ЯПЫРАЙ, НЕТКЕН КӨКТЕМ, НЕТКЕН КӨКТЕМ!

809

0

Міне, ұлыс мереке – әз Наурыз есік қағып тұр. Бұл көже ішіп, аяқ босатар жәй мереке емес, алдағы күнге үміт артар, әрекет арқылы берекет іздер  еңбек мерекесі, бақытты өмірге қадам жасар батылдық мерекесі! Бұл ынтымақ пен туыстық, болашаққа батыл қадам жасар бастау мерекесі!
Осы ойдың ізінен есіме Молдахметтің түсе кеткені; өткен жылғы Жаңақорғанда өткен малшылар тойында дастархандас болып қалғанымызда, әңгіме әуені бағбандық сүрлеуіне ауысқан-ды. «Біраз жыл болды, жеміс ағаштарын будандастыруды үйреніп, соны тәжірибе жүзінде өзім қолданып та жүрмін», деген-ді сонда ол. Қызметке қол ілінгендердің қара жұмысқа енжарлау тартатындығынан ептеп хабары бар тілшіңіз, ауыл әкімі лауазымын арқалап жүрген жігітке аңтарыла қараған-ды сонда. Иә, адам қабілеті шексіз ғой, шіркін! Амал қанша, көп адам өз мүмкіндігін ұштамай, ізденіспен жетілдірмей уақытын босқа өлтіріп жатады. Ай аунап, жыл жылжиды бойдан қуат, қолдан күш кеткен соң бармақ тістегеннен не пайда? Жігіт ағасы Молдахметтің іске бекем, сырға берік, тындырымды азамат екендігінен хабарым бұрыннан да бар еді. Қоғамшыл басшылығымен қатар, қарайпайымдылығы, қонақжайлылығы айналасындағыларды магнитше тартар жақсы қасиеттері сүйсіндіреді. «Расын айтқанда мынасы бейнеткештік қана емес, үлкен өнер. Баяғыда мектепте Ботаника пәнінде оқытатын еді ғой, Мичурин деген орыс биолог-селекционері 150 ден астам будандастырылған жемістердің жаңа сорттарын қолданысқа әкелгендігі туралы. Айтқаны рас болса, бұл Молдахметіңіз тегін адам болмағаны».
Осы ойдың жетегінен арылмаған күйі, дереу бағбандықты құнтаған азаматқа телефон қоңырауын шалайын. «Дер кезінде хабарласып тұрсыз, мың есітігеннен бір көрген артық деген, уақытыңыз болса, біздің әрекетті көзбен көргеніңіз ләзім». Мына уәжден кейін жолға шығуға тура келді. Қожамберді ауылының түстік беткейіндегі зәулім үйдің атшаптырым ауласы бау-бақшаның мекені болған секілді. Енді бүршік атуға бет бұрған жеміс ағаштарының қарасы көп сияқты. Ойымызды бірден ұғынды-ау, деймін Молдекең сонда сөйлеп берді. Сөйлегенде, бүй деді:
– Мына қораның айналасында теректің үш түрінен 200-ден астамы жайқалып тұрады. Көк терек, ақ терек, сұр терек дейтіндеріңіз осы жерден табылады. Ал алманың өзі 40 түпке таяу. Оның 16 сорты бар. Алмұрт пен шабдалы, қара өрік пен сары өріктің жемісін жегелі біраз болды. Мына беткей шие ағашының мекені болса, мына қатарда 80 түп жүзімім өседі. Олардың да түрлі сортары бар екендігін кейін жайқала өсіп, жеміс шығарғанда көз қанықтырасыз. Дәмін де көрерсіз. Әзірге ерте көктемгі шаралардың қолға алып жатырмын.
       Бағбандық іске бірілген ол жеміс ағаштарын будандастыру жұмыстарына дайындық жасау үстінде екен. Өйткені, Наурыз айының 20-нан бастап сәуірдің 10-ны аралығында осы шараларын жүзеге асыруы тиіс. Бұл кезде ағаш тамыры жанданып ептеп сөл бөле бастайды, яғни ұйқысынан оянады деген сөз. Молдахметтің тәжірибеден өткізіп, қалыптастырған шарасына сай екі түрлі тәсілді пайдаланады. Бірі – өзекті жармай қабыққа орналастыру болса, екіншісі өзекті жару арқылы будандастыру. Яғни осы екі тәсіл арқылы бір жеміс ағашының бұтағын екіншісіне телиді. Жоғарыда айтқанымыздай, жаңа басталған сөл арқылы екі түрлі не үш түрлі жеміс бұтақтары бірін- бірі жатсынбай, бірігіп кетеді. Алайда, түптегіне сай бірі алма салса, екінші бұтақта алмұрт самсап тұруы бек мүмкін. Шабдалы мен сары өріктерді де осылай ағайындастырып қояды.
– Білікті ғалым емеспін, менікі әуесқойлық, сондықтан ағаш бұтақтарын жер ананың қасиетті топырағымен сүйкеп, шүберекпен байлап қоя беремін. Әзірге, еңбегімнің еш кеткен жері жоқ, –дейді жаңалықшыл ауыл әкімі. –Осы іске қызығушылығы оянғандарға айтарым,  көшет алғанда будандастыруды тамырдан биіктеу алған жөн. Бұл нәрдің ағаш бұтағында таралып, құнары мол болуына септігі тиеді.
Қожамберді ауылының тұрғыны Молдахмет Нәлібаев ауласында тек жеміс ағаштарын көгертумен ғана шектелмей, жазды күндері көкөніс пен бақша дақылдарын да қатар орналастырып, күтімге алады. Бұл үшін таңғы сағат алтыдан бастап екі сағат тер төгеді де, өзінің күнделікті жұмысына еркін араласып кете береді. «Молдекең өз ауласынан күнде 7-8 шелек алма теріп алады. Айналадағы көршілері біз де қарақпыз,– дейді бізге таяу келген жас жігіт Мұрат әңгімеге араласып. Сұхбаттаса келе тағы да қанықтық, жинап алған алмаларды шірітпей, ірітпей сақтау тәсілдері де бар екен, оған дәлел жертөлесінен алып шығып, қолына ұстап тұрған мына алмалары дәлел.
– Лимонка деп атаймыз, бәлкім, қазақша атауы да бар шығар, енді ол
жағын қалам ұстаған сіздерге қалдырдық, –деп әзіл айтады ол күлімсіреген қалпы.  Әңгіме барысында Молдекең өз ауласына әсем гүлдердің де сан алуан түрін егіп, жайқалтып қоятын көрінеді. Сұлулықты да сүйетін болғаны ғой, бойында нәзіктік бар адам мейрімді де, ізетшіл келеді. Бұл енді нағыз азаматтың тұлғасы. Замандастарымыздың қай-қайсысына да керек жақсы қасиет – табиғатты сүйіп, қорғаумен құнды.
Шеткі ауыл тұрғынының бойынан осыны аңғарып, келешегіміздің көрікті боларына біздің де атсалысқымыз келді. Ояна бастаған табиғатқа қызыға қарай тұрып, Мұқағали өлеңінің екі қатары еріксіз ойымызға оралды: «Япырай, неткен көктем, неткен көктем! Табиғат сен осындай көкпенбек пе ең!».

Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Жаңақорған ауданы,
Қожамберді ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<