Ұяда не көрсе,  ұшқанда соны іледі

1723

0

Негізінде, бес-алты жасар ер баланың болмысында болашақ атпал азамат, дәл сондай қыз баланың болмысында болашақ ақ жаулықты ана жатқанын ұмытпаған абзал-ау. Ұлтымыздың ұғымында әр отбасындағы жатжұрттық деп жаратылған қыз бала түбінде бір шаңырақтың түтінін түзу шығаратын келісті келіні, сол шаңырақтың ұйтқысы, ұрпақ тәрбиесін жолға қоятын аяулы ана деген түсінік қалыптасқан және ол дұрыс та, ақылға қонымды.

«Қыз баланың қабағында құт болады, қыз баланың қабағы ашық болса, сол әулеттен қырсық қырық қадам қашық болады» делінеді қазағымыздың қанатты қағидаларында.

Құран Кәрімде жиырма бес пайғамбардың есімдері аталады. Солардың бірі Нұх ғ.с. пайғамбар. Нұх ғ.с.-ның Хам, Сам, Жаппас атты үш ұлы, Уәсила есімді бір қызы болыпты. Пайғамбар ғ.с. үнемі қызына құрмет көрсетіп, еш дауыс көтермей, ас-ауқаттың кезінде үнемі төрге отырғызады екен. Қызы сол құрметке сай болып ата-анасын, ағаларын сыйлап өседі. Уәсиланы әкесінің төрге отырғызғаны ағасы Хамға ұнамайды. Бір күні ол әкесіне: «Әке, Уәсиланың жасы бізден кіші, ұлдың мәртебесі жоғары емес пе, ол неге бізден ілгері отырады?» дейді. Сонда Нұх ғ.с.: «Біздің ризық-несібеміздің мол болуы, береке-бірлігіміздің бекем болуы Уәсилаға байланысты. Құт қыздың айналасында жүреді, оны босағаға отырғызсаң шамданады, төрге отырғызсаң қуанады. Орны жайлы болса кеткісі келмейді» депті. Содан бастап ағалары Уәсиланы төрге отырғызатын болыпты.

Домалақ ананың тұрмыс құруы жайлы аңыз да неткен тартымды. Бүгінгі бойжеткендердің бой түзеп, ой түюіне әбден жеткілікті болар еді-ау. Қыз кезінде су алуға келіп құдыққа құлап кетіп ернеуінен ұстап үлгерген Нұрила қызды, сол ауылға қонаққа келіп жатқан жігіт ағасы Бәйдібек атамыз жанұшыра шыңғырған дауысын естіп, білегінен тартып шығарып, құтқарып қалыпты. Кейіннен күллі қазаққа Домалақ ана атымен танылған сол Нұрила қызға құда түсушілер көбейе бастағанда әкесіне: «Әке мені Бәйдібек биге бергеніңіз дұрыс болады, өйткені мені құдықтан шығарғанда білегімнен ұстап қойған» депті. Сөйтіп, Домалақ ана атанған Нұрила қыз он тоғыз жасында Бәйдібек биге ұзатылыпты.

Осы тектес арды, ұятты, абыройды, намысты алға сала отырып тектіліктің төріне шыққан қазақтың қылықты қыздары, асыл аналары туралы аңызға бергісіз ақиқаттар жетерлік. Ондай асылдың сынықтары бүгінгі күні де баршылық, тек олар ешқашан көзге түсуді мақсат санамайды, ері менен арын ойлай отырып, азаматын алдына сала әрекет етеді, қоңторғай өмір кеше жүріп те, қара шаңырақтың ұйтқысы болуымен бірге қызмет тетігін қатар ұстай жүріп те әулетке, ауылға, елге сыйлы болады, саналы ұрпақ тәрбиелеп шығару үшін аянбайды.

«Ата даңқымен ұл өседі, ана даңқымен қыз өседі, бір ұл балаға тәрбие беру арқылы бір ер-азаматты тәрбиелеп шығарасыз, бір қыз балаға тәрбие беру арқылы бір жанұяға тәрбие сіңіресіз» дейді даналық тәмсілі. Әлгіндей аналар ел-халыққа адал қызмет жасайтын саналы да, сапалы ұл-қыз тарту етеді. Ұлт болашағы, тал бесіктен бастау алуы тиіс тәрбие тетігі ерге де, әйелге де ортақ екені рас. Әйтсе де, жанұяға жылу беретін, жолы жіңішке делінетін әйел затының отбасы тәрбиесіне әсері, үлес салмағы, табиғатынан қаталдау, түздің адамы саналатын ерлерге қарағанда басымдау ма деп ойлайсың. Өйткені, көп жағдайда бала атамыз қазақ айта беретін жақындығы жездедей-ақ әкеден гөрі, тар құрсағын кеңітіп, тоғыз ай он күн көтеріп жарық дүниеге әкелген анаға  жақындау болады, оның қасы мен қабағына көбірек қарағыштайды, көбірек төңіректейді, анаға деген аяушылығы басымдау болады. Оның айтқаны дұрыс болса да, теріс болса да талқыламай орындауға тырысады. Ал, бұл маңызды мүмкіндікті, бала тәрбиесінің, бала болашағының ертеңін ойлайтын саналы ана отбасының іргесін бекемдеп, шаңырағын шайқалтпау, түтінін түзу шығару үшін, қоғамға пайдасы тиетін ұл, қылықты қыз тәрбиелеп шығару үшін орнымен пайдаланса, ақылы кем, таяз ойлайтын әйел заты өз дегенімен жүріп-тұру, отбасын, ер-азаматын тұқыртып ұстау үшін ғана қолданады. Бұл біздің бүгінгі қоғамның өмір шындығына айналғалы қашан.

«Әйел десем әпкеме тиеді» деген бар ғой. Көпке топырақ шашу күнә болар еді. Алдында айтқандай, аяулы аналар, апа-қарындастар, келісті келіндер жетерлік. Тіпті ел арасында кездесіп қалып жататын жаман әдетке үйірсек ерлерін елдің алдында жаманын жасырып, Құдай сүйер қылығы болмаса да әлдеқандай қылып әдемі көрсетіп, абыройын ойлап отбасын айрандай ұйытып отырған әйел-аналар да аз емес. Бір отырыс аяқталуға жақын қалғанда келінін ерте келген туыстық жақындығы бар ағамыздың әйелі: «ойпырмай, шалым обедке келетін еді, тамағын, жуынатын суын дайындауым керек еді, уақытылы дайын болмаса көңіл-күйі тез қалпына келе қоймайтын еді» деп мазасызданып, өзі де асығып, келінін де асықтырып қайтып кетті. Бұл да бүгінгі күннің біраз ер-азаматтарына бұйыра қоймаған артықшылық және бір жағы келінге тәрбие десек артық айтқандық болмайтын шығар.

Жарты ғасырдың арғы жағында мектепте оқып жүргенімізде бірге оқитын кластасымыздың үйіне барып тұратынбыз. Ол баланың анасының шектен шыға тентектігі есімізде қалып қойды. Қашан көрсек те аузы айқайдан босамайтын, енесін, күйеуін бір шыбықпен айдайды десе болады, нәті жуас кластасымыз да біз барған кезде қатты қипақтап, қиналатын. Бала болғасын себебін біз қайдан білейік, бір күні әлгі әйел қалт-құлт етіп қорадан сиыр сауып шығып келе жатқан енесінің қолындағы сүті бар шелекті жұлып алып, енесінің үстіне аудара салды. Мұндай озбырлықты көрмеген біз зәреміз ұшып содан кейін ол үйге бармай кеттік. Кластасымыз жалғыз бала болатын, кейінірек анасы баласына қалыңдықты өзі таңдап, өзі алып берді. Жылдар өтіп жатты, өмір соқпақтары әр тарапқа бағыт алып, байланысымыз үзілсе де, ел іші болғасын хабары естіліп тұрды. Баласына өзі таңдаған келін бірнеше балалы болған, уақыт өте келе өзін таңдаған ененің екі аяғын бір етікке тығып дегендей, әлгі әйелдің бір кезде отбасына көрсеткен азарын артығымен алдына келтіріпті. Ақыр соңында кезіндегі адуын әйел ауыр науқасты болып төсек тартып жатып, ұзақ қиналып өмірден өткен. Енді қазір дегені болып тұрған келін де зейнет жасына жетіп, балдары үйленіп өзі де келін түсіріп жатқан көрінеді.

«Қысастық қияметке кетпейді» дейді хадисте. Оның да алдында не күтіп тұрғанын кім болжапты. Ұрпағының болашағын ойлаған ата-ана «ұяда не көрсе ұшқанда соны ілетін» бала тәрбиесінің тал бесіктен бастау алса ғана бақыты баянды болатынын ұғына білгені жөн болар еді.

Әлімжан Қияс.

Әйтеке би кенті

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<