Сыр сәйгүлігіне Финляндияда ескерткіш қойылған

2577

0

Бұл хабар жұртшылықты елең еткізген еді. 2021 жылдың тамыз айының ортасында «Хабар 24» телеарнасынан берілген жаңалықтардың бірі: «Финляндияда қазақ сәйгүлігі жұлдызға айналды» деп басталды. Телекөрсетілімде Сыр бойынан шетелге апарылған жүйрік аттың Финляндияда 8 жыл бойы бас бәйгені бермегендігі, мемлекетке 8 млн доллар пайда әкелгендігі баяндалады. «Заслон» атты әлгі тұлпарға Хельсинки қаласы орталығынан ескерткіш қойылғандығы да сонда айтылды.

Әлқисса, 1992 жылы Алматыда Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтті. Сонда Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістігінің көрмесі тамашаланды. Сол көрмеде жер тарпып тұрған Сыр бойының сәйгүлігі Финляндия мемлекетінің Президенті Мауно Койвистоға ұнаған көрінеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келген қонағына құрмет көрсететін дәстүрмен сәйгүлікті көрмеге апарған иелері Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Сейілбек Шаухаманов пен Шиелі ауданының әкімі Жолдасбек Ердешбаевқа: «Мына жүйрікті қонағымызға мінгізсек, қалай қарайсыңдар?!» дейді. Қазақы дәстүрді берік ұстайтын олар келіседі. Осылайша атты ер-тоқымымен Финляндия Президенті Койвистоға сыйға тартады. Бұл оқиға туралы әлгі сәйгүліктің нағыз иесі сол кездегі Шиелі ауданына қарасты Телікөл кеңшарының директоры Нұрбек Есжанов былай әңгімелейді: Сейілбек Шаухаманов Шиелі ауданының бірінші хатшысы кезінде екі мәрте Еңбек Ері, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың 100 жылдығы өтуі қарсаңында кеңшар директорларын арнайы жиып: «Ауданымыз барлық жағынан да озық, ал ат жарысында да бас бәйгені бермеуіміз керек. Жігіттер, намысқа тырысып, бір-бір жүйрікті баптаңдар!» деп тапсырма берген-ді. Осы қайрау түрткі болып бес кеңшардың директоры Сарыағашқа барып ат таңдадық. Ипподромдағы ат бәйгесінде «Анонс» атты арғымақ суырылып алға шықты. Содан Тәшкеннің ипподром директорына жата-жабысып, сатуын өтіндім. Ол, әрине, әуеліде келісі қоймады. «Мінезі шатақ жылқы, көлікке тиеу тіпті қиын» деді. Қайталап барып жүріп, соңында әлгі сәйгүлікті 1 млн сомға сатып алдым. Шиеліге келген соң бірнеше бәйгенің алдын бермеген жүйрік ат менің қолыма осылай түскен еді, – дейді ол.

Финляндия президенті Елбасы сыйға тартқан сәйгүлікті көрме  алаңында олай-былай мініп жүріп тіпті қайран қалады. Жоталы да, сирақты жылқының жүрісі де әсем болса керек. Ал мәртебелі қонақтың жұбайын сол көрмеге апарған фаэтон арбамен серуендеткенде қазақ халқының қонақжай дәстүріне олар риза болысады. Сонымен арада екі ай өткенде Елбасының тапсырмасымен қонаққа сыйланған жылқы арнайы вагонмен Фин еліне жеткізіледі.

– Осы жерде бір кілтипан орын алды, – деп еске алады Нұрбек Есжанов. – «Анонс» аталатын алғашқы жүйріктің сол кезде денсаулығында ептеп кінәрат болды да, оның орнына құлыны «Заслон» атты жүйрікті жібердік. Бұл да күреңқасқа жылқы еді, екеуі ұқсас болатын-ды. Жол бойы аттың жағдайын жасап, күтімін қарау үшін бір мал дәрігері мен жұмысшыны қосып бердік. Олар Телікөл кеңшарының кіші мал дәрігері Қыдырия Күлібаев пен Ленин кеңшарының жұмысшысы Тыныштықбай Сыздықов болатын.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елі атынан Финляндия президентіне сыйға тартқан сол жылқы 8 жыл бойы бас бәйгені бермейді. Кейіннен тұлпарға лайықты құрмет көрсетіліп, Финдердің атақты жылқыларына арналған аллеяға жерленіп, тас мүсіні қойылыпты. Ал арада 29 жыл өткенде, яғни 2021 жылдың жазында ерекше сыйды Фин еліне аман-есен жеткізген Тыныштықбай Сыздықов пен Қыдырия Күлібаевқа  Финляндия мемлекетіне шақыру келді.  Онда қыркүйек айында өтетін Король кубогіне арналған аламан бәйге мен басқа да салтанатты шаралардың құрметті қонағы ретінде қатысулары үшін арнайы шақыру қағазын жолдапты. Алайда, әлемді жайлаған індетке байланысты әлгі іс-шара кейінге қалдырылып, құрметпен шақырылған шиеліліктерге шетелге барудың сәті түспеген көрінеді.

– Сыйға сый демекші Фин президенті атты апарған біздің жігіттер арқылы бір құмыра фин шарабын, әдемі қаламсап пен блокнот және аңшы қанжарын беріп жіберген екен. Сонда Жөкеңе айттым: «Сіз батыр адамсыз ғой, қанжарды өзіңіз алыңыз. Қаламсап пен блокнотты  Сейілбек Шаухаманов ағамызға сыйлайық, өйткені ол кісі жазу-сызуға да бейім. Ал шараптан осы іске араласқан жігіттерге дәм татқызайық деп айттым, – дейді жылқы иесі Нұрбек. Расында, қанжар Жөкеңе ұнады.

Иә, жылқы – еркіндікті сүйетін, таза, кірпияз, судың тазасын ішіп, шөптің құнарлысын ғана жейтін қасиетті, намысшыл жануар. Ал оның қазақ атын әйгілеп, шет елге танытуы тектілігінің және бір көрінісі.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Ақпарат саласының үздігі.

Шиелі ауданы