Терең толғаныстан туған тағылым

2706

0

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі қарсаңында «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақала жариялады. Бұл мақалада Елбасы өз халқын айтулы мерекемен құттықтай отырып, орда бұзар отыз жыл уақыт аралығында жас мемлекетіміздің бағындырған белесі мен асқан асуы толағай екенін тілге тиек етті.


Тағылымы терең мақалада Нұрсұлтан Әбішұлы егемендіктің туын желбірету бабалардың қаншама ғасырдан бері асқақ арманы болғанын, оған жету жолындағы қиындықтар мен тарихқа қасіретпен таңбаланып жазылған зұлмат жылдарды келешек ұрпақтың жадына салды.

Еліміздің тәуелсіздік шежіресі жазыла бастағанына 30 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, халқымыз үшін ғасырға бергісіз кезең. Тәуелсіздіктің нәтижесінде тамыры теренде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Егемендік қазақ халқының еңсесін көтерді, рухани серпілісін оятты.


Осы орайда Тұңғыш Президент: «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін» деп айтқандай, менде елімнің ертеңіне зор сеніммен қарайтынымды айтқым келеді.

Еркіндікке қол жеткізген жас мемлекет әлем алдында өз орнын айшықтап, ішкі және сыртқы саясатын, экономикасы мен валютасын қалыптастыру сынды жауапты жұмыстардан еш жалтармады. Осының бәрін отыз жылда орындап, әлем жұртының алдында өзіннің даңқты ел екенін мойындата білді. Елбасы атап өткен оқиғалар тізбегі мен ондағы әр іс кейінгіге үлгі. Біз өз егемендігіміздің қадірін жете түсіне білсек, алынбайтын қамал, еңсермейтін қиындық жоқ.

Тұңғыш Президентіміз Тәуелсіздік туралы толғанысында бүгінгі қоғам тынысына ең қажетті дүниелерді дәп басып айтты. Мақаланың құндылығы да осында жатыр. Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!

Мұхаш Ерболат Сартайұлы,
Қазалы аудандық мәслихаттағы
«Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<