Жақсы сөздің сәулесі

2447

0

Сурет ашық дереккөзден

Біз күніге қанша сөз айтамыз және олардың қаншасының мағынасы жақсы? Мұның есебін ерінбей зерттеген ғалымдар айта жатар, біздің білетініміз – қазақтың қашан да жақсы сөз айтуға үндейтін даналығы. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді аталарымыз. Бүкіл өміріңдегі несібең мен ырысыңның жартысы сөзден екен. «Не жаздым, жолым болмады» деп налитындар шындығында маңдайдағы жазуын өзі өшіріп, өзі түзете алатынын білмейді. Мұны білу үшін ғибратты сөздерге құлақ салайық. Құдай құлақты не үшін берді? «Жамандық көрсем – өзімнен, жақсылық көрсем – өзімнен» демей ме Сұлтанмахмұт ақын.

Жақында бір жиында болдық, қонақтардың арасынан бейпілауыз біреу шықты, екі сөзінің бірі – анайы. «Қойсаңшы» деген адамға «еркектердің арасында еркін сөйлей алмаймыз ба» деп онан сайын өршіді. Ақырында досымен боқтасып, жаға жыртысты.   

Хадистердің бірінде: «Үлкен күнәлардің ішіндегі ең ауыры – кісінің өз ата-анасына лағынет айтуы» деген сөз бар.

Осыған байланысты Пайғамбарға: «Адам қалай өз ата-анасына лағынет айтуы мүмкін?» деген сұрақ беріледі. Пайғамбар оған: «Кісі біреуді әкесінен боқтайды. Ол да оны жауап ретінде әке-шешесінен сыбайды. Ол осылайша біреу арқылы өз ата-анасын боқтаған болып отыр» деп жауап берген. Шынында, бір кісі біреудің ата-анасына тіл тигізбесе, оның өз ата-анасының атына да былапыт сөз айтылмас еді.

Осыған қосатын бір нәрсе – ойланып сөйлеу. «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» дейді қазақ.

Сөздің әсері өте күшті. Адамның сөзі мен ойының басқа адамдар мен жанды нәрселерге, сондай-ақ өсімдіктерге әсерін зерттеумен айналысатын жапон ғалымы Эмото Масару адам сөйлеген кезде өзінің ойын басқаларға жеткізіп қана қоймай, айтқан сөзінің жақсы не жаман мағыналы болуына орай пайдалы не зиянды ақпараттық толқын тудыратынын мәлімдеген. Ғалымдар балағат және жағымсыз мағынаға ие сөздердің радиация әсері секілді адам генінің мутацияға ұшырауына себепкер болатынын, ол өз кезегінде ағзаның қартаю процессін тездетіп, түрлі психикалық және тән ауруларының пайда болуына ықпал ететінін анықтаған.

Ресей Ғылым академиясы кванттық генетика институтының ғалымдары да балағат және бейәдеп сөздердің жағымсыз салдары туралы біраз зерттеулер жүргізіпті. Зерттеу нәтижелері айтылған сөздердің электромагниттік тербелісі ДНҚ молекуласының құрылымына тікелей әсер ететінін көрсеткен. Ал, ендеше!

Дана қазақ мұны «таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деп бірауыз нақылмен түсіндіріп берген.

Жалпы, сөз қадірінің қаншалықты адам өміріне араласатынын біз әлі терең біле бермейміз. Шіркін, ата-бабаларым-ай, олар осының бәрін қалай сезінген десейші! «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Айтылған сөз – атылған оқ», «Жақсы сөз жүйесін табады, жаман сөз иесін табады» – осының бәрі әлгі ғалымдарыңның пәлен жыл шұқшиып зерттегенін тілмен түйіндеп беріп отырған жоқ па?

Ал енді сөздің адам өміріне қалай араласатынын мына бір мысал әңгіме кино көргендей қылып көз алдыңызға әкеледі.

Баяғыда түс жорушы ақсақал болыпты, жорыған түсі айнымай келеді екен. Ауылы сол шалдың үйінен қозыкөш жерде тұратын бір аяғы ауыр келіншек әлгі кісіге түсін жорытпақ болып келіпті, байғұс. Келсе, үйде шал жоқ, кемпір бар екен.

– Шал түзге кетті, түсті түске дейін жориды, түстен кейін жорыған түс келмейді деуші еді. Менің де түс жоритыным бар, – деп кемпірі келіншектің түсін сұрайды. Сонда келіншек түсінде екі омырауын екі бөлтіріктің жұлып жеп жатқанын айтады. Мұның жоруын білмеген кемпір ұялған тек тұрмастың керімен:

– Айналайын-ай, жаман түс көріпсің, сені екі қасқыр жеп кететін болды-ау, – депті. Мұны естіген көңілсіз келіншек ауылына тартып кетіпті.

Шал үйіне келген соң, кемпірі түске дейін келген көрші ауылдағы келіншектің түсін жорып бергенін айтады.

– Келін қандай түс көріпті? Қалай жорыдың? – деп сұрайды шалы. Кемпірі шындықты айтады.

– Әй, құрттың-ау, қап! Бөлтірік болып екі омырауыңды тартып жатқан түсің өмірге келетін егіз ұлың деп жорымадың ба?! – деп атына мініп, келіншектің артынан шаба жөнеледі. Ауылдан ұзай бере үлкен жыра бар екен, шал сол жыраның ішінде шынымен де екі қасқырдың келіншекті пәршелеп жеп жатқанын көреді.

Сорлы келіншектің құрсағында егіз ұлы бар екен…

Міне, сөздің адам өмірімен қалай байланысатыны осы ескі әңгіме де еске салады.

Жақсы сөйлеп, жарым ырысқа кенеліп жүргенге не жетсін?!

Д.АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<