Тұран төрінде табысқан тарих

454

0

Биыл Өзбекстан мемлекетінде өтіп жатқан Қазақстан жылының аясында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдас­тыруымен Қызыл­орда қаласы мен Арал ауданының 38 ардагері өзбек еліне 4 күндік саяхатқа шықтық. Ташкент қаласына барып орналасып, келесі күні «Афросиаб» атты поезбен Самарқан қаласына қарай жол тарттық. Поезд 230 шақырымдық жылдамдықпен бізді небәрі 2 сағат 10 минутта жеткізді.  

Өзбекстанның көне астанасы саналатын бұл шаһармен таныстықты ең бірінші Гур Эмир мавзолейінен бастап, әрі қарай Регистан алаңына бардық. Гур Эмир мемиоралды кешенін көрудің өзі бір ғанибет. Б.э.д IV ғасырда Самарқан (ежелгі аты Маракан) Согдиананың астанасы болған екен. Қаланы Александр Македонс­кийдің басып алғаны туралы айтылған. Сонда ол «Самарқан туралы естігенім шындық. Ол қала мен ойлағаннан да сұлу, мен ойлағаннан да әсерлі екен»  дейді. Сөйте тұра қаланы жермен жексен етіпті. Самарқанды бұрынғы жаулап алған қолбасшылар да бірнеше рет қиратып, қайтадан өз қалпына келтірген екен. Әр  мавзолейі, мазары, жердің әр метрінің өзі тұнып тұрған тарих.

Гур Эмир мавзолейі Орталық Азия­дағы архитектураның кереметі саналады. Оны 1403 жылы  Әмір Темірдің бұйрығымен немересі ­Мұхаммед Сұлтанға арнап салдыра бастаған екен. Мұхаммед Сұлтанның өзі бұл ғажап ғимаратты көре алмайды. Себебі Орта Азияда соғыста жүргенде қайтыс болады. Гур Эмир кешенді кесенесінің іші 3 бөлікке бөлінеді. Біріншісі – кіреберіс, екіншісі – дервиштердің отыратын жері, үшіншісі – медресе.

Ғимаратпен танысып, осының бәрін көзбен көрдік. Ақсақ Темірдің бейітіне барып, Ұлықбек, Мұхаммед Сұлтан, Шохрух, Мираншах рухтарына құран бағыштадық. Тарихи орын 1996 жылы Әмір Темірдің мерейтойы қарсаңында қайта  жаңғыртудан өткен.

Бұдан кейінгі саяхатымыз Регис­тан алаңында жалғасты. «Регистан» «құмшауыт жер» деген мағынаны береді екен. Қаланың орталығында орналасқан бұл арада ерте кездерден-ақ сауда-саттықпен қызу айналысқан. Алаң Самарқанның жүрегі деп есептеледі. Жарқырап тұрған келбеті  адамға күш береді.

Алаң Әмір Темір билік құрған кезі, яғни XIV  ғасырда саяси, заң шығаратын орын болған. Ұлықбек билік жүргізген кезде Шығыстың ғылыми орталығына айналған. Жалаңтөс баһадүр билік құрған кезде бабамыз Регистан алаңына екі үлкен медресе салдырған. 1417 жылы  Ұлықбек мед­ресесі, 1619-1636 жылдары Шердор медресесі және 1647-1660 жылдар аралығына Тиллә Қари медресесі бой көтерген. Осы 3 медресе Регистан алаңына сән беріп, ажарын ашып тұр.

Шердор медресесі тарихта «Арыстандар ғимараты» деген атпен қалған. Самарқанның солтүстік жағындағы Шахи-Зинда ансамблі «Тірі патша» деген мағына береді. Шахи-Зинданың өзінде 11 мавзолей бар. Осының  біреуінің ішінде Мұхаммед пайғамбарымыздың немере ағасы  Кусам ибн Аббас жерленген екен. Ол VII ғасырда ислам дінін таратуға келген және осы жерде дүниеден өткен дейді. Сол жердегі көктастың бірінде «Алланың жолында өлгенді өлік деуге болмайды» деген жазу бар. Осы арада Әмір Темірдің баласы, немересі және басқа да кісілер жерленген. Бұл жерде Өзбекстан Рес­публикасының тұңғыш президенті ­Ислам Каримовтің мавзолейі бар.

Түстен кейін Ұлықбектің 1428-1429 жылы Кухак деген жерге салған обсерваториясының қасынан өттік. Бұл обсерваторияның ішінде күнді, айды, жұлдызды бақылайтын пункт ашқан. Ұлықбек қайтыс болғаннан кейін жаулары обсерваторияны қиратқан екен. 1908 жылы  археолог Василий Вяткин обсерваторияның орнын тапқан. Биіктігі 30 метрдей болған дейді. Ол кезде телескоп болмаған, бірақ Ұлықбек күн сәулесі жүйесімен ғылыми жұмыстар жүргізген. «Ұлықбектің жұлдыздар кестесі» деген жұлдыздар каталогы бар екен. Бұл каталогқа 1018 жұлдыз енгізілген. Қазір обсерваторияның орнында тек мүжілген іргетас қалған. Ұлықбектің заманында білім мен ғылымға көп көңіл бөлінгені байқалып тұр.   

Біз саяхатты әрі қарай жалғас­тырып, Самарқаннан 13 шақырым жерде орналасқан Жалаңтөс баһадүр бабамыз жерленген жерге тоқтап, аруа­ғына құран бағыштап, зиярат еттік. Бабамыздың жанында 14 Иран шахы және патшалар жерленген. Мавзолейдің ауласында 700 жыл бойы өсіп тұрған шынар ағашы бар екен. Жанына естелікке суретке түстік.

Самарқан – Заравшан жағалауындағы  Өзбекстан Республикасының ең ежелгі шаһары. Халқының саны шамамен 550 мыңдай. Теңіз деңгейі­нен 725 метр биіктікте орналасқан. Самарқанда жеңіл өнеркәсіп дамыған, химиялық комбинат және машина жасау зауыттары бар. Бұл жерде 4 театр және 6 жоғары оқу орны, 14 әкімшілік  аудан бар.

Ертеңіне Науаи облысына саяхатымызды жалғастырдық. Негізгі мақсатымыз – Нұратадағы Әйтеке би бабамыздың басына барып құран бағыштап, зиярат ету. Аймақ табиғаты шөлді болғандықтан, жайқалған тал мен жасыл шөпті байқамадық. Науаиға 250 шақырым жүріп жеттік.  Облыстың жер көлемі 118000 шаршы шақырым. Орналасқан жері құмды шөлейтті жер. Науаи облысында 8 әкімшілік аудан бар екен. ­Науаи облысының халқы шамамен 900 мыңдай. Сапар барысында байқағанымыз, жолдары біздегі сонау 1990-1993 жылдардағыдай  ойдым-ойдым екен. Нұрата қаласына келіп,  қасиетті судан бәріміз ауыз тидік. Әйтеке би бабамыздың басына барып, рухына құран бағыштадық. Басында музейі бар. Жатқан жері реттеліп талапқа сай етіп жасалыпты. Қызылорда өңірінен көп адамдар барған екен. Науаи облысының экономикасына келсек, негізінен алтын, уран, әктас, вольфрам, фосфарит өндірістері, түсті металлургия өркендеп келеді. Климатының қолайлылығына орай, мақта, жібек, қауын, бидай өсіріледі.

Нұрата қаласынан түстеніп алған соң Александр Македонский қорғанымен, Чашма Аюп мавзолейімен, оның ішінде ағып жатқан судың тарихымен таныстық. Өзбек ағайындардың ұқыптылығына риза болдым.

Бұқара қаласына саяхатымызды жалғастырдық. Науаи облысымен салыстырғанда жер мен көктей екен. Мұнда су болғандықтан алма, шабдалы, жүгері, мақта плантациялары бар. Ауыл шаруашылығы  өңірде жақсы дамығаны көрініп-ақ тұр. Шаһар ішіне саяхат жасап, Қолан мавзолейімен таныстық. Үлкен мавзолей екен. Бұқара – Қызылқұм шөлінің оңтүстігінде, Заравшан өзені бойында, теңіз деңгейінен 226 метр биікте орналасқан. Халқының саны 300 мыңдай. Бұқараны V ғасырда арабтар басып алған. Тұрғындары араб жаушылығына қарсы жетекшілік еткен Мукана бастаған ақ  киімді адамдар қозғалысына қатысқан. VIII-Х ғасырда Самани әулеті мемлекетінің құрамына еніп, Бұқара оның астанасы болады. ХХ ғасырдың аяғында Қарахан әулетіне, ХІІ ғасырдың ортасында  қытайлықтарға бағынады. ХІІІ ғасырдың басында Хорезм Шах Мұхаммедтің иелігіне айналады екен. 1222 жылдары өңірді Шыңғыс хан жаулап алып, оған қарсы 1228 жылдары  Махмут Тарави бастаған көтеріліс болған. 1370 жылдары Әмір Темір, ХVI ғасырда Шайбани әулеті мемлекеттің  құрамына кіреді. ХVI ғасырдан 1920 жылға дейін Бұқара хандығы  болған.

Бұқара облысының негізгі су көздері – Әмудария мен Заравшан көлі. Экономикасы мен өндірісіне келсек, бұл жақта қаракөл өңдейді және мақта тазалау, май, жібек, трикотаж, ет, сүт, шарап шығаратын зауыттар бар. Бұқарада негізгі архитектуралық ескерткіштер 140-қа жуық. Әлемдік ғылым мен мәдениетке  үлкен үлес қосқан Әбу Әли ибн Сина, Бұхари, Рудаки, т.б ғұламалар өмір сүрген. 1996 жылы Бұқараны ЮНЕСКО әлемдік мәде­ниет ошағы болған қалалар қатарына енгізіп, өз  қамқорлығына алғанын мәлімдеді. Бұл жақтағы медреседе қазақ зиялылылары білім алған.

Ташкент қаласында Хаст Имам ансамблімен таныстық. Кешеннің ішінде қарақұйрықтың терісімен қапталған Құран Кәрімнің қолдан жазылған көшірме  кітабы бар. Мұндай жәдігер дүниежүзі бойынша 4-ақ жерде – Меккеде, Мединеде, Каир және Ташкентте бар екен.

Сапарымызда Төле би бабаның басына зиярат жасап, құран бағыштадық. Көкілташ медресесімен таныс­тық. Бір таңғалдырғаны – билеті жоқ адамды вокзалдың ішіне кіргізбейді. Саяхат жасаған жерлерімізден бірде-бір қоқыс көрмедік.  

Халқының жылы сөзі мен мәдениеті көңілден шықты. Есіктерінің алдын су сеуіп, сыпырып жатқан балалар мен әйелдер жолда кездесті. Өз ауласы мен отырған жерін таза ұстау­ды кішкентайынан бойына сіңіреді. Жол сұрап жатсақ, сыпайы жауап береді. Жас жігіттермен сұхбаттасқанда «Президент халық үшін жұмыс істеп жатыр және біз болашағымызға сенеміз» дейді. Кез келген өндіріс орнының 51 проценті мемлекет меншігінде, ал қалған 49 проценті жекеде. Ауыл шаруашылығы өте жоғары дәрежеде дамыған.

Сапарды ұйымдастырған облыс­тық ардагерлер кеңесі, оны басқарып отырған Серік Дүйсенбаевқа, бірге барған Сандуғаш, Мақсұт сияқты қыз-жігіттерге ақ батамызды жаудырып рақмет айттық.

Шакизат ТӨРЕБАЕВ, 

«Қызылорда қаласының 

Құрметті азаматы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<