Жайсаң жүректі жан еді

1591

0

Бар өмірін ағартушылық және журналистикаға арнаған Қазақ ­КСР-іне еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, КСРО-ның құрметті радисі Жақсылық Асқарұлы Бекқожаевтың туғанына – 90 жыл.

Қызылорда педагогикалық инс­титутының қазақ тілі мен әдебиеті пәні факультетін 1953 жылы бітір­ген ол  алғашқы еңбек жолын Сырдария ауданы Бесарық ауылын­дағы орта мектепте мұғалім болып бас­тады. Араға уақыт салып барып, жазу-сызуға икемі бар ол сол кездегі облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетіне тілшілік қыз­метке ауысты. 1963 жылы облыс басшылығы елгезек жасты радио­комитеттің төрағалығы қызметіне бекітті. Жақсылық Бекқожаев өзінің тынымсыз еңбегінің арқасында об­лыстық радионың өркендеуіне өл­шеусіз үлес қосты. Нәтиже­сінде Қызылорда облыстық радиосы рес­публикадағы алдыңғы қатарлы ра­дио­лардың біріне айналды.

Ұжымға 28 жыл басшылық жасаған Жақсылық Асқарұлы өз шы­ғар­машылығын дамытуға да уақыт тапты. Оның қаламынан туған мақалалары мен радиоочерктері республикалық, одақтық басылымдар мен радиоларында жарияланып, оқылды. Ол жасаған «Сыр сұлуы», «Қыз бен дала» және Социалистік Еңбек Ері Жадыра Таспамбетова жайлы «Жадыра» деректі фильмдері облыс көрермендерінің әділ бағасына ие болды, одақтық түрлі байқаулар мен сайыстардың жүлдесін алды. Ұйымдастырушылық қабілеті мол басшы айналасына үнемi талантты жастарды жинап, тәрбиелеп шы­ғарды. Сондай-ақ ол облыстық теле­арнаның ашылуына бар күш-жігерін жұмсап, мұрындық болды. Оның есімі облыстық арнаның шежіресіне алтын әріппен жазылып қалғаны айқын.

1960 жылдың  ақпан айы болатын. Сол жылдары Сырдария ауда­нына қарайтын «1 Мамыр» кең­шарының №4 фермасында қазіргі Шиелі ауданының «Майлытоғай» ауылында тұратынбыз. Кешкі асымызды алдымызға ала бергеніміз сол еді, үйге үш жігіт енді. Майшамның жарығында  олардың екеуі­нің ауыл мұғалімдері Серікбай Тоқ­мағанбетов пен Рүстем Молдабаев екенін таныдық. Төрге озған ұстаз­дар қастарындағы бейтаныс жан обкомның қызметкері Жақсылық Бекқожаев екенін және әкеме жиен болып келетінін айтты. Әкем де, анам да абдырап қалды, сол кезде қонақ жігіттің өзі сөзге араласты.

– Рзақия деген апаңызды білесіз бе, мен сол кісінің Бекқатша деген екінші қызының баласымын, яғни, жиеннен туған жиеншармын, – деді жылы жымиып. – Әжемнің тапсырмасымен бүгін сіздерді іздеп келдім.

– Бар екен ғой, бауырым, – деген әкем қонақ жігітті қапсыра құшақтап, жылап жіберді.

– Апаңыз пақуатты, менің анам Бекқатша, інілерім Игілік, Қуаныш және қарындасым Мариямен бірге Тасбөгетте тұрып жатыр, – деген Жақсылық аға біраз әңгіменің басын қайырды. – Менің осы ауылға жолсапарға баратынымды білген әжем бізге өзінің өмірі жайлы біраз әңгіме айтты. «Әке-шешеден жас­тай қалғандықтан анамның ағасы Серік көкем мен Жұмакүл жеңе­шемнің бауырында өстім. Олардың Тәжібайхан деген ұлы болатын. Соны тапсаң жақсы болар еді» деген-ді. Ойламаған жерден жиеншарлы болған әкем жігіттерге бір малын домалатып тастады. Түп нағашысының шаңырағында аунап-қунаған  Жақсылықты әкем ертесіне ауылдағы «Даңқ» орденінің иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері, озат шопан Манасбай Дүйсеновтің үйіне жеткізіп салды. Көп кешікпей сол кездегі облыстық «Ленин жолы» газетіне Жақсылық ағаның озат шопан жайлы жазған очеркі жарық көрді.

Араға біршама уақыт салып біз де облыс орталығына Рзақия апамызды іздеп жолға шықтық. Облыстық партия комитетіне жетіп, Жақсылық ағаға келіп тұрғанымызды ескерттік. Жылдам шыққан аға біз баратын үйінің бұл жерден алыс еместігін, қалай жету керек екенін түсіндірді. Тағдыр тауқыметімен Серік атамыз бен Жұмакүл әжеміздің тәрбиесінде болған, жастық шағын әкесі Ерекеш­тің туыстарымен өткізіп, Бөлекбай деген жігітпен отау құрған  Рзақия апамыз бен оның ұрпақтары Бөлек­баев­тар мен Бекқожаевтар, Самсаев­тар және Онаевтармен біз осылай қауыштық.

Жәкең ағайын-туысқа, жора-жолдасқа, тіпті көршілеріне дейін қамқор болып жүретін. Сондай-ақ ол кісінің жады мықты еді. Көшеде бірге келе жатқанда кездескен жан­мен емен-жарқын амандасып, қауқыл­дасып тұрып алатын. Былай шыққан соң:

– Аға, жаңағы кісі кім еді? – деп сұраймын ғой баяғы.

– Ей, сен оны ұмытып қалдың ба, баяғы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы көшеде бірге тұрған менің Жетібай деген құрдасым бар емес пе еді, соның әйелі Зәмира ғой, – дейді.

– Е, ана кішкентай үш сары ұлдары бар еді ғой, солар ма? – деймін мен.

– Иә, сол балалардың анасы ғой. Әттең, Жетібай марқұм ерте кетті, менімен түйедей құрдас болатын. Шүкір, арты жаман емес, сол баяғы өзің көрген үш сары ұл ержетті, өсіп-өнді, – деген еді.

Қамқорлық демекші, сондай жәрдемнің шет жағасын ол кісіден мен де көрген болатынмын. 1966 жылы қаладағы №1 «1 Мамыр» орта мектебін бітіргесін Алматыға, ҚазМУ-дың журналистика бөліміне барып, құжат тапсырдым. Қазақстан бойынша екі-ақ университет болға­сын ба, талапкерлердің қарасы мол екен. Конкурстан өте алмадым. Ауылға келіп, кітапханашы болып үш жыл жұмыс істедім. Содан 1969 жылы тәуекел деп тағы да ҚазМУ-дың журналистика факультетіне құжаттарымды өткіздім. Бұл жолы да үміткерлер баршылық болды. Айтқандай, Алматыға кетіп бара жатып, «осылай да осылай, оқуға бара жатырмын» деп Жақсылық ағаға соққан болатынмын.

– Жолың болсын, бағыңнан көрерсің. Менің ол жақта ешкімім де жоқ екенін білесің. Сонда жазушы-драматург И.М.Саввин деген досым бар еді, соған айтып қойдым. Барған соң хабарласарсың, – деп, ол кісінің телефон нөмірін берді.

Алматыға барған соң ол кісімен телефон арқылы сөйлестім. «Білемін, Жақсылық Аскарович айтқан. Алаңдамай емтихандарыңды тапсыра бер, бірдеңе болса, дереу маған қоңырау шаларсың» деген ол кісі. Хош, сонымен күткен емтихан да басталды. Жүрексіне жүріп, емтиханды еліміздің түкпір-түкпірінен келген Садық Жұмабаев, Қойшығұл Жылқышиев, Нәзира Асқарова, Күмісжан Байжанова, Қанарбек Кезембаев, Ахметжан Қосақов, Мәдина Көбеева, Ағайдар Ысымов, Айғанша Ысқақова, Жұмабай Жақыпов, Молдабай Қаржаубаев, Әкім Мейірбеков, Әуезхан Әбдірашев, Кенже Күмісбаев, Манасбай Оралбаев, Тұрсынбай Қанаев сияқты қыз-жігіттермен бірге тапсырдық. Емтихан да аяқталды. Енді қорытындысы ертең жарияланады деп ескертті деканаттағылар. Сонымен асыға күткен күн де келіп жетті. Қасымда шулық Қанарбек Күзембаев бар деканатқа жете бергенімізде алдымыздан методист Ақкенже апай шыға келді. Маған қарап: «сен Серіков құжаттарыңды ала беруіңе болады, конкурстан өтпей қалдың» деді де бұрылып жүре берді. Аң-таң болып біз қалдық. Қанарбек «бұл жансақ іс шығар, соңына дейін күте тұрайық, сен құжаттарыңды алмай қоя тұр» деді. Сосын  «Қызылордадағы ағам осындағы бір досына айтқан деп едің ғой, жүр соған телефон соғайық» деп мені автомат телефонға қарай сүйрей жөнелді. Алматыға да, Қызылордаға да телефон шаламыз, ешкім көтермейді. Енді қайттік?

– Тәуекел, не болса да ертең көрерсің. Бірақ құжаттарыңды алушы болма, – деп досым бар ақылын айтып жатыр.

Кешке Қызылордамен байланысып, әрең дегенде Жәкеңнің хатшысымен тілдесіп, оқудан құлағанымды, алайда  құжаттарымды алмағанымды ағаға жеткізуін өтіндім. Ол кісі Жақсылық ағаның жиналыста жүргенін, кешке үйіне хабарласып айтатынын айтты.

Ертеңіне түстен кейін сағат 16.00-де бұйрық оқылатын болды. Қасымдағы досым мені сүйре­легендей аудиторияға ертіп апарды. Оның төрінде таудай болып, профессор Тауман Амандосовтың өзі отыр. Талапкерлердің бәрі жиылып болған соң Ақкенже апай ректордың бұйрығын оқыды. Мен соңғы қатарда терезеге қарап отырған болатынмын, досым мені бүйірімнен түртеді. Қарасам Ақкенже апай: «46-шы Серіков Расул» деп менің атымды атап тұр екен. Ештеңеге түсінбеген мен орнымнан сүлесоқ тұрдым. Сол кезде методист апай профессорға қарап «кеше бұл жігітке мен құжаттарыңды ала бер деп едім. Бүгінгі комиссия шешімімен бұл жігіт студент болып қабылданды. Себебі, жазған дүниелері өте көп екен» деп бір папканы жоғары көтеріп, көпшілікке көрсетті. Сол кезде сөзге Т.Амандосов араласты.

– Ә, бағанағы министрлік өкілінің Расул деген кім деп сұрағаны осы бала екен ғой, фамилияңды білмейді. Айналайын, оқуға түсуіңмен құттықтаймын! – Содан кейін залға қарап: – бәріңнің талаптарыңа нұр жаусын! Араларыңда қыздар да бар екен, ертең өздеріңе қиын болады ғой, – деді. Сол кезде соңғы жақта отырған Күмісжан Байжанова деген сары қыз: «Тәуекел, ағай пешенемізден көрерміз» деді жымиып… Сол сары қыз кейін Жамбыл аудандық газетінің редакторы, «Егемен Қазақстан» газетінің  Алматы облысындағы меншікті тілшісі болды.

…1976 жылдың қыркүйек айы болатын. Таңертең жұмысқа кетіп бара жатып, «Қызылорда» қонақ үйінің жанынан ақын Асқар Тоқмағам­бетов­тің жеке көлігіне көзім түсті. Жүргі­зушісі Серікбай Асқар ақынға Алматыдан қонақ келгенін, соны күтіп тұрғанын айтты. Сәлден кейін іштен таяғын тықылдатқан Асекеңнің төбесі көрінді, соңында көзілдірікті, мол денелі кісі ілесіп келеді.

– Ассалаумағалайкум, Асқар аға, – деп ол кісімен қол алысып жатқа­нымда артындағы кісі, – это Расул, ты что ли? – деп маған қолын ұсынды. – Мәссаған, мынау Игорь Михаилович Саввин жездем ғой, – деп мен ол кісінің мол құшағына еніп кеттім. Ол кісінің маған үсті-үстіне сұрақ қойып, менің оған жылдамдата жауап беріп жатқанымды көрген Асқар ақын:

– Игор-ау, сен біздің Расулды қайдан білесің, – деді таңырқап.

– Білмегенде ше, университетке өзім түсірген абитуриентім емес пе? –деді Игорь Михайлович.

– Ә, оқуға түсіргенің дұрыс болған екен, бір жағынан қайның ғой, – деп Асқар аға сөздің  аяқ жағын әзілге айналдырды. (И.М.Саввиннің зайыбы қазақ ұлтынан, Майра деген қызы бар болатын).

– Шаруаң қалай, жұмыстасың ба, үйлендің бе, кішкентайларың бар ма? – деп ол кісі мені сұрақтың астына алды. Өз жағдайымды баяндаған мен ол кісіге отбасымда болып, шай ішіп кетуін сұрадым.

– Жоқ. Рахмет, Расул! Кеше кел­генмін. Асекеңде шаруаларым бар еді, бүгін қайтамын. Сені көріп, төбем көкке бір елі жетпей тұрғаны, – деп күлді. Сосын баяғы оқиғаны еске түсірді… Мен конкурстан өте алма­ған соң ол кісіге қоңырау шалған­мен, сөйлесе алмадым. Сөйт­сем, жина­лыста болыпты. Сол күні оған Қызыл­ордадан Жақсылық аға хабарласып, менің жағдайымды түсін­дірген көрінеді. Содан Игорь Михаилович таныстарына шығып, маған көмек көрсетулерін өтініпті. Министрліктен өкіл келіп, менің жұмысымды реттегені сол екен…

Жақсы адамдардың тигізген шапа­ғаты еш уақытта ұмытылмақ емес. Бұл оқиғаның өткеніне талай жыл болса да, ол менің жүрегімде мәңгі сақтала бермек! Бірі қазақ, бірі орыс екі азаматтың жарқын бейне­лерін еш уақытта ұмытпақ емеспін!

Жақсылық аға Мерзаоглы Сурея Алиқызымен бас қосып, Әділ, Жанат, Манат және Бақытжан сияқты ұл-қыздарын көрді. Олардан тараған 8 шөбере бұл күндері өсіп-өркендеп келеді.

Расул СЕРІКОВ,

Қазақстанның

құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<