Сәулет өнерінің саңлағы еді…

359

0

 Белгілі өнертанушы, Қазақстанға еңбек сіңірген сәулетші, халықаралық Сәулет академиясының академигі Бек Ибраев 72 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол саналы ғұмырында еліміздің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. 

Сәулетшілік – адамзат ғұ­мы­рымен бірге жасасып келе жатқан, тарихы тереңнен тамыр тартатын шоқтығы биік өнер. Ол өткеніміз бен бүгінімізді байланыстырып, адам­затқа рухани тәрбие сыйлайды. Өйткені заманының баға жетпес байлығы болған Айша бибі, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелері әлі күнге өз биігінен түскен жоқ. Қай кезде де жоғары бағаланатын өнердің тізгінін ұстау екінің біріне бұйыра бермейді. Оған туындысымен халықтың эстетикалық талғамына жауап бере алатын жандар ғана лайық. Бек Әнуарбекұлы елімізде осынау бекзат өнердің өрістеуіне, талғамды саланың дамуына атсалысты. Оның қия­лынан туған Шоқан Уәлиханов­тың, Абай мен Шәкәрімнің, Қорқыт атаның мемориалдық кешендері, Қабанбай, Райымбек батырлардың кесенелері бүгінде қазақ сәулет өнерінің айрықша үлгілеріне айналды.

Б.Ибраевтың қолтаңбасы қалған Қармақшыдағы Қорқыт ата мемориалды кешені қобыз бейнесіндегі стела, амфитеатр, мұражай және қылует нысандарының үйлесім табуымен архитектурасы анадайдан көз тартады. 2014 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы ­Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсыр­масымен Бек Әнуарбекұлы кешенді қайта жаңғырту жобасын асқан шеберлікпен жүзеге асырды. Қазіргі күні жаңғыр­тылған баба кесенесін көру үшін әлемнің әр түкпірінен келетіндердің қарасы қалың.

Ол еңбек жолын Қазақ техникалық университетінде оқытушы ретінде бастап, кейін Ұлттық Ғылым академия­сының, Әдебиет және өнер инс­титутының ғылыми қызметкері, Қ.Сәтбаев атындағы қазақ техникалық университетінің оқытушысы болып еңбек етті. Қандай қызмет атқарса да адамгершіліктен айныған жоқ, қарапайым қалпын сақтай білді. Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қайырбай Зәкіров өмірдегі үзеңгілесі, өнердегі әріптесі туралы «мамандығының майталманы, ой-өресі биік, өте білімді жан» деген пікір білдірді.

– Сәулет өнерімен қатар, ­тарих, философия салаларынан да білетіні көп еді. Әсіресе, дуалы ауыз ақсақалдардың айтқанын, ел ішіндегі ерекше құбылыстарды қағазға түсіріп, оны оқырманмен бөлісуге асы­ғатын. 1987 жылы Мәскеу­де сурет көрмесін өткізіп, әйгілі ғалым Лев Гумилевтің үйінде болғанымызда ол Бәкеңді өз баласындай кө­ретінін айтқан еді. Уақыт өте келе Бек Әнуарбекұлы бүкіл елдің мақтан тұтар ұлына айналды. Оның жарқын бейнесі мен ұлт өнеріне сіңірген еңбегі халық жадында сақталатынына сенімдімін, – дейді суретші.

Табиғаттан дарыған дарыны мен білімін туған елінің игілігіне жұмсаған талант иесінің есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Қазақтың сәулет өнеріне қосқан қомақты үлесі сан ғасырлар бойы ұрпақ игілігіне жарайтыны сөзсіз.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<