Теңіз бесігінде тербетілген

502

0

Қаламгер болған соң Сыр аймағының түкпір-түкпіріне іссапарлап, бітім-болмысы бөлек тұлғалармен тұз-дәмдес болып, ашық-жарқын әңгімелесеміз. «Жақсының шарапаты жалпақ елге жетеді» деп қазақ айтқандай, бар ғұмырын ұрпаққа ұлағат етуді мұрат тұтып, ізгілік шуағымен жадыраған жандардың артында өшпес із, өлмес мұра қалады. Осындай айтулы ақсақалдардың бірегейі, текті әулеттің тұяғы, бүгінде 80 жасқа толған Кішкене Айбосынов десек, ақиқат жолынан жаза баспаған болармыз.

…Біздің ауыл – Арал теңізі жа­ғасына қоныс тепкен «Бірлестік» ауы­лы, бертін келе Жамбыл атын­дағы балық колхозы аталатын. Ол кезде Арал теңізінің ақбас толқын­дары жарыса жүйткіп, жағаны ұрғы­лап жататын. Аспанда ақ шаға­лалар шаңқылдай ұшып, теңіз төс­кейінде аққулар сылана жүзіп жүретін. Әсі­ресе, мұрныңды жарып, тыны­сыңды кеңейтіп жіберетін жусан иісін айтсаңшы.

Ұмытпасам, 5-сыныпта оқитын кезім. Ауылымызға газет-журналды «Попов» атты темір кеме таситын. Күн сайын сәскеде кеме жаңғырығын асыға күтуші едік. Кеме қалай жаңғырық салды, солай хат тасушы екеуміз ескекті қайыққа отырып, газет-журналды алып келетінбіз. «Қазақстан пионері», «Балдырған» газет-журналдарында жарияланған жазбаларымды көріп, бір марқайып қалатынмын. Бір күні Аққали көкем:

– Балам, мына Сексеуіл деген елді мекенде түп нағашың Дәуренбек атты ақсақал бар. Қаламың ұшталсын десең, сол кісінің батасын ал. Дәукең оқығаны мен тоқығаны мол адам. Ал, кеттік, – деп мені ат артына мінгізіп алды.

Түс ауа Дәуренбек ақсақалдың үйіне де келіп жеттік. Жасы жетпіс жетідегі Дәукең үй сыртындағы сәкі үстінде том-том кітапты парақтап отыр екен. Аман-саулық сұрасқан соң арнайы ат басын бұрғанымызды айтып, ақсақалдың батасын алдық.

Кішкене аға жайлы жазбас бұрын тегі жайлы аз-кем айтпасқа болмас. Кішекеңнің әкесі Дәуренбек ақсақал – 95 жыл ғұмыр кешіп, артында өшпес із, өлмес мұра қалдырған аяулы жан. Заманында балық колхозының басқарма бастығы, балық зауытының партком хатшысы, ауылдық кеңестің төрағасы қызметтерін абыройлы атқарып, өнегелі өмір жолымен жаза баспай жүрген Дәукең есімі ел есінде. Ал жұбайы Ақбөпе үй шаруа­сында болып, 92 жыл ғұмыр кешті. Қосағымен қоса ағарған қос бәйтерек өмірге 4 ұл, 3 қыз әкеліп, тәлімді тәрбие беріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Бүгінде есімдері елге танымал болған Шыңғыс, Кіш­кене, Жақау Дәуренбековті білмей­тін­дер кемде-кем болар. Шыңғыс пен Кішкене ағаларымыз кезінде пар­тия, кеңес органдарында жауапты қыз­меттер атқарып, бүгінде бейне­тінің зей­нетін көріп жүрсе, Жақау – қа­рымды қаламгер, белгілі жазушы. Ен­деше, ендігі сөз кезегін Кішкене Ай­босыновтың өнегелі өмір жолына берелік.

Кішкене 1939 жылдың қараша айын­да кезіндегі Қазақстан аталатын балықшы ауылында өмір есігін ашты.

– Ол кезде біздің  ауылдың айналасы көл болатын, яғни «Үшкөл» аталатын. Ақбас толқындары жағаны ұрғылап жататын теңіз жағасына қо­ныс тепкендіктен, «Сарыбасат» атты балық зауыты болды. Таң білі­нер-білінбесте толқынды теңіздің төс­кейіне кеткен балықшылар кешқұрым қайық тола балықты зауытқа тапсыратын. Бүгінде «Үшкөлдің» ғана емес, теңіздің тартылғаны да көңіліме кірбің ұялатады. Елбасының тікелей бастамасымен «САРАТС» жобасының іске асуы ертеңгі күнге күдікпен емес, үмітпен қаратады, – дейді Кішекең.

Иә, айтса айтқандай, теңіз бесігінде тербетіліп өскен ол ерте есейді. 1957 жылы Сексеуіл кентіндегі №47 теміржол мектебінен онжылдық дәріс алған ол Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетіне оқуға қабылданып, 1962 жылы мате­матик-програмист мамандығын ие­ле­неді. Кішекеңнің еңбек жолы ке­зіндегі Кеңестер Одағы Қорғаныс министр­лігінің жолдамасымен әскери полигонда инженер-программист болудан басталды.

– 1965 жыл болса керек. Сол кездегі Арал аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшысы Тәкей Есе­товтің шақыртуымен аудандық ком­со­мол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне келдім. Шынымды айтсам, жастармен жұмыс істеу арқылы жинақтаған тәжірибе оң нәтижесін берді. Арал аймағындағы комсомол-жастар арасындағы саяси-тәрбие, мәдени-әлеуметтік шаралардан қа­лыс қалмаушы едік. Әсіресе, жастар­ды аралдықтардың ата кәсібі – балық шаруашылығы мен мал шаруа­шылығына тартып, азық-түлік молшы­лығын жасауға бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жүріп араласатынбыз, – дейді ол.

Кейіпкеріміздің өмірдерегіне көз салсаңыз, сауатты да салауатты, білік­ті де білімді азаматтың басшылық қызметте сатылап өскеніне тәнті боласыз. Таудай талабы бар жігіт алға қарай талпына түсті. Жақсыдан үйренді, жаманнан жиренді, яғни өзін-өзі шыңдады. Білмегенін өмір үйретті, қателескен жерін өзі түзетті. 1972-1974 жылдары білімін жетілдіру мақсатында Алматы Жоғары партия мектебінен тәлім-тәрбие алған ол Арал аудандық партия комитетінің партия комиссиясының төрағасы қызметіне тағайындалды. Осы қызметті он екі жыл бойы абыроймен атқарып, 1986-1990 жылдары аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, ал 1990-1991 жылдары аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды.

– Маған, – дейді үзілген әңгіме жібін қайта сабақтаған Кішекең, – заманында дүркіреп тұрған парткомиссия мен халықтық бақылау ко­митетінде ұзақ жылдар қызмет жасағандықтан, жүктелген міндеттің жауапкершілігі мол болатын. Әсіресе, кадрлар арасында орын алған келеңсіз әрекеттерді, психологиялық ахуалды мұқият зерттеп, таразыға салушы едік. Шынымды айтсам, кейбір келеңсіз шаруашылықтар мен мәнісі кеткен мекемелердің басшылары қызметтерімен қош айтысып, орындары іскер де қабілетті кадрлармен толықтырылғанына өз қолтаңбамды қалдырғаным бар. Осыларды іске асыру нәтижесінде аудан тұрғындары мен басшылықтағы кадрлар арасындағы араздықтар мен түсінбеушіліктер әжеп­­тәуір азайып, психологиялық ахуал жақсара түсті. Содан болар, 1990 жылы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне тағайын­далдым.

Сөз кезегінде ағама:

– Кішеке, сіздің өмірлік тәжірибе жинап, өркен жаюыңызға шарапаты тиген тектілер болған шығар? – деген сауалымызды тастағанбыз.

– Болғанда қандай. Тәкей Есетов ағамыздан тәлімді тәрбие алдым. Оның қарамағында қызмет атқарған жылдары көп нәрсені ұғына білдік. Ол кісінің киім киісі мен жүріс-тұ­рысына қызыға қараушы едік. Ал, қызмет үстінде қандай да бір мәселені қарағанда орайын келтіре шешім қабылдайтын. Талқылауды созбалаңға салмай, нақтысын ғана айтатын. Қоңыр даусымен салмақтап айтқан сөздері тиісті адамға балғамен ұрғандай дөп тиіп жататын. Содан болар, біз Тәкеңе қарап бой түзеуге тырысып бақтық. Бір сөзбен айтқанда, байыпты да байсалды Тәкең өзгелерден оқ бойы озық, текті тұлға екендігін айтпай-ақ аңғартушы еді.

Сондай-ақ Арал ауданы басшы­лығында болған Бодаш Уәлиев аға­мыз туралы да көңілімізде жүрген іл­ти­патымызды ұрпақтарға ұлағат ету – бізге парыз. Бұл кісі мені аудандық халықтық бақылау комитетінің төр­ағасы қызметіне тағайындаған. Тон­ның ішкі бауындай бірлесе жү­ріп қызмет жасадық. Бөкеңнің бойында адалдық, адамгершілік, жүктелген іске аса жауапкершілікпен қарайтын ізгі қасиеттер үйлесімді ұштасып жататын. Тумысынан турашыл, ақиқатты ғана мұрат тұтушы еді. Ешкімнің ізіне шам ала жүріп түспейтін, қуда­лау дегенді білмейтін. Осындай  айтулы азаматтардан тәлім-тәрбие алғаным­ды күні бүгінге дейін мақтаныш етемін. Айтқандай, Тәкең мен Бөкең басшылықта болған жылдары аудан мал шаруашылығы саласында Қа­зақстанда ғана емес, Одақта жыл сайын көш басында тұратын.

Кішкене ағамыз жақсы жандармен қызметтес, сыйлас та сырлас болғанын да мақтаныш етеді. Саралап айтар болсақ, Кішекең Сейілбек Шаухаманов, Абылай Айдосов, Болат Қарғабаев, Аманкелді Құдайбергенов, Сатула Сәдуовпен қызметтес болға­нын сағынышпен еске алады.

Кішекең де өзіне тетелес інілеріне сенім артып, олардың басшылық қыз­метке сатылап шығуына септі­гін тигізген. Солардың бірі кезінде об­лыстың бірнеше ауданында бас­шы­лық қызметтер атқарған, бүгінде Қызыл­орда қалалық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Сайлаубай Әбішев былайша еске алады.

– Ол кезде аудандық комсомол комитетінің белсенді мүшесі ретінде  мен Қамбаш елді мекеніндегі орта мектепте қызметте болатынмын. Бір күні аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Айбосынов Кішке­не ағамыздан шақырту келді. Барға­нымда құшақ жая қарсы алған ол ке­зінде дүркіреп тұрған «Аралбалық» өнеркәсібі комсомол комитетінің (ау­дандық комитет құқындағы) хатшысы қызметіне кандидатурамды ұсынды. 1500-ден аса комсомол мүше­сі бар мұндай іргелі салада жастар хатшысы болып бару екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ болатын.  Құп алдым. Менің өсіп, өркен жаюыма алғашқы баспалдақты салып берген Кішекең болатын, – дейді.

Іскер де талапшыл, саяси сауатты, сарабдал азамат аудан ахуалын жақ­сартуға қомақты үлес қосып, өзін­дік қолтаңбасын қалдырған. 1963-1992 жылдар аралығында халық де­путаттарының Арал аудандық ке­ңесінде депутат, ал 1965-1991 жылдары аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болған Кішекең ел-халықтың аманатын орындаудан, бю­ро мәжілісінің қаулысын, пленумдарда хатшының баяндамасын дайындаудан, облыстық алқалы жиындарда сөз сөйлеуден, қайсыбірін санамалап айтарсың, қандай бір шарадан болмасын қағыс қалмаған. Шаршау дегенді білмеген.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Жіңішкеқұм» совхозының директоры, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметтерін атқарып, саланың тоқырау жылдары аяғынан тік тұруына да өз үлесін қосты. Бертін келе «Баршақұм» ауыл шаруашылығы акционерлік қоға­мының президенті, аудандық «Алым жинау орталығының» директоры қызметтерін абыройлы атқарып, еңбек демалысына шықты. Кішкене аға Айбосынов бүгінде аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы қызметінде қоғам өміріне бір адамдай ат­салысып-ақ жүр. Ардагерлер ара­сындағы жұмыстарды уақыт талабына сай жүргізе отырып, қоғамдық ұйымдармен, әкімдіктермен тығыз байланыс жасауды мұрат тұтқан.

Сөз орайы келгенде айтқанымыз жөн болар, Кішкене ағамыздың қай саладағы болмасын еңбегі ескерусіз қалған емес. Аудандық комсомол коми­тетінің бірінші хатшысы қыз­метінде жүргенде бір емес екі мәрте Бүкілодақтық лениншіл-комсомол жас­тар одағының «Құрмет грамо­та­сын» алып, 1970 жылғы осы одақтың ХVІ съезіне делегат болып қатысуы тектен-тек болмаса керек. Сондай-ақ Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының Указымен берілетін «Құр­мет грамотасын» да екі мәрте ие­ленген. Кішекеңнің кеудесінде ке­зіндегі Кеңестер Одағы Жоғарғы Ке­ңе­сінің указымен берілген «Ерен ең­бегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» қос бірдей медалі бар. «Қазақ ССР-нің 50 жылдығы», «Астана қала­сы­ның 20 жылдығы» мерекелік медальдарын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті, халық депутаттары облыстық Кеңесі, Қазақ ССР Халықтық бақылау комитеті, облыс әкімі мен мәслихатының Құрмет грамоталарын алған. Кішкене аға – Арал ауданының Құрметті азаматы.

Кішекең өмірлік жар таңдауда да жаза баспапты. Екі жақсы қосылып, өркенді де өнегелі отбасы болды. Құдай қосқан қосағы Тиыштық екеуі өмірге алтын асықтай ұл мен қыздар әкелген. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, олардың бәрі дерлік жоғары білім алып, сан алуан салаларда қалтқысыз қызмет етіп жүр.

Кішекеңмен әңгіме соңында:

– Кішеке, ұрпақтарыңызға дана­гөйлікпен дәріс, батагөйлікпен берер бағыт-бағдарыңыз бар болар? – деген сауалымды тастағанмын.

– Шүкір, – дейді Кішкене аға, – жасым келсе де, жігерім жасы­маған. Жоғарыда айтқандай, бүгінде аудандық ардагерлер кеңесі басшы­лығындамын. Содан да ұрпақтарға айтар ұлағатымыз жетерлік. Айтайын.

Біздің заманда ұрлық-қарлық, зор­лық-зомбылық, ұрыс-керіс, мансап­қорлық пен бәсекелестік, біреуді аяқтан шалу деген ойымыз түгілі түсімізге кірмейтін. Мемлекет мүлкін ұрлау, болмаса ашылып-шашылып жатқан мал-мүлікті бас пайдасына жаратушы жан болмайтын. Қайта бір-біріне қамқор қолын созатын. Ал, бүгінде халықтың емес, қара басының қамын ойлап, ақ жолдан жаза басып жүрген жандар баршылық. Біз жасарымызды жасадық, асарымызды асадық. Еліміздің ертеңі – ұрпақтарға айтарым: ел-халық үшін қолыңнан келер іс қылсаң, құрметке бөленесің.

Адамның атын тану оңай да, оның адамгершілігін тану аса қиын екен. Оның өмірлік жолында қуаныш та, реніш те, ерлік те, оны айтасыз еңсе түсіріп, еңкейтер сындарлы сәттер де болады. Бұл – өмір заңы.

Міне, бүгінде сексен жасқа толып отырған Кішкене аға Айбосынов та осындай өмір заңымен жаза баспай жүріп келеді. Ол кемеліне жетіп, ақылы мен парасаты арқасында айналасына жан шуағын шашумен жүріп келеді, жүре бергейсің…

Еркін ӘБІЛ,

Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<