Сыр елінің «Байжанбаевы»

408

0

 Қаһарланғанда арыстандай ақырып, көңілденгенде күндей шуақ шашатын едің-ау, қайран ағам!

Иә, ол сондай ғажайып жан еді. Шын ашуланатын, шын күліп, шын көңілденетін. Шынайылықтың жарқын көрінісін Алла тағалам Бақтыбай-Бахон бауырыма аста-төк бере салған. Менен бірер жас қана үлкен ағамыз студенттік шағымызда бізден әжептәуір ересек көрінетін. Алғашқы жүздескен жан оның үйім-түйім қабағынан тосырқап, тезірек оның жанынан кетуге тырысатын. Кездес­кенде мен де сондай күйде болдым. 

Қара бұйра шашы кең иығына төгілген еңсегей бойлы ол маған жақтырмағандай көздерінен жылт-жылт ұшқын шаша қарады. Іштей тітіркенсем де сыр бермедім. Осы жерде мына мәселені айта кетейін. Мен әу баста журфактың сырттай бөлімінде оқыдым. Оныншыны бітіре салып сырттайға амал жоқтықтан түссем де, кейін бұл тағдырыма қуандым. Себебі өмір-мұхиттың жал-жал толқындарында «жүзуді» үйрендім, нағыз қиындықтармен бетпе-бет келіп аудандық газетте журналистиканың тәжірибе жүзінде әліппесін меңгердім. Әскерге де барып шынығып, нағыз еркек болдым. Міне, осындай мектептерден өтіп Бақтыбай ағам оқитын күндізгі бөлімге ауыстым. Бақтыбай ағамен таныстырған бөлмелес ағам Ғалым еді.

– Бахон деген курстың арыс­таны осы! Егер жақпасаң, ана қолындағы таяғымен періп жібереді, – деді Ғалағаң әзілдеп. Бахон ағамыз мырс ете күліп, таяғын Ғалағаңа көтере білеп-білеп қойды.

– Ай, арыстаным, әзілдедім ғой. Мына сары бала сенің жерлесің, інің. Танысып қойыңдар!

– Ә-ә, солай де, менің атым Бақтыбай. Қай ауданнансың, бала?

Осылай Бахон ағамен таныс­тым. Сыр елінен болған соң ба, маған іш тартып ағалық қамқорлық жасап, ақылын айтып тұратын. Жүрген кезде ұзын шашы тұлғаланып, шалқақ жүретін. Асыққанда таяғын аннан-мыннан салып аршындай адымдайтын. Қолдары қай­ратты. Сәлемдескенде күректей қолдарымен қысып, мытып жібергенде жаның шығып кете жаздайтын.

Сонау жылдары Арал теңі­зінің суы шалқып жатқанын Бахоннан еститінбіз. Ол кездері бос уақытымызда сыраханаға тартып кететінбіз. Бахонның ауылдан әкелетін қаяз балығының дәмі әлі де таңдайымызда. Сы­ра­ханадағы көршілеріміз біз­ге қызыға қарап қоюшы еді. Жет­пісінші жылы оныншыны бітіріп «Аралтұзда» екі жылдай жұмыс істеген Бахон ағамның дауыс мәнері зор болатын. Ғалағаңның «Арыстаным» деп айтатындайы бар. Кейін университет бітіріп, Қазақ радиосында біраз жыл жұмыс істегенде оны жұрт «Сыр елінің Байжанбаевы» деп атайды екен.

Оның жазуы әдемі де маржандай тізіліп тұратын. Өнерлі еді. Сурет салатын. Шәмшінің әндерін қоңыр дауыспен айт­қанда жаның жадырап рахат­танып қаласың. Әрине, базбі­реулер сияқты байсәубет да­ра­қыланып айта бермейтін. Кө­ңіл­денгенде, шабыттанғанда, кеу-кеулегенде шырқайтын ке­ліп. Университет газетінің мә­кетін сызып, редалқасының мү­шесі болды. Ұрандарды, плакаттарды ерінбей жазып көзге көрінген соң ба, оны Қожакеев көкеміз жақсы көретін.

Өзі туралы, аяғының кеміс­тігі жайлы айтуды аса жақсы көрмейтін. Бір рет қана сыраханада екеуден-екеу отырғанда әңгіменің реті келіп сұрап қал­дым. Алдында ғана арқа-жарқа әңгіме айтып көңілденіп отырған Бахонымыздың қабағы түйіліп, бір нүктеге қадала қа­рап сұлқ отырып қалды. Сәлден соң ғана барып аздап серпілді де:

– Оның несін сұрайсың? Бұл менің өмірлік трагедиям ғой. Ешкімнің басына бермесін. Бес-алты жасымда жабысқан кесел аяғымда қалып қойды. Біреулер айтады: «Көз тиген» дейді. Кішкентайымда тым пысық болыппын…

Бауырмал еді ол. Каникулдан оралғанда анадайдан қолын жайып, жарқылдап, қуана аман­дасатын. Әрқайсымызды кең құ­шағына алып, мейірлене қы­­сатын. Оқу бітірген соң әр­қай­сымыз әр жаққа кеттік. Қызылордаға іссапармен жиі баратынмын. Сол кездері Бақтыбай ағам мені арнайы іздеп тауып алатын.

– Әй, сары бала, үйге жүр. Шәй ішіп кет. Келіп, қонақ болу деген бір ойыңа келмейді ғой өзі, – деп ағалықпен базынасын айтқанда ұялып қалатынмын. Қаншама жылдар өтті, әй, пендеміз ғой. Жерлес болып бір-біріміздің үйімізде қонақ болып көрмеппіз. Ағамыз бұл пәниден өткенде ғана көңіл айтып барып Сұлу жеңешеммен танысып, қыздарын, балаларын көрдім. Жеңешем ақжарқын кісі екен.

Бақтыбай ағамның иман жолына түсіп, намаз оқуына, қажылыққа баруына осы же­ңешемнің ықпалы бар ма деп ойладым. Дегенмен де ағамның осы имани жолға түскеніне қатты қуандым. Қажылыққа барғаны туралы жүрекпен жаз­ған репортажын оқып шықтым. Әдемі жазылыпты. Айтпақшы, біраз жылдардан кейін Бахонды көргенде танымай қалдым. Баяғы арқасын жауып тұрған шаш жоқ. Басының алдыңғы жағы тақырланып, кең маңдайы жарқырап байсалды қартқа айналыпты.

Студенттік шақтың қы­рық жылдығын тойлағанда Бақ­тыбай ағамыз да келді. Басында тақиясы бар салиқалы кейіпте еді. Көп үндей бермейді. Орнымен сөйлейді. Екеуміз қа­тар отырдық мейрамханада. Бая­ғы әдетпен жастық қияңқы шақ­тарын еске түсіргілері кел­ді ме, курстастарымыздың кей­біреулері қиянпұрыстық жа­сағанда әдетте қызулана ор­нынан арыстандай ақырып тұратын ағамыз жымиып қана отырды. Таңданып отырдым. Той, кездесу аяқталғанда ағам­ды таксиге отырғызып жі­бер­дім.

– Қызыма барып, кешке пойызға отырамын, – деді ол менімен қоштасарда.

– Үйге жүрсеңізші. Кім білсін енді кездесеміз бе, бір Алла біледі ғой, – дедім де тілімді тістедім. «Жаманның айтқаны келмейді, сандырақтағаны ке­леді» дегендей менің айтқаным келді. Көп ұзамай ағамыздан айрылдық. Күрсіндік. Көзге жас келді. Құран оқып, бет сипадық. Басқа ештеңе қолдан келмейді. Ағамыздың жатқан жері жайлы, иманы саламат, жаны жәннатта болуын Алла тағалам нәсіп еткей! Әмин!

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ,

ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, 

«Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы.

Алматы қаласы.

Белгілі журналист, қаламгер, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Бақтыбай Смайылұлы Бердібаевтың жылдық асы 2019 жылдың 5-қыркүйегінде сағат 13:00-де «Ақмешіт-Сырдария» меші­ті­нің асханасында беріледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<