Сөз өнерінің шебері

374

0

Кеңестік дәуірде «Батыр болып тумайды» кітабымен қалың оқырманға танылған жерлес жазушы Әлмембет Әлішев биыл өзінің сексенінші көктемін қарсы алып отыр.

Әлмембет Әлішев туған жері мен Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шетел оқырмандарына да танымал жазушы. Ол сондай-ақ жазушылықпен қатар журналистикамен де  айналысып келеді.

Қалың оқырманға Әлмембет ағаның өмірбаянынан қысқаша ғана айтып өту артық болмас. 1939 жылы 14 сәуірде Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, «Сағындық» ауылында дүниеге келген. Өлең, әңгіме, очерктерімен 1957 жылдан бері баспасөзде көріне бастаған талапты жас 1966 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журнилистика факультетін бітірді. Ал 1969 жылы «Үрмәш Түктібаев», 1970 жылы «Батыр болып тумайды», 1975 жылы «Ат тұяғын тай басар», 1981 жылы «Бәйтеректің бұтағы» повестері жарық көрді. Кеңес Одағының Батыры Үрмәш Түктібаев өмірі мен ерлігі туралы жазылған «Батыр болып тумайды» повесі «PAR VARONIEM NEPIEDZIMST» атымен Латвияда жарық көрді.

Жазушының жастарға отансүйгіштік, патриоттық тәрбие берудегі еңбегі зор. Кейінгі жылдары жазылған «Иірім» романы мен «Ой орамдары» әдеби философиялық толғаулары, эсселері, очерктері мен публицистикасы еліміздің  еркіндігі мен елдігін, татулығы мен бірлігін еркін суреттейді.

Әлмембет аға басқарып отырған «Тұран Қазалы» газеті – журналистер мен жазушылардың алғашқы ұшқан ұясы. Газет редакциясында еңбек еткен қаншама журналист бүгінді күні еліміздің түкпір-түкпірінде осы саланың майталманы атанып жүр. Мұнда да ағамыздың ұстаздық, тәлімгерлік еңбегі зор.

Ә.Әлішевтің шығармашылық шеберлігі туралы кезінде Дүкенбай Досжан, Қуаныш Жиенбай қалам тербесе, мен ағаның журналистика саласындағы қырларына тоқталамын. Мен он бес жылға жуық аймақтық «Тұран Қазалы» газетінің қоғамдық негіздегі тілшісі болдым. Әлмембет Әлішовты ұстазым деп санаймын. Редакцияға келіп түскен мыңдаған хаттар мен оқырмандарға уақыт бөліп, өзінің іс-тәжірибесін насихаттауда ұстазымның қарымды қаламгер, жазушы, журналистика саласының маманы екендігін көрсетеді.

Әлмембет Әлішев 1974 жылдан КСРО және Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі. 1962 жылы Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің грамотасымен, 1970 жылы В.И.Лениннің 100 жылдығы мерекелік медалімен, 1982 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 1998 жылы Елбасы Жарлығымен «Астана» медалін, 2008 жылы ҚР Құрмет грамотасын алды. Екі мәрте Қызылорда облысының Құрмет грамотасы және  2007 жылы Елбасының алғыс хатына ие болды. Облыс әкімінің 1998, 2008 жылдардағы стипендиаты, Лев Толстой медалінің иегері. Қазақстанның құрметті журналисті, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы.

Кезінде ұлы жазушы Ғабит Мүсірепов Әлмембет Әлішевтің шығармашылығын лайықты бағалаған болатын. Ағамыз жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге айрықша мән берген азамат. Ол өзінің туған жерінен табан аудармастан, өз еліне тер төккен  адал перзент.

Мерейтойыңыз құтты болсын, аға!

Шәрбану БАЕКЕЕВА, 

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<