Жақыпбек батыр: ерлік іздері және тың ізденістер

1300

0

Бұл мақала Кеңес Одағының батыры Жақыпбек Махамбетовтың майдан даласындағы ерлік іздеріне арналады. 

Жақыпбек Махамбетов (1912-1981) 5 наурыз күні Қызылорда облысы Сырдария ауданының № 9 ауылында дүниеге келген. Сырдария аудандық Әскери комиссариаты 1942 жылы Қызыл Армия қатарына қабылдаған. Кейбір мәліметтерде 1943 жылы Қызыл армияға қабылданған, Далалық майданда әскери қызмет жасады деген қате мәлімет жазылған. Ол Воронеж майданының 52-армиясының 254-ші атқыштар дивизиясының 933-ші атқыштар полкының пулеметшісі болатын және түрлі әскери операциялар аясында ұрыстарға қатысты. Бұдан әрі батырдың тағдырына қатысты мәліметтер ҚР Орталық мемлекеттік архиві және РФ ҚМ Орталық  архиві қорындағы жоғарыда аталған дивизия мен полкке қатысты бұрын құпия болып келген архив құжаттары негізінде Жақыпбек батырдың ерлік іздеріне түсіп көрелік. Батырдың жеке қорында Әскери комиссариат ресімдеген Марапат қағазындағы мәлімет бойынша батырдың аты-жөні: Махамбет Жабек. Аға сержант. Ұлты – қазақ. БК(б)П мүшесі, Білімі – 6 кл. Кеңес Одағының Батыры атағын алғаннан кейін 1944 жылы 20 маусымда кіші лейтенанттар даярлайтын курсқа жіберіліп, оны аяқтайды. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің және «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылдың 22 ақпанындағы Жарғысымен Жақыпбек Махамбетовке жоғарғы мемлекеттік – Кеңес Одағының батыры атағы беріліп, оған қоса «Ленин ордені» және «Қызыл Жұлдыз» медалімен марапатталды.

Құжаттар тапшылығынан батырдың майдан даласындағы орны, шайқасқа түскен орны, әскери қозғалыстар бағыты белгісіз болып келді. Расында ешкім батыр болып дүниеге келмейді. Соғыс тарихындағы батырларымыздың тағдыры мен олардың жүріп өткен іздерін толыққанды зерделеу парызымыз екенін ұғынамыз. Алайда тарихи деректердің қолжетімсіздігі кедергі келтіреді. Екінші дүниежүзілік соғысы тарихына қатысты мұрағаттық деректердің басым көпшілігі, оның ішінде ұлттық әскери құрамаларға қатысты құжаттар әлі де 2045 жылға дейін «құпия» грифте тұр. Бұған қарамастан ізденіс жұмыстары жүргізіле берілетіні сөзсіз. Бұл күнделікті ақпарат, баспасөз беттері мен ғылыми зерттеу жұмыстарынан көрініс беруде. Сыр бойында жарық дүние есігін ашқан Жақыпбек, жетімдіктің дәмін татып, соғысқа дейін он алты жыл темір тұлпар – трактордың тізгінін ұстаған қарапайым жігіт ағасы 30 жасында өз еркімен сұранып, майдан даласына аттанған-ды. Ол нағыз сарбаз, елін сүйген ер болатын. Өзінің майдан даласынан жолдаған хатында ел-жұртына былайша уәде береді: «Менің көзім көріп, аяқ қолым сау тұрғанда, соңғы дұшпан жойылғанша ұрыс даласын тастамауға ант етемін». Ол уәдесінде тұрды.

        Жақыпбек 1944 жылдың өзінде майдандас достары мен әскери басшылық тарапынан «Батыр» атағына қоса, «Ұлы Дала ұлы» ретінде мойындалған болатын. Қазақ батырлары қатарында екінші дүниежүзілік соғыста стратегиялық маңызға ие болған – Днепр үшін шайқаста ерлік көрсетті. Алайда ол опрациялардың маңызы мен қатері қарапайым жауынгерлер ғана емес, дивизия қолбасшылығына да белгісіз болатын. Осылайша, әскери операциялардың мақсаты мен барысы тек Жоғарғы Ставка және армия қолбасшыларына мәлім әрі «құпия» ұсталды.

         Жақыпбек батырдың әскери қызмет атқарған атқыштар дивизиясы тарихынан: Соғыс тарихында 254-ші атқыштар дивизиясы – Қызыл Тулы Ленин және Суворов, Кутузов, Богдан Хмельницкий орденінің иегері, Черкасскелік дивизиясы деген құрметті атағын қоса алған Қызыл Армияның әскери құрамасы еді. Аталмыш дивизия бес орденмен марапатталған жеті дивизияның бірегейі болатын. Сол сияқты Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар саны бойынша да дивизия бірінші орын алды. Бұл – дивизия жауынгерлерінің жанқиярлықпен шайқасқанын көрсетсе керек. Жақыпбек Махамбетов 1942-1943 жылдардағы ұрыстарда ерекше жауынгерлік ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз ордені және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 254-ші атқыштар дивизиясы (бұдан әрі -АД) Қызыл Армия құрамында 1941 жылдың 5 шілдесінен 1945 жылдың 15 мамыры аралығында әскери іс-қимылда болды. Дивизияның 933-ші атқыштар полкы құрамында Днепр үшін шайқаста көрсеткен ерлігімен көзге түскендер арасында кіші сержант Жақыпбек Махамбетовты қосқанда он екі жауынгер, КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының 1944 жылдың 22 ақпанындағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағын алғаны мәлім болды. Жақыпбек Махамбетов қазақ батырларының ерлік рухын Днепр үшін шайқаста тағы бір рет жаңғыртты. 

ОТАНЫНЫҢ АДАЛ ҰЛЫ

         Күн жайнаған Қазақстанның Ұлы дала ұлы – Жақыпбек Махамбетов соғыс басталысымен майдан даласында болды. Әскери өмірінің алғашқы күнінен-ақ өзінің Отан-анаға шексіз адалдығын, оған деген терең де ыстық махаббатын көсетті. Әрбір ұрыста өзінің өзгеше  қайсарлығы мен ержүректілігін көрсете білді. Айбынды ерлігі мен батылдығы үшін Жақыпбек Махамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол үш орденмен марапатталған. Біздің бүкіл халқымыз Жақыпбек Махамбетовтей ержүрек патриотымызбен мақтануға құқысы бар. Біздің бөлімнің жеке құрамы толықтай Жақыпбектей көзсіз батырды тәрбиелеген ата-анасына шын жүректен рақымет айтады және таза жауынгерлік жүрекпен ризашылық білдіреді. Сол сияқты біз Қызылорда облысының бүкіл еңбекшілеріне майдан даласында жүрген бізге хат жолдауларыңызды өтінеміз, сіздердің хаттарыңыз тағы да жауынгерлік ерлік жасау үшін бізді шабыттандыратын болады.

         Саяси бөлім бастығының орынбасары, капитан                  Г. Дектярев

          Әскери пошта  72428 –х.

2213- Жауынгерлер пулеметпен нысаналап атуда. Екпінді армия (1942-1943жж.).

ДНЕПР ҮШІН ШАЙҚАС

            Курск шайқасынан кейін қарсыластар кеңес әскерін жеңудің күрделілігін ішкі түйсіктері арқылы сезінгенмен, өздерінің майдан шебіне одан әрі қорғаныс жасай, тактикалық жағынан басымдылық бере нәтижеге жеткісі келді. 1943 жылдың тамызы мен желтоқсаны аралығында Жоғарғы Бас қолбасшылық Ставкасы басшылығымен кеңес әскері Украинаның сол жағалауын, Донбассты азат етіп, Днепрдің оң жағалауына өту мақсатында, бірнеше бағытта біртұтас қорғаныс және қарсы шабуыл операцияларын жүргізді. 

       Дұшпан әскерлері шегінген күннің өзінде бұрынғы орналасқан қалалары мен бекінген бекініс биіктіктеріне гарнизон әскерін қалдырып отырды, кеңес әскері кірген сәтте-ақ тиісінше олар кедергі келтірді, кеңес әскерлерінің алға жылдам жылжуларына мүмкіндік бермеді. Осылайша қыркүйек айының басына дейін итжығыс тұрғыда қос тарапты ұрыстар жүргізілді. 1943 жылдың мамыр айының соңында Қызыл Армия әскерінің 52-ші армияның 254-ші дивизиясы Воронеж түбіндегі темір жол бойына орналастырылды. 1943 жылдың 5 маусымына қарай 254-ші дивизия құрамы толықтырылып, Төменгі Ведуги ауданында жинақталды және оқу-жаттығу жүргізілді. 1943 жылдың 3 тамызы күні Воронеж майданы Далалық майдан әскерімен бірігіп, белгород-харьков бағытында қарсы шабуыл жасауға көшеді. 5 тамызда 69-шы және 7-ші гвардиялық армиялардың құрамалары Белгородты алады. 1943 жылдың тамыз айының ортасында Днепр үшін шайқас басталды. 

        1943 жылдың 9 кыркүйегінде шайқас барысында жылдам әрі табанды түрде су кедергілерінен өту туындайтынын және оны бағындырып ерекше көзге түскендерге Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы ЖБҚ Ставкасының Директивасы шығады. Кеңес әскері  дұшпан қорғанысын жедел түрде бұзып өтеді және осы сәтте қарсыластардың Киев және Донбасс бағытында қорғаныссыз екі шебі пайда болады. 15 қыркүйек күні неміс қолбасшылығы Днепрден шегінуге бұйрық бергенімен, ол жерге кеңес – герман майдан шегінің солтүстігі мен орталық бөлігінің әскери күштері, сол сияқты Батыс Еуропадан дивизиялар келе бастады.

52-армия әскерінің орналасуы. Днепрден өту мақсатындағы қарсы шабуыл операциялары. 

        1943 жылдың  16 кыркүйегінде 254-ші дивизия әскері Псел өзенінен өтеді де 17-18 қыркүйегі аралығында Сорочинца және Миргород қалаларын азат етуге қатысады, 20 қыркүйекте Великий Богачканы алады, бұдан кейін қарқынды жылдамдықпен жүре отырып, дивизия Золотоноша қаласын азат етуге қатысады, 26 қыркүйекке қарай Бубновская Слободка, Домантово ауданында Днепр жағалауына шығады. Нәтижесінде, кеңес әскерінің Чернигов-Припятск операциясы барысында 21 қыркүйекте Чернигов азат етілді.

        1943 жылдың 16-17 қазаны аралығында 254-ші дивизиясы қолбасшылығы алдына қойылған міндет:  Днепр өзенінің батыс жағалауындағы плацдарм шегін кеңейту, Крещатик, Крещатик хуторын азат ету үшін шешуші қарсы шабуыл жасау және сол жерде бекініс құру еді. Қарсылас дұшпан әскери қолбасшылығы болса, өздерінің орналасқан әскери шебін табанды түрде қорғау болатын. 

       254-ші дивизия әскері 1943 жылдың қазан айында толықтай  Каневск плацдармында ең ауыр қорғаныс ұрыстарын жүргізеді, тек 17 қазанда ғана дұшпан әскеріне қарсы шабуылға көшеді, Крещатик селосын азат етеді.

КРЕЩАТИК ҮШІН ҚАНДЫ ШАЙҚАС

         Крещатик – Украинаның Черкасск облысы Черкасск ауданындағы жау әскері басып алған селоның атауы. 254 – атқыштар дивизиясының 936-шы атқыштар полкының екінші атқыштар бригадасының бір взводы, Оступ көлінің теріскей күншығысындағы қарсыластарды тойтару үшін барлық күшімен солтүстік хутор түбегі мен Плавучий түб. күнбатысындағы Безымянный түбегіне шығады және сонда бекінеді. 1943 жылдың 17 қазаны күні таң ата 254-ші атқыштар дивизиясының плацдарм шегін кеңейту мақсатындағы жүргізілетін әскери қимылын жүргізу үшін және қазанның 16-сынан 17-не қараған түні 933-ші атқыштар полкының өзеннен өтуіне даярлық жасалды. Дивизияның корпус бойынша шығарған Бұйрығына сәйкес шабуылды 16 қазанда 14.00 сағатта бастау талап етілді. Осы бұйрықты орындау барысында 929, 936-шы атқыштар полктары (бұдан әрі -ап) қарсы шабуылға көшті. 16 қазанда түс ауа 929 және 936-шы полктар дұшпанның қарсылығына жолығып оқ жалының ортасында дұшпанның шабуылына қарсы тұрды. Полктар құрамындағы 24 жауынгерінен айырылды және  56 жауынгер жараланды. Алға жылжыды. 16 қазанның 21.00-22.45 сағат аралығында қайық пен арқан арқылы 936 ап-ның 1-ші атқыштар бригадасы толықтай Россь өзені арқылы өтті. Түнгі 2.00 сағатта 2-ші атқыштар бригадасы өтті, оларды байқап қалған дұшпандар 81 мм минометпен жеті рет атқылау жүргізді. Таңғы 4.00 сағатта Крещатиктің күнбатыс бетіне шығып қарсыластарды атқылаған сәтте, тұтқиылдан жасалған шабуылға жау әскерінің есі шығып қару-жарақтары мен техникасын, Крещатикті тастай жөнелді, үйлерге ене ұйықтап жатқан дұшпан солдаттары мен офицерлерін қарулары ұшымен күйреп, атып тастады. Таңғы 5-те бірінші атқыштар бригадасы үлкен шығынмен аймақтың түскей күншығыс бетіне шықты. Крещатикте қалған қарсыластар әскері де естерін жинай, кеңес жауынгерлерін атқылай бастады. Ұрыстың бірнеше ошағы пайда болды.

254 А. Әскери бөлімдерінің орналасуы. 

        Бірнеше сағаттан соң, 17 қазан күні 11.30 сағатта өздерін ретке келтірген қарсыластардың 100-ге жуық адамнан тұратын жаяу әскері 4 танктың қолдауымен 933-шы атқыштар полкының 1-ші батальонын атқылай, оларды Крещатиктің батыс бөлігіне ығыстыра жөнелді. Крещатикті ұстап қалу үшін 1/933 атқыштар полкы танкке қарсы оны жоятын құралдары болмаса да дұшпанға қарсы ұрысқа шықты. Үздіксіз қарсылық жасаған 1/933ап және 2/936 ап-ның батальондары үлкен шығынға ұшырағандықтан, Крещатиктен ығыстырыла бастады. Осы сәтте ұрыс қимылындағы бөлімдердің оң қапталын көлегейлеген 2/933 ап-ы қорғаныс шегін құрды. Дұшпанға қарсы шабуыл нәтижесінде олардың 400-ге жуық солдаттары мен офицерлері өлтірілді және 7 танк, 7 қондырғысы, 6 жүк машинасы, 2 жеңіл машина, 1 мотоцикл жойылды. 1943 жылдың 17 қазаны күні болған ұрыста 254-ші атқыштар дивизиясының 56 жауынгері жан тапсырды, 245 адам жараланды, 20 адам із-түзсіз кеткендер қатарына ілікті. Техникалық шығындары: 164- винтовка, 25-ВПШ, қол пулеметтері – 9, ст. пулемет – 1, ПТР – 1.

        19 қазанда 2/933 атқыштар полкы батальонының оңтүстік қапталы ашық қалады. Әрине осы сәтті пайдаланған қарсыластар оларды қоршап алып, жойып жіберуге әрекет жасайды. Алайда қарсыластар тойтарылып, Россь өзені бойына ығыстырылды. Осылайша 20 қазанның күні мен түні бойы қарсыластардың Россь өзенінің батыс бөлігінде 2/933 ап қалған бөлігін жою мақсатындағы әрекеттері сәтсіздікке ұшырады. Жақыпбек Махамбет те пулеметімен осы қырғын ұрыстың ортасында қазақ батырларының ерлік дәстүрін жалғастырған болатын.

Махамбетов  Жабектің (Жақыпбектің) жауынгерлік ерлігі сипатталған 

Марапаттау парағынан үзінді:

         1943 жылдың 2 қазаны күні  бөлімнің құрамында қарсыластардың қиян-кескі жан-жақтан жауған оқтарына қарсы өзінің пулеметінен нысанаға дөп тигізе оқ жаудырып  тойтарыс бере, дұшпанның бораған оғының астында қаймықпастан 43 фашистің көзін жойып, гранатаны дұшпанның ірі калиберлі зеңбірегіне оның жанындағы солдаттарын қоса нысанайлай тигізіп, Днепрдің оң жағалуына өтті.

         Крещатик деревнясы үшін болған ұрыста 1943 жылдың 17 қазаны күні түнде  ержүрек пулеметші Махамбетов көзсіз батылдығымен қарсыластардың қан-құйлы шабуылына тойтарыс беріп, өзінің пулеметімен қыспаққа алған 44 фашистің көзін жойды және танкке қарсы лақтырылатын гранатамен қарсыластардың  неміс танкісі мен 3 автокөлікті істен шығарды.

      Жау оғының астында Днепр өзенінен жылдамдықпен өтуде және Днепрдің оң жағалауындағы плацдармды алуда көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына лайық.

       29 қазан 1943 ж.

       Полк командирі – Гвардия подполковнигі                                          Чертов

       ҚКБ   Мамандар Бас Басқармасы. 1944 ж. 2-ші Басқарма ісі 3/20.  

           1943 жылдың 6 қарашасынан бастап 254-ші АД Днепрдің шығыс жалауына шықты, Черкас қаласын азат ету үшін 12-нен 13-ші қарашаға қараған түні дивизия алдыңғы қатарлы отрядтармен қайтадан Днепрден өтіп плацдармды иеленді де Черкассаға шабуыл жасай оның күнбатыс қапталынан шығады. 254-ші АД Черкассаның оңтүстік батысындағы 12 шақырымдағы Дубиевк ауданында қорғаныс жасап, қаланың батыс қапталын қорғады.

           1944 жылдың 30 мамыры мен 5 маусымы аралығында дұшпан әскері соққысын тойтарғанмен сәл ығысуларына тура келді, 24 маусым күні армия резервіне өтіп Скулянның шығысындағы Пруттың сол жағалуына барып орналасты. 19 тамызда дивизияның бір бөлігі Пруттың келесі бетіне өтіп, Ясстың теріскей шығысына орналасты. 21 тамыздан бастап дивизия құрамына 18-ші танк корпусы қосылысымен Ясса-Кишинев операциясы бойынша қарқынды ұрысқа қатысады. 1944 жылдың кқыркүйек айының соңында дивизия Владимир-Волынский қаласы аймағына орналастырылып, 22 қазанда Польшаға бағыт алды, 29 қазанда Сандомирдің шығысында 40 шақырым жердегі Ниско қаласының оңтүстігінде жинақталды. 1944 жылдың 23 желтоқсанын бастап дивизия батысқа аттанды да Висла арқылы сандомир плацдармына өтті, 25 желтоқсанның таңында Сташув қаласының оңтүстік қапталына жетті. 

         Қорытынды

         – Кеңес Одағының Батыры Жақыпбек Махамбетов Солтүстік-Батыс майданы, Волхов майданы, ЖБҚ Ставкасы резервінде, Воронеж майданы, 2-ші Украин майданы құрамындағы 52-ші армияның 254-ші атқыштар дивизиясының, 933-ші полкы құрамында пулемет тізгінін ұстап, қиын-кескі ұрыстарға қатысқан.

        – Жақыпбек Махамбетов wikipedia.org.ru/kz-те берілгендей 1943 жылы емес, 1942 жылдан бастап Қызыл Армия қатарында әскери қызмет атқарған. 

         Кеңес Одағының батыры Жақыпбек Махамбетов 1946 жылы әскери қызметінен запасқа жіберіледі. Батыр туған жеріне келіп, бейбіт өмірдің тіршілігіне белсене араласқан, қоғам қайраткері дәрежесіне көтеріледі. Ол 1947 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1955 жылдан бастап Қызылорда қаласында тұрды. Қарапайым еңбек адамынан, яғни трактористен қоғам қайраткеріне дейін көтерілген бірегей тұлға. Бақытты жан. Тағдырдың тауқыметі мен соғыстың отты күндері де адами қасиетті сақтап қалуға оғана ештеңе кедергі болған жоқ. Керісінше, ол жігерлене түсті де, ащы тіршіліктің  тәтті дәмін татты. Асылы мұндай бақыт екінің біріне бұйыра қоймайтын, бұйырса да адамзат дүниесіндегі ар-намыстың туын алып жүре алатын адамға тиесілі болу керек. Батыр 1981 жылы 19 қазан күні пенделік дүниеден озғанмен, оның тарих бетіндегі мәңгілік жасайтын батырлық рухының парақшасы ашылды.

         Ер есімі ел есінің мәңгі жадында қалмақ!

         P.S.: Батырдың ерлік іздеріне қатысы жинақталған материал таяуда ғылыми басылымнан жарық көреді.

Құндызай Мызашқызы ЕРІМБЕТОВА,

ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының

жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<