Қызылорда облыстық ат­қа­ру коми­тетінің төрағасы бол­ған, одақтық дәре­жедегі дер­бес зейнеткер, Қызылорда қа­ла­сының Құрметті азаматы Ыдырыс Қалиев ақсақал Қазбек Өтемұратұлымен жақсы таныс болып, дос болып кеткен. Әскер қатарынан оралған Ыдырыс ауыл парткомына барып, жұмыс іздеп жүрген кезі екен. Аудандық сотқа соттың орындаушысы қажет дегенді естиді де, сонда барады. Ол жерде сымбатты келген бір жас жігіт қарсы алады. Бұл Қазбек Өтемұратов екен.

– Иә, бізде бір орын бар екені рас. Жақсы қызмет. Өзіңіз коммунист екенсіз, біраз істеген соң төселіп кетесіз, – дейді.

Айлығын сұрап білсе, өте төмен екен. Содан бұл кісі сыпайы ғана бас тартыпты. Кейіннен өзін жылы қабақпен қарсы алған жігітпен жақсы таныс болып, достықтары жа­расып, араласып кетеді. Су­дья­лардың үйінде, көбіне су­дья Айтбай Досымовтың үйін­де жиі бас қосады екен. Сондай кездерде қарапайым әрі сыпайы жігіт өзінің сөзге шешендігімен, құқық қорғау органдарының жұмысын жетік білетіндігімен көзге түседі. Ол сондай ерекше қасиетімен өз ортасында сыйлы болыпты.

– Негізінен алғанда, сот жү­йесінде қызмет атқаратын аза­маттардың өзара қарым-қатынасы, бір-бірімен сыйлас­тығы ерекше болатын. Әсіресе, С.Елшібеков, Қ.Асауов, Б.Жанбекеев, А.Балымбетов, А.Досымов, Ә.Тәжімбетовпен жиі кез­десіп жүрдік. Солардың арасында Қазбек көпке үлгі болатындай арда азаматтың бірі еді. Алланың жазған дәмі бітіп, дүниеден ерте озды. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, – деп еске алған Ыдырыс ақсақал.

Қалтқысыз қызмет атқарып кеткен Қазбек Өтемұратовтың дүниеден озғанына 55 жыл уақыт болыпты. Балалары әке­сінің жан досы Ыдырыс ақ­са­қалдың үй-ішімен тонның іш­кі бауындай араласып өс­кен екен. Ақсақал қолынан кел­ген көмегін аямапты. Бұл туралы Қазкеңнің кенже қы­зы Бәсира аузынан таста­май айтып отырады. 1981 жылы Ал­­матыдағы Қыздар педаго­ги­калық институтының филоло­гия факультетін бітірген соң Бәсира жұмысқа тұру үшін Қы­зылорда қаласына келеді. Өз бетімен қызметке ілігер түрі көрінбеген соң, қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істейтін Ыдырыс ағасына келіп жолығады. Ол, сол кездегі орталықтағы ең үздік саналатын Сәкен Сейфуллин атындағы №4 орта мектептен орын алып береді. Сол кісінің ақыл-кеңесінің, қол­дауының арқасында қатар­дағы мұғалімнен мектеп дирек­торлығына дейін көтеріледі. Ата-анасының тірші­лігінде жа­­саған адамгершілік қасие­ті­нің арқасында өмірден өз ор­нын тапқанын, Ыдырыс аға­сының осы отбасына қолдау көрсеткенін ризашылық сезім­мен әңгі­мелеп отырады.

Қазбек ағамыздың артында екі ұл, екі қыз баласы қалады. Анасы Нарша Өсербайқызы баласының отбасына алаңдамай қызмет атқаруына ерекше көңіл бөліп, қолынан келген көмегін жасады. Немерелерінің өсіп, азамат болғанын көріп, Бәсира институт бітірген жылы дүниеден қайтқан екен. Әке-шешесінен ерте айырылған балалары бүгінгі күні өмірде өз орындарын тауып, беделді азаматтар болды. Баласының үлкені 1957 жылы туған Болат әкесінің қара шаңырағын жықпай, Тереңөзектегі үйінде тұрып, қызмет атқарды, отбасылы болды. Қайрат баласы әке жолын қуып, заңгерлік мамандықты таңдады. Қызы Қасира – Алматы қаласында же­ке кәсіпкер. Бәсира болса, Қа­рағанды қаласында көп жыл №5 орта мектепте директор болып қызмет атқарды. Педагогика ғылымдарының кан­дидаты атағын Ресейдің Екатеринбург қаласында диссертациясын қорғап келіп, бүгінде Ы.Алтынсарин атын­дағы академияда ғылыммен ай­налысуда. ҚарМТУ-дың Құр­метті докторы атағы бар. Жаңа форматтағы басшы, сауатты басқарушы, менеджер, ізденіспен жұмыс істейтін маман 2013 жылы «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталды. Сексеннен ас­там ғы­лыми жұмыстың авторы бол­ған Бәсираға 2016 жылы Ресей Жаратылыс­тану ғылым академиясының профессоры атағы берілді.

– Анам Гүлбағиша Мұста­фақызы 1962 жылы небәрі 29 жасында қайтыс болып кеткен. Мен Алматыда ЖенПИ-ге оқуға түскенде, нағашыларымның қам­­қорлығында болдым, – деп еске алады Бәсира. – Анам­ның әкесі Мұстафа Игіліков көп жыл лауазымды қызмет атқарды. Соңғы жұмыс орны – Батыс Қазақстан темір жолы НОД жұмыс­шыларды жаб­дық­тау бөлімі. Нағашы әжем Шәмсия Ұлжанқызы Қа­­зақстандағы алғашқы пио­нерлердің, ком­сомол қозға­лысы белсенділерінің бірі бол­ған жан еді. Олардың екеуі де – қара­ғандылық. Со­ғыс жылдарында, одан ке­йін­гі уақыттарда бұл отба­сы әртүрлі ұлттың жетім қал­ған бес баласын асырады, тәр­биеледі, оларды қатарға қосты. Ұлтшылдыққа және нәсіл­шіл­дікке жол бермейтін, білім мен өнерге кең жол ашқан осын­дай отбасында өсіп, бой жетуім өмірде дұрыс жол таң­дауыма игі әсерін тигізді. Осы кісілердің арқасында ата-анамыздан жас қалсақ та, қай жа­ғынан болмасын, кемшілік көр­геніміз жоқ.

Қазбек ағамыздың өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі екені сөзсіз. Біріншіден, ол  өте еңбекқор адам, көп із­деніп, көп оқыған. Тағы бір жақсы қасиеті – адам баласының кез келге­нінде кездесе бермейтін керемет есте сақтау қабілеті. Ең бастысы – туған халқының ұлттық ерекшеліктерін жақсы білетіні, дарындылығы, адам­гер­шілігі, парасаттылығы мен әділдігі еді. Бүгінгі ұрпақ Қазбек Өтемұратовтың осы қасиет­терінен үлгі алса, қатарының алды болатынына күмән жоқ. Міне, асыл азаматтың бұл дү­ниеден өткеніне 55 жыл тол­ған­дығын еске ала отырып, артта қалдырған ізіне тағы бір рет көз салғанды жөн санадық. Ұлағатты ұя отағасының жат­қан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

Туған жердің халқының есінде Қазбек Өтемұратов жо­ғары мәдениеті мен мінсіз адам­гершілігі бар адам ретінде ұзақ сақталады. Оның өмірі – жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудің үлгісі.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстанның Мәдениет қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<