Теңін тапқанды тегін бер

648

0

Ертеде бір байдың Ақбалық деген жалғыз қызы толысып, бой жеткен шағында мырза-серілердің бірін де қаламай өз үйінің кедейліктен басқа міні жоқ қойшысы Қозыбаққа ғашық болыпты. Қыздың әкесі момындау, бірақ ағалары «бесқасқа» атанған «сен тұр, мен атайындар» екен. Ата-ана, жақын туыстары Ақбалықты жылатпай, өзінің сүйгеніне қосыпты.

Ақбалық төркінінен түк жасау алмай, қотан шетіне отау тіктіріпті. Бұған намыстанған ру басшылары Қаз дауысты Қазыбекті шақыртады. Қазыбек қызды сынау үшін әдейі бір топ кісімен Ақбалықтікіне кеп түсе қалады.

Қозыбақ қойын жусатып тастап, үйіне жаңа келген екен. Қазыбек би амандық үстінде Ақбалық сұлуды қағытып:

– Е, қарындас, мәнді сөзден мән шығады, бимәнді сөзден не шығады? Жапалақ аққуды іліпті, одан не мән шығады? – дейді.

Ақбалық сұлу осы арада мүдірместен:

– Рас, мәнді сөзден мән шығады, мәнсіз сөзден не шығады? Жапалақтың аққуды ілгеніне таңырқайсыз, оның тағы да бір сары ала қаздан дәмесі бар, – депті.

Қазыбек қыздың қойшыны шын ықыласымен сүйгеніне риза болып, намыс қуған ағайын жұртына:

Байлық мұрат емес,

Жоқтық ұят емес.

Теңін тапқанды тегін бер,

Қосағымен қоса ағарсын, – деп тоқтам салып кетіпті.

Ел аузынан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<