Теміржолшылар әулетінің тірегі

640

0

«Тумақ барда, өлмек бар» деген өмірдің қатал қағидасы. Оны ешкім өзгерте алмайды. Қолымыздан келетіні – бақилық болған жанды үнемі еске алып, оның өткен өмір жолдарын ұрпақтарына жеткізіп, аруағына құран бағыштап отыру.
Аяулы жар, мейірімді де қамқор әке, ардақты ата болған, туысым, жан жолдасым, түйедей құрдасым, Бостан Бадрақов­ты ойлағанда өмірдің жалғандығын мойындамасқа шарам қалмайды.
Бадрақовтар – теміржолшылар әулеті. Арғы аталары Бадрақ XX ғасырдың басында «Орынбор-Ташкент» темір­жолын салуға қатысқан адам. Түйе жеккен арбасымен теміржолға топырақ үйіп жұмыс істейді. Сол кезден басталатын Бадрақов­тар әулетінің теміржолдағы жалпы еңбек өтілі бүгінде төрт жүз жылдан асады.
Бостан өзінінің кіндік қаны тамып, туып-өскен жері – Қармақшы ауданы «Қызылтам» станциясында 1960 жылы бастауыш мектепке барып, 1964 жылы Абладағы Қаракөл мектебіне ауысып, интернатта жатып оқып, аталған мектепті 1970 жылы бітіреді.
Бостан еңбек жолын 1970 жылы Қызылорда жол дистанциясында қатардағы жұмысшы болып бастаған. Сол жылы қараша айында әскер қатарына шақырылып, Дондағы Ростов қаласындағы ішкі әскерлер құрамында болды. Әскери борышын өтеп, 1973 жылы елге оралғасын «Қызыл­орда» станция­сына бағыттама бұрушы болып жұмысқа орналасты.
Ақтөбе қаласындағы темір­жол техникумын 1976 жылы бітіріп, Қызылорда станциясында оператор, станция кезекшісі, жүк қабылдап-тапсырушы қыз­меттерін атқарды. 1978 жылы «Қызылтам» станциясының кезекшісі болып ауысып, 1981 жылы осы станцияның бастығы болып тағайындалады. Жұмыс істей жүріп, Алматы көлік инженерлері инс­титутының Ақтөбедегі филиалына сырт­тай оқып бітірді.
1989 жылы «Белкөл» стан­ция­сы бастығының орынбасары, 1991 жылы «Жалағаш» станция­сының бастығы қызметтерін атқарды. Осы салада 45 жыл  еңбек етіп, 2015 жылы зейнетке шықты.
Адал да қажырлы еңбегі жоғары бағаланып, «Қазақ теміржолына 100 жыл», «Қазақ теміржолына 110 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, «Үздік станция бастығы», «Үздік жол қызметкері», «Темір жол қозғалысы қауіпсіздігінің үздік қоғамдық инспекторы» төсбелгісімен, облыс әкімі, Қызылорда жол бөлімшесі директорының, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президентінің мақтау грамоталарымен марапатталды. Оның есімі, еңбек жолы туралы жазбалар респуб­ликалық «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Болат жолдың даңқты еңбеккерлері» Құрмет кітабына енгізілді.
2014 жылы Қызылорда облысы әкімінің ұйымдастыруымен өткен «Еңбек әулеті» слетіне теміржолшы Бадрақов­тар отбасынан осы салада жұмыс істейтін 15 адам қатысты.
Бостан темір жол саласын дамытуға бір кісідей еңбек сіңірді. Мамандығын ерекше сүйетін. Әріптестерімен, жолдастарымен тіл табысып, ақжарқындығымен көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Ол барынша қарапайым, көпшіл еді. Досқа, ағайын-туысқа адал, үлкенге ізетшіл, кішіге ақылшы, қамқор, бауырмал болатын. Көмектесуге әрдайым дайын тұратын жүрегі таза азамат ретінде есте қалды. Хабарласқан сайын «Балаларың Мейрам, Манар, Азондар, Фони, Сони, Айкошалар қалай, аман ба? Сәлем айт менен» деп, немерелерімді еркелетіп атап айтушы еді. Ол өмірден салмақты күйінде өтті. Өзіне тән сабырлы мінезімен отбасын жылуға бөлеп, ұрпағын ұлағаттап өсірді. Қоғамның қандай талабы болса да тартынбады, табанды еңбек етті. Мадақ пен марапатқа құмарлығы жоқ, ақжарқын көңілді жүретін жігіт ағасының өмір жолында өнегелі іздер сайрап жатыр. Өз саласында қызмет еткен жылдары көптеген шәкірттер, ізбасарлар тәрбиелеп, олар қазір жемісті еңбек етіп жүр.
Бостан асыл жары Серіккүлмен бірге өрімдей ұл-қыз тәрбие­леп өсірді, немере сүйді. Олар да әке тәліміне сай ер жетіп, өмірден өз жолдарын тапты. Үлкен ұлы Ерлан Астанада «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрылымдық бөлімінде, қызы Динара Қызылорда қаласында әділет департаментінде қызмет істейді. Кенже ұлы Нұрлан Қызылорда жол бөлімшесінде жұмыс жасайды. Немерелері Ернұр Алматыда Құрлық әскерлерінің әскери институтында, Нәркес Астана қаласында көлік және коммуникация жоғары колледжінде оқиды. Марқұмның өмірін оның осы ұрпақтары жалғастырып, орындалмаған армандарын іске асыратын болады деп кәміл сенеміз.
М.ИБРАЕВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<