Сыйластық үлгісі

447

0

Әулетке 2005 жылы келін болып түскеннен бастап мені өз қызындай көріп, жақын тартқан жаннан көз жазып қалу оңай емес. Анамыз ­Қалипа Нұртазаеваның адалдығы, тазалығы, отбасына деген махаббаты мейірімді жүзінен көрініп тұратын еді. 

Өмірін жұбайы мен ұлдарына арнап, олардың барлық жағдайын жасап отыратын. Айша анамыз (р.а) әйелдің мойнында кімнің ең көп ақысы бар екенін сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «күйеуінің» деп жауап беріпті. Сонымен қатар Айша анамыздан (р.а) «Ал ер кісінің мойнынына кімнің ақысы көбірек жүктелген?» – деп сұрағанда «анасының» деп жауап берген екен. Тағы бір хадисінде ата-ананы жаннаттың орта қақпасына теңеген, яғни, ­ата-анасының ризашылығын алған адамға жәннаттың орта қақпасы айқара ашылады. Ал кү­йеуінің жаннатқа кіруін қалаған әйел оның ата-ана ақысын өтеуіне көмектес­кені абзал. Күйеуі отбасының басшысы саналғандықтан әйелі оның әміріне құлақ асуы тиіс. Егер күйеуі әйеліне ­ата-анасына қарайласуды бұйырса, әйелі бұл тапсырманы орындау қажет.

Иә хадистің дәл осы жерінде айтылғандай енем он сегіз жыл бойы күйеуі қалада қызметте жүргенде өзі Жаңақорған ауданының Бөріойнақ қонысында ата-енесінің қолында мал бағысып, сауын сауып, кілем тоқып, үй шаруасының бәрін өзі атқарды. Атам демалыста барып отын-суын тасып беріп жүрген. Міне, осылай енем үлкендерге қалтқысыз еңбек ете жүріп өмірге 5 ұл әкелген. Әулеттің сыйлы келіні болып, барлығының көңілінен шыға білді. Қазіргі таңда ұлдарының бәрі бір-бір шаңырақтың егесі болып отыр.

Ол кісі қарашаңырақта ортаншы ұлы, яғни менің күйеуімнің қалғанын қалады. Мен келін болып түскеннен кейін қайын інім үйленетін болды. Да­йындықпен жүргенімізде, «келген келін қолда отырамын десе де, біздің қолымызда сендер қаласыңдар» деп өз шешімін айтты. Содан кейін тоғыз жыл сол кісінің қолында отырып тәлім-тәрбиесін, батасын, алғысын алып өсіп-өндік.

Енем үй тірлігіне пысық еді. Ол кісінің пісірген барлық тағамы  сондай дәмді болатын. Өзінің бар білгенін маған үйретуден жалықпады. «Ас – адамның арқауы, балам әрбір дайындаған асты шын көңілмен пісіру керек» деп айтатын.

Атам марқұм қатты сыр­қаттанып төсек тартып жатқанда, жанынан бір елі алыстамай, бар жағдайын жасап отыратын. Мен сол кезде ата-енем бір-бірін қатты сыйлайтынын көрдім. Араға екі жыл салып дәл сол атам қайтқан 18-ші қаңтар күні енем де қайтыс болды. Осы уақытқа дейін ол кісіні танитын адамдар еске алып отырады. Өз үлгісімен отбасындағы сыйластықты, түсіністікті көрсетіп кеткен анамыздың өнегесі ұмытылмайды.

Айман Өтегенова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<