Жаңа туынды жарық көрді

2214

0

Ауылда тұрып-ақ қасиетті өлең өлкесінің табал­дырығынан аттап, төріне шыққан талапкер, талантты ақындар аз емес. Соның бірі – Арал ауданы Бекбауыл бекетінде тұратын Әбіләзім Тұрғанбаев.

Әке жолын қуып, болат жолдың бой­ында еңбек еткен Әбіл­әзім ақындық әлемінен әсте шет қалмаған. Сонау 1997 жылдары «Толқын» газеті баспасы жанынан алғаш «Теңіз дауысы» атты алақан­дай, шағын жыр жинағын шығарған­ымыз есте. Оған айтулы ақын Зей­нолладан бастап, Мешітбай, Әбілхан, Серік, Сағындық, Жет­ес, Толыбай, Оңталап және тағы басқа ақындарымыздың Арал тақырыбындағы өлеңдерін топ­тас­тыр­ғанбыз.

Осы жинаққа енген Әбіләзімнің аяқ алысын сонда таны­ған­мын. Содан бері оның өлеңдері облыстық, рес­публикалық баспасөз­ бетінде жарияланып келеді. Ал 2009 жылы «Бекбауыл белес­тері», 2010 жылы «Байқоңыр жыр­лай­ды», келесі жылы «Бек­бауылым – текті ауыл­ым» атты жыр жинақ­тары жарық көріп, оқырман қолына тиді. Енді міне, ақынның талай жыл­ғы еңбегінің жеміс­індей «Сыр» атты өлең кітабы өмірге келді.

«Сыр» негізінен ақынның жан сыры. Кітап 5 бөлімнен тұрады. Туған жер тақырыбын толғап, ата­мекенін асқақтатқан бірінші бөлімнің беташарындағы:

Кең болса да жазира, далам қандай,

Шағын менің ауылым алақандай.

Бекбауылым, өзіңе ұшып келем,

Өз ұясын сағынған балапан­дай, – деген жұп-жұмыр шумақ, жаныңа жылы леп соқтырып, ал­дағы жыр жолдарына оқырманын еріксіз жетелейді. Бөлімдегі «Туған жер», «Бекбауылым», «Батыр баба – Бекбауыл», «Ақирек», «Жанар­ымда барады дария ағып», «Көк­арал» тақырыбындағы өлеңдері де өмірдің өзінен ойып алғандай, туған жер келбетін керім су­рет­тейді. Ал осындағы «Қай­ықшы» поэмасы да жас­тарды елдікке, ерлікке үндейтін ұтырлы туған кесек дүние.

Сонымен бірге аңыз желісінде жазылған «Жылан шаққан қыз» поэма­сы да оқырманын бей-жай қалдырмайтын, торғай бала­пан­ына төнген жыланды қамшымен ұрып, арашалаған жігіттің мәрт­тігін, сол жаралы жыланды жазып өмірге қай­та әкелген қыздың жақсы­лы­ғын, түптің-түбінде әлгі жыланның қызды шағып өлтірген жауыздығын, яғни өмірде жақ­сылық пен жа­мандықтың қатар жүретін мысалын әдемі сурет­теген сәтті туынды дер едім.

«Тәуелсіздік – көзімнің қара­шығы», «Арнау» деп аталатын бөл­імдері де азаматтық әуенге, ел­дікке, ер­лікке жетелейтін отаншыл сезімге арналған, тәлім-тәрбиелік толға­н­ысы, жан жылуы мол жырларға толы.

Сайып келгенде, ақындық бол­­мысымен жан сырын жайып салған жерлесіміздің жаңа кітабын оқырманға ой салар құнды дүние деуге болады.

Жұмабай ЖАҚЫП,

аудандық З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік

төрағасыАрал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<