Талап – талмас қанат

2073

0

Өзара сыйластығымыз мол жолдас жігіттің ағасының үйінде болдық. Жетпістің бесеуіне шыққан, шоқша сақалды қарияның қимылы әлі де ширақ. Мезгілінде теміржол бойында жолшы болып еңбек етіпті. Шойын жолдың суығына тоңып, ыстығына күйіп шыңдалғаны сезіліп-ақ тұр.

Амандасып, жөн-жосық сұрасып болғаннан кейін адам жатырқамайтын ақкөңіл ақсақал:

– Біз ел басына бұлт үйірілген, Ұлы Отан соғысы басталған жылдары туғанбыз, – деп әңгімесін бастады. – Сөйтіп бұғанамыз қатпай жатып бейнетке белшеден баттық. Үлкендермен қатар жүре егін егіп, мал бақтық. Балалық дегенді білмей, ерте есейдік. Шаршап-шалдықсақ та бәріне көндік. Ал осы күнгі жастарымыздың бойында жігерден гөрі жасықтық басым тәрізді.

Осы жерге келгенде сөзге араласып:

– Ақсақал, өйтіп бәрін де жоққа шығарған шындыққа сәйкес келмес, – дедік.

Өткір көзімен біздің жүзімізге тікірейе қараған ол:

– «Бөрік кигеннің намысы бір» деп қазіргі жастарды қорғаштап, ара түспей-ақ қой. Ел ішінде жүргесін бәрін де көріп-біліп жүрміз…

Өткен жылы жақын ініміздің баласы мектеп бітірді. Жоғары оқу орнына бара алмады. Бас сұға қоятын жұмыстың да ыңғайы кездесе қоймады. Сөйтіп ауылда екі қолын қалтасына салып, біршама уақыт бос жүрді.

Бір күні сол жігітіміз ата-анасына: «Астанаға барып, құрылыс жұмыстарына араласайын. Біраз жолдас-жораларым сол жақта жаман болып жүрмеген көрінеді», – деп көңіліндегі мақсатын айтады.

Әке-шешесі ұлының талабын қуана қоштап: «Талап – талмас қанат» деген. Өйтіп талпынып, тіршілік жасаймын десең, жолың болсын!» – десті.

Ұлына ақ тілегін жаудырып, Астанаға аттандырды. Көп ұзамай, одан: «Құрылыс жұмысына орналастым. Жағдайым жақсы» деген хабар да жетті.

Баласының өздеріне қолғанат болғанын ойлағанда әке-шеше көңілі теңіздей шалқып, төбесі көкке жеткендай болады. Арада үш ай дегенде бәрі де құмға сіңген судың кейпіне енді…

Кешкілік Қызылорда жақтан жеткен «Ақтөбе-Алматы» пойызынан түскен бала күлімсіреп кіріп келіп тұр. Үй-ішіндегілер әдепкіде үрпиісіп қалды. Артынан өз баласын танып, әке-шешесі мәре-сәре болысты.

– Астананың ауа райы жақпады. Сосын ауылға қайтуға бел будым, – деді ол жайбарақат күйде.

Сол жігіт қазір әр күнін босқа өткізіп, ата-анасына масыл болып жүр.

Оны айтасың, үйленіп, бір-екі балалы болған жігіттердің әке-шешесіне немесе мемлекет тарапынан берілетін азын-аулақ жәрдемақыға қарап, әрекетсіз жүргені көптеп ұшырасады. Олар – аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін-ақ жастар.

Жастық – алаулаған от. Сондықтан кім-кімде болса, бұл кезде жақсылыққа талпынса. Отбасын асырап, тәуелсіз еліміздің ертеңі үшін пайда келтіретін ізгі істермен айналысса екен.

Теміржолшы қарияның көңілге қонымды сөзі отырғандардың бәріне ой салды.

Сахи ҚАПАР,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<