Ұстазға құрмет

566

0

Облыс орталығында «SAMBOB» атты ІТ қызмет көрсету орталығы бар. Атауы өзгеше. Жуырда себебін білудің сәті түсті, «SAMBOB» сыныптас алты дос есімінің алғашқы әріптерінен құралған екен. Директоры Сәкеннің айтуынша, олардың үшеуі осы орталықта қызмет атқарады. Сыныптас­тар сыйлас болғанмен, бұлай өмірлік мақсаттарын біріктіре қоюы сирек кездеседі. Айтуларынша, бағыт-бағдар беріп, достықты бағалай білуге әсер еткен тұлға бар. Ол – сынып жетекшілері Жұмаш Балғожаева.
Қаладағы №222 Т.Рыс­құлов атындағы қазақ орта мектебінде 29 жыл қызмет атқарған Жұмаш апайдың кәсіби біліктілігі мен бала тәрбиелеудегі техникасы, ұстанымы ерекше болды. Ашық сабақ, тәрбие сағатына басқа мектептен қатысуға келген мұғалімдердің «сыныпқа тек үздік оқушы іріктелген бе?» деп таңданатыны да қалыпты жағдай еді.
– Егер сыныпта еден бүлініп, шкафтың суырмасы сынса, сол тұсқа жиі қара­ғыштағаным болмаса, оқушыларға ескертіп айтпайтынмын. Көзқарасымнан-ақ ұғып, ұйымшылдықпен жөндеп қоятын. «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интел­лек­туал­дық сайысын ұйым­дас­тыр­ға­нымызда оқушы­лардың бірі үйінен 24 ваттық лампа, бірі аккумулятор әкеліп, теле­дидардағыдай аудитория жа­са­ғаны ерекше есте қа­лып­ты. Олардың ісімен қатар, сөзінің де тиянақты болуына ерекше ден қойдым. Көп емес, дөп сөйле дейтінмін. «Және» сынды шылауларды көп қолданып сөйлесе, бағасын төмендететінім де бар еді, – дейді ардагер-ұстаз.
Түйсікпен түсініп, көз­қараспен ұқтыру мұғалімнің емес, тек ұстаздың қолынан келсе керек. Ықылас текке кетпеді. Оқушыларының ішінде Жұмаш апайдың бас­тауы­мен белгілі тұлғалардың өмірін зерттейтін жобада алғаш болып Шоқан өміріне ден қойған Дәурен Омаров аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы атанды. Қазір облыстық «Қызылорда-ньюс» интернет газетін басқарып отыр. Ал өткен жылы тағы бір журналист шәкірті Мақсат Дау­ылбай мектеп басшылығына тосын ұсыныс жасапты. Мек­теп­тің бір сыныбына Жұмаш Балғожаева есімін беруді сұра­ған. Ұстаздың баға­сын шәкірті береді деген осы емес пе? Ұсыныс бірден қолдау тапты. Жыл соңында Жұмаш Балғожаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті сыныбының ашылу салтанатында бірлігі бекем «SAMBOB»-тық шәкірттері Жұмаш апайдан қандай қол­қасы барын сұрапты. Мек­тептің ескіргенін байқаған білікті мұғалім «Елге өнеге болсын. Сендер ел ағасы атанатын жасқа жеттіңдер, сыныпты қайта жөндеп беріңдер. Балалар әдемі, таза жерде білім алсын» деген ой айтыпты. Ұстаз сөзі екі қайталанушы ма еді, түлектер бір қолдың саласындай бірігіп, жұмысты бастап кетеді.
Ал биылғы оқу жылын 8-сынып оқушылары ардагер-ұстаз атындағы жаңартылған сыныпта бастады. Сәнді сынып құрмет пен алғыстың нышаны секілді. Ал Жұмаш апайдың жүзінен риза көңілдің толқынысын байқадық. Мектеп директорының айтуынша, түлектер тартуы оқушыларға үлгі, білім үйіне үлкен материалдық көмегін тигізген. Бұл, әрине, басқа мектептер жалғастыруға тиіс берекелі бас­тама.
Айдана ЖҰМАДИНОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<