Өзгеру

391

0

Комиссия ертең келеді деген хабар түскен. ПМК бастығы Ахмет  орынбасарын ертіп, нысанды тағы да өз көзімен көруге шықты. Уақыт сәскеден озған. Екі-үш бөлмеден өтіп, оларды дайындап жүрген жұмысшылардың ынталы істерін байқап, көтеріңкі көңілмен келесі бөлмеге ене бере шат пейілдері нілдей бұзылды. Кіреберісте учаске мастері мен жұмысшы түрегелді. Алдарын­да жайылған газет үстінде шөл­мек пен балық консервісі, қол­мен үзілген жарты бөлке нан. Екеуінің де көзі күлімдейді.

– Бұларың не? – деді басшы.

– Мынаның туған күні еді – деп, міңгірледі мастер жігіт.

– Мә, саған туған күн – деп Ахмет оны періп жіберді.

– Туған күнің құтты болсын – деп, жұмысшыны да құ­лақ-шекеден қонжитты. Екеуі  екі жаққа ұшты. Бокс тілімен ай­тар болса екеуі де нокдаун мен нокауттың ортасында. Өйт­кені, олар басшыдан мұн­дай оқыс мінезді күтпеген. Ах­мет Мәскеуде институтта оқып жүргенде бокс секциясына қатысып, курстың чемпионы болған. Мұны қайдан білсін жаңағылар. Олар тәлтіректеп тұрып жатыр еді, басшы жа­қындай түсті. Енді болмаса тағы да таяқ жеулері анық еді. Сол сәтте олар тасырлап тұра қашты. Сөйтіп, басшының екінші қай­тара келген кәрінен аман қалды.

***

Ол партия ұйымы хатшысы­ның кабинетіне жасқана енді. Хатшы бөлмесінде бір өзі екен.

– Хал қалай, жұмысың жақсы ма? – деді Жекен.

– Әйтеуір істеп жүрмін ғой, – деді жұмысшы. Түрінде кінәлі адамның кейпі.

– Дұрыс екен, өткенде бастықтан қалай таяқ жегеніңді білмекшімін.

– Білгенде…, мен өзім ғой кінәлі.

– Қалай сен кінәлі боласың? Таяқ жеген сен.

– Қалай айтсам екен, … біз сол күні арақ ішіп едік.

– Ішсең, ішкен шығарсың. Бірақ, ол сенің азаматтық құқың­ды басынып, неге сені жұдырық­тайды?

– Айттым ғой, өзім кінәлімін деп.

– Сен кінәлі емессің. Сенің кінәң сөгіс беруге ғана тұрарлық.

– Жоқ, аға, мен өзім кінәлімін.

– Сен, айтқан сөзіңді қай­талай берме. Бастық сені басынып отыр. Оны орнына қою керек. Сен осы жерде маған оның үстінен арыз жазып бересің. Қа­рай гөр, келешегі бар жақсы жұ­мысшыны таяқтың астына алуын!

– Жоқ, аға, мен арыз жазбаймын. Өйткені, менің жазығым бар. Мен ол кісіден ұяламын. Сосын бетіне қалай қараймын.

– Қап, мынаның кертартпа­лығын-ай! Енді қарап тұр, бә­лем. Мен сені жұмыстан қуғы­замын. Сен арақ іштім деп қақ­сап тұрсың. Ендеше, біздің  мақ­таулы құрылыс ұжымда сендей маскүнемге орын жоқ.

– Сонда менің отбасымды кім асырайды, аға?

– Білмеймін, сендей қырсыққа сол дауа.

– Енді не істеймін? 

– Арызыңды жаз.

– Мен өмірімде біреудің үстінен арыз жазып көрмеп едім.

– Жаз, өзім айтып отырамын…

Жекен ішіндегісін жұмыс­шыға сездірген жоқ. Ал, оның арманы жас басшыны жұмыстан кетіру еді. Осы ой оны біраздан мазалайтын. Мұны талантты бас­шыға деген көреалмаушылық кеселі айналдырып алған еді. Жиналыстарда басшының орынды сөйлеген сөздері мамандар мен жұмысшылардың көңілінен шығып жатқанын көріп, іштей қызғаныш сезімге оранатын ол. Хатшыда өзгеге деген осындай іштарлық бұрыннан бар болатын. Осыны ол бүгінге дейін біл­дірмей, сездірмей келді. Енді орайы келген сияқты. Мына өрес­кел қимылының арқасында бас­тықтың орнынан алынып қа­ла­тынын сезеді. Бұл арызды ол құрылыс басқармасы біріккен партия комитетінің хатшысына жеткізеді.

***

Дүниеде күткен ауыр. Аэ­ропортқа келіп, ұшақтың кешіге­тінін естігесін уақыт жылжымай, тұрып алады. Қуанышты ха­бардың кешіккеніне жұрт та­ғат­сыздана шыдайды. Ал, егер алдыңда белгісіз, нәтижесі жа­ғымсыздау істі күтсең, онда адам баласының көңіл-күйі күрделі және қиын. Осындай қолайсыз, ауыр күйді Ахмет басынан өт­керді.

Біріккен партия комитетінің хатшысы Ахметке телефон шалып, бес күннен кейін мәжіліс болатынын хабарлады. Дауысы салқындау. Бұрыңғыдай емен-жарқын сөйлесу жоқ. Осыдан Ахмет секем алды. Жағдайдың ойдағыдай болмайтынын сезді. Алда бес күн бар. Аз да, көп те. Не істеу керек? Жіберген қателігін енді ұқты. Оны ол ет қызуымен істепті. Оған ол ортақ іске жаны қатты ашығандықтан барды. Бірақ, соны кім тү­сінер. Ертең кім де болса бұған орынды сұрақ қояды: «Қыз­мет­керді және жұмысшыны тәр­тіпке шақырудың жолдары көп, бірақ, солардың ішінде адам­ға қол жұмсау жоқ, неге сен қол жұмсадың?» деген сау­алға мұның мәнді жауап қайтара алмасы анық. «Адам құқығын таптадың» деп, қатты айыптайды. Сабақта тәртіпсіздік көр­сеткен оқушыны басынан шерткен мектеп директорын орнынан алып жатқан уақыт еді сол заман.

***

Жекеннің қылығы Ахмет­ке қатты батты. Бұрын ол Ах­меттің ісін толық қолдаумен, барынша қолпаштаумен болатын. Отбасылық қатынастарда  да жылулық көрсетуші еді. Енді, міне, төтеннен өзгеріп сала берді. Іштен шалды. Әйтпесе, сол оқиғадан кейін ол Ахметпен жеке тілдесуіне  болатын  еді. Олай жасамады. Ашық сөзге кел­­­меді. Арыз жинады, оны бас­­қарма партия комитетінің хат­­шы­сына тапсырыпты. Онымен Ахметтің жылы араласуы және  аса түсіністігі жоқ. Соны пай­даланғандай. Екеуінің ым-жымы бір сияқты. Бірақ, үлкен басшыға білдірмепті. Әлдебір партком мүшелерін дайындап та қойғандай.

Ахмет күрт өзгерді. Ол жұрт­пен сөйлесуді азайтты. Каби­нетінде отырып, ойға шом­ды. Алдағы өмірін болжайды. Бұ­рынғы ашықтығын, көпсөз­дігін іштей сынайды. Адамға сенуге болмайтынын түсінді. Ұстамды, сабырлы мінезі де өзгерген. Шатынап, шыға келетінді шығарды. Адамға қанша жақсылық жаса­ғанмен қайтпады. Мен неге өзге­ге жұмсақ қарауға тиіспін? Қой, мұным енді жарамас. Енді барлығына қатал қараймын. Тек жұмысты талап етемін. Ешкімге аяушылық көрсетпеймін. Өйт­ке­ні, маған олай жасалған жоқ. Бұл бір оның дел-сал болып жүрген кезі еді.

Ахметті реніш сезім қатты биледі. Ешкімді көріп те, сөйлескісі де келмеді. Сол уақыт­та хатшы қыз кіріп келіп: «Ағай, сізге бір кісі келіп тұр» десін. «Рұқсатсыз неге кіресің» деп Ахмет қызға дүрсе қойды. Мұндай қатаң мінезді бұрын-соңды көр­меген қыз сасып, абдырап қалды. Көзінен мөлтілдеп жас кө­рінді. Ахмет оны іштей аяп кетті. «Келген кісіні шақыр», – деді жұмсақ үнмен.

– Халың қалай, інім? – деді кабинетке енген азамат. Өзі ұзын бойлы екен. Ахметке түрі ұқсас, бұрын көргендей болды. Өңін бере қоймаған. Жақсы қойылған шоқша сақалы да жарасады өзіне.

– Жақсы, аға, – деп, тұрып Ахмет сәлем берді.

– Бұрын осы мекемеде жұ­мыс атқарған ағаңмын. Казір зей­нет­темін. Бүгін үйден шығып, өзің­мен сәлемдесіп кетейін дедім.

– Аға, сәлем беретін сіз емес мен ғой.

– Жоқ, қарағым, сендер жұ­мыс­бастысыңдар. Мен уақытым көп адаммын. Әрдайым үйдемін. Ерте заманда ауылдың ақсақалы аптасына  үйлерді аралап, өз інілерінің хал-жағдайын білетіні бар екен. Мен де сол мақсатпен таң ата үйден шықтым.

– Аға, мен сізді таныдым. Сонау жылы мен осы мекемеге енді ғана келген шағымда маған бағалы кеңес берген едіңіз.

– Ендеше, бүгін саған ақыл айтып, басыңды ауыртқалы кел­ген жоқпын. Сендерді аңсап, көріп кету үшін ғана келдім. Өмір тік көше емес, қиыншы­лық­тары мен адам білмейтін қал­тарыстары көп, содан аман бол. Жұмыстарың, атқарып жатқан істерің әрқашан оңды, сауапты болсын, інім. Осыны айтып ол кісі шығып кетті.

Жақсы адамның, көпті көріп, санасына мағыналы ой түйген азаматтың осы келісі бекерден бекер емес екенін Ахмет ой түбінен аңғарды. Сонда ол неге келді, нені айтқысы келді, қандай мақсат көздеді? Ахметке бұл беймәлім. Мүмкін, ол азамат бұрынғы айтқан кеңесін қайталағысы келді ме? Ол тек болжауға ғана шамасы бар. Дәл осы келіс Ахметтің қиналып, қобалжып жүрген кезі. Ағаның осы келісін ол жақсыға жорыды. Ойлап қараса ол кісінің айтқаны  салмақты. Оның  өмірінде орын алған, кезіккен сұрақтарға оңды жауап таба алмай жүрген мезгіл. Мүмкін, осында бір сыр жатқан болар. Өмір жауабы жылт еткендей болды. Ахмет тағы ойға шомды.

Кешқұрым ерте жатқанмен Ахмет көпке дейін ұйықтай алмады. Дөңбекши берді, ойлар тізбектесіп, кезектесіп, санаға ты­ныштық бермеді. Түн ортасы ауа ғана мызғыды. Таң ала­геуімдегі күңгірт шақта Ахмет ақ сақалды, ұзын бойлы аққұба қарияға кез болды. Бір жағынан өзінің әкесіне ұқсай ма, қалай. Қолын алғысы келгенімен, же­те алмады. Қария сөйлеп кетті: «Балам, қатыгез болма. Адамға сен. Сенімсіз өмір, өмір емес. Алданғанның айыбы жоқ. Алда­ғаннан гөрі алданғанның қайыры мен несібесі мол. Адамды кеу­десінен итерме. Жақсының маңы жаман адамсыз болмайды. Бі­реуді соңына түсіп, қинама.  Кешірімді бол, кем болмайсың!». Үйінің тұсынан өтіп бара жатып, жаяу жүргіншіге дыбыс берген машинаның дауысынан  Ахмет оянып кетті. Сөйтсе, күн біраз көтеріліп қалған екен. Неге екені белгісіз, оның есіне кеше кабинетіне келген азамат түсті…

***

…Мәжіліс аяқталуға жақын. Басқарма бастығы Бекжігіт орнынан түрегелді. Осы азаматтың сұсы ерекше. Түр-тұлғасы да сондай. Әсіресе, дауысы. Адам­ның дауысы көп жайды аңғартса керек. Ол кісінің дауысын  өзге көп үн ішінен айна қатесіз тануға болады. Сол ерекше дауыста қуатты Ниагара су құламасына он шақырым қалғанда естілетін гүріл бар еді. Бекжігіт алдындағы адамдарды көзімен асықпай шолып өтті. Партия ұйымының хатшысына тесіле қарады. Сөйтіп, сөзін бастап кетті: «Сендер не айтып отырсыңдар, осы? Шынымен,  ПМК-ның бастығы Ахметті орнынан  алу ойларыңда ма? Сонда не үшін? Cоңғы жылдары артта қалған құрылыс мекемені алға шығарғаны үшін бе?  Өндірістік ережені өрескел бұзған  шебер мен жұмысшыны нұқып қалып, тәртіпке шақырғаны үшін бе? Онда, сендер мені де қосып алып жазалаңдар.

Өйткені, осыдан жиырма жыл бұрын мен де ертең егіске су жеткізу үшін қажет каналды қазып жатқан  экскаваторшының арақ ішіп, талтүсте ұйқыны со­ғып жатқан үстінен түсіп, құй­рығынан теуіп оятқаным бар. Жоқ, бұлай істеуге болмай­ды. Кәне, осы отырғанның ішін­де қайссың Ахметтің орнына ба­рып, соның жұмысын сол аза­мат­тай атқара аласың?! Жо-оқ, мен бұл жерде ондай жан­ды кө­ріп отырғаным жоқ. Ендеше, оған партиялық сөгіс берілсін», – деп орнына отырды. Партком мүшелері басқарма басшы­сының айтқанынан шыға алмады. Сөйтіп, адуынды азаматтың ықпалымен  Ахметке төнген қа­тер сейілді.  

***

Жекен оқыс оқиғаға ұшы­рады, науқасқа шалдықты. Оған шетелдік ота қажет. Ол  Мәс­­кеуде. Белгілі клиникада. Бірақ, оның шығынын көтерер қаржылық қауқар Жекеннің отбасында жоқ. Осыны Ахмет естіді. Ол екіұдай сезім құ­ша­ғында қалды. Бір жағында партбюро хатшысының оған жасаған опасыздығы. Екінші жағында Ах­меттің әке мен анасынан жұқ­қан адамсүйгіштігі, өзгеге жақ­сылық жасауға біртабан жақын тұратындығы.

Ахмет Мәскеудегі клиника басшыларымен сөйлесті. Жағ­дайды  түсінді. Не болса да әріп­тес ағасына көмектесуге бел буды. Мәскеуге Жекенді өзі алып келді. Ота жасайтын клиника бас дәрігерінің кабинетіне кірді. Маңдайшада: «ЛАТЫШЕВ АЛЕКСАНДР ВАСИЛЬЕВИЧ» деген жазуды оқыды. Көзіне оттай басылды.  Ұстазының фамилиясы ғой, мынау. Ол кісінің Саня деген 5-6 жаста ұлы бар еді. Сол болмаса етті. Кабинетке енді. О, Алла! Алдынан ұстазы көрінді. Қалай аумай қалған әке­сінен. Ахмет: – Сен Саня емессің бе? – деді. Ол күліп, орнынан тұрды, қолын ұсынды. Ахмет оны құшақтап, кеудесіне басты.

– А я Вас сразу узнал. Но только не помню Вашу фамилию. Вы очень похожи на своего отца, который, когда мне было двенадцать лет, собрал мою правую руку. Вашего отца запомнил на всю жизнь. Тогда мне врачи не смогли помочь. Ваш отец смог. У него были золотые руки и доброе сердце.

Ахметтің  сонда бала кезінде ұстазының ұлы Саняның талдан құлап оң қолын екі жерден сындырып алғаны есіне түсті. Әкесі баланы екі апта емдеді, дәрігер салған қолды жылқы майына салып, жібітіп, қайтадан салды орнықтырып. Бала да қиналды, әкесі де шаршаған сол кезеңде. Василий Петрович және оның зайыбы неміс тілінің мұғалімі Вера Ильинична зәрелері кетіп, қорыққандарын Ахметтің әкесі айтқан болатын. Бірақ, нәтиже оңды болды, ай өткесін баланың қолы ояға келді. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық болады» деген осындайдан шыққан болар. Текті әкесінің өзгеге жа­саған жақсылығы міне соншама жылдар өткесін Ахметке өз игілігімен оралды. Ахметтің де, Саняның да қуанышында шек жоқ. Жекен ағасы аң-таң. Ах­мет сырқаттың жағдайын тү­­сін­діріп, бас дәрігерден кө­мек сұрады. Екеуі өзінің ұста­зы, дә­рі­гердің әкесі Василий Пет­ро­вичті де әңгімелеп, есте­ріне алды. Бас дәрігер үш күн өте өзі Жекенге ота жасайтынын айтып, оны бірден палатаға жат­­қызды. Уақыты келгесін ота жа­салды, сәтті өтті. Ахмет Саняның нұсқауы бой­ынша еш қосымшасыз өз қал­та­­сынан қомақты қаржыны кли­­ника кассасына тапсырды. Жекеннің қа­сына оның ұлын қал­­дырып, өзі ауылға аттанып кетті.

***

Досы Жекеннің хал-жағ­дайын білмек үшін келіпті. Жекен оны Мәскеуден оралғалы ал­ғашқы көруі.

– Алыс сапардан аман-есен келдің. Халың қалай?

– Шүкір, Берік, жаман емес­пін. Ауылды сағынып қалыппын.

– Ажарың жақсы екен.

– Ажарда не тұр тәйірі, одан да менің ойымда не бар екенін сұрамайсың ба?

– Иә, бәсе, не бар еді сенің ойыңда?

– Не айтасың… Менің сыртым бүтін, ішім түтін.

– Міне, қызық. Сырқатыңнан жазылыпсың, енді сенікі не уайым?

– Жазылуын, жазылдым. Бі­рақ, санам мен көңілім тынышталар емес.

– Сонда қалай? Сені не мазалайды? Бұрыннан сыйлас Ахмет інің сені Мәскеуге өзі алып барып, емдеп әкелді. Саған одан артық не керек?

– Е-е, мәселе тап осында. Мені ол өтпейтін пышақпен бауыздады ғой. Мен оған кезінде не істемедім. Ал, ол маған не істеді? Ол бұрынғының бәрін ұмытып, мені Мәскеуге өзі алып барып, емдеп алып келді. Бірақ, ол өткенді ұмытты ма?! Осыны неге істеді. Мәселе сонда!

– Ұмытпаса, саған осы жақсылықты көрсетер ме еді?

– Мен, әрине, Ахметке ризамын. Оның маған жасаған жақсылығы зор.

– Мен де соны айтамын ғой.

– Ал, менің ішім күйіп барады! Маған өз балам істемеген жақсылықты, бұрын өзім қинап, опасыздық жасаған әріптесімнің осындай игілікті іс істегені санама қатты батады. Міне, осынысымен ол мені алып ұрды, таптады, езді! Ал, мен жеңілгенді ұнатпаймын. Сондықтан, мен оған қатты ашулымын. Оны жек көремін. Түсінемін, менің осы сөзім дұрыс емес. Бірақ, мен өзіме түк істей алмаймын, өзімді көндіре алмаймын.

– Оу, сенің сырың тереңде екен-ау! Қиын жағдай ғой бұл.

– Неге екенін білмеймін мен әйтеуір өзімнен қабілетті жанды көрсем тырысамын.

– Сонда қалай?

– Оның қалайы жоқ. Өзім де түсінбеймін,  шамам келмейді. Ол адамда алыс-берісім де жоқ болуы мүмкін. Онымен адами ара-қатынасым да жап-жақсы болуы ықтимал. Көрер көзге, сыртқа еш нәрсе білінбейді. Бірақ, өзімнен ақылды, білімді, өрелі азаматты көргенде менің ішім ашиды, қатты қызғаныш құшағында боламын. Маған бұл әдет мектепте оқып жүргенде жұқты. Әкем ылғи: «сен барлығының алдында боласың» деп үгіттеуші еді. Содан мен класымның алды да болдым. 

– Енді мұның несі айып?

–   Айыбы сол, бұл әдет менде үлкен өмірге бет алғасын күшіне мінді ғой. Жұмыста болсын, тойда болсын, демалыста болсын, өзімнен абырой-атағы жоғары аза­матты кезіктірсем сол күні мен тиыш ұйықтай алмаймын. Тү­німен сол адамның «Менен қай жері артық» деп ойлаймын да тынышталмаймын.

– Мына Ахмет ініңізбен нені бөлісе алмай қалдыңыз?

–  Ойбай, нені бөліспедің де­рің бар ма. Бөлісер түгіміз жоқ. Ол білікті басшы, мен сол ұжым­да партия жұмысын басқа­рамын.  Ол алғашқы рет басшы болғанда мен де қуанып, одан барлық көмегімді аяған емеспін. Уақыт өте келе ол үлкен абыройға ие бола бастады. Міне, содан бас­талды ғой менің оған деген іштарлығым. Сырт көзге бәрі де жақсы. Қатысымыз тәп-тәуір. Сөзіміз жарасымды. Бірақ, оны іштей жек көремін. Солай, бала.

–   Бала мен емес, дәл осы сен. Өйткені, сенің сөзіңде қисын аз. Сен сол баяғы майдалығыңды әлі қоймапсың. Сенде нашар пен­дешілік әдет мүлдем басым. Бұл жақсы емес.

– Қатты кеттің ғой, досым.

– Әрине, қатты да, ащы да айтамын мен. Өйткені, саған мен дұшпан емеспін.

– Солай де.

– Дәл солай. Бетіңе басып, шыжғырып шындықты айтпасам менің қай жерім дос. Ахмет өзінің жоғары адамгершілігі арқасында сенің тәніңнің сырқаттан арылуына себепкер болды. Мен енді сенің жаныңды емдеуге дәл қазір кірісемін.

–   Қолыңнан келсе!

–  Біле білсең, сен Ахметке емес, бүкіл қазақ атаулыға кесір тигізіп отырсың. Сен сияқты «кө­реалмаушылық» кеселіне ұшы­рағандар өткен заманда елі­міз­дің данышпандары ұлы Абай­ды, Әбішті, Нұрғисаларды қинаған.

– Мынауың мен үшін жаңа­лық болды-ау, ә! Осы сөзді мен естимін деп ойлаппын ба?!

–  Ендеше, одан зорын айтайын. Сен «Күншілдік» тұзағына түскен адамсың. Кім білген, мүм­кін сенің кеше осындай қат­ты сырқаттануыңның бір ұшы осында жатқан да шығар.

–  Астапыралла! Мынау не дейді? Шектен шығып кеттің, сен!

– Шыққам жоқ. Сен жақсы­лық жасаған азаматты аспанға көтеруің керек. Сен оның жақсы­лық жасауының себебін түсін­бейсің. Біле білсең, ол жақсы­лықты сендей сияқты ұсақ пен­дешілігі мол адамдар түсініп, өз­герсін деп отыр. Әрине, алдымен саған жасап отыр. Бірақ, оның түпкі мақсаты сол, менің ойымша. Мен сен сияқты көп оқыған жоқпын. Бірақ, өмірімде көріп-білгенімді талдаймын, ой­ланамын, себебін түсінуге ұмты­ламын. Адамдардың әрекетінен сен сияқты жамандықты емес, алдымен жақсылықты іздеймін.

– Апырай, ә. Мені біраз жерге апарып тастадың ғой. Қайтып орала алсам болғаны!

– Ораласың. Әлі де кеш емес. Санаң мен пейіліңді, ойың мен көңіліңді тазарт, өзгерт, пәледен арыл. Өзің үшін, балаларың мен ұрпағың үшін ұмтыл, тырыс. Ойлан, досым! Сенің осы жаман мінезіңнің саған қаншалықты қатер екенін сен білмейсің. Жақ­сы іс бітіргендей, өзгені сыртынан жамандағанға мәзсің. Соны сенің ұрпағың тыңдап отырады. Ертең олар да сендей ұсақ пендешілігі мол адам болып шыға келеді. Сен балаларыңның ке­лешегін ойламайсың.  Міне, сенің үлкен қателігің осында. Сен өзіңмен кетпей балаңның, ұрпағыңның жолын кес-кестеп жүрсің. Француз жазушысы кеу­іп қалған шегрен терісін айтқан екен. Сен де сол кеуіп қалған көн сияқты қашан көрсең тырысып-бүрісіп отырғаның. Сен­дей қызметі, сенікіндей бі­лі­мі бар адам емен-жарқын, той­ған қозыдай болып жүр ғой. Пейіліңнің тарлығынан, көңілің­нің кірбіңінен сен осындайсың.

– Қоймадың ғой, сен. Сені маған болыса ма деп үміттеніп едім. Сен маған енді дос емессің, Берік. Бұдан былай мен сені көрмеймін. Жоғал, әрмен!

– Мен кетемін, мұндай адамға дос болғанша сайтанға жақын болған дұрыс.

– Бар, – дедім ғой саған.

– Барсам барам. Сен қаларсың бір өзің. Енді саған ешкім жоламайды.  Ертең сенен өз балаң да безер, бүйте берсең.

– Құрып кет, сен!

***

Берік  кеткелі Жекен дел-сал күйде. Ол Берікті жақсы көруші еді. Сөйткен досы бұған бұрын-соңды естімеген ауыр сөз айтты.  Жекен осыдан екі түн, екі күн үйінде жатып алды. Ауру емес, не сау емес. Дәмге тәбеті жоқ. Досының айтқандары ойы­нан кетпейді. Сонда бұл осы уақытқа дейін дұрыс өмір сүр­меген ғой? Өз өмірін тағы бір сүзіп өтті. Сөйтсе, мұның атқар­ғаны – өзгені жамандау, өсектеу, сыртынан жәбірлеу. Ұзақ ғұмы­рында  адамға жақсылық істе­мепті. Өмірі бекершілікпен өтіп­ті. Енді не істеу керек? Қандай жолмен жүру керек? Тіпті, сол жол қалды ма?!

Бүйіткенше, бұл тозақтан біржола құтылайын. Ол қолын қорапқа соза берді. Сол уақта бөл­месіне ұлы енді. Жекен созған қолын тартып алды. Ұрпағына көзін салды. Баласының түрінде үрей. Оны аяп кетті. Ертең оның жағдайы қалай боларын кім біледі. Жұрттың сұрауына ұлымның не жауап қайырарын ойламаппын-ау. Ұлы: «Көке, не істеп отырсың? Бір жерің ауыра ма? Не керек?», – деді. – Жоқ, айналайын, еш жерім ауырмайды, әншейін ойланып отырғаным ғой. Ұлы тесіле қарап, шығып кетті.

Жекен өзінен өзі сөйлеп кетті: «Мені ішімнен  жегі аямай жеп жатыр. Үңгіп жатыр. Мені  аяқ бастырмайды. Бұ­рыңғыша жүре бер дейді. Өз­гер­ме дейді. Өзгерсең өлесің дейді. Ал, мен өмір сүргім бар. Жұрт қатарлы. Жан-жағыма қарай­мын. Өз-өзімен тату өмір сүріп жатқандарға қызығамын. Бірақ, қаныма сіңген үйреншікті әдетім босатпайды. Енді не істейін?! Әб­ден шаршадым, мүлде бол­дыр­дым-ау!».

Ол енді екі-ақ жолдың қал­ғанын сезді. Біріншісі – алаңсыз өшу, дүниені аластау, ғайып болу. Бірақ, мұны Алла да, адамдар да кешірмейді. Есіне жас кезінде естіген аңыз әңгіме түсті. Бір жолаушы көктем шыға дария жағасындағы  үйге кіреді. Үйде орта жастан асқан ер азамат тірлігін жасап жатыр. Өзге ешкім жоқ. Жолаушы жөн сұрайды. Үй иесі кеше ғана дариядан мұз жүрерде әйел, бала-шағасының суға кетіп, опат болғанын айтып күңіренеді. Жолаушы оған басу айтып, тәубеңе кел, Алладан жақсылық сұра, шүкіршілік ет дейді де жөніне кетеді. Содан оншақты жыл өткесін сол жолаушы тағы сол үйге келеді. Үйдің ішінде өткенде көрген ер азаматтың  жанында үш баласы және әйелі көрінеді. Үй иесі жолаушыны танымады. Бастан кешкен тарихын айтты. Сондағы жолаушының сөзі үмітінің үзіл­меуіне себеп болғанын айтып, ағынан жарылады. Жолаушы тағы батасын беріп кете барды. Сөйтсе, ол Қыдыр баба екен.

Қаршыға өзін сол дария жаға­сындағы үйдегі ер азаматпен салыстырды. Халі одан әлдеқайда тәуір екенін аңғарды. Санасында үміт ұшқыны тұтанды. Қолына қалам алды, хат жаза бастады…

***

Ахмет кабинетіне енгені сол, кө­мекші қыз хат берді. Хат  Жекеннен. Таңданыспен кон­­верт­ті ашты. Оқи бастады: «Ахмет інім! Өмірімде мен оңды іс атқармаппын. Осыны кеше ғана Берік досыммен сөй­лескенде  білдім. «Өлімнен ұят күшті» депті. Сол ұяттан өлгім де келді, Ахмет. Бірақ,  өлімге өзімді қия алмадым. Әлсіз екен­мін. Маскүнемнің дәрі ішіп, ал­дындағы араққа қарай алмай, санасы мен тұла бойы сыр­қырап, сүйектері сынып кетердей күйіне түстім кешелі бері.  Жарық дүниеге жаңа келіп, оянып, өзгеріп отырмын. Алла ұр­пағым үшін маған осындай  мүмкіншілік берген шығар.  Мені осы жарық дүниеде аман алып қалған Берік досым мен сен, Ахмет, сенің өнегелі жолың мен ісің. Мен саған  опасыздық жасадым. Содан да, саған қарай алмаймын, көзбе-көз сенімен сөйлесуге менде бет жоқ. Мүм­кін, алдағы уақытта, Алла бұйырт­­са, кездесерміз. Сен  ақыл­ды аза­матсың, қазақтың жі­гіті сен­дей-ақ болсын. Алла ті­леуіңді берсін!  –  Жекен».

Серікбай ҚОШҚАРОВ,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<