Ұстаз сенімі шәкіртке кез келген атақтан қымбат

452

0

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, әдебиетші ғалымдар арасында өзіндік мығым орны бар зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Темірхан Тебегенов сынды ұстазым ойға түссе, еңсемді еріксіз тіктей бастаймын. Өйткені, оның ғылымға деген адалдығы, ерінбейтін-жалықпайтын ізденгіштігі, қандай жағдайда да мүжіліп-мұқалмайтын өмірге деген құштарлығы, адам баласын алаламайтын асыл қасиеті шәкірттеріне үлгі. Ұстазға тән мұндай орнықты мінездің қалыптасуына ұзақ жылғы педагогикалық қызметтің оң әсер еткені түсінікті. 

Темірхан Сақаұлының педаго­ги­калық қызмет пен ғалымдық із­деністі бір арнаға тоғыстырып келе жатқанына қырық жылға таяу уақыт болыпты. Мектеп мұ­ғалімінен бастап, ғылым докторы­на дейінгі аралықта мыңдаған шә­кірт тәрбиеледі. Талапты шәкірт жүре­гіндегі жылтыраған шоқты тілдескен сәтте-ақ аңғара қоятын сұңғыла ұстаз жоғары оқу орнына оқытушы боп орта мектеп тәжірибесінен өтіп, ысылған шағында келді. Содан ба екен біз,  шәкірттері, оның ғалымдық жолымен бірге ұстаздық асыл қасиеттерін де айрықша атап айтамыз.

Ол әдебиет деген киелі дүниені шәкірт жүрегіне құя жүріп, сабақтан тыс уақытта үнемі студенттер арасынан табылатын. Институтта күн құр­ғамай жыр кештері, ақын-жа­зу­шы­лармен, өнер адамдарымен кез­десу өтіп жататын. Сондай шара­лардың басы-қасында Темірхан ағай жүреді. Оған жұмсаған уақытын зая кеткенге санамай, қайта ерекше бір бақытқа бөленіп, шабыттана түсетін. Бұл кез келген оқытушының қолынан келе бермейді. Қызылорда пединститутындағы Зейнолла Шү­кіров атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің әрбір отырысы қызықты өтеді. Ол осылайша талай талапкердің шырағын жақты. Бірді-екілі өлеңімен көрінген студент ақындарды көтермелеп жыр кештерінде өлең оқытатыны, балаң өлеңдерімізден жылт етіп байқалған ұшқынды үрлеп лаулатып, бізді кә­дімгідей ақын қатарына қосып, аспандатып қоятыны, сірә, ұмытыла ма? Сексенінші жылдардағы факультеттің жас ақындары Жалғас Аманов, Жал­ғас Таспанбетов, Нұрлыбек Тас­қараев, Ұлмекен Асанова, Гаухар Қожахметовалардың қатарына бірін­ші курсқа жаңа түскен Майра Қойшы­баева екеуміз келіп қосылдық. Бізден соң бұл топ Елубай Әуезов, Аманжол Сақыпұлы, Дүйсенбек Аяшұлы, Лена Әбдіхалықова, Гүлжаһан Домбылова, Дәуіржан Елубаевпен толыға түсті.

Ұстазымыздың албырт жастың алға ұмтылған талабына дем беріп, желеп-жебеп жүретін асыл қасиеті кейінгі қызмет орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде де жалғасын тауыпты. Бүгінде ақын атанып жүрген Саят Қамшыгер, Бақыт Беделхан сынды жігіттер – Темірхан ағай баулып, додаға салған талапты жастар.

Студенттердің тырнақалды дүние­лері түгілі, сақа ақын-жазушылар шы­ғармаларын жариялайтын жер таппай жүретін сол бір сексенінші жылдары Темірхан ағайдың қолдауы­мен факультетішілік «Үкілі үміт» атты альманах шығарғанымыз, сірә да, ұмытылмақ емес. Студент жас­тар­дың жазған-сызғанын жариялайтын кәдуілгі басылымға айнала бастап еді-ау сол «Үкілі үміт». Ол кезде қазіргідей компьютер қайда, қазақша әрпі бар машинканың өзі қат. Табанымыздан тозып жүріп қазақша машинка тауып бастырған жалғыз дана журналымызды ротапринттен көбейтеміз. Осының бәрін ұйымдастырып, ақыл-кеңесін айтатын да, керек десеңіз, білекті сыбанып тастап, бар шаруаны бір өзі тындырып тастайтын да Темірхан ағай. Біздің – «Үкілі үміттің» «әдеби қызметкерлерінің» бар бітіретіні ұстаздың соңынан топырлап еру ғана. Альманахты елу дана етіп ротапринттен көбейту жұмысына бірталай ақша төлеу қажет. Бірақ, бізге салмақ салмай, ағай ол ақшаны өз қалтасынан шығаратын. Демеуші деген сөз қазіргідей мағына бере қоймайтын сол жылдары ұстазымыз бізге шынында да демеуші бола білді. Сапасы баспаханадан шыққан газет-журналдардан әлдеқайда төмен сол альманағымызды студенттер «Жұлдыз», «Жалын» журналдарындай таласа-тармаса оқыды. Тіпті, М.Мәметова атындағы қыздар педучилищесінің оқушылары да жазған-сызғандарын «Үкілі үмітке» әкеле бастады. Біз өз қолымыздан шыққан басылымның оқылғанына кәдімгідей мәзбіз.

Қызылорда пединститутын бі­тір­ген студенттің сол оқу орнына мұғалім боп қалуы тәжірибесін тұңғыш енгізген де осы кісі. Оның табандылығы арқасында тоқсаныншы жылы оқуды үздік бітірген Қалдыгүл Есенова, Базаркүл Раманқұлова және мен диплом ала сала институтқа оқытушы болып қалдық. Қалдыгүл – қазір филология ғылымдарының док­торы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының белді ғы­лыми қызметкері. Базаркүл де – тәжі­рибелі мұғалім. Ақын-жазушы­лық, ғалымдық жолды таңдап, есім­дері елге танылып қалған бір шоғыр шәкірттері, республика мектеп­те­рінде әдебиет пәнінен жас жеткін­шек­терге сабақ беріп жүрген мыңда­ған ізбасары тағы бар.

Ол кафедра меңгерушісі боп тұрған жылдары факультетте араб тілі пәні оқытыла бастады. Бұл пәннің қажеттілігін ғылыми кеңесте дәлелдеп, институт басшылығының көзін жеткізген де, Алматы мен Қы­зылорда арасында шапқылап жүріп, ҚазМУ-ды бітіргелі тұрған араб тілінің жас мамандарын үгіттеп, Қы­зылордаға келуіне ұйтқы болған да өзі. Сөйтіп жүргенде үміт күткен үш шәкіртінің бірі – мен кенет нілдей бұзылып, педагогика саласынан ір­гем­ді аулақ салып, журналистикаға біржола ауысып кеттім. Ұстазымның оған өкпелеп, ренжігені де, кейін журналистикадағы алғашқы табыс­тарыма шын қуанғаны да рас. Ке­зінде осы оқу орнында ағайдың өзі дәрісін тыңдаған ұстаздары, көрнекті ғалымдар Әуелбек Қоңыратбаев, Нұрлыбек Жүнісов, Әнес Жақыпов, Әли Байжолов, Медеуәлі Бимағам­бетовтер қалыптастырған ұстаздық мектепті одан әрі нығайтпақ болған ізгі ойына атүсті қараппын ғой.

Ол 1989-1992 жылдары институт­тағы оқу-тәрбие жұмыста­рын үйлес­тіріп, халықаралық «Қазақ тілі» қо­ғамы республикалық басқарма­сының мүшесі болды. Облыстық «Қазақ тілі» ұйымы басқармасының төрағалығына сайланды. Қызылорда қаласында қазақ тілінің мемлекеттік тұрғыда өз деңгейінде қолданылуы үшін күресті. Ұйымның басылымы «Ана тілі» газетінің оқу орындары мен мекемелерде көптеп тарауына атсалысты. Осындай ұлтын сүйген азаматтардың арқасында «Ана тілі» газеті сол жылдары республикадағы ең көп тарайтын басылымға айналды.

Тегінде ұстаздық қызмет пен ғылыми зерттеушілік жемісі бір күнде жарқ етіп көріне салмайды. Ол – ұзақ жыл талмай ізденудің, жалықпай еңбектенудің нәтижесі. Бүгінде жетпіс жасқа жетіп отырған Темірхан Сақаұлының тындырған ісі де орасан. Алматыдағы өзі ұстаздық ететін университет ауқымынан шы­ғып, арнайы шақыртумен ҚХР астанасы – Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетіндегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетінде «Қазақ әде­биетінің тарихы», «Әдебиет теориясы зерттеулерінің методологиясы», «Қазақ әдебиетінің эстетикалық табиғаты», «Шетел әдебиетінің тарихы» пәндерінен дәріс оқыған.

Қоғамдық жұмыстары да бір төбе. «Қазақ және әлем әдебиеті» жур­налынан соң «Жамбыл әлемі» газетінің бас редакторы. «Қармақшы ауданының Құрметті Азаматы». «Ыбырай Алтынсарин», ТҮРКСОЙ-дың, Қырғыз Республикасының «Тоқ­­тағұл Сатылғанов – 150», «Бей­бітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық бірлестігінің «Ел ардақтысы», Қазақ хандығының бас батыры «Текей батыр», Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Үздік түлек», «Қорқыт ата атындағы», Абай атын­дағы ҚазҰПУ-дың «Абай» ме­дальда­рымен, Жамбыл атын­дағы Халықаралық, Түркі Әлемі Ха­лықаралық «Қызыл Алма» сыйлық­тары­мен марапатталған.

Қазір жоғары оқу орындарындағы филология факультеттерінің студент­тері пайдаланып жүрген «Халық ақындары», «Шетел әдебиеті тарихы», «Әдебиет тарихының мәселелері», «Әдебиет тарихы», «Халық ақындары шығармаларындағы әдебиет пен фольклор дәстүрі» сияқты оқулық кітаптары мен монографиялары, екі кітаптан тұратын «Әлем әдебиеті» хрестоматиялық оқу құралы және бес жүзден астам зерттеу мақалалары – ұстазымыздың талмайтын ізденімпаз екенінің айқын дәлелі.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, 

республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<