Ұстаз ұлағаты

395

0

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейтіні» халық даналығынан белгілі. Жақсы ұстаздың абыройын уақыт сыншының арттыра беретініне жылдар куә. Бұл сөз Арал аудандық №62 орта мектептің іргесін қалап, оның дамуына зор еңбек сіңірген Тәуекел Аманжолов­тың дүниеден өткеніне он жыл толуына орай айтылып отыр. Расымен, еңбегі елеулі ұстаздың есімін жерлестері ұмытқан жоқ. Бүгінде еліміздің әр қиырына тараған мыңдаған шәкірттің жүрек түкпірінде ұстазға деген риясыз бір алғыс сақтаулы. 

«Тәрбие – тал бесіктен» болса, Тәуекелдің білімді, алғыр, талапты болып өсуіне әке-шешесі Балтабай Аман­жол­ұлы мен анасы Қарлы­ғаштың еңбегі зор. Тәуекел – ауданға белгілі, білікті дәрігер Балтабайдың шаңырағындағы жалғыз бала. Содан да болар, әке-шеше оның жоғары білім алуына, өнер игеруіне еш шектеу қоймады. Талабын қолдап, әр қадамын ақ тілеумен қуаттап отырды.

Ұстаздық жол – Тәуекелдің өз таңдауы. Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педагогикалық институтты «математика пәні мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп, екі жыл Ташкент облысының Шыназ ауданында еңбек жолын бастады. Кейін туған жерге оралып, өзі білім алған №15 орта мектепте мұғалім болып орналасты. Жаңашыл, өз жұмысын жетік білетін талапшыл жас аудандық білім саласы басшыларының көзіне ерте түсіп, аз ғана уақытта мектеп директорының оқу ісі бо­йынша орынбасары қыз­метіне көтерілді. Ал 1986 жылы Қызылорда облысының сол уақыттағы басшысы Еркін Әуелбековтің бастамасымен Арал ауданында жаңа №62 мектеп бой көтеріп, оған білікті басшы қажет болған кезде таңдау 33 жастағы Тәуекелге түседі. Жұмыс істеп тұр­ған мектепті басқару оңай емес, ал жаңадан ашылған білім ордасын жолға қою директорға орасан зор жауапкершілік жүктейтіні белгілі.

Тәуекел облыс басшы­лығының сенімін ақтап, міндет үдесінен шыға білді. Мектептің ашылу салтанатында облыс­тық білім басқармасының басшылығы ұжымның дайындық жұмыстарына зор баға берсе, аз ғана уақытта мектеп аудан ғана емес, облыстағы ең үлгілі оқу ордаларының қатарына кірді. Тәуекелдің талапшылдығының арқасында аудандағы алғашқы лингафон кабинеті дәл осы №62 мектепте ашылды. Бүгінде республикалық деңгейде өткізілетін телекөпір тәжірибесі сонау 90-шы жылдарда дәл осы мектепте сәтті қолданылатын. Бір емес, бес тілде жүргізілген телекөпір талайдың таңдайын қақтырды. 1992 жылы «Бөбек» халық­аралық қорының төрайымы, «Өзін-өзі тану» пәнінің авторы Сара Назарбаева Арал ауданына жасаған сапарында №62 орта мектепке арнайы соғып, мектеп басшылығына атқарып жатқан игі жұмыстары үшін ризашылығын білдірді. Мұның бәрі – ұжымның, сол ұжымды ұтымды басқара білген Тәуекелдің іскер, жаңашыл, турашыл ұстанымының арқасы болатын.

Тәуекел Аманжолов №62 мектепті 15 жылға таяу уақыт басқарып, 2000 жылы денсаулығына байланысты қаладағы №2 санаториялық мектеп-интернатқа педагог-психолог қыз­метіне ауысты. Қашанда жаңашылдыққа жаны құмар ол бұл жерде де білім берудің тың әдістерін қолдануымен танылды. Математикамен қатар, білім жүйесіндегі жаңа пәндер – өзін-өзі тану, валеология сынды пәндерді жолға қойды.

Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Тәуе­келдің еңбегі қашанда ел алдында. Ол аудандық және облыстық деңгейдегі түрлі марапаттарға ие болды. Білім саласы қызметкерлерінің облыстық, республикалық съездеріне бірнеше мәрте делегат болып қатысты. Ғұмырының соңына дейін №2 санатория­лық мектеп-интернатта еңбек етіп, ұстаздық етуден бір қол үзген емес.

Бүгінде Тәуекелдің шаңырағын жолдасы Шынар тү­летіп отыр. Тек өмірде ғана емес, қызметте де үзеңгілес болған жұптың ұрпағы көбейген. Немересі Бауыржан атасының еңбегін өзінің ғылыми жобасына арқау етті. Тәлімін алған шәкірттері жиі хабарласып, алғыстарын айтып отырады. Бұл да біз сөз басында айтып өткен жақсы ұстаздың абыро­йының белгісі болар.

 

Бибізада ҚАЛЫБАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<