Сыйластық тіні

1002

0

Сырдың төменгі ағысы – ән мен жырдың ордасы, қара сөздің қордасы болған мекен. Осы жерде ғұмыр кешкен небір ділмар  шешендер, таңды таңға қосқан жыраулар, қол бастаған батырлар, ел бастаған көсемдер еске түскенде түпсанаңды дүр сілкінтері анық. Жөнелдік ұлы Ешнияз сал (1834-1902) туралы көп жазылмаса да, танымалдығы басым тұлға.

Қазақтағы екі салдың бірі – осы Ешнияз бабамыз. Сал деген – екінің біріне телінбейтін, екінің бірі көтеріп те жүре алмайтын салмағы қорғасындай атау. Кеңес одағы кезіндегі өнертанушылардың сөзінше: «Салдар – сал ауру болған адам секілді аттан құлап, қозғалмай жатады. Оларды қыздар көтеріп ауылға алып келеді» деген анықтама береді. Бұл мүлде дұрыс анықтауыш емес. Сал да, сері де – бұрынырақта  тірі жанға бағынбаған, бойында өнері бар әскери ұйымның өкілі.  Ханның да, қараның да алдына қару асынып кіретін артықшылықтары жай адамнан ерекшелеп тұрған. Бұл туралы ұзақ әңгімені осымен доғара тұрып, Ешнияз салға ­ауы­сайын.

Ешнияз сал – осы ұйымның соңғы өкілдерінің бірі. Батырлығы мен палуандығы, ақындығы мен жыршылығы, әншілігі мен мергендігі бір басынан табылатын, аса талант иесі. Сондықтан да түгел Сыр сүлейлері өздеріне ұстаз санаған.  Күй атасы Құрманғазымен дос болған. Ақжайықтың жағасын он төрт жасынан бастап аралап «Қыз Жібек пен Төлеген» жырын жырлаған деген деректер бар. Сол кезде тоқсаннан асқан Жібекпен кездескендігі туралы да ел аузында аңызға бергісіз әңгімелер жетерлік. Кейіннен шау тартып, жасы келгеннен кейін елде болыстық қызмет атқарған. Бойындағы үлкен өнер баласы Жүсіпке (Кете Жүсіп 1871-1937) одан Мүсілім мен Мұзарапқа дарыған. Мүсілім жастау кезінде көз тиіп қайтыс болады. Қариялар Мүсілімнің ерекше дауысы жайлы тамсана айтатын. Мұзараптан Сабыт туып, тамақтан қалғанша Нартай Бекежановтың өнер бригадасында өнерпаз болған. Өкінішке орай, Сабыт әкемізден кейін текті өнердің тіні тарқап, арқауы сетінеп тұр. Сабыттың баласы 1966 жылы туған  Ғабит өнерге жақын болмаса да, өмірден өтем дегенше  атадан келе жатқан палуандықтан ешкімге есе жібермеді.

Тамырыңды бүлкілдетіп ағып жатқан қанның қасиеті ата-бабадан бастау аларын ұмытпауымыз керек. Өнерпазға ел басқарған тұлғалар қолынан келген көмегін беру – сонау ерте замандардан бері қалып­тасқан үрдіс. Ешнияз салға да сол замандардағы айтулы билерден елеулі көмек болып тұрған.

Баба қазақ «Құдай малдан кенде қылсаң да, ақылдан кенде қылма» деп, рухани толымдылыққа көп көңіл бөлген. «Халықтық өнерге халықтық көзқарас» ұстанымы көшпелі мәдениеттің көркем үлгісіне айналған. Сонда өнер иелерінің несібесі халықтың үстінде болғанын байқайсың. Ел ішіндегі көнекөз қариялардың айтуынша, Ешнияз салдың өнерге ден қойып, елдің еркесі болып, текті өнерді төске баспай төрге оздыруына ықпал  еткен Шынарбай Ердесұлы (1818-1885) секілді ел ағалары болған. Ақтайлақтағы атақонысты қыстап, Қарақұмды жайлап, көшпелі мәде­ниеттің көркем үлгісін жасаған, осы бабаларымыз еді. Кезінде соңынан ерген елді «Жақсылық құдықтан қауғамен су тартқандай, жамандық сол суды ақтарып төге салғандай. Жақсылықтың адымы алшақ, барар жері ұзақ, жамандықтың адымы қысқа барар жері жоқ» деп тәрбиелеген Шынарбай бабамыздың атамұра – өнерге қамқорлығы да орасан болған. Ел арасындағы жиын-тойдың бірінде бала Ешнияз жыр айтып, қаумалаған халыққа таңдай қақтырады. Алқалай отырған көпшілік «Бұл қай бала? Ойпырмай таңдайы тақылдап тұр екен» деп таңданыс білдіріп жатады. Тыңдарман көптің арасында отырған Шынарбай би: «Ағайын, бұл Жөнелдік баласы Ешнияз ініміз болады. Ортамыздағы алғашқы қарымды қадамына құт тілейік! Құдай тіл-сұқтан аман қылсын! Болашақта біз көрмейтін дәуірлерге біздің атымызды жеткеретін осы Ешнияз болады, Алла талабын оңғарсын!

Батамен томағаңды

ағытқасын,

Дауысың қыран құстай

қалықтасын!

Абыройың асқақтап,

ел ішінде

Ән-жырың таппай тыным

шалықтасын!» –

деп батасын береді. Шынарбай бабамыз сол кездегі алдыңғы толқын ағалары Бекмырза (шамамен 1806-1880), Бекет (шамамен 1800-1887) билерге апарып, Ешнияздың өнерін тыңдатады. Міне,  осы мәжіліс­тен кейін Жөнелдікұлы Ешнияз­ды  әрі іні, әрі дос қылып, кейіннен болыс болуына да ықпал еткен. Аға мен інінің арасындағы осындай сыйластық еліміздің ертеңі, жеткіншек жастарға үлгі болып, ұлт тұтастығына қызмет  ете береді. Қазақтың біртуар жырауы Балқы Базар:

«Сағымның жəуһарланған

елесіндей,

Зəулімнің асқар биік

белесіндей,

Алдыңда ағаң барда,

арманың жоқ,

Бұлт аспас бейне таудың

төбесіндей.

Сыпаның сырттан тиер

қамқоры көп,

Нуһының топандағы

кемесіндей.

Кəдірлеп кəрияңды

құрмет тұтын,

Мысалы, тал жібектің

көнесіндей», –

деп ұрпақтар сабақтастығынан туындайтын үлкен дәстүрді дәріптейді.

Мемлекет басшысы  ­Қ.То­қаев­тың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда ­саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет» дейді.

Сананы жаңғырту – генетикалық жадты ояту деген сөз. Ол үшін бабалар тарихы үлкен маңыз­ға ие. Президент бұл туралы: «Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» деп тұжырымдайды. Біздің бұл сөзге алып-қосарымыз жоқ. Тарихыңды біліп,  танымыңды арттырып, тамырыңды сезіну – әрбірімізге азаматтық парыз!

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,

жыршы, ҚР мәдениет

қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<