Таңдаулы тарихшы

419

0

  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» – деп, XXI ғасырдағы білімнің алатын орнына айрықша тоқталған болатын.
Өйткені, білім беру саласы елдің бәсекеге қабілеттілігін қам­тамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – халқымыздың қашаннан қа­нын­да бар қасиет. Бабаларымыз сонау бағзы замандардың өзінде «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаған. Білімді жас ұрпақтың бойында ұлттық рух болуы қажет.
Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихи сананы жаңғырту мақса­тында бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өрке­ние­ті жөніндегі көптеген деректі құ­жаттарды әлем архив­те­рінен тауып, зерттеуге және өз тари­хымызға деген мақ­та­ныш сезімін ұялатып, жастарға отаншылдық тәрбие беру үшін мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану му­зейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құ­рудың маңызды екенін баса айтқан.
Осы бастама жайлы ойлағанда есімізге сонау 1960-жылдардың өзінде алғашқылардың бірі болып туған өлкенің тарихын оқу­шылармен бірлесе зерттеу жұ­мысын қолға алған КСРО білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз, тарих пәнінің мұғалімі Сәден Нұртаев түседі.
Сәден ағамыз жастайынан туған өлке мен туған ауыл та­ри­хына қанығып, өңірден шыққан би-шешендер, ақын-жырау­ларға қатысты әң­гіме, тол­ғау-қиссаларды құла­­ғы­на құй­ып, дастан-жыр­ларды жады­на  жаттап өседі. Онжыл­дық мектепті бітір­геннен кей­ін Қы­зылорда қаласын­дағы Н.Гоголь атындағы педагоги­калық институтты  аяқ­тап, Ақ­төбе, Ақжар және Жа­ңақала ауыл­дарындағы мектептерде тарих және қоғамтану пәндерінен дәріс береді. Сабақ өту барысында кітапта жазылған жалаң оқиғаларды сол қалпында баяндай салмай, әрбір тарихи оқи­ғаны өмірмен тікелей байланыс­тыра түсіндіріп, оның өмірде қолданылуы жағына басты назар аударады. Бұл қазіргі уақытта білім жүйесінде күн тәртібінен түспей тұрған оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың нақ өзі емес пе? Сол кезеңде КСРО Білім ағарту министрлігі тарапынан дәрістерді арнайы кабинеттер­де оқыту бағдарламасы қабылда­нып, республиканың барлық орта мектептерінде кабинеттік оқыту жүйесі кеңінен қолданысқа ене бастайды.
Осы бағдарламаның мақса­тын алғашқылардың бірі болып түсі­ніп, оны іске асырып, өзінің тә­жірибесін баршаға таратқан Қар­мақшының қиян шеттегі құмдағы ауылы «Жаңақала» сов­хозындағы №185 мектептің мұғалімі Сәден Нұртаев болды.
Сәден Нұртайұлы кабинеттік оқу жүйесі жөніндегі іс-тәжі­рибесін көрсетуде алдымен ауданнан, сосын облыстан, одан кейін республикадан 1-орын иеленіп, 1971 жылдың 23 шіл­десінде I жалпыодақтық «Үздік оқу әдістемесі және оқу құралы» сайысында жеңіп шығып, КСРО Білім ағарту министрлігі жанындағы қазылар алқасының шешімімен Құрмет грамотасына ие болады. Республиканың Орталық партия комитеті де ұлағатты ұстазды одақтық білім сайысындағы үздік жетістігіне байланысты марапаттайды. Сә­ден Нұртаевтың кабинеттік жүйе және оның тиімділігіне  арналған мақаласы 3 миллион тиражбен Мәскеуден шығатын одақтық «Наука и жизнь» журналында жа­рияланады.
Мамандығын шын сүйген ұстаздың басшылығымен мектеп жанынан музей жасалып, оған жәдігерлер жинақтауға мек­тептің барлық оқушылары бел­сене кіріседі. Сәден ағайдың оқушылары сол маңдағы «Сыр­лытам», «Ақмырза», «Қанды­арал», «Қарақ», «Қосқала», «Құм­қала» сияқты тарихи орын­дарға кәсіби археологтарша қаз­ба жұмыстарын жүргізген. Көп­теген көне тұрмыс заттарын, қа­ру-жарақ, қақпан, қайрақ, бүтін қыш ыдыстар мен оның сы­нықтары, ою-өрнектері бар бұйымдар тауып, мектептегі тарих музейіне тапсырып отырған. Жаңашыл мұғалім құрған маз­мұнды музей қызметімен танысу мақсатында облысқа келген республика партия және білім  саласы басшылары құм ішіндегі ауылға жиі соғып тұрыпты.
Ол кездері партия және үкімет тарапынан білім саласына қалай көңіл бөлініп отырғанын мына фактіден көруге болады. Сәден Нұртайұлын 1965 жылы осы Ақжар ауылындағы №28 мектепке директор етіп тағайындарда Қармақшы аудандық партия комитетінің хатшысы А.Жан­пейісов пен облыстық білім ағар­ту басқармасының басшысы У.Төралиев арнайы ұсыныс жасап, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Ықсанов қаулыға қол қояды. Ағамыз бұл мектепті 1970 жылға дейін табысты басқарды.
Сол жылдардың өзінде ұла­ғатты ұстаз Сәден Нұртайұлы шәкірттерін ұлттық тамырдан ажырамауға, туған жердің тарихына асқан ынтызарлық және ыждағаттылықпен қарауға, ұлт­тық құндылықтарымызды ұлық­тауға тәрбиеледі.
Жалпы «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ Басқарма басшылығымен барлық филиалдарда еліміздің білім беру саласында табысты еңбек еткен ардагер ұстаздарды ұлықтау жұмыстары жақсы жолға қойылған.
Осы мақсатта 2018 жылы мамыр айында «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» ак­ционерлік қоғамының филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық кадр­лардың біліктілігін артты­ру инс­титутының ұйымдасты­руы­мен Қазақстан тарихы пәнінен 9-10 сынып оқушылары арасында Қармақшы ауданы Ақжар ауылындағы №28 орта мектепте КСРО білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев атында Сыр өңіріндегі цифрлық форматтағы алғашқы облыстық олимпиада өткізілді.
Асыл азаматтың ұрпақтары атынан баласы Рзақұл Нұртаев соңғы үлгідегі оқу құралдарымен және интерактивті тақтамен жаб­дықталған тарих кабинетін ашып, мектеп ұжымына Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын жә­не түрлі бағыттағы кітаптар табыс етіп, оқушыларға білім көшінің алдыңғы қатарында болуларын тіледі.  
Облыстық олимпиаданың І кезеңінде қатысушылар AC­TIVote құрылғысы арқылы бе­ріл­ген тест сұрақтарына же­лісіз радиопульттің батырма­сын ба­су әдісімен жауап беру­ге мүм­кіндік алды. Тест қоры­тын­ды­сы экран бетіне автоматты түрде шығарылып, олимпиада ережесіне сәйкес жоғары балл жинаған 16 оқушы (әр сыныптан 8 оқушыдан) ақтық сынға жолдама алды. II кезеңде қатысушылар Power Point бағ­дарламасында жасалған дең­гейлік тапсырмаларға жауап беру арқылы ұпай жинақтады. Ұпай қорытындысы бойынша олимпиада жеңімпаздары анықталды. Айта кететін жайт, екінші кезең 100-ден астам жанкүйерге толы мектептің акт залында өткізілді.
Жеңімпаздар мен жүлде­гер­лер дипломдармен, қаржылай сый­ақымен марапатталды. Со­ны­мен қатар, облыстық олим­пиадаға қатысушылардың бар­лы­ғына және оқушылардың жетекшілеріне қаржылай сыйақы мен Алғыс хаттар табыс етілді.
2019 жылдың 3 мамырында Ақжар ауылындағы №28 мектеп базасында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша ПҚ БАИ институты ұйымдастыруымен Қа­зақ­стан тарихы пәнінен 9-10 сы­нып оқушылары арасында ұла­ғатты ұстаз Сәден Нұртаев атындағы цифрлық форматтағы республикалық олимпиада өт­кі­зілмекші. Оған Қызылорда об­лысы оқушыларымен қатар Жам­был, Түркістан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыс­тары мен Шымкент қаласының үздік оқушылары қатысады деп күтілуде.
Сыр бойына республиканың түкпір-түкпірінен келген оқу­шылар ұлағатты ұстаз С.Нұр­таев­тың өмір жолына қанық болып, тағылымы мол тарихшының тәлімге толы тағдырында жүр­гізген ғылыми зерттеулерін зерделеп, Ұлы даланың ұлылығын ұғынып қайтатынына сенім мол.
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ
филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының
директоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<