1945 жылдың 8 ақпанында Михаил Девятаев бастаған совет тұтқындары немістің аса құпия полигоны Пенемюндеден жаңа әскери истребительді алып қашып шықты. Кейбір скептиктер: «Үшінші Рейхтің ең құпия нысанынан жаңа шабуылдаушы ұшақты қалай ғана алып шығады?» деп, осы ерлікке сенбей келеді. Алайда, соғыстан кейін қолға түскен немістердің архив құжаттары ерліктің болғандығын растап отыр.
М.Девятаев 1917 жылы шілдеде Томбов губерниясында шаруа отбасында 13-ші бала болып дүниеге келді. Ұлты – мордвин. Сол кездегі жетіжылдық мектепті бітірісімен Қазан қаласындағы өзен техникумына оқуға түседі, оқуды бітіргесін капитанның көмекшісі болып жұмыс істейді. Қазан қаласындағы аэроклубқа жазылып, ұшқыш болуды армандайды. Қызыл Армия қатарына шақырылғанда арманы орындалып әскери ұшқыштар даярлайтын училищеге оқуға жіберіледі, 1940 жылы Орынбордағы осы училищені бітіреді. 1941 жылы соғыс басталған күні алғашқы рет фашистердің «Юнкерс» ұшағын атып түсіргені үшін Қызыл Ту орденіне ие болады. Ал, 25 қыркүйекте немістер мұның өзін атып түсіреді.
Госпитальден шыққанмен денсаулығына байланысты санитарлық авиацияда қалдырылды, есіл-дерті шабуылдаушы истребительдің штурвалына қайта отыру болды. 1944 жылы аңызға айналған А.Покрышкин басқаратын 9-гвардиялық дивизиясына тәжірибелі ұшықтар жинақтап жатты. Ол өзінің бұрынғы командирі В.Бобровтың сол дивизияда екенің естіп, қасына алуын өтінді. Девятаев өзіне көрсетілген сенімді ақтап екі ай ішінде немістің 9 ұшағын атып түсірді.
1944 жылдың 13 шілдесінде Львов аспанында ұшағын жау атып түсіріп, парашютпен секіргенде басы зақымдалып есінен айырылып тұтқынға түседі. Әдетте истребитель ұшқышын немістер табан астында атып тастайтын. Бағына қарай бұл құжаттарын әлі рәсімдеп үлгермеген еді. Жанында санитарлық авиация ұшқышы деген құжаты ғана болды. Сол себепті атудан аман қалып, Заксенхаузен лагеріне жіберіледі.
Мүнда ол «Смертник» деген статусқа ілініп, киіміне 3932-ші белгі-бирка қадалды. Лагерьде өлген тұтқындарды тіркейтін өзі сияқты бір тұтқын басына төнген қауіпке қарамастан аштықтан өлген мұғалім Степан Никитінің № R 104533-ші биркасын ауыстырып берді, енді ол мұғалім болып екінші рет аман қалды. Сонан соң Пенемюнд полигонына ауыстырылды. Бұл кезде Узедо аралындағы аталған полигонның жер астында салынған «Дора» заводында конструктор В.Браунның «Фау-1» және «Фау-2» баллистикалық ракетасы құрастырылып жатқан-ды.
Соғыстың аяқталуына 2 ай қалғанда жасалып жатқан бұл ракетаға Гитлердің өзі үлкен үміт артып, Москваны осы қарумен жою арқылы соғыс барысын өзгерткісі келді. «Дора» заводында жұмыс істеген 25 мың тұтқын ауыр жұмыстан өлсе, 5 мың тұтқынды немістер кеңес әскерлері келген кезде атып өлтіреді.
М.Девятаев өздерінің бұл тозақтан тірі шықрасын сезді. Қашуды ойластыра бастады. Ол И.Кривоногов және В. Соколовпен жақсы танысып алған соң қашу жоспарымен олармен бөліседі. Одан артық адамды қатарына тартуды қауіпті еді. Өйткені, аш тұтқындар бір тілім нанға бола ұстап беретін.
Кеңестік ұшқыш қасындағылармен аэродромда қара жұмыс ітеп жүріп немістің жаңа ұшағы – «Хейнкель-111» истебителін зерттей бастады. Құпия ұшақ болғасын немістер оған жолатпайтын. Бір күні оның сәті түсті, истребитель қанатындағы қарды сыпырғышпен сыпырып жатып кабинаға көз салды. Неміс ұшқышы оның қарап тұрғанын байқап мақтанғысы келіп, алдымен бір моторын, сосын екінші моторын қосты. осы бір көріністі (қас қағым сәтті) ұмытып қалмау үшін ол күнделікті көз алдына ойша есіне алып отырды. Қашуды 1945 жылдың наурыз айына есептегенмен күнін өзгертуге тура келді.
Оған себеп – лагерде өздерінің арасынан шыққан бандылардан құрылған арнайы топ болды. Түскі ас быламығын ішіп жатқанда қасындағы тұтқынды қорлағанына шыдамай Михайл бандының біреуін иегінің астынан бір ұрып, мұрттай ұшырады. Сол жерде Девятаевты ортаға шығарып: «Ұлы Рейх үшін он күндік өмір сыйлайды». Бұлар тез шешім қабылдап, бірінші мүмкіндік бола қалған жағдайда қашамыз десті.
Алты күн бойы М.Девятаевтың көрмеген қорлығы қалмады, артынан келіп темірмен ұрып кетті, таспен ұрып басын жарды. Қайнатылған қарамайды үстіне төгіп те өлтірмекші болды. Бірақ жақындай алмады, оның қойнында үшкір темір (заточка) болды. Ұйықтаған кезде соны қасына алып жатты. Қасындағы Кривонгов пен Соколов түнде мұны өлтіріп кетпес үшін кезектесіп күзетіп жүрді. Жетінші күн дегенде қашуға мүмкіндік туды.
Бұл – 1945 жылдың 8 ақпаны болатын. Түскі үзілісте жалғыз қалған күзетшіні өлтіріп, қасындағы 7 тұтқынға ол: «Қазір біз үйге ұшамыз, кабинаға бір-бірлеп мініп, көрінбей жатып алыңдар» деп бұйырды. Михаил кабина құлыпын бұзып кіргенде, аккумулятор болмай шықты. Құдай қарасып акумуляторды қол арбаға салып қойған екен. Көзсіз шешімге барып оны үшеуі сүйреп әкеліп, қосып алды. Оны күзетші байқап қалса бірден атып тастар еді. Немістің жаңа құпия ұшағы «Хейнкель-111» игеру онайға соқпады. Әуелі ұшақ жолағының соңына дейін барды, сосын кейін бұрылып немістердің өздеріне қарай тартты. Жау оның ойын түсіне қойып, зиниттік қондырғыға қарай жүгірді. Бірақ атып үлгермеді. Тап осы сәтте ұшақ та жерден көтеріле бастады. Пенемюнд аспанына көтерілгенде ұшу тапсырмасынан қайтып келе жатқан немістердің ас ұшқышы, полковник Вальтер Дальдің оғы таусылған болып шықты. Бұған қоса онда жанармай да аэродромға ғана жететіндей қалыпты.
Тозақтан қашып шыққан кеңестік ұшқыш М.Девятаевты немістің ұшқыштары атпағанмен біздің зинетшілер атып түсірді. Отты сөндіріп, 61-ші армия орналасқан жерге қонды.
Девятаев пен 9 тұтқынды 61-ші армияның «СмерШ» бөлімінің бастығы полковник Мандральский тергеді. Немістердің құпия әрі су жаңа 5 адам басқаратын «Хенкель-111» ұшағын 1 адам басқарып ұшып келді дегенге бірден сенген жоқ. Тұтқынға түскенше 90 кг салмағы 38 кг болып шықты. Бір ерекшелігі көзсіз ерлік жасағанға сеніп, айып ротасына емес, соғысқа қайта жіберілді.
Лагерден бірге қашып шыққан 9 тұтқынның бәрі Берлин үшін шайқаста қаза тапты. Ал Девятаевты бұрынғы өзі болған Заксенхаузендегі концлагердегі НКВД-нің түрмесінде ұстады. Себебі, «Фау-1» және «Фау-2» ракетасын көргендіктен 1945 жылдың қыркүйегінде сол жаққа бір топ офицерлермен апарды, ішінде бір Сергеев дегені көп сұрақ қойған болатын. Кейін оның қайтыс болғаны туралы фото жарияланғанда бір ақ білді, ол – ғажайып конструктор С.Королев еді.
Королевтің кепілдігімен сотталмай аман қалды. Оның ұсынысымен 1957 жылы Девятаевқа Совет Одағының Батыры атағы берілді. Ол 1972 жылы «Побег из ада» деген кітап жазды. Кітап оқырмандардың сұрауы бойынша бірнеше мәрте қайта басылып шықты.
2002 жылы өзі туралы деректі фильм түсіруге Германияға барғанда баяғы неміс ұшқышы Вальтермен кездесті. Ол: «Біз жеңілдік, бірақ қандай адамдармен соғыстық» деп, мұны құшағына қысты. М.Девятаев Германиядан келгесін көп ұзамай дүниеден озды. Бұл кезде орл 95 жаста болатын.
Әлемде теңдесі жоқ ерлік жасаған кеңестік ұшқыш туралы Атыраудан шыққан әйгілі режиссер Тимур Бекмамбетов «Девятаев» атты кинофильм түсірді. Өткен 29 сәуірде бүкіл Ресей бойынша фильмнің тұсаукесері болды. Қазір көптеген пікірлер жазылуда соның біреуі былайша өрбиді: «Әуедегі шайқас, тұтқынға түсу, өлім лагері, одан қашуы белгілі болса да Бекмамбетов оларды ұмытуға мәжбүр етті. Тұтқындармен бірдей ұшаққа мінгендей болып әуеге көтерілгенде және қонғанда көрермендер орындарынан тұрып қол шапалақтады. СССР тарағаннан бері бізде бұндай соғыс туралы фильм түсірілген жоқ». Бұл біздің талантты жерлесімізге берілген жоғары баға!
Тимур Бекмамбетов енді Орта Азия халықтары арасынан екі мәрте Совет Одағының Батыры атанған Талғат Бегилдинов туралы фильм түсірсе деген тілегіміз бар.
Бақытжан ТҮМЕНБАЕВ,
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<