ТОҚСАН БЕСІНШІ КӨКТЕМ

609

0

Сұрапыл кезеңде  Қазалы ауданынан 11 мыңға жуық азамат майданға аттанса, олардың 6 мыңнан астамы ғана елге оралған. Ұрыс даласында мерт болған қазалылық жауынгерлердің 327-сі Октябрь ауылының азаматтары еді. Бүгінгі таңда аудан бойынша небәрі бес соғыс ардагері арамызда жүр. Сол батырлардың  бірі – Бекарыстан би ауылынан Қабақ Смағұл көкеміз. Биыл тоқсан бесінші көктемін қарсы алған майдангер, әлі күнге ширақ қимылынан танбаған нағыз батырлықтың үлгісі дерсіз.

«Атамыз ауылдың мақтанышы ғана емес, береке-құты іспетті. Ұла­ғатты да аса парасатты жан. Оған қоса қол еңбегінің адам денсаулығына, ұзақ өмір сүруге әсері мол екенін іспен дәлелдеп жүрген адам. Үйіргелік жеріндегі бақшасын көркейтіп, өзге де шаруаларды тындырып жүргенін көргенде еріксіз сүйсінесіз. Ауыл арасында көпшілігіне жаяу жүреді. Нағыз өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге етуге лайықты, сүйегі асыл жан. Атамызбен жүздесіп, кездесу кешін өткізу,  қошемет жасау ауылда тұрақ­ты дәстүрге айналған» дейді танымал сазгер, әнші Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінің директоры Бектұрған Жібекәлі.

Қабақ көкеміз қазіргі Бекарыстан би ауылында дүние есігін ашты. Әкесі Смағұл, анасы Төлебике ел-жұртына беделді адамдар еді. Әкенің қаны, ананың сүтімен даритын ширақтық Қабақты да айналып өтпеді. Ұлы Отан соғысына дейін бозбала Қабақтың колхоз басшысы болып қызмет атқаруы – соның айғағы. Ерлік тек қана майданда жасалмайды екен. Қабақ қабырғасы қатып, бұғанасы толық бекімей жатып тағдырдың сынына төтеп берді. Жас бозбала анасына қоса туыс-туғандарын, бар­лығы он бес адамды өзі асырады. Жігерлі жастың алға қойған мақсаты биік, арманы асқақ еді. Терең білім алып, еліне қалтқысыз қызмет жасау­ды ұйғарған болатын. Алайда аяқ астынан тұтанған соғыс өрті мақсатына жетуге кедергі жасады. Ананы – ұлынан, әйелді – ерінен, бала­ны әкеден айырған алапат шайқас басталғанда Қабақ көптеген құрдастары сынды өз еркімен май­данға аттануға тілек білдірді. Бірақ жастығына байланысты әскери комис­сариаттағылар кешіктіре берді. Ақыры тілегі орындалды.

1942 жылдың шілде айы. Сәл уақыт әскери қимылдарға машықтанған азаматтар арасында Қабақ та бар, Мәскеуге бет алды. Әрине, әскери жаттығулар оңайға соққан жоқ. Десе де, табиғатынан зерек Қабақ бұл сынға да сүрінбеді. Жастайынан ауыр бейнетке пісіп-жетілген ауыл баласы темір тәртіпке де тез көндікті. Басшыларының назарына ілікті. Талай мақтау ес­тіді. Смағұлдың Қабағы Маршал Рокосовскийдің басқаруындағы ІІІ екпінді армия қатарында соғысты. Алғашқыда бұлардың полкі Тула қала­сына жақын жерде қорғаныс ұрыстарын жүргізді. Жан алысып, жан берісті. Сан мәрте өліммен бетпе-бет кездесті. Сол шайқастарда Қабақ батылдығымен танылды. «Ерлігі үшін» медалін иеленді. Бірде қарулас серіктерімен қиын жағдайды басынан кешірді. Таңсәріден фашистер жанталаса шабуылға шықты. Оққа ұшқан, жараланғандарын тіпті елер емес. Күтпеген жерден Қабақтар қорғанысқа көшті. Небір қарулас достар жер құшты. Дегенмен, негізгі күш жеткенше бекіністі жауға бермеді. Азғана солдаттар ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Сол жолы Қабақ «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.

Жорық жолдары жалғаса берді. Неміс фашистеріне қарсы жойқын шабуыл басталды. Тула қаласы жаудан босатылды. Атақты Орел қаласын азат ету жоспары жүзеге асты. Осы шайқаста Қабақ Смағұл ауыр жараланды. Горький қала­сындағы госпитальда ұзақ уақыт емделді. Соңында әскери комис­сияның шешімімен елге қайтарылды. Оның омырауындағы «Қызыл Жұлдыз», «І, ІІ дәрежелі Отан соғы­сы» ордені, басқа да медальдары – жауынгерлік жолының шежіресі. Бейбіт өмірде білек сыбана еңбек етті. №24 «Октябрь» орта мектебінде есепшілікте жүргенде соғыс комис­сариятының бұйрығымен Қара­ғандыға еңбек армиясына алынды. Ақыры Жеңіс күні де келді. Кешегі майдангер ағарту үйінің меңгерушісі, ауылдық кеңестің хатшысы лауазымын атқарды. Есепшілік саласында тура 40 жыл жұмыс жасады. Анамыз Күлжан екеуі он бала өсіріп, ел қатарына қосты. Балаларының баршасы жоға­ры білім алды. Бұл күндері қос абыз 21 немере, 20 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отыр. Ерлігіңе  бас иеміз, қарт майдангер!

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

                        Қазалы ауданы,                                                                Бекарыстан би ауылы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<