Ұмытқан жоқпыз, ағалар!

1199

0

Сыр баспасөзінің қарашаңырағы – «Сыр бойы» газетінің шыға бастағанына тоқсан жылдан асты. Қаламгерлер мерекесінде тоқсанға қарай жол тартқан ардагер журналист Қайырбек Мырзахметұлына қолқа салып, өткен күндерге шолу жасауын өтінген едік.

Бұл жолғы жазба майдангерлер легінен сыр шертеді.

Өмір дария секілді, ол ағысын тоқтатпайды. Біз алдыңғы толқын ағалардың жолын жалғастырдық. Тағдыр олардың пешенесіне бар қиындықты жазды. Ашаршылық, қуғын-сүргін, одан соң сұрапыл соғыс кезікті. Біз майданнан оралған ағалармен қызметтес болдық. Олардың бойында ала жіп аттауға жоқ қасиет дарығанын байқадық. Бір-біріне ілтипаты мүлдем бөлек еді-ау. Отыз жыл қос балдаққа сүйеніп, денесіндегі қадалған оқты алдырмай ғұмыр кешкен Ахметжан, Құрманғали ағалар нағыз құрыш қазаққа тән мінез байқатқаны естен кетпейді.

Сонау елуінші жылдары қазіргі «Сыр бойы» басылымының кеңсесі қаладағы Дзержинский көшесі №8 үй еді, одан әріректе сары кірпіштен 1885 жылы салынған баспахана болды. Көп жыл тұрса да бір мүжілген жері жоқ. Нағыз шеберлер өргені байқалатын. Сол баспаханадағы Чульков, Лавриненко деген жігіттер нағыз бесаспап болатын. Олардың кейін ізбасары болған Бақыт Қайымов қазіргі «Сыр медиа» баспаханасында қызмет етеді.

Біз еңбек еткен «Ленин жолы» ол кезде апта сайын шығады. Қазіргідей компьютер жоқ, бар әріп қорғасынға құйылады, бет қолмен жасалады. Ағалар осы бір қиын сәттерде түн қатып жұмыс істеді. Айта беретін Хрущевтің ұзын-сонар баяндамасы телетайппен келеді, оны түні бойы күтіп, газеттің келесі нөміріне беретін қатаң тәртіп бар. Әр әріпті санап оқитын қырағылардың аңдитыны газеттен қате іздеп, басшылардың мазасын алудан басқа жұмысы жоқ секілді екенін сезінумен болдық. Газеттегі кезекшілер түні бойы баспаханада қона жатып, ертеңіне сілейе құлайды. Редакторлар түннің бір мезгілінде үйлеріне қайтатын-ды.

Газетте қазіргідей жастар жоқ. Өңшең майданнан оралған ағалар болды. Бірі – майор, бірі лейтенант, аға сержантпыз деп бөлімдерде хат қорытып, кезекшілік жұмыс атқарып, бірі іссапардан оралатын.

Майдангер полковник Әбділда Құрманаев, капитан Әбсадық Жанзақов, аға лейтенант Досмағанбет Тасекеев, Құрманғали Ажаров, сержанттар Бөлебай, Ахметжан, Қадыр ағалар – бір-бір бөлімде меңгеруші. Тек майданға бармаған Орман Нұрхабаев, ақын Әбдікәрім Оңалбаев – бірі хат бөлімі, екіншісі партия тұрмысының тұтқасын ұзақ жыл ұстады. Ал, осы ағалардың әдеби қызметкерлері Дархан, Құрманғазы, Жәкебай, Жақсылық, Мәрия, Жүсіпбек Ахметов атты ағалар болды. Кейін Сыдық Алдабергенов, Рысты Бекбергенова, Назым Есімовалар қосылды. Қазір жоғарыдағы ағалар мен апалардың көбісі жоқ. Тек ортамызда қазір Рысты, Итен ғана жүр.

Мәскеудің жоғары партия мектебін бітірген Әбділда Құрманаев пен әскерде тұтқында болған Бөлебай Әлменовтің әзіл-қалжыңдары мүлдем бөлек болды. Қатты әзілдесетін. Бірақ, бір-біріне зілі жоқ, көтергіш. Әбділда аға қызық кісі еді, аңғал. Гурьевтің облыстық газетінде редактор болған жерінен «Ленин жолына» келді, хабар бөлімін басқарды.

– Гурьевтің облыстық газетінде редактор кезім. Алматыдан, ЦК-дан бір азамат телефон соқты.

– Бізге редактор Құрманаев керек! – деп қатқыл дауыс білдірді. Үрейленіп, бөлме-бөлмеден Құрманаевты іздегенім бар. Сөйтсем, Құрманаев өзім екен, сәлден соң тыңдап тұрған Құрманаев деп жауап бергенім есімнен кетпейді деп отыратын жарықтық, аңғал Әбділда аға.

Тағы бір эпизод. Бәрі есімде. Бірде Бөлебай аға әңгімені төгілтіп отырды. Редакция кеңсесінен әудем жерде қалалық парк болатын. Сол паркке өңшең майдангерлер жұмыстан шыға шөл басып отыратын әдетіміз бар еді, – деді Бөлебай аға. Әбділданың қамыс қалпағын арқа тұсындағы ағашқа іліп қойып, Әбділда өзінің өткен-кеткенін әңгімелеп, сөз бермей отырған-ды.

– Әбділда, әңгімеңді азайт, бағанадан бері арқа тұсыңда қамыс қалпақты біреу сенің сөзіңді тыңдап тұр, сірә саған жіберген тыңшы болар, – дегенім сол еді, Әбділда өз қалпағынан шошынып зыта жөнелді. Үйіне барып, өкпесін басып, терезе тұсында тұрған бөтелкедегі уксусты су деп ішіп, ауруханада ұзақ жатқаны бар, – деп бәрімізді қыран-топан күлкіге қарқ қылатын жарықтық Бөкең.

Ағалардың әзілі қызық болатын, қазір бәрін сағынатын болдық. Майдангер Досмағанбет Тасекеев әскерде айып батальонын басқарған командир болған, кейін қалалық әскери комиссариатта, обкомда нұсқаушы  болып «Ленин жолында» партия тұрмысы бөлімін бас­қарып, зейнетке шықты.  Орыс тіліне жетік Досекеңді институт ғалымдары ұстаз­дыққа да шақырды, әдебиетті шемішкедей шағатын аға журналисті ұнатты.

Досекең жоғарғы билікте отырған бір азаматқа ренжіп, Әзиз Несиннің «Ақылды есек» деген сықағын орыс тілінен аударып, соны газеттің бірінші бетіне салдырды. Оны сол бетке салуға жауапты хатшы Сыдық бірден-бір себепші болды. Екеуі сырлас, сыйлас болатын. Содан «бірінші бетке бұл әңгімені неге бересіңдер?» деп обкомнан телефон соғылды. Бас редактор өзін іссапарда едім деп құтылды. Осы әңгіме біраз дүрбелең туғызып, азаматтардың қызметтен кетуіне себепкер болды. Осындай да қызық өткен. Өмірде болмайтын нәрсе жоқ-ау деп ойлайсың.

Журналист Орман Нұрхабаев Алматы партия мектебін бітіріп, содан соң ұзақ жыл редакцияда, одан соң баспаханада директор болды. Әзіл-қалжыңы бөлек еді. Айтқыр Қалтай Мұхамеджанов «Орекең қоғамның санитары, әзіл-қалжыңның көмбесі» деп бағалап өтті.

Обком хатшысы Х.Бектұрғанов Орекеңді өз қабылдауына шақырды.

– Ореке, жасыңыз келді. Сізді зейнетке шығаруды қолайлап отырмыз. Ренжімеңіз.

– Несіне ренжиін. Өзімнің ерте туғаныма бүгін ренжіп отырмын. Бір жыл істей тұрайын, Хасан Шаяхметович. Балаларым жас еді. Соларды биыл үйлендіріп алайыншы…

– Жарайды келістік.

Арада бір жыл өткен соң тағы шақырды.

– Келісім бойынша бір жыл болды. Сізді зейнетке шығарудың кезегі келді.

– Сіз де бір жыл дегенді ұнатпайды екенсіз, бірер жыл деп едім ғой, – дегенде басшы басын көтермей, ақыры Орекең бірер жылдай тағы да баспаханада басшы болғаны бар.

Капитан журналист Әбсадық Жанзақов, Әбдікәрім Оңалбаев, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаевтармен сый­лас болды. Бауырлас інісі Қомшабай Сүйеніш Әбекеңнің дүниелерін жинас­тырып, кітаптарын шығаруға атса­лысқанын білеміз. Ақын Әбекең Зейнулла Жарқынбаевпен іргелес бір ауылдан еді.

Қазір бір кезде еңбек еткен ағалардың көбісі ұмытылуға айналды. Ұзақ жыл екі бірдей ауданда редактор, облыстық газетте жауапты хатшы, облыстық радиокомитетте редактор, одан соң «Егемен Қазақстанда» бір бөлімді басқарған, бірнеше роман, повесть жазған, қызметтес болғанда «диктовкінің майталманы» аталған Садық Алдабергеновке туған қала­дан – Қызылордадан бір көше бұйырмай тұрғаны өзекті өртейді. Аудар­машы Қалыбай Бөршеев, журналист, бір повесть, бірнеше әңгімелер жинағын шығарған Досмағанбет Тасекеев, май­дан­гер Әбділда Құрманаев, Қадыр Ал­доң­ғаров, Бөлебай Әлменов, Назым Есімова­лар есімі де ұмыт болмаса дейміз.

Иә, біз сіздерді ұмытқан жоқпыз, ағалар!

Қайырбек Мырзахметұлы,

ардагер-журналист,

Қазақстанның құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<