Тәңірі тілеуін берген

5665

0

сурет ашық дереккөзден

«Алтын домбыра» сыйлығының үш мәрте иегері Мұқтар Ниязов бастаған Сыр бойының жаңалықшыл жастары халқымыздың дана дәстүрі мен кешегінің ғибрат жолын жаңғыртатын «Қоңыр әңгіме» деген бағдарламаны іске асырып келе жатыр. Бұл бастамаға атадан балаға мирас болған салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымыз қағажу көріп отырған батыстық өркениет үдерісінде ел мұрасын жаңа биікке көтеруді парыз санаған руханият жанашыры Асқарбек Есжанов қолдау танытып жүр.

«Қоңыр әңгіменің» алғашқы қонағы болып белгілі жазушы-этнограф, мәдениеттанушы, ақын  Ұларбек Нұрғалымұлының келгені көпшілік есінде.

Мұнан соң жұртшылық қара сөздің қаймағын қалқыған шешен, дарабоз жырау Алмас Алматовтың әңгімелерінен сусындады.

Ән кеші емес, әңгіме кеші деген атаудың өзі құлаққа тосын естіліп, осы кештің тыңдарманы табылса қане деген бір күдіктің болғаны да рас.

Олай емес екен, қазақы қоңыр әңгімеге сусап қалған қауымның аз емесін көрдік.

Менің айтайын дегенім, қазір екі адам бас қосса өзі түсінбейтін саясатты соғады, баяғы ақсақалдардың әңгімесі қалды ғой деген ойдың жаңсақ екендігі. Ел ішінде құлақ құрышын қандырып әңгіме айтатындар көп.

Жақында бір үлкен кісімен жолықтым. Алдымен таныстық, білістік, әрине, ру сұрастық. Ол кісі Қожа болып шықты. Сұсы бар, сөзін бөлмей тыңдайсың.

 – Журналшы екенсің, әңгіме айтайын, керек болады, – деді көкем. – Қазіргілер дұғаның құдіреті барынан хабарсыз.  

Ерте заманда тақуа бір жігіт өмір сүріпті. Ержетіп, енді үйлену керектігі туралы айтыла бастапты. Жігіт бел қуатының жоқтығын білетін, сондықтан ол әке сөзінен қашқақтай береді. Әкесі былай тұрсын, жеңгелері де алдынан шықса, «қашан үйленесің» деп қағытып өтеді. Егер сол жігіттен дүниедегі ең ауыр сөз қандай сөз деп сұрасаң, «қашан үйленесің» деген сөз деп жауап берер еді.

Бұл жағдайдан хабарсыз әкесі күндердің күнінде баласын бір қызбен некелестіреді. Той өтіп, екі жас жеке қалғанда жігіт қалыңдығына:

– Мені кешір. Сені бақытты етердей менде қуат жоқ, – деп ағынан жарылады. – Қаласаң ертең-ақ кетуіңе рұқсат беремін де, себебін әкеме өзім айтып түсіндіремін, – дейді. Сонда жас келін:

– Ортамызда неке оқылды. Шариғат бойынша мен сіздің әйеліңізбін. Ендігі жерде арамызда бір-бірімізден жасырын сыр болмауы тиіс. Сіздің сырыңыз – менің де сырым. Күйеуінің сырын әшкере еткен әйелдің екі дүниесі де қараң болады, – деп келіндік қызметін істеп жүре береді. Арада жеті жыл өтеді, келіншек «бедеу» деген жаман атқа ие болса да күйеуінің сырын ашпай сабыр сақтайды.

Ал әкесі баласына: «Қашанғы бедеу әйелмен өміріңді өксітпексің. Жастық шағыңның қызығын көріп сен бала сүйіп, ал мен немере иіскеуім керек қой. Бұлай болмайды, келінге рұқсатыңды бер. Мен саған басқа әйел алып беремін», – дейді бір күні. Жігіт қатты қиналады. Өзінің кемшілігіне көз жұма қарап жүрген әйеліне қалай кет десін. Осылай қажып жүрген күйеуінің жағдайын сезген жары:

 – Менен бір нәрсе жасырып жүрген сияқтысыз. Сізді қинап жүрген не? – деп сұрайды. Амалы таусылған жігіт әкесінің айтқандарын келіншегіне жеткізеді. Өзіне қаншама ауыр тиіп тұрса да ақылды әйел:

– Жарайды, тек бір өтінішім бар. Мен кеткеннен соң қырық күн өткізіп барып үйленіңіз, – дейді де, жиналып жол тартады. Үйіне келгесін өзінің қырық күн бойы ғибадат-құлшылық ететінін, ешкімнің кедергі болмауын өтінеді. Осылайша, қырық күн бойы Алладан күйеуінің абыройы ашылып, масқара болмауын тілейді.

Сол кезде бұрынғы күйеуі әкесінің айтуымен басқа әйелмен неке қияды. Алайда, екі оттың ортасында қалған жігіт қатты қайғырып, ақыры у ішіп өлуге бекінеді. 

 «Әр істің қайыры бар» деген. Алланың құдіретімен әйелдің дұғасы қабыл болып, жігіттің ішкен уы өзіне шипа болып дариды. Сөйтіп, қуаты оянып, абыройы сақталады.

Мына жазмышты қарашы, кейінгі келген жас келін төркіндеп бара жатқан жолында төтеннен дүние салады. Арада уақыт өткенде шал баласын қайта үйлендірмекші болады.

Сонда баласы ұзақ жыл құпия етіп сақтаған жайтты ашады. Бұрынғы әйелінің дұғасымен ажалдан аман қалғанын, өмірге қайта оралғанын айтып түсіндіреді. Шал ақылды келінін қайтадан алдыртады. Сыр сақтап, ерінің абыройын жасырып, оны дұға-тілегі арқылы дүниеге қайта әкелген келінінің маңдайынан сүйіп, бақыт тілейді. 

Бұл ғибратты әңгімеден біз ғибадат-дұға етуші адал жарды көріп отырмыз. Қазіргі келіндердің аузында осындай дұға бар ма?

Иә, көкемнің әңгімесі ойланарлық. «Жақсы сөз – жарым ырыс». 

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<