Ұлағатты ұстаз – ұлт мерейі

1594

0

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп хәкім Абай айтқандай, мұғалімнің тәрбиесі мен өнегесі білім алушының болашағына ықпал етеді. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақта бағытынан таймасы анық.

Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өзгелерді бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаз­дардың жөні де, жолы да бөлек. Осындай ой еңбегінің бейнетін зейнет санайтын асыл ұстаздардың бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, «Физика және математика» кафедрасының аға оқытушысы Торғын Сәтжанқызы  Аймұратова.

Педагог – өзінің елу жылдан астам ұстаздық жолында қаншама шәкіртті ұядан қияға ұшырып, алғысына бөленген бақытты жан.

Торғын Сәтжанқызы 1952 жылы 18 мамырда Арал өңірінде дүниеге келген. Орта мектепті бітіріп, 1975 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Еңбек жолын облыс орталығындағы №171 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектебінде математика пәні мұғалімі болудына бастап, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін қоса абыроймен атқарды. 2002 жылдан бүгінгі күнге дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде аға оқытушылық қызмет атқарып келеді.

«Алғаш  қызметке келген кезімде кафедра меңгерушісі болып еңбек еткен өте сауатты басшы А.Қонысұлынан үнемі кеңес алып отыратынмын. Жоғары оқу орнында студенттердің жүрегінен ұстаз ретінде қандай орын алсам, оған А.Қонысұлы, В.Е.Серікбаева, замандасым Б.Тұрбаев, З.Касаевалардың үлесі бар, – дейді Торғын Сәтжанқызы.

Тәжірибелі ұстаз «Математика ғылымының негізі: элементар математика» және «Математикалық  есептер шығару практикумы»  пәндері бойынша теориялық білім берумен қатар, «Мамандыққа кіріспе» және сыныптан тыс жұмыстар, «шағын жинақты мектептерде математиканы оқыту ерекшеліктері» сияқты таңдау курстары бойынша дәріс беріп, білім алушыларға  мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын меңгертті.

Шәкірт білімін сарапқа салатын әртүрлі деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен сайыстар – білім мен еңбектің додасы. Білімнің майталмандары бас қосатын аламан бәйгеден жүлделі орынды еншілеу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Осы тұрғыдан алғанда апайдың жүлделі орын иеленіп жүрген шәкірттері көптеп саналады.

Киім киіс, жүріс-тұрыс, мінез-құлық мәнерімен, ерекше болмысымен шәкірт жанын жаулап, оны саналы өмір сүруге баули алатын оқытушы ғана ұстаз атануға әбден лайық. Біз білетін Торғын Аймұратова сондай жандар қатарынан. Тұла бойынан тазалық, адалдық сезілетін апайымыз аудиторияға кіргенде, ортамызға ерекше шуақ қоса енгендей болатын.

Ұлағатты ұстаздың білім беру саласында сіңірген еңбегі мемлекетіміз тарапынан елеусіз қалған жоқ. Республиканың білім жүйесіндегі шығармашылық еңбегі және жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін «Денсаулық сақтау, Білім және Спорт» министрлігінің алғыс хаты, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі қарсаңында облыс әкімінің құттықтау хаты, Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректорының алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталды.

Ұлы ойшыл, философ Әл-Фараби «Бақыттың мәні парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, ол мақсат тек кездейсоқ рақат үшін емес, шынайы игілік үшін бағытталуында, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгеріп, ізгілікке бағыттап отыруында» деген екен.

Торғын Сәтжанқызы  осы айтылған мүддеден шыға білді деп сеніммен айта аламыз. Жайсаң мінезді, парасатты жан, танымал ғалым Мұстафа Матайұлына сенімді серік, балаларына тілекші апа және немерелерінің сүйікті әжесі бола білді. Математика саласының білгірі барлық істерін ізгілікке бағыттап, шәкірттерінің сүйікті ұстазы атанды.

Ардақты ұстазға әріптестері ерек­ше құрмет көрсетіп, білім беру ісін­дегі тәжірибесін көпшілікке үлгі етеді. Жетпіс деген мерейлі жасқа келген ұстазымыз – Торғын Аймұратова балалары мен немерелерінің қызығына кенеліп,  шәкірттерінің тек ізгі істеріне куә болып,  ғибратты ғұмыр кешуіне тілектеспіз.

Сәулеш МЕҢЛІҚОЖАЕВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті,

«Физика және математика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<