ТУҒАН ЖЕРІНЕ ЖҮРЕК ТАМЫРЫМЕН НӘР БЕРГЕН

453

0

Мал баққан қазақты атакәсібінен айырып жан бақтырған кеңестік нәу­бет ашаршылыққа ұласты. Сол заманда Шиелі ауданындағы Жуантөбе ауы­лының да біраз жұрты Қызылқұм арқылы жоғары жаққа қарай ауа көшті. Осы бір ұзақ, азапты жолда 1922 жылы дүниеге келген алты жасар Пазылхан да бар еді. «Адасқанның алды жөн», көшкіндердің айналасы толған жау. Кез келген уақытта қызыл өкіметтің шабармандары қуып жетіп, тас-талқан етіп кете алатын. Бейнетке белшеден малынып келе жатқандарды торуылдап, ұрмай-соқпай құтыдағы суларын сарқып, бес-он малын айдап кететін ұры-қарылар да қабаттасып жүр. Кейбір кісілер шөлден көзі аларып, жолда жан тапсырды. Бұл – айтқанға ұзақ хикаят.

Осы көш 1938 жылы елге қайта оралды. Өйткені, кеңес өкіметі қара халықтың жағдайына оң көзқарас танытып, прогрес­сивтік қадамдар бас­талды. Алайда, «жұт жеті ағайынды» дегендей, 1941 жылы Отан соғысының өрті бұрқ етті. Сөйтіп, бір атаның балалары – Әмірхан, Батырхан, Пазылхан Қалышевтар да соғысқа аттанды.   

Пазылхан негізі Отан соғысында генерал Власов армиясының құрамына түсіп, соның салдарынан көп азап тартқан. Кеңестік саясат неміс тұт­қы­нында болғандарды «отанынан бас тартушылар» деп есептеп, соғыстан соң соттап, қуғындағанын білеміз. Концлагерьлерде неміс-фашистерінің жан төзбес азабын шеккен, от пен оқтың ортасында жау қолына еріксіз түскен сол бір жазықсыздарға жосықсыз айдар тағу адамзат жаратылысы құқына қаншалықты сай келеді?

Осындай оспадар саясаттың құрбаны болған П.Қалышев секілді жүздеген кісілер елге оралып, өзінің туған жерін түлетті, ұрпақ өсірді. 1953 жылдан кейін кеңес үкіметі тұтқында болғандарға кешірім жасап, қаулы-қарарлармен ақ­таса да, сол зардапты бас­тан кешкен әке­леріміздің жан жарасы жазылмай-ақ кетті. 

Енді Пазылхан Қалышұлының майдан азабы жөніндегі әңгімеге аздап тоқ­талып өтейік.

***

Неше күн, неше түн жүргендері есте жоқ, әйтеуір Украинаның Днепр деген жеріне келгендерін бір-ақ білді. Мұнан соң оларды Львов төңірегіне ойыстырды. Осы кезде атақты генерал Власов 4-ші механикаландырған корпустың қол­басшысы еді. Жаңа келген лек осы корпус қарамағына енді. Бұлар қарсыласқан жаудың күші жойқын болды.

Власов армиясының Ленинградты қорғау кезіндегі соғыста отыз мың жауынгер оқсыз, азықсыз қоршауда қалды. Бұл жағдайды айтып Власов жоғарғы басшылыққа хат та жазған. Осы хаттардың көшірмесі қазір мұрағаттарда бар екен. Бірақ әскери кеңес қоршаудағыларды құтқаруға емес, генералдың жеке өзіне самолет жіберген. Власов солдаттарын тастап кетпейтінін айтқан. Ақырында өзі бас сауғалап,  неміс әскери басшылығына берілген. Ол генерал Самсонов секілді Сталин үшін атылып өлмеймін деген. Кейін оның коммунистік жүйені жек көріп, орыс азаттық армиясын құрғаны белгілі. Ал, Кеңес одағы жеңіске жеткен соң оны ұстап, дарға асты.

Власовтың қысқаша тарихы осындай. 

… Жау Днепропетровск маңында тұтқынға түскендерді айналасы тікенек сымды түрмеге тықты. Түрмеде Пазыл­ханның қалтасындағы қатқан нанды он сегіз адам бөліп жеді.

Днепропетровскіден әрі барлық тұт­қынды эшелонға тиеп, ұзақ жол жүрді. Бұлардың әуелі келген жері Польшаның Холм деген қаласы. Мұндағы тұтқын­дарда да есеп жоқ. Осында бір апта болды. Немістер быламық ботқа берді. Оны құйып ішетін ыдыс қайда, ботқаны бас киімдеріне құйды, ет жегендей саусақтарын батырып жеді. Немістердің негізгі мақсаты совет тұтқындарынан легиондар жасақтап, оларды кеңес үкіметіне қарсы соғысқа салу еді. Бірақ легиондар тез арада құрылмады. Өйткені тұтқындар сенімге кірмеді, реті келген жерде қашып кетіп отырды. Сондықтан олардың басым бөлігі лагерьлерде ұсталды. Кейінгі мәліметтер көрсеткендей, 1941 жылы күзде 4 миллионға жуық КСРО солдаты тұтқынға түскен.

Осы жерде 7-8 ай тұтқында болған Пазылхан қасындағы жауынгер достарымен лагерьден қашып шығып, Албания жеріндегі «Тирананың ерікті солдаттары» деп аталатын топқа қосылды. Солармен бірге Албания, Италия терри­ториясындағы немістің әскери  бөлімдерімен соғыса жүріп, жан-жақтан қосылған совет солдаттары олардан бөлініп, алға қарай тартты. Ойлары совет әскерлеріне қосылу.

Сол жолда Пазылхан түс көрді. Түсіне ағалары енді, төбелерінен жұлдыз көрінді. Батырхан ағасы екеуінің төбе­сінен сегіз жұлдыз жарқырады. Осы түсін өзі жорыды, өлмейтінін білді. Ал, Әмірхан ағасының төбесіндегі жұлдыз жерге ағып түсті. Ол кісі шынында соғыстан қайтпады. Батырхан ағасы екеуі соғыстан оралып, сегіз перзент сүйді. Соғысқа атттанарда Есабыз бабасының басына барып мінәжат еткен-ді. Әуелі Алла, баба аруағы оған үнемі қорған болды.

Сөйтіп, Албаниядан шығып Адриат теңізіне жетіп, оның сегіз сағаттық бұғазын қайықпен жүзіп өтті. Сол қайық шексіз су бетіндегі ағаш жаңқасы сияқты еді, ал, өздері жаңқаға жармасқан құмырсқа секілді. Құмырсқаның да құдайы бар. Су толқыны секілді тағ­дырдың толқыны қақпақыл қылып, совет әскерлеріне келіп қосылды. Бірақ олар өзіміз ішіндегі бөтендер болды. «Ерекше бөлім» біртіндеп тергеп, Харьков түбіндегі атқыштар дивизия­сы құра­мындағы «айыптылар батальонына» қосты.

Бірде немістер миналап кеткен орман алаң­қайынан жол ашу үшін «айыптыларды» алдыға салып жүгіртті. Қанша адам минаға түсіп, көз алдарында күлпаршаланып жатты. Шегінсе атады, алдында – ажал, артында – өлім. Сонда Пазылхан жүрген жерден бірде-бір мина ұшыраспады. Аман-есен алаңқайдан өтіп, арғы жағаға шықты. Бұл ненің құдіреті?  

Осылайша Харьков, Днепропетровск, Брянск табанында 1943 жылдың күзіне дейін болды. Қанша қырғынға кезікті. Бәрінен аман шықты. Украина жаудан толық азат етілді.

Бір деревня үшін болған ұрыстағы Пазыл­ханның ерлігі мәлім болып, бүкіл жауын­герлердің аузында жүрді. Сонда осы бөлімге самолетпен келіп қонған маршал Тимо­щен­коның өзі қолын қысып: «Қатардағы жауынгер Қалышевты «Отан соғысы» орденіне ұсы­намын!» – деген болатын. Ертеңіне оған дивизия командирі «Бұл сенің айыбыңды жуғаның, саған орден берілмейді» – деді жәй ғана. 

1943-тің аяғынан бастап әскери қолбас­шы­лардың өздері айтқандай, соғыстың екінші кезеңі басталды. Бұл кезеңде немістердің таңдаулы әскерлері талқандалды. Сталинград азат етілді, Балтық жағалауы тазартылды, ең ауыр соққан Курск шайқасы аяқталды. Совет солдаттары Днепрден өтіп, Украина, Белоруссия қалаларын босатты. Онан әрі Будапештті азат етуге қатысып, Австрияны жаудан тазартып, Еуропаны етікпен жүріп өтті.

Сөйтіп, Кеңестер одағының 1710 қаласын күл талқан еткен, 70 мыңнан астам ауыл-селоларын отқа ораған, КСРО-ның 30 процент ұлттық байлығын тонаған, ең қымбат қазына 50 миллион адам өмірін жалмаған жалмауыз соғыс аяқталды.

«Папамның керемет көріпкелдігі бар, мінезі де тұйық. Соғыс жайлы сұрасаң, айтпайды. Бала емеспіз бе, сұрап қоймаймыз ғой. Сондай кезде ашуланып, шинелін киеді де, далаға шығып жүре береді. Біз кейде папамыз қайтадан соғысқа кетіп бара жатқандай қорқып қаламыз. Соңынан қарап тұрғанда тура солдат сияқты, тіп-тік жүреді. Сүтпісірімнен соң қайта келеді, содан кейін соғыс жайлы сұрамаймыз» – дейді әкесін есіне алған ұлы Асылбек Қалышев.

Соғыстан бір-екі жыл бұрын Жуантөбедегі жұртты Ақтоғанға көшіріп әкелген Төлепбай, Қойшыбай, Қазыхан және ағайынды Қалы­шевтар еді. Сол кісілермен бірге Батырхан мен Пазылхан Сырдың жағасынан сексеуіл сындырып, бұтарлап ат арба, өгіз арбаға артып, сонау Сұлутөбе стансасына апарып, пойызға тиейтін. Сол кезде көмір қол жетпейтін зат, қаланың бәрі сексеуілді отын қылады. Қызылордадағы мектептер мен барлық мекемелер сексеуілмен жылытылады. Сонда бұл кісілердің жетпіс шақырым жердегі Сұлутөбеге апаратын арба-арба сексеуіліне алатын ақысы ақша емес, көшет шыбықтары еді. Ағашқа ағашты айырбастағанда сол жарық­тықтар ауылдың болашағын ойлады. Алма, тұт сияқты жеміс, тал-терек көшеттерін әкеліп отырғызды. Негізі бұл өңірдің талдары жатаған келеді. Табиғаты бөлек ағаштар осы топырақты жерсінді.

Қазір Ақтоған ауылында көкке шаншыла өскен сол терек-қайыңдар әлі тұр. Сексен жылға жуық уақыттан бері өзін қолмен отырғызған абзалдарын іздеп, мойнын созып биік қарап тұрғандай әсер береді…

* * *

Бұл – туған жеріне жүрек тамырымен нәр берген  асыл әкелеріміздің адал еңбегінің жемісі.

Дүйсенбек Аяшұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<