Әулеттің алтын қазығы

615

0

Қазақта әулетке келін боп түскен қыздар шыққан күйеуінің ғана емес, сол шаңырақтың әрбір жанының көңілінен шығып, бабын табатын болған ғой. Ол ата-ене, абысын-ажын үшін қалыпты жағдай болса, ал қайын сіңлілер, қайнылары үшін ол баға жетпес достық, олар жеңгелерімен сырларын бөлісетін болған. Сондықтан да олардың араларында ерекше сыйластық қалыптасқан. Мен сырлас болмасам да өзім сыйлайтын, үлгі тұтатын жеңешем жайлы сөз қозғағалы отырмын.

Мен қателесуім мүмкін, бірақ Құтпанбеттерді саны жағынан аз ру деп есептеймін. Сәйкесінше, мен білетін ағайын-туғандар да көп емес. Жастау кезімізде Қызылорданың Куйбышев көшесі бойында біраз туысқандарымыз тұратын. Әкелеріміз бен әжелеріміз шетінен келбетті болатын. Ірі тұлғалы ағаларымыз бен сүйкімді жеңгелерімізді қатар көргенде көңліміз толатын, солармен мақтанатынбыз. Арада жылдар өтіп, өзіміз елуді еңсергенде баяғы көрген көріністер алыстан мұнартады. Шашымыздан сипайтын үлкендер, еркелеп сөйлейтін жеңгейлер азайыпты.

Сол кездері өзара қалжыңдап отыратын жеңешелердің жасы Күләш жеңшем еді, енді өзім әулетіміздің үлкені санайтын жан – сол кісі. Шаңырақтың берекесі, ұйтқысы. Аузынан «Айналайыны» түспейтін, көргенде бетімізден сүйетін әрі сұлу, әрі дана жеңгеміз де сол. Ұлдарын – ұяға, қызын қияға қондырған ардақты ана, мейірімді әже. Немерелері мен шөберелері үшін теңдессіз жан. Ешқашан асығып-аптыққанын, қатты сөйлегенін, ашуға бас алдырғанын көрмегенмін. Қашан да сабырлы, қарапайым қалпынан өзгерген емес. Осынысымен қыздар мен келіндерге үлгі.

Қасына келгенді жанына тартып, жылы сөзін аямайтын, келген қонақтың алдына барып қоятын жанды кім жаманға баласын? Мен де жеңшемді қазір дөп басып айта алмай отырған қасиеттерімен қадір тұтып, жақсы көремін. Қалаға келгенде сәлем бере кіріп, еркелеп қайтатыным бар. Алыс жүргенде қоңырау шалып, жағдайын біліп, мерекемен құттықтап қоямын. Сондайда: «Ұмытпай жүргеніңе рақмет, айналайын! Бақытты бол! Өркенің өссін!» деп тілектерін жаудырып тастайды алтын жеңшем. Мен мұндайда өзімді жақсы көретін жанның барына масайрап, бір жасап қаламын. Мазасы болмай тұрса, жаным ауырып тұрғанын білдірткім келмей, қалжыңдаған болып, еркіндеу сөйлеп кетемін, үйіп-төгіп тілектерімді айтамын. Ондағым – ойы бөлінсін, көңілі көтерілсін деймін.

Жеңгеміз болса да анамыздай көретін Айттілесова Күләш жеңшем биылғы 8 наурызда сексеннің сеңгіріне шықты. Айналасына жарығын молынан түсіріп, қасиетті шаңырақтың шырағын жаға білген алтын жеңшем тағдырдың талай белестерінен өтіп, саялы бәйтерекке айналып, ағайын-туғанның арасында алтын тәжге көтерілді.

Жаным-жеңешем, сізді бүгінгі «Халықаралық қарттар күнімен» құттықтаймын! Деніңіз сау болып, Жаратқан Алла шөпшек сүюге жазсын! Сіз барда, қазыналы қарттарымыз барда біз бақыттымыз.

Айгүл ДАТКИНА.

Алматы қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<