Тәрбие, тәрбие, тағы да тәрбие

3096

0

сурет ашық дереккөзден

Мен ұл-қыз өсіріп, немере тәрбиелеген,ұзақ жыл білім мен тәрбие беру саласында еңбек еткен, пионер вожатый, мұғалім, оқу ісі орынбасары, кабинет меңгерушісі, кәсіптік-техникалық училище директоры, облыстық білім басқармасының бас маманы болған адам ретінде өмірден түйген тәжірибемді қысқаша бөлісіп, пікір-ұсыныстарымды жеткізгелі отырмын.

Ұрпақ тәрбиесі туралы адам баласы жаратылғалы бері айтылып та, жазылып та келеді. Адамзат жер бетінен жоғалып кеткенше осылай бола береді, тек заман ағымына қарай өзгеріп, күрделеніп отыруы ықтимал.

Біздің мектеп – кемеміз оқушыларды білім мұхитында жүздіруде келелі табыстарға жеткенмен, тәрбие мәселесінде кібіртіктеу басым. Өйткені «тәрбие» сөзі көп айтыла да бермейді. Оқушылар, жастар арасындағы келеңсіздіктердің күрделенуі, яғни, бабаларымыздан қалған ұлттық құндылықтарымыздың құлдырауы, оқушы қыздардың жүкті болуы, суицид, мектептегі төбелес, оқушылардың мектеп ішінде суық қарумен жүруі, т.б. жат қылықтардың етек алуы осы олқы істерімізден деп ойлаймын. Жауырды жаба тоқып, кемшін тұстарымызды жасырудың (кімнен екені беймәлім) негізсіз екенін, сөзден іске көшетін уақыт өтіп бара жатқанын түсінсек екен.

Бір мысал, сыныптарда өтетін «Тәрбие сағатына» 45 минут-ақ беріледі. Өкінішке қарай, бұның аты «Тәрбие сабағы» емес, «Тәрбие сағаты» (класный час) және ол 6-7 сабақтарға ысырылып қойылады. Азанда сағат жетіде оянатын шәкірттің түскі сағат екідегі «Тәрбие сағатына» қандай ынтамен келетіні де белгілі. Сондықтан олар «6-сабақ азап сабағы, 7-сабақ мазақ сабағы» деп атап жүр. Осы санаулы минуттарда нені айтып, нені көрсетіп, неге тәрбиелеп үлгереміз? Нәтижесінде тәрбиелік шаралар мазмұнсыз, діттеген жерден шықпай, шараның мәні толық ашылмай, сүреңсіз өтеді.

Не істеу керек? Менің ойымша, сабақ кестесіндегі кейбір пәндерді (ондай пәндер бар) алып тастап, «Тәрбие сабағын» негізгі пән (мысалы, «Адамгершілік» пәні) деп атап, оған кемінде аптасына 2 сағат бөліп, сапасына, мазмұнына қатаң қадағалау қойылғаны жөн. Ал «Адамгершілік» пәнін жаңа лауазым иесі, пединститут, университеттің тәрбие факультетін бітірген арнайы тәрбиеші-педагог жүргізуі керек.

Техникалық жоғары оқу орындарымен біріктірілген педагогикалық жоғары оқу орындарын бұрынғыдай өз алдына дербес оқу орны етіп қайта құрып, пединститут, университет аясын кеңейтіп, «Тәрбие беру факультетін» ашу керек. Бұл факультетте «Мектепке дейінгі тәрбие», «Бастауыш сыныптардағы тәрбие», «Негізгі мектептегі тәрбие», «Жоғары сыныптардағы тәрбие», «Студент жастар тәрбиесі» және «Ата-аналар тәрбиесі» бөлімдері болуы шарт. Біз бала тәрбиесінде не нәрсеге қол жеткізе алмай жатырмыз десек, ол – ата-аналармен жұмыстың өте-мөте кемшіндігі. Ата-аналарға педагогикалық тәрбие мен білім беру мәселесі құпиясы ашылмаған күйі қалып отыр.

Мектептердегі ата-аналар комитеті жұмысы өз миссиясына, діттеген жеріне қол жеткізе алмай келеді. Ал қазір жапа-тармағай «Республикалық ата-аналар бірлестігі», «Ата-аналар академиясы», «Ата-аналар қауымдастығы», «Белсенді ата-аналар клубы», «Ынталы ата-аналар тобы – Группа активних родителей» құрылуда. Ой-идея дұрыс,  әрқайсысымыз әр жерден шулай бергенше бір қауымдастыққа ма, бірлестікке ме бірігіп, бір орталық, ұйым құрайық. Оқу-ағарту министрлігі жоғарыда аталған қауымдастық, бірлестіктермен бірігіп, сол орталықтың жарғысын, бағдарламасын жасаса, одан арғы орындалуы тиіс жұмысты министрліктегі тәрбие бөлімінен бөлінген арнайы маманға жүктеп, нәтиже сол маманнан талап етілсе, іс оңға басатын сыңайлы.

Әдетте, мектептегі тәрбие, отбасылық тәрбие, қоғамдық тәрбиені үштік одақ деп атасақ та, оның 60-70 пайызы отбасының үлесіне тиесілі. Осыны кейбіреулер мойындамай-ақ жүр, өкінішті.

Қазіргі «Қосымша білім беру оқу орталығы», «Қосымша білім және тәрбие беру орталығы» болып, мектептеріміз бастауыш, негізгі, орта білім және тәрбие беру мектептері болып аталуы керек.

Еліміз оқу-ағартудың, білім берудің жоғары деңгейіне көтерілді. Олай болса, министрліктің атауы «Білім және тәрбие беру министрлігі», облыстардағы атауы «білім және тәрбие беру басқармасы», «аудандық (қалалық) білім және тәрбие беру бөлімі» деп аталса, яғни, білім сөзінің қасында тәрбие сөзі қатар жүру керек. Сөйтіп, тәрбие сөзін және оның маңызын оқушылардың, жастардың, халықтың санасына осылай біртіндеп сіңіре беруіміз қажет сияқты.

Білім және тәрбие министрлігі «Жастарды тәрбиелеудің республикалық орталығын» ашып, «Қазақстан Республикасы Жастар одағын» құруға, жастар тәрбиесіне арналған «Қазақстан жастары» газетін («Жастар дауысы», «Ел ертеңі», т.б.) ашуға дәнекер болса қанекей.

Бүгінде мектептегі тәрбие жұмысын, жалпы жастар тәрбиесін жаңа уақыт үдерісіне қарай жаңаша көзқарас, жаңаша бағыт күтіп тұр. «Ештен де кеш жақсы» деген ғой, уақыт оздырмай іске кіріскен абзал.

Оқу-тәрбие мекемелері, қоғам, ел-жұрт Әділетті Қазақстанның Адал азаматын тәрбиелеудің жаңа жолын қалайда табуға тиіспіз.

Қысқасы, кемел тәрбие берілмей келісті ұрпақ өспейді, бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін  аксиома.

Оразбай ҚОСАНОВ,

ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер-ұстаз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<