ТУЫМЫ БӨЛЕК ТҰЛҒА ЕДІ

463

0

Кешегі сұрапыл соғыс жылдарында қазақтың ұлттық №101 дербес атқыштар бригадасының құрамында өшпес ерліктің үлгісін көрсетіп, сан мыңдаған жаралыларды ажал аузынан аман алып қалған әскери дәрігер, биыл туғанына 100 жыл толатын ержүрек жерлесіміз, генерал-майор Нұрулла Әлмағамбетов жайлы деректі хикаят.
Атақ-даңқы мен ауазасы тек Сыр бойы ғана емес, әмбе Алашқа аян, бүкіл саналы ғұмырын ел тыныштығын қорғауға арнап, қатардағы офицерден генерал-майор дәрежесіне дейінгі асуларды бағындырған абзал ағамыз жайлы қалай жазсақ та, жарасып тұрғандай. Бірақ, өкінішке қарай, ол кісі көзінің тірісінде бұған ыңғай бермей келген еді.
Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, 1987 жылдың қараша айында атбасын Алматыға бұруыма тура келді. Естеліктерін үнтаспаға түсіріп алайын деген мақсатпен дыбыс жазатын репортерімді де өзіммен бірге ала шыққанмын. Пойыздан түскен бойда телефон шалып едім, даусымнан бірден тани кетті.
– Ахатпысың? Үй-іші, бала-шағаң аман ба, айналайын? Алыстан емес, үй іргесінен қоңырау шалып тұрған сыңайлысың. Қашан келдің? Ауыл-аймақ, ағайын-туыс аман ба? – деп шұғыл сұрастырып жатыр.
Шаруамның ретін білген соң:
– Сен былай ет. Бүгін сәл асығыстау болар, бірақ, ертең жұмыс аяғына таман біздің үйде бол. Нұр­хан ағаң мен жеңгеңді де ерте кел. Соғым сойғанбыз. Соның шекесі өздеріңе бұйырғалы тұр екен. Солай, айналайын, келістік қой. Ал ендеше, көріскенше күн жақсы, –деп сөзін аяқтады.
Сол күні дастархан басында жерлесіміз, фольклоршы Мардан Байділдаев, әйелі Гүлстан, Мәкеңнің Тастақта тұратын аға-жеңгесі және өмірден ерте өтіп кеткен генерал досының жесірі – бәріміз бас қосып, жақсы отырыс жасадық. Сол кеште арғы-бергі тарихтан қаншама сыр шертілді десеңізші! Нұрекең шежірешіл, есте сақтау қабілеті мейілінше мол, көне тарихымыздың құт-көмбесі іспетті өте зерек кісі-тін. Айтар әңгімесін де майын тамызып, әсерлі етіп жеткізетін.
Әңгіме негізінен Табын тайпасының арғы-бергі тарихы, қилы ауыр кезеңдер және ел-халқын осынау тар жол, тайғақ кешуден аман алып шыққан билер мен батырлар хақында өрбіп жатты. Жүзжасар, Есенжол (Мысық би), Бостай, Шортанбай, Алданазар сынды билер мен Сәрке, Байқадам, Бұқарбай, Сейіл, Қабан, Елқонды есімді батырлар жайлы біраз жайларға қаныққандай, таңғажайып күй кешкендей сезімде болдық. Дастархан басындағы емен-жарқын әңгіме желісінен аңғарғанымыздай, Нұрекең өзінің алғашқы еңбек жолын Алматыдағы Каганович ау­данындағы денсаулық сақтау бөлімі меңгерушілігінен бастапты. Көп ұзамай, яғни 1938 жылы әскер қатарына шақырылады. Мұнда ол № 83 атқыштар дивизиясының құрамында әзірліктен өтіп, саяси жетекшілер даярлайтын екіжылдық мектепті ойдағыдай бітіреді. Әрі қарай фин соғысына бастан-аяқ қатысып, №42 атты әскери эскадронында барлаушылар тобын басқарған көрінеді.
Жас жауынгер үшін мұның бәрі мол тәжірибе мен тәрбие мек­тебі болатын. Күллі Еуропаны от жалынға ораған екінші дүниежүзілік ғаламат қырғын басталған бойда қолына қару ұстауға жарамды ел азаматтары ұрыс шебіне аттана бастайды.
Осы жерде сәл шегініс жасап, Нұрекең екеуміздің арамызда осыдан 32 жыл бұрын болған сұхбатқа қайтып оралғанымыз жөн болар.
– Нұрулла аға, осы кезге дейін сіз ылғи басшылық қызметтерде болдыңыз. Кең отырып, әңгіме-дүкен құруға да уақытыңыз бола бермейтін. Шынымызды айтсақ, генералдық шеніңізден қаймығатынбыз. Қазір құрметті демалыстасыз, уақыт та жетерлік. Бір ғажабы, қандыкөйлек қаруластарыңыз ұрыс шебіндегі өзіңіздің жанқиярлық ерлігіңіз жайлы әрдайым аса бір ризашылық сезіммен әңгімелеп отырады. Ол кісілердің кейде сезімге беріліп, тым әсірелеп айтуы да мүмкін ғой. Сондықтан, майдан шындығын өз аузыңыздан естігенді жөн көріп отырған жайымыз бар.
Сол бір сындарлы сәтте №101 атқыштар бригадасы сияқты әске­ри құрамалар, полктер, дивизия­лар Кеңес Одағының барлық округтерінде жасақталып жатты. Бірақ, К.Е.Ворошилов сынды атақ-даңқы жер жарған маршалдардың әлгілердің бәрін аралап, танысуға уақыты бола бермейтін. Бірақ, ол кісінің Ақтөбеде әскери әзірліктен өтіп жатқан №101 бригадаға Мәскеуден арнайы ұшып келіп, хал-ахуалдарыңызды білуі аса сирек кездесетін оқиға.
– Мен мұны қазақстандық жауынгерлердің абырой-беделін айғақтайтын көрініс дер едім. Олар алғашқы күндерден-ақ хас батырларға тән қаһармандықпен шайқаса білді. Өліспей беріспейтін жанкештілігімен ерекшеленді. Мысалы, қарақұрым жауды Мәскеу түбінде жайратып салған қазақстандық панфиловшылардың таңғажайып ерлігін алыңыз. Фашистер Мәс­кеу операциясына 77 дивизиясын, 1,5 мыңдай әскери ұшағын жұмылдырды. Бірақ жау кеңес әскерлерінің тегеурінді шабуылы мен тастүйін табандылығына төтеп бере алмай, жеңіліс тапты.
Ал ұрыс шебіне аттанар күні вокзал басында қоштасу рәсімі өткізіліп, халық ақыны Нұрпейіс Байғанин үкілі домбырасын қолына алып, азаматтарға арнаған ақ батасын мынадай жыр жолдарымен жеткізген еді:
Қызыл әскер болғалы,
жеңілуді білмеген.
Қарсы келген қаскөйді,
штыгімен түйреген.
Табанға сап тепкілеп,
Саз балшықтай илеген.
сен де батыр ұлансың,
Болат топшы қырансың.
Мынау қырғын шайқаста,
бағыңды, балам, сынарсың.
Қанша қиындық көрсең де,
мойымассың, шыдарсың.
Қасарысқан дұшпанды,
қайтып енді тұрмастай.
Өз ініне тығарсың,
көп тілегі көл деген,
Ақыры жеңіп шығарсың.
– Әңгіме үкілі домбыра дегеннен шығады-ау, қарулас достары­ңыз­дың бірінен жақында мынадай бір қызықты деректер естіген едім. Қазақстан компартиясының Орталық комитеті «Қазтеатрсанб» мекемесі арқылы сіздерге қазақ­тың кәдімгі қара домбырасын жіберген көрінеді. Шамасы, майдандағы қандастарымыз қос шектің күмбірлеген күміс үнін сағынып жүрген шығар, мауқын бассын деп ұйғарса керек. Ғажап емес пе? Осыны тарқатыңқырап айтып берсеңіз қайтеді?
– Ол рас. Бұл 1943 жылдың мамыр айының аяқ кезі болатын. Дала поштасы бізбен хабарласып, Алматыдан келген сәлемдемені жедел алып кетуімізді өтінді. Іле-шала байланысшылар взводының командирі Жолдыбай Арапов есімді жігітті жұмсап, әлгі посылканы алдырсақ, мұқият оралған кәдімгі домбыра болып шықты. Мәре-сәре боп қуанып жатырмыз. Әсіресе, аға-лейтенант Ғабдулла Мұсайыновтың жүрекжарды қуа­нышын көрсеңіз. Өзі ұлттық аспапта шебер ойнай білетін болған соң, әлгі сәлемдемені соған табыс еттік. Ол қашан жеңіс сағаты соққанша сол киелі аспабынан еш ажыраған емес. Сол күні жасыл орман ішінде Ғабдулланың орындауында Ақан серінің «Құлагерін», Біржанның «Жамбас сипарын», тағы басқа күйлер мен әуендерді тыңдап, бір жасап қал­дық. Кешкілік әлгі посылканы жіберген Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Әбдіхалықовқа Ғабдулланың атынан мынадай мазмұнда жеделхат жолданды: «Алғы шептегі майдангерлерге деген сіздің шынайы қамқорлығыңызға ризашылығымызды білдіре отырып, қаһарлы қару мен киелі домбыраны қатар ұстап, жауға аяусыз соққы береміз деп бүкіл бригада атынан ант етемін». Қос шекті аспаптың шарапаты болар, Ғабдулла бауырымыз елге аман-есен оралып, ұзақ жылдар бойы партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Әлі күнге дейін хабарласып, араласып тұрамыз.
– Кешегі соғыс жылдарында өзіміздің көрнекті қаламгерлеріміз бен сахна саңлақтарынан құрал­ған қазақстандық делегациялар ұрыс шебінде жиі болып, жауынгерлерімізді әрдайым ұлы жеңіске жігерлендіріп отырған көрінеді. Өздеріңіз де осындай қуа­нышты сәттердің куәсі болған шығарсыздар-ау…
– Әлбетте. Тәуекелге бел буып, алыстан ат арытып келген жерлестерімізбен ұрыс даласында жүздесудің өзі қандай ғанибет десеңізші!? Витебск қаласын азат етіп, жауды едәуір жерге дейін ысырып, аз күн тыныстап, күш жинауға мүмкіндік алғанбыз. Генерал-майор К.Н.Галицкий басқаратын №2 гвардиялық армияның штабы Измайлово маңындағы ит тұмсығы батпайтын орманның ішіне орналасқан еді. Біздің №100 және №101 бригадалар осы армияның құрамында болатын. Осыған орай Қазақстаннан жерлестеріміз, әсіре­се, өнер адамдары ат ізін суытпай жиі келетін-ді.
Бұл кезде жауынгерлеріміздің де көңіл-күйі көтеріңкі болатын. Өйткені біз өзге құрамалармен бірлесе отырып, Белоруссия, Литва, Латвия және Эстонияның бір­қатар қалалары мен селоларын жау­дан тазартып, батысқа қарай 150 шақырымға ілгерілеп үлгірген едік. «Құтты қонақ келсе, қой егіз туады» демекші, дәл осы уақытта біздің бригадамызға қазақтың көр­некті қаламгері, сүйікті жазушымыз Сәбит Мұқанов ағамыз ат басын тіреп, бір апта бойы арамызда болды. Соғыс жылдары «Совинформбюро» секілді ақпарат агенттіктері мен орталық басылым­дар жер-жердегі жазушылар мен журналистерді ұрыс шебіне жі­беріп тұратын. Сірә, Сәбит ағамыз да сондай тапсырмамен келсе ке­рек. Мәртебелі мейманымыз біз­дің батальонның командирі Хәкім Бекішевті кішкентай кезінен жақ­сы біледі екен. 1922 жылы оны Пет­ропавл қаласындағы балалар үйіне орналастырған, кейін есейген соң партия қатарына өтуге ке­пілдік берген де осы Сәбит аға екенін естіп, білдік.
Сол жылы Сәбең өзімен бірге қазақтың біртуар ұлы Мәлік Ғаб­дуллинді де ерте келген-ді. Бұл біздің алғашқы таныстығымыз бола­тын. Сол бір таңғажайып жүз­де­сулер күні бүгінге дейін менің көз алдымда.
Әскери жазушы Илья Эренбург Ұлы Отан соғысының қай шай­қасы ұмытылмастай болып, есі­ңізде қалды деген сауалға еш ойлан­бастан Ржев деп жауап бер­се керек. Ал, әйгілі қаламгер Конс­тантин Симоновтың Ржев-Вязь­ма шайқасын «Ажал аңғары» деп атауында да үлкен шындық жат­қан­дай. Осынау тозақ отының қақ ортасында №100 және №101 бри­гадалар жанқиярлық ерліктің жарқын үлгісін көрсетті. Тарихшыларымыз соғыс жылдарында И.В.Сталин бір рет қана ұрыс даласына барған дегенді айтады. 1943 жылдың тамыз айында ол Ржев ұрыс шебінде болғанға ұқсайды. Осы бір ғана деректің өзі бұл шайқастың қаншалықты маңызды болғанын аңғартса керек.
Иә, айта берсе, әңгіме көп. Оны ұзақты таңға дейін тауыса ал­май­сыз. Адамның аза бойын тік тұр­ғызарлық сол бір ауыр күндер ойға оралар болса, жүрегіміз сыздап сала береді. Қаншама боздақта­ры­мыз ажал құшты десеңізші! Тірі қалғандарын қайта қатарға қосуға күш салдық. Мұндайда өзің де басыңды бәйгеге тігіп, қауіп-қатердің бел ортасында жүресің.
Кезінде «Ажал аңғары» атан­ған Ржев-Вязьма плацдармы жауын­герлерімізге ғана емес әскери дәрі­герлерімізге де ауыр сын болды. Өйт­кені, жаралылар қисапсыз бо­ла­тын. Күн-түні әлгілердің өмірі үшін күресуімізге тура келді. Сол кездегі мәліметтерге сүйенер бол­сақ, ақ халаттылар жара­лы­лардың 72 пайызын, сырқат­тар­дың 9 пайызын қайта қатарға қос­қан екен. Бұл, әлбетте, сол ке­зең үшін жоғарғы көрсеткіш бо­ла­тын. Соғыс басталған бойда бір­де-бір жаралы ұрыс даласында қал­­масын деген ұран көтеріліп, ол мүлтіксіз орындалып жатты. Жер-жерде донорлық қозғалыс өріс­теп, оған қатысушылардың қа­тары 5,5 миллионға жеткен еді. Бұлар ұрыс шебіндегі емдеу орындарына, госпитальдарға 1,7 миллион литр қан жеткізді. Олардың көпшілігі «КСРО құрметті доноры» төсбелгісімен марапатталып жатты. Ұрыс шебіне жақын аймақтарда 6 мыңнан астам госпиталь жұмыс істеді. Әскери дәрі­герлер, фельдшерлер, медбике жә­не санитарлардың жанқиярлық еңбегі жоғары бағаланып, 43 әс­кери дәрігер Кеңес Одағының батыры атағын алып, 115 мың адам түрлі үкімет наградаларымен мара­патталған еді. Сол 115 мың қата­рында біз де ұрыс шебіндегі фельдшерлік қызметіміз үшін «Қы­зыл Жұлдыз» және «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапат­тал­дық. Осындай жоғары мара­патқа бригадамыздың дәрігері Бүркіт Әб­діханов та ие болды. Қазір ол Алматы қаласында тұрады. Медицина ғылымдарының докторы, профессор.
Ал менің бейбіт өмірдегі қызме­тім әуелі партия органынан бастау алып, кейін ұлттық қауіпсіздік ко­митеті мен республикалық ішкі істер министрлігінің қабырғасында жалғасты. Екі салада да жауапты қызмет атқардым. Мұны әрі қарай тарқата берудің қажеті де жоқ шығар. Бір сөзбен айтқанда, менің бүкіл саналы ғұмырым адам өмірін қорғауға, күзетуге жұмсалды.
Менің өз жұртымнан да, на­ғашы жұртымнан да батырлар мен билер көп шыққан көрінеді. Солардың аруағы қолдаған шығар, әйтеуір, майдан шебінде де, бейбіт өмірде де бөтен болғанымыз жоқ. «Сыбырлағанды құдай естімей ме» дегендей, несіне жасырайық, соғыс жылдарында Аллаға сыйынып, пайғамбарымыздан шапағат, пірлерімізден медет күтумен бол­дық. Қазақта «Ақтың отын арамза өшіре алмайды» деген қанатты сөз бар. Шынында да біздің ісіміз ақ еді. Біз ешкімге ұрынған жоқпыз, зорлық-зомбылық жасағанымыз жоқ. Елімізді, жерімізді қорғадық. Қайт­кенде де ақиқаттың жеңеті­ні­не сендік. Ақыры әділдік салтанат құрды, жанталасқан жау өз ордасында талқандалды.
– Рұқсат етсеңіз, тағы бір сұрақ қойғым келіп тұр, аға!
– Жарайды, айтқаның болсын!
– Досбол Қуаңбаев есімді аға­мыз қашан соғыс аяқталғанша өзі­ңізбен қарулас болған екен. Бір бригада, бір батальонда шайқасып­сыздар. Сол кісі бір әңгімесінде: атойлап келген ажалдан мені аман алып қалған әуелі Құдай, содан соң Нұрекең деп айтқан еді. Соны тарқатыңқырап әңгімелеп берсеңіз екен.
– Жарайды! Бұл 1944 жылдың жазы еді. Досбол көздеген жеріне дәл тигізетін мықты пулеметшіміз болатын. Қарсыластарының адымын жаздырмай қынадай қырып жатқан соң пулеметінің үнін өшіргісі келсе керек фашистер сол биіктікті ауыр соққының астына алды. Сөйтіп, жау снарядының жар­қыншағы Досболды қатты жа­ралап, ішек-қарнын ақтарып тас­тайды. Жанындағы қаруласы дереу қолынан келгенше алғашқы кө­ме­гін жасап, ұрыс даласынан аман алып шығып, маған табыс еткен еді.
– Сөйтіп, жедел операцияға алдық. Қансырап, әлсіреп қалған екен. Қан құйған соң есін жиып, беті бері қарай бастады. Операция жасауға менің де қатысуыма тура келді. Абырой болғанда Досболды ажалдан аман алып қалдық. Мұндай жағдайлар мүлдем көп болды ғой. Операция дегеніңіз әлсіз шамның жарығымен де тәулік бойы толассыз жасалып жататын.
Сонымен, әскери фельд­шер «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан со­ғысы», «Еңбек Қызыл Ту» ор­ден­дері мен ондаған медальдар­дың иегері, ішкі істер саласының генерал-майоры Нұрулла Әлма­ған­бетов ағамыз жайлы әңгімемізді №101 бригаданың батальон ко­ман­дирі, жерлесіміз, аралдық аза­мат, майор Мұса Сәдібековтің Қы­зылорда облыстық партия ко­ми­тетіне  жолдаған мына бір хатымен аяқтағалы отырмыз:
«Құрметті қызылордалықтар! Жерлестеріңіз қан майданда өш­пес ерліктің жарқын үлгісін көр­се­туде. Соңғы бір қиян-кескі шай­қаста әскери фельдшер Нұрулла Алмағанбетовтің бір өзі ұрыс ше­бінен 30 жаралыны аман алып шықты. Сол үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылды. Осындай ер­жүрек ұл өсіргендеріңіз үшін сіз­дерге шексіз алғысымды білді­ре­мін!».
Ағамыздың жеке архивінен осындай жүрек толқытарлық ле­біз­дерге толы құжаттарды жиі кез­дестіруге болады. Мұның бәрі, сайып келгенде, Нұрекеңнің ұрыс даласында да, бейбіт күндерде де аса беделді азамат болғанын ай­шықтай түссе керек. Қызылорда  қалалық партия комитетінің хатшысы, Шығыс Қазақстан облысы ұлттық қауіпсіздік комитетінің бас­шысы, республика ішкі істер министрінің орынбасары сияқты жауапты қызметтер атқарып, генерал-майор дәрежесіне көтерілген асыл ағамыз 1991 жылы 73 жасында дүниеден өтті.
Генералдың шарапатын, тәр­биесін көрген жерлестері, шә­кірт­тері ол кісіге әрдайым аса бір ризашылық сезіммен еске алып отырады. Қызылорда қаласы мен Жалағаш кентінде генерал Н.Әл­мағанбетовтың есімі берілген кө­шелер бар. «Елім деп соққан жү­регі» атты естелік кітап та, туы­мы бөлек тұлға да тұрғызылған ес­керткіш іспетті. Нұрекеңнің ар­тында қалған Әдия есімді аяулы жары, бала-шағасы, немере-шөбе­релерімен Алматыда тұрып жат­қа­нымен, атажұртымен байланысын бір сәтке де үзген емес.
Жанкешті жауынгердің өмірі осылайша жалғасып-ақ жатыр.

Ахат ЖАНАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі, Жалағаш және
Сырдария аудандарының құрметті азаматы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<