Тілші кітабының тұсаукесері

1774

1

Тоқсан бір жылға таяу тарихы бар Арал аудандық «Толқын» газетінің әр жылдардағы белсенді тілшілері, белгілі авторлары болғаны аян. Солардың бірі – бұрынғы Көкарал елді мекенінің түлегі, өмірінің соңғы жылдарында Ақбасты ауылында жастық шағын өткізген, осы газеттің штаттан тыс тілшісі атанған Айдос Құлманов болатын.

Небәрі 44 жасында өмірден өткен ол ауыр науқаспен алыса жүріп, ғұмырының соңғы сәтіне дейін қолынан қаламын тастамаған талантты қаламгер еді. Оның есімі газеттің жетпісінші-сексенінші жылдардағы аға буын оқырмандарының жадында сақтаулы екеніне ешқандай шүбәміз жоқ.

Жуырда шалғайдағы Ақ­бас­ты ауылдық клубында ауыл тілшісі болған Айдос Құлманов­тың «Өмір күнделіктері» атты кітабының тұсаукесер рәсімі  өтті.

Бұл шараны немере қызы Назия Темірғалиева жүргізіп, қаламгер атасының өмірі мен шығармашылық жолы туралы кеңінен баяндады. Мұнан соң осы кітапты құрастырған алматылық ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, белгілі ақын Серікбай Қосанов кітап­қа А.Құлманов­тың осыдан қырық-елу жыл бұрынғы басылым беттерінде жарық көрген әртүрлі тақырыптағы мазмұнды мақалалары, ойлы очерктері, сырлы суреттемелері, отты өлеңдері, ой-толғамдары топтастырылып, «Университет» баспасынан жарық көргенін жеткізді.

«Дәулетэнерго» ЖШС мекемесінің директоры, ауылдасы Қуанышбай  Ердіхалықов, қарындасы Бұрыш, құрдасы, ардагер ұстаз Дәмеш, медицина саласының ардагері Луиза Қалабаева, ардагер ұстаз Октябрь Қалабаев, белгілі жырау Демеу­бай Жолымбетов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жарасқан Әбдірашев  атындағы әдеби сыйлықтың лау­реаты Толыбай Абылаев кітап авторы туралы естеліктерді ортаға салды. Белгілі сазгер, ардагер ұстаз Бекболат Сәд­уақасов А.Құлмановтың сөзіне жазылған әндерді тамылжыта орындап, көрермендер ықыласына бөленді.

Шара соңында А.Құлмановтың інісі, ауыл-аймаққа белгілі кәсіпкер, осы кітаптың демеушісі Досым Құлманов қонақтарға жүрекжарды лебізін білдірді. Ауыл ақсақалы Өтеген Сұлтанов жиналғандарға ақ батасын берді.

А.Бисенов

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<